Сенбі, 23 Қараша 2024
Құсни хат 7212 0 пікір 7 Қаңтар, 2015 сағат 11:19

Әмірхан БАЛҚЫБЕК. АУДАРМАЛАР

Селма Чынар.

ЖЕК КӨРЕМІН

Жек көремін

Қиылған қас,

Мойыл қара көзіңді,

Бойың, қолың,

Шиедей қызыл ерніңді

Сүйдіртпестен әлек еткен төзімді.

 

Жек көремін, жек көре беремін

Әрбір басқан ізің мен

Көзің түскен жандарды да,

Есіміңді ауызға алғандарды да,

Сен өткенде қасынан,

Көркіңе тамсана

Көз салғандарды да.

 

Маған енді осы ма еді жетпеген,

Тіпті саған ғашық болған мұңлықты да,

Жек көрем.

 

Өзай САҒЛАМ.

Әйел әйел-ақ еді...

 

Әйел

Талдай еді,

Еркек малдай.

 

Әйел

Балдай еді,

Еркек сордай.

 

Әйел

Су болса

Бір жұтым

Еркек

Түбі жоқ құрдым.

 

Әйел

Зерлі оймақтай

Әдемі болса,

Еркек добал тоқпақтай

Бәле еді.

 

Әйел көктем

Еркек күз.

 

Әйел

Жүрекке түскен шоқ,

Еркек

Қарныменен тоқ.

 

Әйел

Әйел секілді еді,

Ал еркек болса

Жүретін-ді дүрсініп.

 

Әйел өмірдей аяулы болса

Еркек

Қарадүрсін тіршілік.

 

Ахмет КУТСИ ТЕЖЕР

 

ҚАЙДАСЫҢ?

 

Түнде бір үн оятады ұйқымнан,

Жүректе үрей, айтшы енді, қайдасың?

Қаншама жыл іздедім ғой өзіңді,

Ғашығың мен, үн иесі, қайдасың?

 

Жүректі өртеп мылқау күндер жосылған,

Желге сіңсе үн, айырылармын қошымнан.

Кейде естіліп қалады да ол тосыннан,

Кейде айқайлап шақырады, қайдасың?

 

Сол тылсым үн, періштемдей сенгесін,

Жандүниемді сазды әуен боп тербесін.

Өзі еді ғой өмірімнің өзегі,

Тұңғиықтан бір күн маған кел десін.

 

ҚЫСТАҒЫ ОЙЛАР

 

Жаз өтіп кетті, күндер де өтті тамаша,

Қуанған кездер, шаттанған кездер балаша.

Сондағы біздің сезімге айсыз түндерде

Қалушы еді-ау қараңғылықта жараса.

 

Бақытқа бөлеп даланың бағы мәуелі,

Шалқытты-ау бізді теңіздің шулы әуені.

Тамыздың айы сәулесін төгер төбеден,

Қызықтар қайда жағажайдағы әдемі.

 

Ғажап қой өмір! Қоштасқың жазбен келмейді,

Біздерді бірақ қаһарлы қыс кеп тергейді.

Қайда сол күлкі, қайда сол дауыс, сол әуен

Бәрі де артта қалды дегенге көңіл сенбейді.

 

 

АНАУ ЖАҚТА БІР АУЫЛ БАР...

 

Анау жақта бір ауыл бар, алыста,

Ол да біздің өз ауылымыз болады.

Қай кезде де құшағы ашық арысқа,

Қай кезде де үзілмейтін қонағы.

 

Анау жақта үй бар, бізден жырақта,

Ол да біздің өз үйіміз болады.

Арнап барып, жатпасақ та бір апта,

Өз үйіміз десең көңіл толады.

 

Анау жақта бір дауыс бар тым алыс,

Ол да біздің өз даусымыз естісең.

Сыр бөлісіп, болмасаң да жұбаныш,

Сол дауысқа сыйлап, ізет етші сен.

 

Анау жақта тау бар, қарлы басына

Бұлт қонған, ол да біздің тауымыз.

Шықпадым деп шыңдарына жасыма,

Жетпейді ме аса алмаса жауымыз.

 

Анау жақта жол бар бізге беймәлім,

Ол да біздің жол болады түбінде.

Аспан астын тербегенде кейде әнің,

Салтанатты үн қосатын дүбірге.

