АУЫЛДАҒЫ АРДАГЕРЛЕР
Бүгінгі деректер бойынша елімізде 5115 соғыс ардагері бар. Ал, келер 2015 жыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы және ТМД елдеріндегі Ардагерлер жылы болмақ. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Ұлы Отан соғысының ардагерлерін қолдау жөніндегі жалпыұлттық бірегей акциясы өтуде.
Ақция шеңберінде үлкен қалаларда тұратын ардагерлерден бастап алыс ауылдардағы қарияларға дейін ескеріліп, Елбасының қолы қойылған құттықтау хат пен сыйлықтар иеленді. Солардфың қатарында Қызылорда облысы Қазалы ауданының ардагерлері Бағыберген Құлмұрат пен Қабақ Смағұл ақсақалдар да бар. Қос ардагерге аудан әкімі Бақыт Жаханов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан жаңажылдық құттықтаулар мен сый-сияпатты жеткізді
Қос ақсақал да аудан халқының арасында үлкен құрметке ие. Бағыберген Құлмұрат пен Қабақ Смағұл сонау 1942 жылы қан майданға аттанып, немістерге қарсы кеңес армиясының қатарында қызмет еткен. Аудан әкімі Бақыт Жаханов ардагерлердің үйіне барып, олардың хал-жағдайларын сұрасты, болашаққа құрған жоспарлары жайында кеңесті. Ақсақалдар Елбасының құттықтаулары мен сыйлықтарына риза болып, алғыс айтты.
«Бізге қамқорлық танытып жатқандары үшін алғысым шексіз. Президенттің құттықтауы – барша халықтың құттықтауы. Қазақстандықтар бейбітшіліктің қаншалықты қымбат екенін біледі, оны көздерінің қарашығындай қорғайды. Барлықтарыңызға тек бақыт тілеймін», - деді Қабақ Смағұл.
Абай-ақпарат.
(Мақала мен сурет «BNews.kz» АА деректері негізінде әзірленді).