Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 7560 0 пікір 3 Желтоқсан, 2014 сағат 13:14

ЕЛДІГІМІЗДІҢ ӨЛШЕМІ – ҰЛТТЫҚ ПАНТЕОН

Елбасы Ұлытаудағы сұхбатында бүгінгі күні өзекті болып отырған  бірнеше маңызды мәселелерге атап айтқанда – тіліміз  бен дінімізге байланысты түйіткілдер, Еуразиялық экономикалық одақ турасында және құбылмалы геосаясат жөнінде ойларын ортаға сала келе, еліміздің өткен тарихы жайлы, қазақ мемлекеттігі туралы сөз қозғады.  

Сөз жоқ Елбасының «Ұлытау тарихта үлкен орыны бар, қасиетті жер. Қазақтың даласында мұндай қасиетті орындар көптеп кездеседі. Шығыстағы  Берел қорғаны, Орталық Қазақстанда Аңырақай даласы, батыста Алтын Орда хандары отырған Сарайшық қаласы, ал оңтүстікте Түркістан тұр», - деп ерекше атап көрсетуінде үлкен мән жатыр. Жастардың ел тарихын білу керектігін, өз тарихын құрметтемеген халық мемлекеттігінен айрылу қаупі зор екендігін ескерткен, Елбасы ойын ары қарай сабақтай келе Түркістандағы ұлттық пантеон жайлы тарқатып жазудың орайы келіп отыр. 

Қожа Ахмет Ясауидың өмірбаяны мен оның кесенесінің сипаттамасы тарихшылар мен географтардың, саяхатшылар мен шығыстанушылардың, археологтар мен сәулет өнерін танушылардың еңбектерінде жиі баяндалады. Ғимараттың зәулім сұлбасы қалаға оншақты шақырым қашықтық қалғанда-ақ көріне бастайтын, Түркістанның бас ескерткішінің алып және аса көрікті пішіні зияратқа келген адамды да, туристі де тәнті етеді. «...Құрылыс дүние жүзінде салынған керемет ғимараттардың және адамзат баласының таңғажайып туындыларының бірі» – деп жазады ХVІ ғ. белгілі тарихшысы Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани. Сонау замандардан елдің назары түскен сәулет өнерінің дара үлгісі ретінде ескерткіш «ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне» алынған. Орынбордың генерал-губернаторы Н.А. Крыжановскийдің аудармашысы Мир-Салих Бекчурин болса Түркістан қаласын келіп тамашалаған соң «Адам қолымен сомдалған ғажайып дүние сол замандағы шеберлердің дарындылығын көрсетумен қатар қазіргі көркемдік дүниелерге де үлгі боларлық деңгейде...» – деп жазды.  

 Бұл ғимаратқы Орта Азияда қай жағынан болмасын тең келетін құрылыс жоқ. Біздің тоқталмағымыз қайталанбас бітімді дара ғимарат ретінде бағаланған кесененің тағы бір қыры еліміздің игі-жақсылары жерленген ұлттық пантеон ретіндегі қызметі. Сөзіміздің дәлел боларлығы Әзірет Сұлтан, Шейх-ул машайх атанған Ясауи  кесенесінде жерленген тарихи тұлғалардың тізімі жазылған тақтайша.

Ел арасында әділдігімен, ақылдылығымен  құрметке бөленген хандар: ұзын оқты Ондан сұлтан,  Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Болат хан, Сәмеке хан, Әбілмәмбет хан, Абылай хан, елді қасықтай қанын аямай жаудан қорғаған батырлар: Шақшақ Жәнібек, Қанжығалы Бөгенбай, Шекті Тілеу, Адай Шоғы т.б.  Ел мен елді жарастырып, ауызбіршілікті нығайтып отырған қызыл тілді шешен-билерден: Қаз дауысты Қазыбек, Шоң би, Қарауыл Қанай би, Бағаналы Бабыр билер өздерін Ұлы бабаның қасына әкеліп жерлеуді ұрпақтарына өсиет етіп қалдырған. Мұндай ұлттық пантеондарды басқа елдерден көп кездестіре алмайтының тағы да ақиқат. Египеттегі фараондар жерленген алқапты ұлттық пантеон деуге онша келмейді. Себебі Фараондарды өз тарихтарының ажырамас бөлігі ретінде қарастыратын халық та қалмады. Дүние жүзіндегі ұлттық пантеондардың әйгілісі Ұлыбританияда орналасқан. Мұндағы пантеонның өзіндік ерекшелігі бір бұрышы ел билеген патшалар мен патшайымдарға, енді бір бұрышы ұлы ақындарға, тағы бір бұрышы философтар мен ғалымдарға арналған. Сонымен қатар Францияның ұлттық пантеонын да осы санатқа жатқызуға болады. Англиядағы пантеонның қалыптасуы табиғи жолмен жүрсе, Францияның жағдайы басқаша еді. ХVІІІ ғасырдағы француз буржуазиялық революциясы кезінде француздар өздерінің даңқты ұлдарын жерлейтін арнайы пантеонның негізін қалайды. Оны арнайы революциялық комитеттің шешімі арқылы бекітеді.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ұлттық пантеон болып қалыптасуы Түркістан қаласының қазақ хандығы қол астына өтуімен тікелей байланысты болды. Түркістан қаласы кейінгі ортағасыр кезеңінде нақтылап айтсақ 1598 жылдан бастап Қазақ хандығының астанасына айналды. Осы кезден бастап Түркістанда Ясауи кесенесіне атақты тұлғаларды жерлеу рәсімі біржола жолға қойылды. Кесенені 1723 жылы қазақ даласына шапқыншылық жасаған жоңғарлардың өзі бүлдірмей аман сақтаған. Ел арасында сақталған аңыз бойынша жоңғар билеушісі Цеван Рабтан түсінде Ясауи бабамызды көрген. 20 жыл Түркістанға иелік жасаған жоңғарлардан кесене осылайша бүлінбей дін аман қалған.

