Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 7945 0 пікір 6 Желтоқсан, 2014 сағат 11:12

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. «ҮНДІСТЕН ҚАЙ САҢЛАУЫҢ АСЫП ТҰР?»

Абай.kz порталы жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Америка күнделіктері» атты жолжазбасын оқырман назарына ұсынуды бастаған болатын. Жолжазбаның «Мыс пен містің мәті» деген атаумен  бұған дейінгі жарық көрген бөлімдерін төмендегі сілтемеден тауып оқи аласыздар.

http://abai.kz/post/view?id=2298

http://abai.kz/post/view?id=2264

http://abai.kz/post/view?id=2251

http://abai.kz/post/view?id=2238

9 қаңтар, 2014.Нью-Йорк. Гарлем.

Бүгін таңғы сағат төртте ояндым. Кеше титықтап келіп ерте жатқам. Енді Америкадағы, яғни, Нью-Йорктағы  алғашқы күннің әсерін қағазға түсіріп отырмын.

Қанып шәй ішкен соң, осында өтетін он бес күннің ойша жасалған кестесін хаттап, саяхат үшін бізге қолайлы қаланың Атлант мұхиты жақтағы мүйісіндегі Брайтан бичтегі орыс орамына тарттық.

Тұрған үйіміз атақты Гарлемнің пұшпағы болғандықтан да, мұнда негізінен зәңгілер басым. Көше бойлап метроға беттедік. Екі-үш шағын шіркеуді көрдік. Біздегі шіркеулер сияқты алтын күмбезді, мысымен басқысы келетіндей асқақ емес, барынша мінәжатқа шақырғандай қарапайым әрі мінәжат пен қаза рәсімін орындауға арналғандығын білдіріп, тәубәңа түсіргісі келгендей. Бұрыштарында Иса мен Мариямның мұңлы кейіптегі ақ тастан қашалған шағын мүсіні қойылған. Метроға түстік. Тым ерте салынғандығының себебі ме, ешқандай әшекей-үшекейі жоқ, темір, шойын, жуан салдаулар барбиып-барбиып, арбиып тұр. Бетондардың кей тұсы қопсыған. Перрондары да шағын. Баспалдақтары – темір сатылы. Эскалатор барлық метрода кездесе бермейді. Сығылысып жатқан халықты көргем жоқ. 

Ал қаланың екінші шетіндегі Брайтандағы метро негізінен жер үстінде. Жол үш қабатты үйлердің үстімен өтеді екен. Сондықтан да Ақмоланың ескі орамындағы жатаған жер үйлердің шатырының үстімен жанап өтіп бара жатқандайсың. Шаһардың көне және темір жол маңы Ресей мен біздің вокзалдардың  маңындағыдай шашылған қағаз, салафандар, қиқымдар. Бруклин, Манхэттен көпірі көрініп отырды. Үйреншікті орыс тілі, орысша маңдайшалар мен жарнамалар қылаң беріп еді, бара-бара қазақша мәтіні жоқ Астананың көшесі сияқтанып кетті.  Мұнда да эскалатор, лифт жоқ екен. Тоқбаланың бесікарбасын баспалдақтан көтеріп жүруге тура келді. Сүйсінгенім, орыс тілді «орыс жігіттері» тар баспалдақтың өзінде бізді сығылыстыра қағып-соғып өтіп жатқанда, анадай жерде тұрған жап-жас зәңгі жігіті жүгіріп кеп бесікабаны көтерісіп, төменге түсірісіп тастады. Мәдениет пен кішіпейілділік және өркөкіректік пен кеспірлік – адамның тегінен, тәрбиесінен-ау!