 

 

Жаһит КҮЛЕБИ

 

ӘҢГІМЕ

 

Оймақ ернің қызғалдақтай алқызыл,

Саусақтарың салалы.

Ұстадың ба қолымнан,

Жүрек оттай жанады.

Ұста біраз!

 

Мен туылған ауылда

Ағаш жоқ-ты саясында жататын,

Көлеңке де рахатқа бататын.

Енді жеттім тілекке,

Аймала біраз!

 

Мен туылған ауылда

Егістігі болған емес бидайдың,

Бидай түстес шаштарыңды қимаймын.

Тарқат, жаным, бұрымыңды,

Тарқат біраз!

 

Менің туған ауылым

Ауыл еді

Кеш түсті ме қарақшыдан арылмас,

Содықтан да жалғыздыққа жаным қас.

Сөйле біраз!

 

Мен туылған ауылдың

Тұрғындары қуанышты білмейтін

Жандар еді томырайып күлмейтін.

Сондықтан да көңілсізбін,

Күл біраз!

 

Мен туылған ауылда

Солтүстіктен жел есетін тоқтамай,

Шыжғыратын құйылғандай отқа май.

Содан ернім тілім-тілім,

Сүй біраз!

 

Түркиямдай әдемісің, аяулым,

Һәм ыстықсың мен туылған ауылдай.

Туған жерің жайында айтшы әңгіме,

Тыңдайын бір тілегі ортақ бауырдай.

Айт біраз!

 

ҮМІТ

 

Түлен түртсе нәтижесіз болады іс,

Шаршатыпты-ау жұтқан шаңың, жол алыс.

Тән болдырып, үзіліпті-ау үмітің,

Соны ойласаң үһілейсің күні-түн.

 

Достарың да айналыпты жауыңа,

Қалдырыпты дүниенің бос дауына.

Тамшы тамбас бұлттан да жоқ көмек,

Өзенің де құрғап қапты өкпелеп.

 

Сағат сынды сынған құлап мәңгіге,

Сала алмайсың жанға жайлы әнді де.

Барлығы енді – өткен күндер елесі,

Өзек болар әңгімеге келесі.

 

ГҮЛМЕН  ӘҢГІМЕ

 

Көз нұрым ең бір қарасам  тоятын,

Енді сені үстел де жоқ қоятын.

Сүйіктім де бұл қаладан жырақта,

Гүл! Өтінем, үз деп мені жылатпа.

 

КӨКОРАЙ

 

Бір періште су тасыды,

Бірі самал әкелді.

Бірі көкке кемпірқосақ көтерді,

Найзағайы жарқ еткесін аспанның,

Жер бетінде үнсіз қаулап көк өрді.

 

Содан кейін өзің келдің,

Жарық дүние сұлуы!

Басқан жерің гүлге айналды,

Мына әлем арайланды

Көкорайға сіңіп күннің жылуы.

 

Әйтседағы шөп тағдыры

Махаббаттай қысқа ғой,

Көз салып ем бірде түртіп ұшқары ой,

Аз-ақ күнде құлпыруы тоқталып,

Жарық дүние сұлуы

Жол жүруге тұрған екен оқталып.

 

Жүніс ЕМРЕ

 

***

Махаббатқа алаң болдым,

Маған сен керексің, сен.

Күн-түн демей жанар болдым

Маған сен керексің, сен.

 

Тоқшылыққа қуанбаймын,

Жоқшылықтан қыңа алмаймын,

Сенсіз әсте тұра алмаймын,

Маған сен керексің, сен.

 

Махаббатың ажал сынды,

Аяу білмес тажал сынды,

Жүрегімді жазар мұңлы,

Маған сен керексің, сен.

 

Шарабыңнан ішсем деймін,

Мәжнүн жолға түссем деймін,

Болар еді түссе пейілің,

Маған сен керексің, сен.

 

Сопы сүйер әңгімені,

Емшек сәби бар білері,

Мәжнүнге қат Ләйлі еді,

Маған сен керексің, сен.

 

Өлсем егер қан майданда,

Тәнім күлге айналғанда,

Аһ ұрмасқа айлам бар ма,

Маған сен керексің, сен.

 

Жәннат бағы десең қалай,

Хор қызы һәм биік сарай.

Алсын, пенде сүйіпті қай,

Маған сен керексің, сен.

