ҚАЗАҚСТАН – ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ «ТҰРАҚТЫЛЫҚ ТҰТҚАСЫ»
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Германияның федералдық сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайермен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.
Бұл кездесу Ф.-В. Штайнмайердің былтыр қарашада Қазақстанға жасаған ресми сапары аясында болған әңгіменің жалғасы ретінде өтті.
Келіссөздер барысында екіжақты қарым-қатынастың басым тұстары мен Украинаның шығысындағы ахуалды реттеу шаралары талқыланды. Украина мен Ресей Президенттерінің таяуда ГФР Канцлері А.Меркель және Франция Президенті Ф.Олландтың қатысуымен өтуі ықтимал екіжақты кездесуінің бірқатар алғышарттары жөнінде байыпты пікір алмасылды.
Тараптар сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастықтағы болашағы бар жобалар мен екі елдің мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимылы туралы да сөз қозғады. Германия федералдық сыртқы істер министрі екіжақты экономикалық қатынастар оң қарқында дамып келе жатқанына тоқтала отырып, Қазақстанның Орталық Азиядағы «тұрақтылық тұтқасы» болып саналатынын атап айтты.
Абай-ақпарат.
Дереккөз: http://www.inform.kz/kaz/article/2735361