Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 14230 1 пікір 9 Маусым, 2014 сағат 12:11

Гей болу оңай емес

Биыл наурыздың 29 күні Англия мен Уэльсте біржынысты некені заңдастыру туралы заң күшіне енді. Ағылшын премьері Дэвид Кэмерон мұны «ел үшін маңызды сәт» деп бағалаған. Сенбіге қараған түні ең бірінші болып некелесуге келген бірнеше жұп бірден үйлену тойын өткізді.
Англиядан тыс жерге жүрген біржынысты некеге тәуелді ұлыбританиялықтарға сол елдердегі консульдық қызмет көрсетеді. Мәскеудегі Англия консулдығы осы елдегі «ғашықтарды» тіркейтін болды.

«Көгілдірлер» қазақ жерінде де көп. Астана қаласындағы гей клубтарды аралап қайтқан Сырымбек Төлеуұлының журналистік зерттеуі көп шындықтың бетін ашады.

Гей болу оңай емес

Астаналық гейлердің жиналатын ортасы орыстілді екен. Біз олардың «бастаңғысына» бардық. Жертөлеге орналасыпты. Түннің жартысы ауа жұмысы қызады екен. Бірін-бірі қолтықтаған өрімдей ұл-қыз ағылып жатыр. Есік көзіндегі еңгезердей күзетшілердің көзі қырағы. Кімнің гей, кімнің әуесқой екенін бірден таниды. Менен неге келгенімді сұрады. Алдын ала дайындығым бойынша, «жұп» іздеп жүргенімді айттым. Ол ішкі жақтағы бір жігітке: мына «балапанды» қабылдаңдар» - деп бұйрық берді. Мені жетектеген әлгі жігіт бардың қасынан биік орындық ұсынды. Ұзын мойын қызыл шарап та сутегін келе қалды.
- Сізге қандай жұп керек? Таңдауыңыз кімге түсіп тұр?- деп қиылды әлгі мені ертіп кірген жігіт. Ол залды меңзеп: «Бүгін сіз сияқты «новинкилер» көп» - деп ыржақтайды.
- Таңдау жасап үлгерген жоқпын - дедім сасқанымнан. Ол иығын қиқаң еткізіп қызметіне кірісіп кетті.
Арада 15 минут өткен. Айдары құс қанатындай алуан түске боялған, көзі мен қасын сүзіп алған, бұты шидиген біреу келді қасыма. Тұрқы кебенек болған ешкідей ұсқынсыз. Таныстық. Маған қарай өңмеңдеп тұр. Мен аралық сақтауға тырысып жатырмын, бірақ «дертті» адам емес екенімді сездірмеуім керек.
- Мені Берік десеңіз де болды - деді ол.
- Қайда туып-өскен едіңіз? (Бұл сұрағымның мына ортаға бөтендеу болғаным түсіндім)
- Астанаға Қарағандыдан келгенмін.
- Қызға ғашық болып көрдіңіз бе? (Өз тілдерімен сөйлесуге тырысқан түрім. Егер ол қызға ғашық болған болса, қызғанған сыңай танытпақшымын)
- Жоқ. Бала ке­зім­­нен-ақ қыздарға қызығушылығым болмаған.
Мен бармағымды көтеріп, мәз болған рай бердім. Ол маған қарай жақындап келеді.
- «Көгілдірлер» неліктен көбейіп барады?
Ол тіксініп қалды. Менің басымнан аяғыма дейін қарап шығып: «кімсің?» деді қоразданып. Сезік алды. Бірақ іс насырға шаппауы керек. «Бүгін адам көп екен клубта», - дедім тек тұрмай. Қызыл айдарлы жігіт бір сәт үнсіз тұрды да: «Біз үшін қыздар мәселе емес, оларды кез келген уақытта оп-оңай сатып-ақ аласың. Әйел заты еркекшора болып кетті. Қанатыңның астына алып, қорғайтын қыз жоқ қой. Кімді қорғайсыз?», - деді есі дұрыс адам сияқты сөзін жалғап.
- Балалы болғың келмей ме?
- Мұнда сұлу жігіттер көп. Әзірге нақты бі­реуімен бірге тұратындай «объектім» болмай тұр...
- Жігітің қандай жан болуы керек? (Бұл жолы солардың тілін тапқандай болдым)
- Ең бастысы мені түсінетін, басқалардан қызғанбайтын, маған жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жан болса деймін!..
Беріктің сөзін тыңдап отырып, денем түршігіп кетті. Бірақ әлгі сабазың селт етпейді. Өзінің осы кеспірімен мақтанатын сияқты. Жүзі бал-бұл жанып, сымбатты жігіттерге сұқтана қарайды. Кеспелтек мұрыны демесеңіз, жүзінен еркекке тән белгі аз.