 

Жүніс болар атым менің

Өр де едім, батыл да едім,

Екі дүниеде шақыр дедім,

Маған сен керексің, сен.

 

КӨРШІ, МАҒАН НЕ ІСТЕДІ МАХАББАТ

 

Махаббатым кейде мені жандырды,

Енді бірде жүрегімді қан қылды,

Күн тынышта есі ауысқан жан қылды,

Көрші, маған не істеді махаббат.

 

Енді бірде жел тәрізді есемін,

Енді бірде сел сияқты көшемін.

Бірде өзімін шаңы шыққан көшенің,

Көрші, маған не істеді махаббат.

 

Ағын судай сарқырармын бірде енді,

Енді бірде тердім қырдан гүлдерді.

Көз жасымды сүртуді әсте білмен-ді,

Көрші, маған не істеді махаббат.

 

Өзің бүлін демессің һәм бүлдіргін,

Қолыңды бер, қасиетіңді білдіргін.

Көп жылаттың, енді мені күлдіргін,

Көрші, маған не істеді махаббат.

 

Өмір мынау елден-елге сабылды,

Жат тілде де айтармын-ау зарымды.

Бөтен елде кім біледі халімді,

Көрші, маған не істеді махаббат.

 

Жан болғасын Мәжнүн болып шегер мұң,

Аяулымды түсімде де көрермін,

Оянғасын тілден уды төгермін,

Көрші, маған не істеді махаббат.

 

Байғұс Жүніс атым болды бүгінде,

Денем дертті, әл қалмады жүруге,

Достарым да ақымақ деп күлуде,

Көрші, маған не істеді махаббат.

 

МЫНА ӘЛЕМНЕН КЕТЕМІЗ

 

Мына әлемнен кетеміз, сәлем болсын қалғанға,

Сәлем болсын біз үшін қайыр дұға қылғанға.

 

Ажал алып алқымнан, күрмелгенде тіл мен жақ,

Сәлем болсын көңілді келіп сұрап тұрғанға.

 

Жаным ұшып кеудеден, тән қалғанда жалаңаш,

Сәлем болсын тәнімді таза қылып жуғанға.

 

Тамырдағы қан құрғап, Әзірейіл төнгенде,

Сәлем болсын кебінге орап жайлы салғанға.

 

Ең ақырғы сапарым, енді үнсіз жатамын,

Сәлем болсын қабірге бізді алып барғанға.

 

Бұл араға келгендер жолға түсер оралмас,

Сәлем болсын халімді келіп сұрап тұрғанға.

 

Хақты сүю – ғашықтық, дауа табу дертіне,

Сәлем болсын біз үшін қайыр дұға қылғанға.

 

Міскін Жүніс сөзі осы, жанар толы қанды жас,

Сәлем болсын білгенге, білмес жүрмес бұл маңда.

 

 

 

Қайғысыз АБДАЛ

 

***

Тасбақа біткен жиылып,

Ұшуға ниет қылыпты.

Кесіртке күллі бас қосып,

Кешсек бір депті тұнықты.

 

Садақ алып көбелек

Аң аулауға шығыпты

Доңызды барлық қорқытып,

Батпақты жерге тығыпты.

 

Мың жыл тұрған нар көпір

Сусыз құрғап қалыпты.

Су ішсем деп мұнара

Басын иіп алыпты.

 

Жаратқанның тауында

Тауыпты балық тұрақты.

Сусыз жерде қиналып

Көшуге арба сұрапты.

 

Қодық туып көкқұтан

Ойнапты сазды қылықты.

Үйеңкі талын кесуге

Терекке балық шығыпты.

 

Менменсіген түйенің

Сазайын шыбын беріпті.

Жұлып алып бір бұтын,

Қашпақ боп сосын көріпті.

 

Аяғы ақсақ құмырсқа

Арқаға пұт тұз салыпты.

Сатсам деп соны жайраңдап

Қалаға қарай барыпты.

 

Доңыз үлкен той жасап,

Ұзатыпты қызын аюға.

Алыпты маймыл қайшыны

Киім-кешек тігіп баюға.

 

Кіріпті түйе моншаға,

Сиырды баптап жуыпты.

Мазасын алған жандарды

Су айғыры қуыпты.

