ҚАРЛАГ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?
1931 жылы Қарағанды еңбекпен-түзеу лагері ұйымдастырылды. Қарлаг жүйесі саяси қуғын-сүргін құрбаны болған мыңдаған жазықсыз адамдардың тартқан азабына тозақ болды.
Қазақстар, немістер, украиндар, поляктар, еврейлер, шешендер, француздар, итальяндықтар, жапондықтар, латыштар, эстондар секілді көптеген ұлт өкілдері НКВД-ның абақтысына топырлап түсе берді.
Қарлаг — Қазақстанның Қарағанды облысындағы ГУЛАГ-тың ең ірі еңбекпен-түзеу лагерлерінің бірі болды.Ол, 1931 жылдың 19 желтоқсанында ұйымдастырылып, орталығы Қарағанды қаласынан 45 шақырым жердегі Долинка ауылында орналасты.
1940 жылғы Қарлагтың аумағы: 1 780 650 гектарды құрап, солтүстіктен оңтүстікке дейін 300 шақырым, шығыстан батысқа дейін 200 шақырым жерді алып жатты.
Аталған лагерді ұйымдастырудағы басты себептердің бірі — Орталық Қазақстанда жедел қарқынмен өсіп келе жатқан көмірлі-металлургиялық өндіріс орындары: Қарағанды көмір бассейні, Жезқазған және Балқаш мыс балқыту комбинаттары үшін ірі азық-түлік базасын құру болды.
1931 жылдан бастап Поволжье, Пенза, Тамбов, Курск, Воронеж, Орлов облыстарында тұрған кедей шаруалар тұтқынға алына бастады. Оларды Қазақстанға әкеліп қоныстандыру үшін Ресейдің орталық аудандарымен теміржол қатынасын орнату керек болды. Қарлагтың алғашқы тұтқындарын Ақмоладан (қазіргі Астана) Қарағанды қаласына дейін жол салуға жіберді.
1931 жылдың мамырында темір жол құрылысы аяқталды.Осыдан кейін Қарағанды облысына және Осакаровка ауданына дейін жол салушылардың отбасылары қоныс аударды.
1931 жылдың күзінде 52 мың отбасы Орталық Қазақстанға жеткізілді. Бұзауларға арналған вагондарға лық толған отбасылар лек-легімен елімізге ағыла бастады. Вагондардың ішінде жүкті әйелдер мен кішкентай балалар, қарттар болды. Сапар уақытында көптеген адам қайтыс болып кетті. Вагондарда марқұмдар мен тірі адамдар бірге барар жеріне дейін бірге жетсе керек.
Тірі қалғандардан дені сау, мықты адамдар іріктеліп алынды. Оларға ауыр жұмыстар жүктелді. Тұтқындар Қарағанды-Балқаш бағытындағы жолды салып, қиналып еңбек етті. Еңбек жағдайлары нашар болды. Күнделікті тамақ жұмысқа жарамаған нормасын істей алмаған адамдарға аз мөлшерде берілді. Осылайша, ауыр жұмыстан қатты қажыған адамдар бірден жан тапсырып жатты. Мұндай жайт сирек емес еді. Қайтыс болған адамдардың денелерін теміржолдың төсеме үймесіне салып, бірден (жермен-жексен етіп) көміп тастап отырған.
Қарлагтың қарауында арнайы өкілеттігі, қару-жарағы, транспорт көліктері, поштасы, телеграфы болды. Қарлагтың жан-жағы 200–400 шақырым радиуста биік қоршаулармен оқшауланған. Көшпелі сот алқасы жұмыс істеді. Сот үкімі мекеме қабырғасында орындалып жатты. Айыпты деп танылған адамды тізеге отырғызып, қазылған шұңқырдың алдында қойып, атып тастаған. Ал, атып тасталған адамдарды «Қайтыс болды» деген грифі бар тізімге енгізе берген.
Қарлаг шаруашылығы тез дамып, өркендеді. Себебі, Қарлаг тұтқындары бүкіл әлемге танымал ғалымдар, әскери қолбасшылар, мәдениет және саясат өкілдері мен басқа белгілі тұлғалар еді.
Осылайша, Қарлаг тозағына бір миллионға жуық адам түскен. Еңбекпен-түзеу лагерінің ақпараты құпияландырылған, әйтсе де аталған мекеменің тозағынан құтыла алмаған адамдардың саны одан да көп болуы мүмкін.Арада бірталай уақыт өткенімен лагердің тұтқындары ішінде саяси тұтқындардың саны азайып кеткен екен.
Қарлаг 1959 жылдың 27 шілдесінде таратылды.
Дереккөзі: http://e-history.kz
Түпнұсқадағы тақырып: ҚарЛаг. Талайларға болған тозақ