Талғат Кеңесбаев. АБАЙҒА АБАЙ БОЛАЙЫҚ!
Тәуелсіздіктің табалдырығынан аттаған жылдары Абайға кір жағуға ұмтылдық. «Абай арақ ішті», «Абай наркоман»... деп сенсация қуып кеткендердің «имиджі» тауға өрмелеп, бірден классиктердің қатарына қосылды...
Бірақ тез өшті. Уақыттың тезіне шыдай алмай өшкен сияқты. Адам баласының азғын ойы әр дәуірде бас көтереді. ХХІ ғасырдың он жылдығы өткен кезде. Енді «Абай менің қасымда кім?» - деп, тіпті, Мұхаммед пайғамбарға тіл тигізетіндер шықты. Бір бірлестік сияқты ұйым құрып: «Сендер Абайды сыйламайсыңдар», «маған ақша бермейсіңдер», «мені күтіп алмайсыңдар» дейтіндер де бар қазір. Әлдебір мекеменің бұрышына жайғасып алған жалғыз адамның Абайға ие бола қалуы ақылға сыймайды. Әрине, адал ниетін аяқ асты етуге болмас. Абайға қатысты шаруаның бәрін мемлекет қадағалап мемлекет қаржыландырғаны дұрыс емес пе?..
Абайды қорлап сөйлеген адамдар «Қазақтың қара шалы боп» танылуда. Оларға ескерту айтқан адам иттің етінен жаман болғаны да шындық.Тіпті ортаң қол, қарапайым өлең құрай алатындар «Абай ақын ба?» деп кеудесін соқса, алжыған шалдардың бірі адам ұғып болмайтын тіркестерді, адам ұғып болмайтын өлеңсымақ жолдарды көгендеген «түсініксіз ақындарды» «Енді бұндай ақын туа ма, тумай ма, бұл – Абайдан артық» деп көпірді...
Қарапайым адамдар таңдай қағысты.
Абай бір сәтке тасада қалып, халтурщиктер көпшіліктің алдына шықты...
Ию-қию өмір басталды.
Біреулері Абай дүниеге келгенде тап қасында жүргендей, Абай туралы анекдотқа толы кітап жазып, ғылыми атақ алды. Бас оқулық жасауға ұмтылды. Қайран, Шәкәрім атамыз «Шын залымға берме құдай ғылымды» деген ұлағатты сөзі «коорупцияның» аяғының астында қалды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Шерхан Мұртаза ағамыз «Бізде ғылым жоқ» деп жанашырлықпен айтып еді, «мини юбка кигендер «ағамыздың жағасына қолдары жетпесін біліп, балағына жармасты» Өйткені, олардың артында топастар тұр еді...
Таң қаласың: Абайға атасының кегі кеткендей өштескенұрпақ қалыптасты қазір. Білім саласында әсіресе көп. Әйтпесе, министр Сәранжіпов Абайға «күйе жаққысы келген оқулықтың» ғылыми атағын сыпырып алуға шамасы жете ме, әрине, жетеді. Бірақ,оны ойлап жүрген Министр жоқ сияқты. Өйткені, тәуелсіздік алғаннан бері бізде оқулық жөніндегі дау-дамай көп. Сөз көп, нәтиже жоқтың қасы.
Абай жалғыз.
Әркім Абайды өзінше тануы заңдылық. Өйткені, ол тас Құдай емес. Ол біз сияқты ет пен сүйектен жаралған. Құнанбай қажының баласы. Шәкәрімнің ағасы. Ол Қазақ халқының ұлттық брендін қалыптастырушы. Әлемнің ойшыл Абайы.
«Сен саясатпен шұғылданбасаң, саясат сенімен шұғылданады» деген КПСС-тің кекесінді сөзі бар еді. Қазір енді «Путинді жақсы көрмесең, Путин әкеңді танытады» деп айтамыз ба. Біз көшеде ит өліп жатса, «Назарбаев көкеміз неге алып тастамайды?» -деген бұлдану саясатына жетіп қалдық... Сол итті өзіміз алып тастауға ерінеміз. Мойнымыз жар бермейді... Бізде керемет ақсақалдар, білімді ағалар, жаңашыл жастар көп... Тіпті, коорупцияның атын атағысы келмей «жиіркенетін» азаматтар көп... Шіркін, соларға жол берсе... Жолдарына бөгет болмаса... Осы елін сүйген азаматтардың жолына бөгет болмасақ қой...
Баяғыда 97 жас жасап, өмірден өткен Кеңесбай атам қазақтың бір сөзін өмірінің соңында жиі айтатын еді «Жақсының жолын кеспе, одан жаманның жолы ұзармайды» деп...
Саясатта менің шаруам жоқ... Бірақ... Осы «бірақ» қой... Мысалы, тәуелсіздік алғаннан бері керемет кадрлар институты қалыптасып келе жатыр еді... Дамымай қалды... Халық арасында «Ақ Берік» аталған Берік Әбдуалиевті алыңыз. Ол қазір қайда? Азат Перуашев деген азамат бар... Азаттың әр сөзінен ұлтжандылығы білініп тұрады... Өзі ақын екен... Жүрегі Алаш ұрпағы деп соғады... Олардың атқарып жүрген қызметтері партиялық мансаптары бар шығар... Бірақ, олардың «креативтік» ойларын қоғам пайдаланып жүр ме? Жоқ... Бұлар сияқты жүздеген азамат бар... Ұрпақтың ойын кері тартатын сөзді қою керек. Айдос Сарымды «демократияны дамыту университетіне басшы ғып қойсақ» ұтпасақ, ұтылмаймыз. Қазақты ойлайтын бір азамат болса, осы Айдос бауырымдай-ақ болсын... Олардың жолына бөгет жасайтындар Абайды оқымағандар ... Абайды түсінбейтіндер... Бізге залал Абайды оқымағаннан, танымағаннан, білгісі келмегеннен келеді...
...Бізде «ЭКСПО» ашылады... Құптарлық... Осының аясында Абайды Көкбайрақты туымыздан кейін насихаттарауға бола ма? Меніңше, болады... Әлемдік қағида бойынша мемлекеттік Ту екі жағдайда көтеріледі... Елбасының басқа елге мемлекеттік сапарында...
Спортшылардың жеңіске жеткенінде, Ту көтеріледі... Бұл әрине, мақтаныш... Ал, Абай күндерін өткізгенде Ту көтерсек оған кім қой дейді? Бұның еш сөкеттігі...жоқ қой...
...Иә, айта берсе сөз көп...Идея одан да көп... Абай – атам менің, бәріміздің бабамыз... Тек, Абайға абай болайық!
СЕМЕЙ
14.12.2014. 23:45
Abai.kz