Көші-қон – қазақстанның ішкі мәселесі. ЕАЭО оған ықпал етпейді
Сонымен, Еуразиялық экономикалық одақ шартына үш елдің басшысы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында қол қойды. Қол қою салты біте салып, біз осы тақырып аясында Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбильанов пен Сауытбек Әбдрахмановты сөзге тартып, дәстүрлі сұрағымызды қойдық.
Сұрақ:
- Аталған жаңа Одақ шеттегі бес миллион қазақтың атажұртына орлауына қандай ықпал етеді деп ойлайсыз? Пайдасы мен зиянын ашық айтып берсеңіз.
Н.Сәбильянов:
- Көші-қон – Қазақстанның ішкі мәселесі. Оған бұл одақтың тікелей қатысты емес. Бұл жерде біз Еуроазиялық парламент құрған жоқпыз. Бұл – экономикалық одақ. Арамызда тең дәрежелі қатынаспен бірге алдағы уақытта бәсеке де дамиды. Демек, ауыл-шаруашылығын дамыту, бәсекеге төтеп беру үшін бізге ауылды жерге еңбеккүші ауадай қажет. Бұл біздің елімізге үлкен қолдау болады. Сырттағы бауырлар Атажұртына келеді. Екінші жағынан кәсіпкерлікті дамытады. Қазақстан бұл жағына қатты назар аударып жатыр. Қолайлы жағдай жасау жағын қолға алуда. Шеттегі қандастарымызды көшіріп алуға еш кедергі жоқ деп ойлаймын. Біз енді бұл саланы мықтап қолға алуымыз керек. Қазір бұл жөнінде жұмыстар істелуде. Бұған бізде толық мүмкіндік бар. Енді тек қана ниет керек!
С.Әбдрахманов:
- Жақында ғана Респубилика үкіметі үлкен бір сауапты шаруа жасады. Бұрыннан келе жатқан үлкен бір проблеманы шешті. Біздің отандастарымызға азаматтық беру мәселесін оңайластырып, азаматтықты бір жылдың ішінде алатындай мүмкіндік жасап отыр. Оның үстіне, жақында Үкімет оралмандарды орайлы орналастыру жөнінде шешім қабылдады. Мұның да біздің қазақ халқы үшін тарихи маңызы зор. Өйткені, еліміздің теріскей жерлерінде еңбеккүшінің жетіспейтіні бір жағынан, екінші жағынан демографиялық тұрғыдан біздің тұрғылықты халықтың үлес салмағы аз екені белгілі. Оралман ағайындарды ең алдымен осы өңірлерге шақыру арқылы біздің халқымыз үшін, біздің болашақтағы саяси перспективамыз үшін орынды шешім қабылданды деп айтуға болады.
Сұрақ:
- Ал, мына жаңа құрылған ЕАЭО-да осы мәселе қаралды ма?
С.Әбдрахманов:
- Мың беттік қағазды оқыған ешкім жоқ. Нақты білмеймін, нақты айта алмаймын!
Сұхбаттасқан – Ауыт Мұқибек
Abai.kz