Опера: Вокзалдағы қоштасу
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театры хорының әртістері «Абай» операсының жаңартылған қойылымы қарсаңында, «Алматы-1» теміржол возкалында, «Айттым сәлем, Қаламқас» әйгілі ариясын орындап, шынайы театрландырылған көріністі ұсынды.
Акцияға Әлия Темірбекованың басшылығындағы Абай атындағы МАОБТ хоры, тенор - Мақсат Мақұлбеков пен актриса –Айсұлу Әзімбаева қатысты. Таңданған поезд жолаушылары мен теміржол қызметкерлері нағыз махаббат сюжетіндегі шынайы опералық қойылымның көрермені болды.
Акцияның сюжеті бойынша Мақсат вокзал перронында рөлін Айсұлу сомдаған өзінің ғашығын сапарға шығарып салуы керек болатын. Алайда, купенің терезесінен өз ғашығына қараған Мақсат қоштасқысы келмей, «Абай» операсынан «Айттым сәлем, Қаламқас» ариясын орындай бастады. Көріністің соңына дейін жолаушылар, теміржол қызметкерлерін сомдаған театр хорының қызметкерлері жас жігітті қолдап, бірге ән шырқады. Арияның орындалуы да жас қызға қатты әсерін беріп, Айсұлу өз ғашығын тастап кете алмады. Көріністің соңы, тағы да сол құдіретті музыканың арқасында екі ғашықтың қосылуымен аяқталды.
Қазкоммерцбанктің қатысуымен Абай атындағы МАОБТ-тың 80 жылдық мерейтойына орай, ондаған жылдар бойы театрдың шымылдығын ашып, репертуарының ең негізгі қойылымы болып табылатын «Абай» операсының жаңартылған нұсқасы қойылатын болады. Мұхтар Әуезовтың либреттосына жазылған Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди бірлесіп жазған опера алғаш рет Абай атындағы МАОБТ-да 1944 жылғы 24-ші желтоқсанында қойылды. 1958 жылы қойылым жаңартылған болатын, міне, содан бері операға айтарлықтай өзгеріс енген емес.
Мәтін "Жас қазақ" газетінен алынды.