Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6205 0 пікір 10 Қаңтар, 2015 сағат 12:26

Айырықша аймақтың АМАНДЫҒЫ

Соңғы 20 жылдан астам уақыт бойы басқа өңірдің тумасы басқарып көрмеген Алматы облысына Амандық Баталов әкім болып тағайындалғанда, екі жағдай еске түсті. Бірі – оның осы облыста он үш жыл қатарынан әкімнің орынбасары болғаны: жаңа әкіммен бірге ере келетін апыр-топыр ауыс-түйістердің бірде-бірінде Шалбайдан бастап, Үмбетов қостап, Мұсаханов жалғап, ешбірі Амандықты орнынан қозғамапты.

Гәп неде? Гәп – жаңа әкімге де жұмыс істейтін бір адам керек қой. Қосағына қойдай көгендеп ертіп келетіндері – шашбау көтерушілер. Олар облысты біліп болдым дегенше, делқұлы депеша дедек қағып, Ақордаға жетіп барады: жаңа әкім шыбық басын сындырмай жатыр деп. Мұндайдан Амандық сияқты аман алып қалатын адам керек...

Екінші еске түскені – ел президенті өзі туған облысқа жұмыс сапарымен келген сайын, сол Шалбай бастаған, Үмбетов қостаған, Мұсаханов жалғаған әкімдердің қысқаша баяндамасын тыңдап алып: «Ал, Амандық, айтшы, жағдайды сен жақсы білесің ғой...» – дейді екен Баталовқа бұрылып. Сонда ШҮМ-дер шүлмиіп тұрады екен – орынбасарының президенті тәнті еткен сөзіне еріксіз бас шұлғып. «Әйдә, Назарбаев!..» – әрекеті әлсіз әкімді әдірам қалдырудың бұдан асқан амалын ойлап табу мүмкін емес шығар!

Әлде осы екі жағдай түрткі болды ма, әлде Сейтқазы ағатайым мені «түзулердің» тізіміне тығып жіберді ме – Баталовтың БАҚ басшыларымен кездесуіне белсене бардым. Осы бір байсалды бурыл жігітті жорта демеп, айырықша аймақтағы басшылық қадамына қолдан келер қосшылық қылғым келді.

Айтпақшы, Алматы облысын «айырықша» демеске болмайды. Ол «айырықшалықты» жүзіктеп жіпке тізсең, ала таңға айтылар әңгіме. Екі миллионға жуық халқы бар Алматымен аралас-құралас жатқаны – өз алдына, тіпті сол қаладан шыққан қоқсыққа дейін облыспен ортақ әңгіме екен. Есімовтің шаң басқан қаласы төңіректі былықтырады, Амандықтың облысы оған жауаптас. Осы жағдайды әкімнің аузынан естігенде, «әркім өз боқтығын өзі неге жиып-теріп алмайды екен...» деген ой келді. Нонсенс! «Есімов неге облыстың егініне көмек етпейді...».

Бұның бәрі бер жақтағы баланың ойыны. Бәрінен бұрын облысты ортақ «басқарғысы» келетін арғы жақтағы арқыраған ағаларды айтсаңшы! Бірі-бірінен өтеді: Қаскелең – үлкен ағаның інісі індеген «автономия»; Ұзынағаштың жарты жері – Үмбетовтің үмбеті; Күртінің күллі құмы – Мұсахановтың мыңғырған жылқысы жатқан жайылым; Жәркент жақ – кеденнен кіре тартқан көкелердің «көк жайлауы»; Каменкадан Қаскелеңге дейін сіресіп жатқан «жақсылар мен жайсаңдарға» соқтығып көр – атажау атанасың; Есіктен ары – Зағипалар заң құрған аймақ; Қапшағай – қалың қалталы жайлаған «зона»; Талғар – Талдықорғанды ұрмайын деп тұрған жоқ; бұған Болат-бауырды «крыша» қылған түріктер мен күрдтердің салық деген түсінікті «түртпейтін» қалың қауымын қос...