 

Қайғысыздың сөздері

Тиеді тосын құлаққа.

Өтірікпенен осындай

Барамын дейсің жұмаққа.

 

***

Бұл дүниенің мысалы

Үлкен шаһар секілді,

Еншіңе тиген өмірің

Тез тарқар базар секілді.

 

Шаһарға әркім келеді,

Жазғанын сосын көреді.

Кері қайтып кетеді,

Келмес сапар секілді.

 

Шаһарда түрлі тіршілік,

Әлсізден зорлар тұр шығып.

Байғұстарды алдайтын,

Ренішті қулар секілді.

 

Алғашында сұрап хал-жайды,

Сұлудай сені арбайды.

Кетеді сосын айналып,

Кәрі хайуан секілді.

 

Басында дәмі шекердей,

Таңдайды ойып кетердей.

Соңында болар ащысы,

Жыланның уы секілді.

 

Бұл шаһарда арман көп,

Арманға сеніп қалған көп.

Бәрібір бірақ алданар,

Жайылған сиыр секілді.

 

Үш жол шығар шаһардан,

Жұмақ пен тозақ апарған.

Енді бірі Алланың

Арманындай секілді.

 

Өз бағасын білгенді,

Данышпан дең-ді, дүр дең-ді

Оның әрбір тынысы

Сүт пенен  балдай секілді.

 

Кім білсе әлін, шамасын,

Сұлтан деп оны қаласың.

Өзін-өзі білмеген

Ақымақ есек секілді.

 

Қайғысыз Абдал көрді ғой,

Жыр қылып бәрін өрді ғой.

Махаббат барда дүние,

Құлпырған көктем секілді.

 

***

Досым, сенің жүзің ыстық

Құбыланы басқа білмеспін.

Сүйем пірдің сұлулығын

Иманды басқа білмеспін.

 

Жақсы бір жолға қосылмай,

Шайтанды көрер досындай,

Қу сопылардан осындай

Басқа сопыны білмеспін.

 

Сопылар солай азады,

Соны ойлап көңіл азалы,

Неліктен болды жазалы,

Хақтан мен оны білмеспін.

 

Мұстафаны ел мақтайды,

Мұртазаны да жақтайды,

Кімдер бар тағы жаһанда,

Адамды басқа білмеспін.

 

Ғашық боп сұлу ханшаға,

Тәшпішке түстім қаншама.

Қайғысыз Абдал есімім,

Байлықты басқа білмеспін.

 

 

 

ҚАРАЖАОҒЛАН

 

***

Қадірлі Аллам, саған сендім сенгенде

Мұқтаж қылып қайнатпашы сорымды.

Жаннатыңды нәсіп еткін өлгенде,

Қылкөпірде тоса көрме жолымды.

 

Қақпамызға қара бура шөккенше,

Шөл далада дауыл қаһар төккенше,

Құл басымыз тозақ жаққа өткенше,

Қадірлі Аллам, сала көрме азапқа.

 

Сала көрме тағдырдың сын тезіне,

Дүние-байлық көрінбейді көзіме.

Қадірлі Аллам, жол бастайын өзіңе,

Тозағыңның отыменен күйдірме.

 

Қаражаоғлан, қате кетпес сөзіңнен,

Қайыр болмас өлгеннен соң өзіңнен.

Қадірлі Аллам, айырмашы төзімнен

Бейдауа жан, жыламашы аһ ұрып.

 

***

Сұлуды сұлу демеймін,

Менікі түбі болмаса.

Азабын оның көрмеймін

Қолыма келіп қонбаса.

 

Жүргені маған не керек,

Жүректі қайғы торласа.

Той тойламай жылайын

Көңілім шалқып толмаса.

 

Солар ғой білер бағасын

Болсыншы деймін ел де есен.

Ұнаған жұртқа сұлуым,

Өлейін оны көрмесем.

 

Пенденің бәрі – қонақ қой

Бұл дүние кімге қалады?

Ашылмаса уағында

Әдемі гүл де солады.

 

Қаражаоғлан сөзі рас.

Дұшпан көп, дос аз – болды есеп.

Айырылысу жоқ біздерге

Не сен, не мен өлмесек.

 

***

Өте бер жалған дүние,

Қонғанның көшер жолы бар.

Адам да егін секілді,

Мезгілі жетсе орылар.

