Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Қоғам 15524 2 пікір 9 Қаңтар, 2015 сағат 12:14

Ұйғыр ауданынан: ІС ӘДІЛЕТТІ ШЕШІЛДІ

«Біз – қазақ мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз. Бірақ хан болса – хан ордасын таптай білген елміз», - деп Қаз дауысты Қазыбек би «Қазақ» деген ұлы халықты қалмақтың ханына тауып айтып таныстырып, кесіп айтып келістірген.

Би айтқан қазақтың биік рухы, өр намысы өшпеген екен, мен осыған қуандым! «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» кез-келген нәрсені еңсеріп, қандай қиындық болса да, жұдырықтай жұмылып көтере алады екенбіз, мен осыған қуандым! Біз Мәңгілік Ел боламыз, сендім ағайын! Біздің бірлігіміз біздің негізгі күшіміз екеніне талайдың көзі жетті. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында «жылы жабылған» дүние қайта қаралып, арнайы келген облыс әкімдігінің өкілдері мәселенің әділетті шешілуіне себеп болды. 2014 жылдың 31 желтоқсан күні Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауылының орталық алаңында өткен жаңа жылдық іс-шарада Адылжанов Рауль екеуміздің арамызда болған келеңсіз жағдайдың нәтижесі оң шешімін тауып, кінәлі азаматтарға шара қолданылды. Аудандық әкімшіліктің жиналысымен жарыса өткізілген аудандық сот отырысының шешімі облыс өкілдері келгенше «дайын» тұрды. Атап айтар болсақ, 31 желтоқсаннан бастап дәл бүгінгі күнге дейін ауруханада емделіп жатқан аудандық мәдениет үйінің директоры Рита Юлдашева жұмысқа шыққан күні қызметінен босатылады деп уәде етілді. Өз ісіне салғырттық танытқаны үшін аудандық мәдениет үйінің әдіскері Алик Изимов өз еркімен жұмыстан босатылды. Ал болған жағдайға тікелей қатысы бар Рауль Адылжанов Ұйғыр аудандық сот алдында өз кінәсін мойындап, көзіне жас алып, менен кешірім сұрады. Сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 330-бабының 1-бөліміне сәйкес жауапқа тартылды. ӘҚБтК-тың негізінде Р. Адылжанов жұмыстан босатылды.

8 қаңтар күні, яғни аудандық соттың шешімі шыққан күні Адылжанов Рауль кешке әкесі мен шешесін ертіп, үйге келіпті. «Адамгершілік танытып, соттатып жібермегеніңіз үшін алғысым шексіз», - деп дүйім жұрттың алдында екі рет әнін айта алмай қалған қызым Гүлданадан кешірім сұрады. «Аюға намаз үйреткен таяқ» демекші шешесіндей адамға былапыт сөз айтып, дауыс көтерудің қандай болатынын мәңгілік жадына түйді. Қазақтың қызына тіл тигізудің соңы неге ұласатынын түсініп, Рауль тәубәсін таныды.

Қазақтық кең пейілділікке салып, кінәлілерге кешірім бердім, ағайын! Болған жағдай баршамызға үлкен сабақ болды. Алдымен менің жан айқайымды түсініп, қолдау көрсеткен Абай.кз-ке және Қазақстанның әр түкпірінен жаныма ұшып келуге дайын болған бауырларыма, сәт сайын телефоныма хабарласып, жағдайымды білген қазақтың зиялы қауымына, денсаулығым сыр берген кезде жетіп келген жедел жәрдемшілер мен қасымда жүріп қолдау көрсеткен ауыл  азаматтарына үлкен алғысымды білдіремін. «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» күйініп, сүйсінеді екенбіз. Еңсеміз бір көтеріліп қалды!

Әлия ЖАНБАЕВА,

«Жазерке» ұлт-аспаптар ансамблінің жетекшісі.

Ұйғыр ауданы

Алматы облысы.

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1231
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2945
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3292