Көшеде иығы түсіңкі, басы еңкейіңкі, жүрісі сылбыр, көздері мұңлы, айналасына сондай үмітсіз немқұрайлылықпен қараған шал-кемпірлердің көбі қоларба итерген (сүйреген емес). Мүттәйім тартқан егделердің көзі мен мұрнынан, бет әлпетінен Америкаға тумысы тыс туыс екені бірден аңғарылады. Бізге таныс «танау» бұл. Тек мында керенау, ал бізде мәймөңкелі, мәдениетті, ылдым-жылдымы көп сияқты көрінетін еді. «Калинка», «Сковородка», «у Татьяны» деген аспұзылдар мен дүкендерді көзден өткізе отырып «Русские турыға» жеттік. Мұндағылар өзіміздің Катия, Валя, Галя, Маялар. Филадельфияға – Американың Бейбіт келісімі жарияланған шаһарға, Вашингтонға – мұражайлар шоғырын көруге, Жаңа Йорктің ішін аралауға тапсырыс бердік. Назым мен Әминә алдын ала ақшасын төлеп, түбіртегін алуға қалды. Алма, Тоқбала үшеуіміз көшедегі күншуақта арқа қыздырып, өткен-кеткенді көзбен шолдық. Жүргіншінің бәрі де орысша сөйлейді. Жарнамалар да, маңдайшалардағы жазулары да орысша. Бұл арада өмір сүру – бізге де, ал біздің қара орыстарымызға тіпті де қиын соға қоймас. Бір-екі орыс кемпірі менен сағат сұрады. Ол да бізге таныс тәсіл. Танысудың, тілге тартудың сылтауы. Бірақ шүйіркелесе алмадық. Дүкен, шеберхана, шаштараздарының, аспұзылдарының бәрінен кәдімгі орыстың ашық-шашық жайбарақаттағы байқалады.

Атлант мұхитының жағалауына – жағажайына бардық. Алып айдын, алыс көкжиек, шексіз кеңістік. Кең даланың кеңістігі көз алдыңа келеді. Орыстар бұрын демалыс аймағы болған осы жағалау үшін мексикалықтармен жаға жыртысып, ұзақ жылдар бойы  қырқысып, ақыры оларды Бруклиннен  – Манхэттенге көшіріпті, ал қытайлар өз кезегінде Манхэттеннің төменгі мүйісіне шоғырланған зәңгілерді жоғарғы Манхэттенге – Гарлемге ығыстырып,  қытайкентін құрыпты. Бұл ауыс-күйіс өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап жүріпті. Алғашқы қоныстанушылар украиндықтар екен. Сондықтан да әуеліде Брайтан бич «Кіші Одесса» деп аталыпты. Қазір «Кіші Ресей» делінеді. Түсінікті. Алыстан Стейтэнд айленд аралы мұнартады. Жағажай ұзақ әрі кең. Құмы майда, жиегінде тақтай төселген тақта жол. Әрі серуенге, әрі жүгіруге қолайлы. Дене тәрбиесімен айналысып, жаттығып жүргендердің ішінде, О, Алла, қазақтар да кездесті. Балаларға сәлемдесті. Маған бетпе-бет келе алмады. Өздері сондай жасқаншақ, мүттәйім. Қазақстанда жел керіп жүрген кеудесі қабысып, мұнда өкпесіне өкпесі жабысып қалған. Сырт айналып кетеді. Құдай біледі, көше сыпырушы, ыдыс-аяқ жуушы, түнгі қоқысты тазалаушы, ары кеткенде жүкші болып істейді. Оның мұндағы сыбағасы сол.

Не ғып жүрген мұндар екен? Ақ таңертеннен: осынау мұңлы «бұрынғы орыстарды – болашақ америкалықтарды» мұнда не айдап келді, қандай болашақ күтіп тұр, шал-кемпірлерді әке-шешесі көмілген топырақтан ажыратып әкелген қандай арман, қандай мақсат, қандай тағдыр? – деп, соны түсінуге тырысып ем. Мына мұндарды көргенде: салынды, сүмелек, өзі туған жатырды жатсынған қағынды – деген сөздер ойыма оралды. Әрине, әділетсіз, күпірлі ой. Бірақ бұлар – адасқан қаздар емес. Қағынған қаздар.

Сөйтіп тұрғанда сондай таныс бет пен көз қасымнан көз қиығын тастап жүгіріп өтті. Қайық аузын  көріп, кері қайтқанымда тағы да қарсы алдымнан шықты. Көлденеңдей беріп: «Ассалаумағалейкум!» – дедім. Кілт тоқтап, күліп: «Здраствуйте! Я – калмык! Знаю, что вы казах» – деп қайырыла кетті. Шатастыратындар көп екен. Қазақ пен қалмақтың туыс екенін интернеттен оқып білгенін, Петербургта қазақтармен араласқанын айтты, мұнда осындағы ұлымен бірге тұрғанына үш-төрт жыл болыпты.

