Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 9350 0 пікір 25 Желтоқсан, 2014 сағат 08:10

МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ КЕПІЛІ – БАЯНДЫ ТӘУЕЛСІЗДІК

Ата-бабаларымыз нешеме ғасыр арман еткен Тәуелсіздікке қол жеткізген бүгінгі ұрпақ сөзсіз бақытты. Осындай мамыражай заманға жету жолында атқарылған жанкешті еңбектер мен төгілген терді естен шығармай, қазақ мемлекеттілігін нығайта түсуге білек сыбана кірісетін күн туды. Сөз астарын аңғара білген адамға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырдағы Ұлытау төрінде берген сұқбатында тәуелсіздікті баянды етуге қатысты салмақты ойлар аз айтылған жоқ.

«Мына өзіміз келіп отырған Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң – Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең – қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң – Түркістан тұр. Қазақстанда осындай қасиетті жерлер көп» дейді.

Президент тарихи орындарды жәйден-жәй атап отырған жоқ. Бұған дейін «Қазақта ешқашан мемлекет болмаған» деген сипаттағы сұрқия жел-пікірлердің терең тамырлы емен-тарихымызды құлатпақ түгілі, қозғай алмайтындығын меңзеді. Және жас ұрпақты тарихпен мейлінше сусындауға шақырды. Сөйтіп қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталатындығын, одан көк түріктерге жалғасып, Алтын Орда орнағандығын, бұдан соң хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тірелетіндігін тағы бір еске салды.

   «Жаздың күні осы жерді жайлаған қазақ малын Ұлытаудың етегіне айдап келеді. Батыстан да, Оңтүстіктен де, Солтүстіктен де, Шығыстан да ағылады. Мына таудан бұлақ ағады, төңірегі жайылымға қолайлы. Мыңдаған, миллиондаған мал жатса да көрінбейтін шүйгін дала болған. Бар қазақ жан-жақтан келген соң киіз үй тігеді, ат шаптырып, той жасайды. Осы жерде қыз ұзатады, баласын үйлендіреді. Бір-бірімен құда болып тарасады. Мына елдің қызы былай кетеді, ана елдің жігіті мына жақтан қыз алады. Еліміз осылай араласады».

   Жасыратыны жоқ, бүгінде сөйлесе қалсаң іріткі іздеп тұратын, адамға жиіркеніш сезімін тудыратын, өресі жершілдік, рушылдықтан әріге бармайтын жандар баршылық. Елбасының жоғарыдағы пікірінен осындай жағымсыз қылықтардан бойды аулақ салғанымыз абзал екенін, бұрынырақта батыс, шығыс,оңтүстік, солтүстік қазақтарының тау төскейінде малы қосылып, етегінде бірін-бірі қонақ етіскенін, құдаласып жақын араласқанын, сондықтан бүгінгідей бөлінбей бірлікте болуымыз керектігін аңғарамыз. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген бұрынғылар. Бір жағыңда уытты жалынын ішке тартып айдаһар жатқанда, екінші жағыңда кеудесін ұрғылап аю тұрғанда бірлігімізді бекемдей түспесек, күніміз қараң. Өзге елдер қазақтың әскери қауқарынан сескенетіндей, экономикалық даму қарқынына таңдай қағатындай жағдайға жету үшін кем дегенде 30-35 жылдық бейбіт өмір ауадай қажет.

«… Кең байтақ жерде қазіргідей ұшақ, теміржол, автокөлік жоқ. Бір-біріне барып көмектескенше не заман? Әрқайсысы өзін өзі сақтап қалу керек болды. Сондай замандар өткен».