Ғасырлар елегінен өткен Ясауи кесенесінде жерленген тарихи тұлғалардың бүгінгі күнге аты-жөні белгілі болып отырғаны 178 тұлға. Әрине бұл толық тізім емес ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жыл сайын толығып отырары сөзсіз. Кесенеде  жерленген тұлғалар қатарында мемлекеттіліктің символы болып табылатын хандардың жерленуі ұлттық пантеонның маңызын арттыра түседі. Есім хан, Салқам Жәңгір, Жәнібек хан, Тәуке хан, Қайып хан, Тұрсын хан, Сәмеке хан, Болат хан, Әбілмәмбет хан,  Абылай хан, Қасым сұлтан (бұл Кенесары ханның әкесі), сонымен қатар ХVІІІ ғасырдың орта тұсы мен ХІХ ғасырдың екінші жартысы аралығында қазақ руларының басында тұрған сұлтандардың біразы жерленген. Сұлтандардың ішінде атақтысы да беделдісі  Барақ сұлтан мен Әбілпейіз сұлтандар.

Кесенеде жерленген қазақтың игі жақсыларының екінші тобына рухани қайраткерлерді жатқызамыз. Рухани қайраткерлердің өзін екіге бөлуге болатындай. Ақтан абыз, Қосдәулет Нұрби абыз, Шаншар абыз, Арғын Сүгірұлы Мешітбай,  жалайыр Нарынбай әулие, найман Қонақай әулиелер таза рухани жетекшілер болса, рухани тұлғалардың екінші бір бөлігін аузы дуалы билер құрайды. Билердің қатарында қаз дауысты Қазыбек би, Қарауыл Қанай би, Шоң би, Шаштығұл би, Үсен би, Күлен би, бағаналы Бабыр би, Қарамеңді билер Ясауи бабамыздың жанына арнайы әкеліп жерленген. Кесенеде жерленген тұлғалардың үшінші тобына елді жаудан қорғаған батырлар жатады. Матай Бөрібай батыр, Адай Шоғы батыр, Шекті Тілеу батыр, Тарақты Наймантай батыр, Тобықты Көкенай батыр, Қанжығалы Бөгембай батыр, Шақшақ Жәнібек батыр, Қоралас Жауғаш батыр, Қойкелді батыр, Текей батыр, Шобан батыр, Қойлыбай батыр бас аяғы 40 батырымыз кесенеде мәңгілік тыныс тапқан. Бұл батырларымыздың барлығы да алаш баласын жаудан қорғауда ерлігімен көзге түскен дара тұлғалар. Есімдері қазақ тарихына алтын әріппен мәңгілікке қаланып жазылған тұлғалар. Батырлардың барлығы бойларына үлкен қасиет қонған аруақты тұлғалар екендігін мынадай-ақ байқаймыз.  Матай руы жауға шапқанда Бөрібайлап ұрандайды. Тілеу батырдың ұрпақтары бүгінгі күні шектілерлдің ішінде үлкен бір қауым елді құрап Тілеу-Қабақ руына айналды.

Ойымызды Елбасы Н.Назарбаевтың  «Қазақтың тарихы өте терең. Біздің елдігіміз, арғы кіндігіміз Ғұндардан бастау алады. Ғұндардан кейін Көк Түріктер, онан кейін Алтын Орда дәуіріне ұласады. Алтын Орданың орынында Қазақ хандығы құрылып, бүгінгі тәуелсіздікке қол жеткізіп отырған жайымыз бар» деген ұлағатты сөзімен аяқтағанды жөн көрдік. Бүгінгі тәуелсіздікке ұлттық пантеонда мәңгілікке тыныс тапқан әруақты бабаларымыздың еңбегінің арқасында қол жеткізіп отырғанымызды келер ұрпаққа аманаттап жеткізу,бабалар әруағын ұлықтау, ұлттық пантеонның қадір-қасиетін жете түсіндіру біздер үшін тарих жүктеген ұлы міндет. 

Нұрлан Дүкенбаев,

тарих магистрі,

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы, бөлім меңгерушісі.

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5369