– Жағдай түзелді ме?, – деді.

Әрине, күншуаққа шыққанымызды айттым. Қалмағым осындағы кеңес мұқажирларына  тән жасқаншақтықпен, өздерінің қалін сұратып үлгертпей қоштасып үлгерді...

Осыдан екі-үш жыл бұрынғы Сенди дауылы Атланттың жағалауын сеңдей сенделтіп, барлық серуен жағажайлары мен саяжайларын шайып кетіпті. Содан серги қоймапты. Мен мұхит жағасына шығып қалған бір салынды таяқты ұстап біраз серуендедім. «Сковородкаға» кеп түстендік. Үйреншікті тағам, үйреншікті тәбет. Сыпайы, еркін отырыс болды. Ресейдің теледидарының жазбалары көрсетіледі. Израиль мен Ресейдің жеміс-жидектері. Арзан. Брайтан бичтен өте ауыр ой жамылып, аралға   – Манхэттенге бет алдық...

... Бәрібір бір түсініксіз алаң көңілімде қалды. Ертең тағы келемін. Біздің саяхат кіндігіміз осы Брайтан жағалауына байланды. Әр жолы осы Брайтаннан – Вашингтонға, Филадельфияға аттанамыз. Мүмкін сонда мазалаған суыртпақтың бір ұшығын ұстармын... Айтпақшы, көпір сияқты биікте орналасқан метроға бесікарбаны көтеріп шығаруға ұмтылып едік. Егде тартқан қария ақырын ғана: «Келесі есікте эскалатор  бар» – деп күбірледі де жүре берді. Міне, бұл да кішіпейілділік. Бұл жолы зәңгілер кездеспеді. Олар бұл жақта аз екен. Латын америкалықтардың сарқыты да сирек. Мұндағы тұрғындар өздерінің шыққан тегін, қоныс аударған себебін, қазіргі кәсібін айта-айта жалығып, елді еске алып, көңілін бұзғысы келмегендіктен де, шүйіркелесуден бойларын сырт тартатын сияқты.

Брайтан бичке жаңа қоныстанған «жаңа орыс» «ескі орыстан»:

– Америкаға келгеніңе жиырма жылдан асты. Неге ағылшынша білмейсің?, – деп сұраса:

– Сол Америкаңды әлі көргемін жоқ. Қалай үйренемін депті, – депті.

Осы халықтық қалжында Брайтан бичтің тұйық тұрмысының барлық астары емеурінмен толық жеткен.

   Америкамен, яғни, Нью-Йоркпен, байырғы үндістердің тарихымен танысу үшін бүгінгі күннің екінші жартысын Манхэттеннің теңізге мұрынын матырып тұрған мүйісіндегі бұрынғы кеден үйінен – қазіргі америкалық үндістердің мұражайынан бастауды мақұл көрдік. Мұнымыз ақыл болған екен. Кейін білдік. Барлық тарих осы мүйістің тоқымдай тұмсығынан басталыпты.

Аралдың тұмсығы – Атлант мұхитына сұғынып тұрады. Екі жағы өзен. Сұқ саусақтай сұстиған мүйістің құрылыққа жалғасқан буыны сумен кесілген. Аралдың ұзындығы – 20, ені 30 шақырым. Манхэттен – Нью-Йорктің алтын көмбесі. Мұнда 15 миллион халық тұрады. Үндістердің аң қағатын аралына алғаш голландықтар ат басын 1620 жылы тіреген. Қыратты, ойлы-қырлы, табаны көктасты қоныс. Бір жағынан Истривер, екінші жағынан Гудзон (Хатсон) өзені өтіп, мойнақтан аралдың мойны үзіледі екен. Осы тулақтай мүйісті Петер Минейт 60  гүлденге, яғни, 24 долларға сатып алыпты. Қазір Манхэттенді сатып алу үшін ешқандай ноль жетпейді. Мана хет – үндісше, Маңа кет – маң жолы, аң жолы, мүйіске тірейтін аң жолы – деген мағынаны білдіреді екен. Қазір де Нью-Йорк көшелері сол жолдың танабын қуа шаршыланыпты. Яғни, оңтүстіктен – солтүстікке қарай бой түзеген. Үлкен көшелер – авенью, көлденең кіші көшелер – стрит деп аталады. Осы шаршы бойынша тұрағыңды тез табасың. Қолайлы.