  Бұл жерде тағы сол жершілдік мәселесі көтерілген. Мемлекет басшысының айтуынша, үш жүзге бөліну қажеттіліктен ғана туындаған. Жаугершілік заманда хандарымызға, билеріміз бен батырларымызға ұлан  ғайыр жерді, шашырай шоғырланған елді аттың қомында жүріп қорғау оңай болған жоқ. Президенттің «Бір-біріне барып көмектескенше не заман?» деп отырғаны сол. Сондықтан елді териториясына қарай үш жүзге бөліп, әр жүзге хан, би, әскербасы секілді лауазым иелерін сайлаған. Олар өздеріне сеніп тапсырылған маңды сыртқы жаудан қорғауға қызмет еткен. Ал түптеп келгенде қазақтар «үш жүз» тактикасы арқылы қазақ жерінің тұтастай амандығын сақтап қалу деген бір ғана мақсатты көздеген. Сондықтан сыртқы дұшпан іштен іри бастасақ алақанын ысқылай түсетіні анық. «Бірлік түбі – тірлік»  деп ғұмыр кешкен ат төбеліндей қазақпыз. Онсыз да «бөліп ал да билей бер» саясаты бізге аз қасірет әкелген жоқ. Әрине, елді бөлу үшін қазаққа орысты, өзбекке кәрісті қарсы қойғаннан гөрі, жалайырға дулатты, найманға адайды, қоңыратқа берішті қарсы қою өтімді. Мүдделі топтарға құйтырқы саяси іс-қимылдарға пайдалануда осы тәсіл тиімді. Сондықтан ішкі бірлігіміз мықты болуы керек.

  «Қарап отырсаң, қазақ ешқашан дінінен айрылып көрген емес. Ешқандай уақыт үзілісі болмағандай, дінімен қайта қауышты да, әрі қарай жалғастырып жүре берді… Дінге бас ұрып жүріп, біз оның теріс жағына түсіп кетпеуіміз керек. Бізге зиян келтіретін дін ағымдары бар. Қан төгіп, соғыспен, дінмен мемлекет орнатып, мемлекеттік дін жасаймыз деп жүргендер бар. Біз бұдан ажырап, дінді шынайы имандылыққа жақындатып, оның жақсы жағын алуымыз керек. Сондықтан дінге бас иетіндер шын жүрекпен, әділеттілік үшін, имандылық үшін барса деп ойлаймын».

Бүгінгі таңда әлемде белгілі бір қылмыстық топтар өздерінің саяси мақсатттарына жету үшін ислам дінін өздеріне бетперде етіп әрекет етіп жүр. Елбасы осындай теріс жолдарға түсіп кетуден сақ болуды айтып отыр. Ислам қағидаларында «Шынайы мұсылман – өзгеге қолымен де, тіліменде зиян келтірмейді» дейді. Ал тілімен де балағаттап, қолымен тимек түгілі қойша бауыздап, бейбіт тұрғындар ортасына жарылғыш зат лақтыратындар қалайша мұсылман болмақ?! Демек олар қасақана ислам дінін әлемге жеккөрінішті етіп көрсетуге тырысуда. Сирияда заңсыз, қару-жарақ күшімен Ислам мемлекетін құрып, соғыс ұйымдастырып жүргендердің негізгі мақсаты мұнай мен ақша екенін саясаткерлер де, дін мамандары да растап отыр. Өздерін «жиһадшылармыз» деп таныстырып, алыс-жақын елдерден психологиялық шатастыру тәсілдері арқылы қаншама азаматтарды қатарларына қосып көбейуде. Жалпы жиһад дегеніміз не өзі?  Мәселен, Нұр-Мүбарак Мысыр Ислам мәдениеті университетінің доценті Алау Әділбаев:«Қазіргі таңда Исламды терроризммен байланыстыруға жол ашқан себептердің бірі Исламдағы «жиһад» ұғымының бұрмаланып көрсетілуі болып табылады. Ол – әрі кейбір мұсылмандар, әрі басқа дін өкілдері тарапынан бұрмаланып, бұрыс түсініліп жүрген басты ұғымдардың бірі. Араб тіліндегі жиһад сөзі «алға қойған мақсатқа жету үшін күш-жігер жұмсау», «талпыну», «тырысу» деген сияқты мағыналарды қамтиды. Жиһад сөзі батыстық ақпарат құралдарында негізгі мағынасынан бұрмаланып «қасиетті соғыс» деп аударылып жүр. Ал бұндай ұғым Исламда жоқ. Жиһадты мұсылман ғалымдары негізінде үлкен жиһад және кіші жиһад деп екіге бөледі. Үлкен жиһад деп адамның Кемелдікке көтерілуіне кедергі келтіретін ең үлкен дұшпаны нәпсімен күресіне байланысты айтылған. Ал кіші жиһад көбіне материалдық тұстарды қамтиды. Қысқаша қайтарсақ, мұсылманның адамдармен қатынасында барлық амалдарын Аллаһ тағаланың ризашылығы үшін жасауы осы ұғымның аясына кіреді, ал Оның ризашылығына бастайтын жолдар аса көп. Сол тұрғыдан қарастырсақ қолға қару алып соғысу мұның азғантай бір бөлігі ғана. Ол діннің ең негізгі элементі емес. Оның өзінде де белгілі қағидалармен шектеліп, жүйеленген және оның басты мақсаты зұлымдыққа қарсы тұру» дейді. Яғни, Сириядағы соғысушылардікі жиһад емес, анық қылмыс екені даусыз.