Осылар ғой – облысты «особый» қылатын ойбай. Осының бәрі – Баталовпен билікті бөлісе басқарсам дейтін дөкейлер. Осылардың бәрі доңғалаққа таяқ тықпаса, Амандық Алматының аймағын аман басқарсын дейтін төте тілекші емес.

Сонда Баталовқа не қалады? Қалатыны – президенттің дәрмен етер жарлығы ғана: Амандықты әкім қылған. Егер ертеңгі күні президент сыбырлақтар мен жыбырлақтардың сөзіне дес беріп, облыс әкімі оң жамбасына «жатпаса», ол да бір к...т сүртуге келмейтін көп қағаздың бірі боп қалады...

Бірақ Назарбаевтың: «Амандық, сен айтшы...» дейтіні дәтке қуат. Қатарынан он үш жыл «зам» болған адам облыстың озығы мен осалын он саусағындай біліп отырғаны тағы бар. Ендеше елінің ішіндегі «еліне» басшылық етер ер азаматқа пәрмен етер пәтуәні президент те айтқаны анық. Сол пәрмен көңіліне медеу шығар. Әйтпесе шалыс басқанын шотқа соғар «шатақшылар» алақан ысқылап отырғанын ол да ойлап жүрген болар...

Айтпақшы, сол кездесуде Қали құрдасымның («Алматы ақшамы») дегені бар еді: осы жылдар арасында облыста «қисық пен теріс» жатқанды әбден көрдіңіз – сізге тек соларды «орын-орнына қою» ғана қалды деп. Дәл айтты: «Америка ашатын» емес, Амандыққа қызмет қылуды түзеу ғана керек. Оны билікшіл басылымдар «халыққа қалтқысыз қызмет» дейді, «әкім бол – халқыңа жақын бол» дейді, бірақ өздері осы халыққа оппозиция боп жүргенін білмейді-ау, білмейді. Оларға да не дауа – «білдіртпестен» басып озып, қайда барсын?

Мен де бір нені біліп, мардымсып отыр дерсіз? Білетінім – бір-ақ жәйт: Амандықтың төртінші атасы Шаңқы – Орта жүзге танымал шешен, би болған адам екен. Бірде Арғында үлкен Ас беріледі. Сол ұлы дүбірде қызмет етіп жүрген он жасар Шаңқы үлкендерге қымыз әкеле жатып, абайсызда шалынып жығылады. Сонда ел арасында би аталып жүрген біреу Шаңқының ағайындарына қарап, бейкүнә баланы мазақ етіп күледі. Шаңқы сол кездің өзінде қыршаңқы бала болса керек – орнынан атып тұрып:

Күн – күн бола ма,

Қызарып барып батпаса.

Таң – таң бола ма,

Сазарып барып атпаса.

Той – той бола ма,

Балалар құлап жатпаса.

Ит – ит бола ма,

Құлап жатқан баланы

Балақтан алып қаппаса! –

деген екен. Сонда әлгі би өз кемістігін жуып-шайып, орнынан тұрып барып, Шаңқының маңдайынан сүйген екен.

Бұны сол кездесуге жиналған мүйізі қарағайдай журналистер алдында Амандықтың өзі айтты. Оны да өздігінен емес, интернет иірімінен тапқанымды сөз етіп: «Амандықтың төртінші атасы би болған екен...» деген соң, менің жаңсақ кетпегенімді дәлелдемек болды ма екен – амалсыздан айтқан еді.

...Қас қарая Талдықорғаннан қайтар жол бойы Шаңқы бидің сол айтқаны есімнен кетпеді... «Балақтан алып қаппаса...» деді, ә?..

Ермұрат БАПИ.

(Дереккөз: «Общественная позиция» газеті. (проект «DAT» № 01 (272) от 08 января 2015 г.) 

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364