Жиырма төрт долларға сатылуының себебі: ол кезде үндістерде жерге жеке меншік жоқ. Бәрі ортақ әрі олар мына ұзынтұра сарылар аң аулауға рұқсат сұрап тұр – деп түсінсе керек. Сол доллардың өзін ақшалай емес (құр қағазды қайтсін!), шорым-борымға, әшекей-үшекейге, қақы-лұқыға айырбастапты. Менің ойыма Л.Толстойдың жерін бәске салған башқұрт туралы әңгімесі мен қазақтан бір өгіздің терісіндей жер сұрап, оны қайыс етіп тіліп, ат шаптырым жер алған Петка мұжық жөніндегі тәмсілі еске түсті. Қайран аңғал да саңғал, жылтыраққа құмар көшпелілер-ай! Түйреуішке туған жеріңді айырбастағаның – қай сорыңа бастағаның еді. Отарлаушының обыры – ортақ, өңеші – аран. Біз де тағдырдың осы тәлкегіне түстік-ау!

Жортуылшы неміс Риддерге Көктасты көрсеткен қазақ, Екібастұздың көмірін жер бетіне қазып шығарған тышқанның інін көрсеткен Қосым Пішенбаев, Қарағандыны күлдібадамға айырбастаған темештің телімшісі, сенің әлгі үндіден қай саңлауың асып тұр? Елу жыл өтпей елдерің де, жерлерің де басыбайлы болып шыға келді. Өз байлығың – өзіңді тұншықтырып, өз қорғасының – өзіңе оқ боп атылып, өз көмірің – өзіңнің өзегіңді өртеді. О, соры қайнаған көшпелі өркениет. Несіпбектің  «Үндістер үзілмеңдер» атты дастанында  Минс көсемнің:

Тағдыр  бізге жер бергенше,

Берсе нетті көк темір, –

деп өкінетіні бар еді.

Темірді алғаш қорытып, үзеңгі, ауыздық жасаған түркі қауымының санасы сол ауыздықпен ауыздықталып, үзеңгіге асылып қалды-ау. Маған: біз қазір де, 60 гүлденге сатқан үндістерден де сорлы сияқтымыз. Біз бүкіл байлығымызды, жердің астын да, үстін де, аспанын да сатып үлгердік-ау.

Қазір әлгі әшекей-үшекейші Петка (Петер Миней) бізге қарағанда Маңа кетті – маң жолын, аң жолын тым қымбатқа сатып алған сияқты көрінеді. Өйткені, бар-жоғы, ұзындығы – 20, ені – 3 шақырым  көктасты аралдың мүйісіндегі тоқымдай ғана жер ғой алғаны. Ал осынша көлемдегі бір ғана бұрғының көмейінен миллион баррель «қара алтын» сорып жатқан «қауғаның» қаншасы мойнын қылтыңдатып, мұнайды қылқылдатып жұтып жатыр десеңші!

Шын мәнінде, алқақотан отырған бір ауылдың көлеміндегі жерге орналасқан қамал Жаңа амстредамдықтардың (қала әуелі солай аталған) жанын алып қалыпты. Бұл араға Александр Хамильтон кеден орнатыпты. Осы Бэтер парктен 8 миллион адам өтіп, америкалық азамат атаныпты. Бұл – бақыттың да, қасіреттің де кедені болды. Кеденнен: 1.Түрлі жұқпалы аурумен ауырғандар.2. Қылмыстылар.3. Қызметке жарамайтындар (негізінен ирландықтар) құрылыққа жіберілмепті.

Мұхиттың ортасындағы шағын аралдағы Бостандық ескерткіші қолын көкке көтеріп асқақтай көрініп тұр. Сонымен қапталдасқан Эллис аралындағы кейіннен салынған кеденнен 12 миллион адам, өсімімен санағанда қазіргі американдықтардың үштен бірі өтіпті. Алғашқы америкалықтардың ұрпақтарының күшімен мұнда ұлттық мұражай ашылыпты. Осы мүйістегі «Роденді еске алу» деген Америкаға ұмтылған қоныстандырушыларға арналған, әр нәсілдің қасіретін бедерлеген ескерткіш жан тітіркентеді. Олар мынау мұхиттың ар жағындағы барлық қасіретті теңіздің суымен қоса сарқып тастап шығып келе жатқан жанкешті азап бурлактары сияқты. Сұсты да жанкешті!