Әншісі гей Астана

Біздің әңгімені денесі нәзік, тұрқы қыздай бір жігіт бөліп жіберді. Ол тырнағын бояп алыпты, шарап құйылған қырлы стаканды он саусағы майысып әрең көтереді. Құдды, қыз дерсің! Қыздар да мұндай қылықты емес шығар, үзіліп тұр! Ол сол үзілген қалпымен менің сол жағыма жайғасты. Ал Берік мені қызғанды ма, тынышы қашып отыр.
- Сіз, бізге адасып келген жоқсыз ба?
Бұл екінші ауыштың алғашқы сұрағы. «Өздеріңнен боламын. Алматыдан келдім», - дедім бойым үйренісе бастағандай болған соң. Оның аты Жәнібек екен. Семейде туып-өсіпті. Жәнібек мені сырттай бағып отырғанын айтты. «Сіз, гей емессіз. Жасырмай-ақ қойыңызшы. Одан да не керегін айтыңыз. Бәрін айтып берейін», - деді ұзын тырнағымен менің стаканымды шұқып.
- Біліп отырсаңыз айтайын, мен қалыпты адаммын. Қызтеке емеспін. Мұнда келгендегі мақсатым - сіздердің өмірді көру - дедім.
- Журналиссің ғой?
- Жоқ. Әуестеніп жүрген жанмын.
- Онда көр де, табаныңды жалтырат! Егер мұнда жұбың болмаса, басыңнан айырыласың - деп шорт кетті семейлік қызтеке.
Бұдан ары зерттеуге болмайтынын өзім де сезіп отырғам, биік орындықтан сырғи бердім. Ал әлгі Берігім менен дәмелі сияқты, есік көзінде күтіп тұр. «Мені алып кетсеңші», - деді, демін құлақ түбіме тақап. Жылан шағып алғандай секіріп кеттім. Клубтан шыға бере қазақ эстрадасындағы танымал бір әншінің, жуан қара жігіттің құшағында кетіп бара жатқанын көзім шалып қалды...

Есіл теріс ағады

Ғаламторды аша қалсаңыз, елде өз жынысынан безген міскіндер туралы дерекке көз сүрінеді. Гейлер мен еркекшораларға арналған порталдар мен форумдарға тоқтау болса ғой, шіркін! Қайта орыстілді ақпарат көздері солардың құқығын қорғап, сойылын соғып әлек. Сөйтсек, Астана мен Алматы әлдеқашан «Қазақстан гейлерінің ордасы» деген атақты «қорғап» қойған екен. Осы кеште бізге семейлік қызтеке жігіт Алматыда жүзден астам гейклубтың барын айтты. Оның қаншасы өз жынысынан безінген бейбақтарға тиесілі екенін есептеп жатқан ешкім жоқ. «Астанада әзірге 60 шақты гей-клуб түнгі қалаға есігін айқара ашады» - дейді ол. Олар ешқашан өздерін ашық жарнамаламайды. Маңдайшаларына «бар-клуб» деп жазып қояды. Ал ішіне кірсең, жын-ойнақ.
Естеріңізде болса, Латвияның бас қаласы Ригада еркекшоралардың шеруі өтті. Шеруге қатысушылар өз елдерінің мемлекеттік туын ұстап шыққанда, олардың арасынан біздің көк жалау да көрініп қалды. Ал бұл -қазақстандық қызтекелердің өздерінше, халықаралық аренада жоғары мәртебеге қол жеткізген түрі.
Біржыныстылар ұйымы біздің елімізде де кең етек алуда. Ресми тіркелмеді демесең, жұмысы жүріп тұр.
Астана әзірге тыныш болғанымен, елордаға арқасы тиіп тұрған Қарағандыда (ел естімеген масқара!) екі қыздың дүркіретіп той жасағаны Батыс баспасөзін бір дүрліктірген жоқ па! Біржынысты жұбайлар Қарағандының қақ ортасында «Лимузинмен» қыдырды. Көпшілік орындарға барып, «махаббаттарын» жар салып жарнамалады. Танымал VOXPOPULI.KZ журналы мұны тамсанып, тебіреніп, өзге елдерге үлгі етіп жазды. Осы оқиғаның аяғы немен тынғанын бәріміз білеміз. Өліммен аяқталды.
Сәдуақас мешітінің имамы Сәбит Ережепов: «Пайғамбарымыздың хадис-шәрифтерінде: «Қылықтары еркекке ұқсайтын әйелге және әйелге ұқсайтын еркекке лағынет болсын!» - деп жазылғанын айтты. Сондай-ақ: «Еркекке ұқсауға тырысатын әйел және әйелге ұқсауға тырысатын еркек менің үмбетімнен емес», - дегенін де алға тартты. Депутат Алдан Смайыл: «Қазақтың ұлттық болмысына кері әсер ететін нәрсеге елімізде жол беруге болмайды. Бұл біржыныстылардың әрекетіне қоғам болып, мемлекет болып тоқтау салуымыз керек», - деді.
Алайда психолог мамандардың айтуынша, отбасындағы әке тәрбиесінің жеткіліксіздігінен жігіттердің мінезі жібектей болып кеткені ешкімге құпия емес. Балабақша тәрбиешісі - қыздар мен жас келіншектер, мектепте сабақ беретін адам - нәзік жанды әйел заты, үйде үлгі көрсететін кісі - ана. Осы жағдайдың бәрі баланы әйел мінезді адам етіп өсіреді.
Жасыратын түгі жоқ, бүгінгі бойжеткендердің ауызынан: «Осы өмірім өзіме ұнайды. Кейін өзім үшін біреу тауып аламын», - дейтін масқара сөзді жиі еститін болдық. Бұл да - қоғам дерті.
«Жетім өскен, әке тәрбиесін көрмеген бала рухани кедейшілікке алдымен ұшырайды», - дейді психолог Айболат Төлекұлы. Мүмкін, қызтеке болып кеткен замандастарымыздың бала тағдыры жетімдікпен өткен шығар, кім білсін!?

Есіл еркелеп ағады. Ағыстың аяқ жағында екі ғашық қолтықтасып бара жатыр. «Екі ғашық, қол ұстасып» деген өлең жолына сұранып-ақ тұрған көрініс. Бірақ тілім бармайды. Өйткені, оның екеуі де еңгезердей жігіттер еді. Есіл теріс ағатын сияқты...

Сырымбек Төлеуұлы,
Астана қаласы
"Жас қазақ" газеті
Тақырып өзгертіліп алынды. Түпнұсқадағы тақырып: Қызтекесі қызған қала
1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383