Жұма, 22 Қараша 2024
Сатира 6066 0 пікір 28 Қараша, 2014 сағат 12:14

СИЫРДАН СҰРАҢЫЗДАР...

Сыннан көз ашпайтын, бірақ құтты креслосынан қашпайтын, басқа салаға екі аяғын тіреп, өлсе де баспайтын ауыл шаруашылығы министрі  Қимыл­да­мас Кадрбаев үкімет сағатынан үтіктелмей шыққаны сол, тілшілер қоршай қалды. Министр бұл жолы көңілді, ыңылдап ән айтып келе жатқан: «Чип–чип–чип, Мария магдалена, о–о–о!» деп...

–Кешіріңіз, 150-ші арнаның тілшісі едім, биыл астық біткен қар астында қалды... Обал емес пе?

–Оны ауа райынан сұраңыз...

–«Қисық» арнасынанмын, қай бір жылы шетелден сатып алынған сиырлар­дың бәрі СПИД болып шықты ма, әйтеуір өртеп өлтірдіңіздер...

–Оны сиырлардан сұраңыздар...

–«АБВГД» арнасынан сұрақ беріп тұрмын: орынбасарыңыз сотталды, сіз отставкаға кетемін деп едіңіз?

–Оны президенттен сұраңдар...

–Кешіріңіз, азып кетіпсіз?

–Оны әйелімнен сұраңыздар...

–Мәжілісте есеп беріп жатқаныңызда, депутаттар біртіндеп мінберге шығып, басыңыздан сипап жатты. Неге?

–Оны сипағандардан сұраңыздар...

–Тіпті бір депутат: «Сіз басқа салаға бастық болып кете көрмеңізші, өтінеміз... Бастаған ісіңізді кім істейді? Құдай үшін жылы орныңызда қалыңызшы, далада күн суық...» деді. Не үшін?

–Оны өзінен сұраңыз...

–Ендігі жылы нан қымбаттамайды ма?

–Оны ендігі жылдан сұраңыздар!

–Шаруа қожалықтарында сиырлар іш тастап жатқан көрінеді?

–Оны бұқалардан сұраңыз...

–Отандық көлікті неге мінбейсіз?

–Оны шопырымнан сұраңыз!

–Сонда сізден не сұраймыз?

–Соны өзім де білмеймін...

–Сіз көп сыналасыз. Сонда да былқ етпейсіз... Неге?

–Оны Негеден сұраңыз?

–Қызық министр екенсіз...

–Қызық емес министрден сұраңыз...

–Түсіңізде шетелдік асыл тұқымды сиырларды көресіз бе?

–Оны түсімнен сұраңыз...

–Бюджеттен бөлінген қаржыны ашқарақтар жеп жатыр. Соған қарныңыз аш­пай­ды ма?

–Оны асқазанымнан сұраңыз...

–Депутаттар бұл жолы басыңыздан сипады, халық басыңыздан сипамаса ше?

–Оны халықтан сұраңыз.

–Сұрақтарға жауап бергіңіз келмейді. Неге?

–Сұрақтардан сұраңыз... Ал, мен кеттім!

      Министр портфелін сипап қойып, билік дәлізінде шірене кетіп барады. Көңілі көтеріңкі. Ысқырып қояды: «Чип–чип, чип...»

 

Мұхтар ШЕРІМ.

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, «Қазақ әдебиеті» газетінің лауреаты, жазушы-сықақшы, Республикалық «Ара» газетінің арнаулы тілшісі Мұхтар Шерім көрнекті сатирик, қоғам қайраткері, шымшыма шебері Шона Смаханұлының  90 жылдық мерейтойына орай өткен «Шоқ тілді Шона» атты фельетоншылар бәйгесінің бас жүлдесін иелеленіп қайтты.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321