Американдықтар мен ағылшындықтардың соғысынан кейін Жаңа Амстердам – Жаңа Йорк (Нью-Йорк) деп өзгертіліпті. Сонымен жаңа құрлықтағы жаңа ағылшын тілді Америка қалыптасыпты.

Міне, осыншама кіріспеге негіз қалаған америкалық үндістердің мына мұражайы – сол кездегі кеден ғимараты екен. Бұрынғы ғимарат екі рет жаңартылыпты. Талай мекеменің аты маңдайшасына ілінсе де (негізінен қаржылық, кедендік), ең соңында, кезінде этнограф Джордж Густав Бетвэин (1897-1957) жинаған 14 000 экспонатты каталогқа түсіріп, ретке келтірген екінші бір этнограф ғалым Кевин Ковердің күшімен 1989 жылы  ежелгі тұрғындарға құрмет ретінде мұражай болып ашылыпты. Ғимаратта сегіз бұрышты оюға құрылған орталық күмбез – дүниенің сегіз тұсының тұтқасын ұстаған кормалды құдіретті білдіреді. Мұнда өткен және осы ғасырдағы үнді суретшілерінің абстрактілі суреттері ілініпті. Маған: тәңірлік философияның негізін кеңістікпен астастырған үш сатылы әлем бейнеленген (1.Аспан – мықан ағашы – самұрық құс; 2. Адам – құт – жеміс; 3. Жерасты дүниесі – балық – кит) көлемді полотно мен кесінді ағаштардан түйілген қима үлкен әсер етті. Өзге суреттер жүйке талшықтарын шүйкеленген қанқызыл, алқызыл, қанқаракөк, алқаракөк, қарабажақ бояулармен кескінделген шытырман ныспыларды көргенім болмаса, мағынасын түсінбедім, атына ғана қарап тұспалмен жорта қабылдадым.  Керісінше, үндістердің көне және қазіргі заттай айғақ мұраларын ынтызармен қызықтадым. Солардың ішінде қазір де тоба мен хахастарда (ежелгі татарлар мен қырғыздар), башқұрттарда, жақұттарда (сахалар), алтайлықтарда, бұрынғы қазақ даласында кездесетін ағаш пәңгілер  (ағаш аруақтар) мен тоқылған алашалар, басқұр мен боқшалар, тұсшілтерлер көзге сондай жылы ұшырады. Саптама байпақ киетін бізге тізеқап та жат көрінбеді. Америкамен танысуды осы мұражайдан бастағанымды кәдімгідей көңіліме місе тұттым.

Бірінші қабатта кітапхана бар екен. Кәсібім ғой. Кіріп жөн сұрастым. Егде тартқан Ellen Jamicson: «Бұл кітапхана Вашингтондағы Смитсон мұражайының қамқорлығымен құрылған. Үндістердің ежелгі және қазіргі тарихы мен салт-дәстүріне қатысты барлық басылымдар жинақталған. Кітапханашылар, ғылыми қызметкерлер жұмыс істейді. Электрондық қор бар. Кім қандай тақырыппен айналысады, соған дерек, мағлұмат тауып беруге көмектесеміз. Қордағы қолжазбаларға ғылыми сараптама жазуға септесеміз. Екінші, балаларға арналған үйірме бар. Онда дәріс өтеміз. Үндістердің тарихымен, мәдениетімен, жазу тарихымен таныстырамыз, – деді.

Бұл мені қатты сүйіндірді. Құдайға шүкір, бізде де бір қалада –құрып кеткенде бірден музей бар. Ол музейлердің азды-көпті қоры бар. Олардың көрмеде тұрғандарынан басқа құндылықтарымен кім таныс? Ол жәдігердерді осы кітапхана арқылы көпшілікке мағлұмдар етуге болады ғой. Мұны мәдени ағарту бағыты дейміз. «Отырар кітапханасының» тікелей міндетінің бірі де сол. Бірақ, мүмкіндіктің жоқтығынан, бұл істі кенжелетіп алдық. Барған соң міндетті түрде қолға алып, тақырыптық дәрістер ұйымдастыру керек екен. Мысалы:

  1. Көне қытай жазбаларындағы (б.д.д.X ғ. бастап XIX ғ.дейін) түркі әдеби үлгілері.
  2. Көне түркі жазбаларындағы пұт мінәжат әдебиеттері («Майтри Смит  ном бітік», «Алтын жарық», т.б).
  3. Алтын Орда дәуіріндегі әдеби үлгілер.
  4. 14 томдық «Түнектен –  таңға» атты мәмлүктердің әдеби үлгілері.
  5. Түркі – мәнжу – монғол – тибет тіліндегі көне сөздік.
  6. Көне түркі жазбаларының қытай тіліндегі мәтіндері.
  7. Софы Аллаярдың,
  8. Шаһабуддин Маржанидің,
  9. Шәдітөренің,
  10. Кәрібай Таңатарұлының, т.б. түпнұсқалық мұралары туралы.

Мұның барлығы көпшілікке бимағлұм құпия руханияттар. Үндістер мұражайында кинефото залы бар. Онда Американың қос құрылығында сақталып қалған барлық үндіс тайпаларының тарихы мен этнографиясы туралы деректі, ғылыми-көпшілік фильмдер тұрақты түрде таңертеңнен кешке дейін үзбей көрсетіліп тұрады екен. Бұл да тәжірибеге асырар, қаражатты қажет ететін іс.

Әттең, осы кеден ғимаратының сәулетіндегі тұспалдар мен ныспылы ою-бедерлердің астарын ашып түсіндіретін  ақылы ақыл иесі кезікпеді. Танымы абстрактілі символға құрылған елді, символ тілін түсінбесең – түсінемін деп талпыну жай ғана ермектің еншісі.

Оған дәлел: мұражайдан елу қадам жердегі Гринбаулинг паркінде (бізше, ортасында дөңгеленген қауызы, 5-6 ағаш орындығы бар алаңқай) тұрған, қола мен қалайыны, мысты тотықтырып құйған сарғыш түсті алып бұқаның мүсіні. Бұқа деп осыны айт! Құйрығы аспанға шаншылып, алаңға ту сыртын беріп тұр. Сан еттерінің бұлшықтары білеу-білеу, жауырыны, қол еті, мойыны да буылтық-буылтық. Мұқым денесін күш буған. Артқы екі аяғымен талтая жер тіреп, алдыңғы екі аяғымен ілгері ұмтылып, шаңырақтай мүйізі көкке шаншылып, екі көзі аларып, ауызын аша өкіре шабынып тұр. Алды-арты толған адам.  Бұқаның мүйізін, не енегін ұстап суретке түссең, сөзсіз саған дәулет қонады, еркектік күшің артады, үйленесін, қалыңдығың ұл туады-мыс. Мұндай дәмелі істен кім дәмелі емес. Рәсімінің бәрін орындап шыққан соң, енді осы құтты бұқаның тұспалын білуге аңысым ауды. Қанша айтқанмен, менің түпкі аталарымның киесі  – тотемі Бұқа ғой. Көне түркілер, оны Өкіреш  деп атаған.  Келбұқа, Кетбұқа, Есенбұқа, Тайбұқаларыңыздың  киесі емес пе? (Әзіл деп есептеңіз). Содан осы маңда қандай масондық мекеме бар, ескерткішті салған кім, қашан – деген сауалдарға шым-шымдап жауап іздедім.

Сөйтсем: бұл ара – атақты Бродвей көшесі басталатын №1 қазына үйі мен Нью-Йорк брокерлер ғимаратының түйісетін тұсы екен. Осы арадан арқан тастам жерде Морган тізгін тартқан, Рокфеллер жүгенін салған, Трамф ертоқымдаған – масон көсемдерінің ғимараты мен қаржы орталықтары,  банкілер орналасыпты. Рокфеллердің мұнай банкісі, «Титаниктің» жолаушыларына билет сатқан касса ғимараты, тағысын тағылардың бәрі осы маңда. Ал бұқаның қасында дүние жүзіндегі бағаны реттеп отыратын, не көтеретін, не түсіретін нарық кеңсесі тұр екен. Бұлар: аюлар және бұқалар боп екіге бөлінеді екен. Бірі – бағаны көтеруге ұмтылады, екіншісі – түсіруге тырысады. Мынау соның Бұқасына – бағаны түсірушіге көрсетілген тағзым болып шықты. Дұр-рыс! Ең қызығы әрі сөлекеті – бұқаның дорбасын сипасаң өлшеусіз дәулетке кенелесің. Жап-жас бүлдіршін қыздар да қысыла-қысыла сипап жатыр. Ал жапон мен қытай қыздары   шімірікпестен қос қолдап қысып ап, сауатын адамша, тартып-тартып қалады.