 

Маңдайға жазған жоқшылық

Қысқанда келіп шекені,

Қапастағы құстай жаның да

Шырқырап ұшып кетеді.

 

Ғашық та өтер жалғаннан,

Мәңгілік ешкім болмады-ау.

Аспан да қақ-қақ айырылып,

Қосылар бір күн тауға тау.

 

Оты өшіп, ол да тыншиды

Қазандағы судың бүлкілі

Басымды алып құшаққа

Жылайды анам бір күні.

 

Жапыраққа жасыл үңіл де,

Түсінгенде сырын түңілме.

Сен басқан қара топырақ,

Жастығың болар түбінде.

 

Өмірден бір күн өтерсің,

Мүрдеңді саулар көтерсін.

Баратын жерің сол түбі,

Бақиға сен де кетерсің.

 

Қаражаоғлан, болма күлкілі,

Ажалдың қоймас құлқыны.

Мазарыңның келіп басына,

Байғыз қонар бір күні.

 

***

Бір сұлуға кезігіп ем таңертең,

Сол боп шықты қылығы бал жанеркем.

Мұндай сәтті көрген жоқ-ау әлі өлкем

Омырауына жұпарлы қондырды мені.

 

Қаршығадай шарықтатты аспанға,

Желпіндіріп қондырды бір асқарға

Өзен тасып, су іше алмай сасқанда,

Сусыз бұлақтай сусындатты мені.

 

Құсқа айналдым, бақта сосын сайрадым,

Құлақ тікті тыңдайын деп аймағым.

Нұрлы жүзін көрсем-ау деп ойладым,

Ақ тамақтағы меңдері өлтірді мені.

 

Осы екен ғой жанның сусар бұлағы,

Қанша көрсең көздің қанбас құмары,

Ақ тамақтың асты зәмзәм бұлағы,

Сүйіп едім, қандырды мені.

 

Деді маған Қаражаоғлан адаспа,

Белгі тақпа қадірі жоқ ағашқа,

Жөн білмейтін ессіздермен жараспа,

Құшақтады мойнымнан, түзеді мені.

 

Ерзурумдық ЕМРАХ

 

***

Ерте тұрып жанқалқамнан сұрадым,

Қиналдың ба деген едім, жоқ деді.

Саусағыңды бояп апсың қынаға

Той бола ма деген едім, жоқ деді.

 

Інжу деген не деп ем, тісім деді тағы да,

Қалам деген не деп едім, қасым деді тағы да.

Он бес деген не деп ем, жасым деді тағы да,

Жауабының бәрі де майдай жақты жаныма.

 

Не деп едім Ерзурум, елім деді көріктім,

Кетесің бе деп едім, жолым деді көріктім.

Кім деп едім Емрах, құлым деді көріктім,

Төлей алмас ешкім де құнын деді көріктім.

 

***

Бір Назлы маған кел деді,

Барсам ренжиді, бармасам ренжиді.

Ақ тамағынан, қыпша белінен

Құшпасам ренжиді, құшсам ренжиді.

 

Сол қалқам ғой, әрі назды, әрі өңді,

Көрмепті еш қайғысы жоқ әлемді.

Таңертең, кешке берер сәлемді

Алмасам ренжиді, алсам ренжиді.

 

Жөнсіз жерде керегі не сіресіп,

Махаббаттың ақ самалы тұр есіп.

Бақшасында тұр ғой жарық гүл өсіп,

Термесем ренжиді, терсем ренжиді.

 

Соны ойласам жүзім жылы нұрланды,

Салсам дедім өзіне арнап ән мәнді,

Емрах ақын сүйді осылай бір жанды,

Сүймесем ренжиді, сүйсем ренжиді.

 

***

Жан қалқам, сен де мендей сүйесің бе?

Махаббаттың отына күйесің бе?

Маған мәңгі жар болып қаласың ба?

Көңілімде жұлдыз боп жанасың ба?

 

Сүймесең, көңіл шіркін жараса ма?

Сезімім куә болсын тамашаға,

Ғашықтық сырын шерткін оңашада,

Сусасам, шөл қандырған көлім болғын.

 

Маржандай меңдерің бар тамағыңда,

Сұлудың сұлуы ғой жамалың да.

Сабырдан енді айырылып қаламын ба?

Сезімді ұйықтап жатқан оятасың.