   «Мемлекеттік тілдің қолданылуы, оның өркендеуі үшін барлық жағдай жасалды. Конституцияға «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай етіп жазылды. Солай ғой? Ешкімге қазақ тілінде сөйлеме деп, кедергі жасап отырған бір адам жоқ. Өзіміз қазақша сөйлеуіміз керек».

  Меніңше, өте орынды пікір. Ана тілімізді өзіне тиесілі тұғырына қондыру үшін алдымен өзімізден бастауымыз қажет. Немкеттімен жүрмей, тіл үшін күресті жалғасытыра берсек, көздеген мақсатқа жететініміз анық. Халық саны көлемінің 70 пайызына жуықтаған қазақтар түгелдей ана тілді меңгерсе, өзге ұлыстар уақыт өте толықтай қазақша сөйлейді деп толық сеніммен айта аламыз.

«…Қазір өз тағдырын Қазақстанмен байланыстыратын адамның бәрі баласына қазақ тілін үйретіп жатыр. Ал енді тарихын, болашағын қазақпен бірге деп санамайтындар бәрібір кетеді. Оған біз тыйым сала алмаймыз, салып та отырған жоқпыз».

Өз тағдырын Қазақ елімен байланыстырғысы келмейтін кімдер? Мемлекеттік мүддені жеке басынан төмен ысырғандар. Ел басына күн туған шақта жиған-тергенін буып-түйіп бір түнде шетелге тайып тұратындар. Олар тілді де, дәстүрді де біліп жарытпайды. Президенттің олар бәрібір кетеді дегені сол.

  «Заман өтеді, уақыт алға жылжиды. Ұрпақтар бірінің жолын бірі жалғайды. Бірақ ата-бабамыздың жері осылай керемет болып қала береді. Осындай әулиелі жерден қуат алған халқымыз ата-бабалар жолымен жүреді деп санаймын. Ол жол – сара жол, Мәңгілік Елдің жолы!»

Елбасы Мәңгілік ел идеясын алғаш ұсынғанда кейбір азаматтардың басқаша қабылдағандары да болды. Әрине, мәңгілік ештеңе жоқ. Мәңгілік тек құдай ғана. Алайда, президент Мәңгілік ел идеясының мәні ұрпақтар жалғастығында екенін айтқысы келді. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні – өз ұрпағы. Ұрпақтар жалғастығы  үзілмесе, қазақ елі мәңгілік емес пе! Ал Мәңгілік елдің кепілі – баянды тәуелсіздік. Сондықтан біздің баға жетпес байлығымыз – Тәуелсіздік. Оны көздің қарашығындай сақтай білу – әр азаматтың асыл парызы.

Ерлан БАПАНОВ.

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5308