Бұл мүсінді осыдан бес-алты жыл бұрын Артур Де Моника деген француз мүсіншісі өз қаржысын (36 000 доллар) жұмсап, осы араға рұқсатсыз қойыпты. Қала мэрі алдырып тастапты. Алайда екі-үш күннің ішінде, «дәулеттің дорбасын» сипап үйренген және ақшаға  ерекше жақын Нью-Йорк тұрғындары мен қызыққұмар саяхатшылар ереуілге шығып, ескерткішті тығып тастаған жерінен алдыртып, осы араға қайта орнатыпты.

Сөйтіп, жоқтан жаңа дәстүр, наным қалыптасыпты. Қазір Нью-Йоркке келетін 60 миллион саяхатшы, оның 40 миллионы америкалықтар, сары мыс бұқаның дорбасын бір сипап өтеді. Сөйтіп, бұл бұқа қазір кәдімгідей ең тартымды құндылықтың біріне айналыпты.

Дәулет тілеп сипай ма, әурет тілеп сипай ма, қайдам. Менің қасымдағы таныс әйел: Мен дәулет емес, басқа бір нәрсені тілеп сипадым, – деді.

 Не тіледі екен, ә. Тілегін мына сары бұқа зарықтырмай берсе екен енді.

Қызым Алма былтыр Нью-Йоркке келіп, Манхэттенді қаныға аралапты. Мені, Америка үшін де, жалпы дүние тарихы үшін де маңызы бар екі мемориалдық ескерткішке ертіп апарды. Біріншісі, тура жағалаудың жиегіндегі 1941-1945 жылдары арасындағы екінші дүниежүзілік соғыста Атлант мұхитының түбінде мүрдесі қалған теңіз әскерлері мен жауынгерлеріне арналған аза тақтасы. Тақтаға қаза тапқан жауынгердің аты-жөні, майданға алынған штаты, қаза тапқан жылы, айы, күні жазылған. «Сенди» толқынының астында қалса да, жауынгерлік рухын сақтап, аман қалыпты.

Екіншісі, содан онша қашық емес, аспанмен таласқан екі қаржы ғимаратының ортасына сыналай орнатылған Вьетнам соғысында қаза тапқан боздақтарға орнатылған ескерткіш. Кішірек, қарала мәрмәр ұстындарға адам аттары жоғарыдағыдай тәртіппен ойылып жазылыпты. Ал жағалауға қарай беттегенде биік екі қабырға тұр. Онда да адам аттары. Бірақ жоғары жағы төрт бұрыш, күлдік тақтайшалармен қаланыпты. Онда жауынгерлердің үйіне жазған хаттарынан үзінді қашалған. Бір жауынгер: «Мама, мен осы соғыстан мағына таба алмадым» – деп жазыпты шешесіне. Үш адамның суреті тұр. Біріншісі – жас бала, қара нәсілді. Сөйтсем, жасын өсіріп жазып, 14 жасында Вьетнамға аттанған ең жас жауынгер екен. Ал ана екеуі осы ескерткішті салуға бар күшін салып, жұрттан қаржы жинап, жер сатып ап, ескерткішті орнатқан ерлер екен!

Кез-келген ұлттың намыс-ожданын ұйытатын  қормал – осындай жігіттер ғой, шіркін!

Бүгінге осы да қанағат деп, ой жамылып, түн жамылып Гарлемге, жоғары, яғни, қырдағы батыс Гарлемге бет алдық. Сілеміз шығып келгендіктен де, шәйді қанып ішуге де мұрша келмей, төсекке бас қойдық.

Міне, таңғы төртте күнделікті бастап ем, екінші күннің түнгі он бірінде бастап таңғы бесте аяқтап отырмын. Мұның барлығы күн мен түннің ауысуынан туған ауытқулар.

Ертең Нью-Йоркті саяхат көлігімен аралап, жалпыламалатып жорта таныспақпыз.

(Жалғасы бар...)

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366