МӘСІМОВ ПОРЕШЕНКОНЫ ҰЛЫҚТАУҒА БАРДЫ
Кәрім Мәсімов сенбі күні Киевте өткен Украина Президенті Петро Порошенконы ұлықтау рәсіміне қазақстандық делегацияны басқарып барды. Инаугурация шарасынан кейін ҚР Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов пен мемлекеттік төңкерістен кейін Украина Премьер-министрі болып тағайындалған Арсений Яценюк Киевте әріптестік кездесу өткізді. Кездесу барысында жақын арада экономикалық ынтымақтастық жөнінде біріккен мемлекетаралық комиссияның кезекті отырысын өткізу туралы өзара келісімге келді. ҚазАқпараттың хабарлауынша бұл туралы украиналық министрлер кабинетінің баспасөз қызметі хабарлаған.
«Екі елдің мемлекет басшылары жақын арада экономикалық ынтымақтастық жөнінде біріккен мемлекетаралық қазақстандық-украиндық комиссияның кезекті отырысын өткізу туралы өзара келісімге келді. Бұл шарада бірқатар перспективалы екіжақты жобалар, атап айтқанда, ғарыш саласындағы жобалар болашағы қарастырылмақ», - делінген хабарламада.
Кездесу барысында Яценюк Қазақстан мен Украинаның арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың маңызды рөлін атап өтті. Оның айтуынша, Украина үшін Қазақстан нарығы маңызды. Сондай-ақ ол Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы себепті екіжақты сауда-саттықтың өзара тиімді жолдарын табу қажеттігін де баса айтқан.
Абай-ақпарат