 

Емрах аспандағы алған ба айды?

Ләйлім деп жыр шығардым қалқам жайлы.

Сені сүйдім мәңгілік ғашығым деп,

Өзің біл, өзің аңдап қалған жайды.

 

Ашық ВЕЙСЕЛ ШАТЫРОҒЛЫ

 

ДОСТАР МЕНІ ЕСКЕ АЛСЫН

 

Мен кетемін, атым қалар,

Достар мені еске алсын.

Ұлы думан той үстінде,

Достар мені еске алсын.

 

Тән қалады, жан ұшады,

Оты сөнсе, күл ұшады.

Жалғыз қалсаң, мұң құшады,

Достар мені еске алсын.

 

Ашылған гүл, ол да солмақ,

Күлкі өшеді, қайғы торлап.

Сапар түбі өлім болмақ,

Достар мені еске алсын.

 

Небір ерлер қапы қалар,

Ет бауыры жаты болар.

Вейсел кетер, аты қалар,

Достар мені еске алсын.

 

Фарук НАФЫЗ ЧАМЛЫБЕЛ

 

ҰЛЫМА

 

Білем ұлым, бұл өмірге келген жоқсың әлі күн,

Себебі әлі анаң да жоқ айтатұғын анығын.

Келсең бірақ түсінерсің шешкенімді неліктен

Бейбақ ұлым көрмесін деп дүниенің жарығын.

 

Кешке дейін қой бағарсың, ой бағарсың мұңайып,

Түнде де ұйқың төрт бөлінер, тұра алмассың тыңайып.

Еңбегің еш, сорың қалың атанарсың міскін жан,

Мың бір рет ақталсаң да, тағар және бір айып.

 

Бел қайыспай кім төзеді төксе заман қаһар шын,

Бұл өмірдің түсінерсің екендігін қатал сын.

Жоқшылықтың теңізінен шыға алмассың малтығып,

Көрінгенге тісің қайрап, сосын жылап жатарсың.

 

Тозар бір күн шәркейің де тігіп берген теріден,

Көз жасыңды құрғатарсың көйлегіңнің жеңімен.

Анадолың анаң болып сипамайды маңдайдан,

Кезбе құсап күн кешерсің мына өмірден жеріген.

 

 

ПЕРІШТЕ

 

Анасы  кеше Зейнепке

«Періште балапаным» деп еді,

Естісімен бұл сөзді

Қыз алаңдап сұрады:

«Періште балапаным» дейсіз,

Түсінбей далмын.

Періштеде қанат болмай ма,

Қайда менің қанатым?

 

Сонда анасы жауап  берді:

«Тағы үш балапаным бар-ды,

Олар қанаттанып ұшып кетті.

Жалғыз қалдырды,

Қасіретке батырды.

Тағы да мұңға батпайын деп,

Қанатыңды қиып алғам,

Қарағым».

 

Ибрахым БАШАР

 

САҒЫНЫШТАН  ШАРШАДЫМ

 

Сен кеткелі заман өтті,

Әлде күн,

Әлде өмір...

Білмедім.

Мәжнүн болған бейбағым деп күлмегін.

 

Терезеден күн сәулесі түскенде,

Селебедей жүрегімді піскенде,

Қорқыныштан жұма берем көзімді,

... Енді қайтып көрмесем ше өзіңді?

 

Осы болып келетіні бар қолдан,

Төңірекке көз саламын балконнан.

Көше бойы нөпір адам тасқыны,

Олар үшін түк еместей жас құны.

Көбік шашқан көк теңізде, алыста,

Біздің әнді тентек толқын шырқаса,

Қайық, кеме түсті биден жарысқа.

Айтшы, өзіңе осындай хал таныс па?

 

Есте күндер естелікке айналған...

Қасымда сен, дастарханда шай мен нан...

Бас айналған кездер өтті-ау сайраннан...

Енді бүгін көңіліме қайғы алғам.

Қиын екен жалғыздықты сезінген.

... Жаным, қайтып кездесем бе өзіңмен?

 

Маған қазір үйір боп тұр барша мұң,

Тек сені ойлап, сағынудан шаршадым.

Бөлмем дағы айналғандай молаға.

... Қайта көрер өзіңді күн бола ма?

 

 

(Жалғасы бар...)

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364