ТӨЛ МҰРАНЫ НЕГЕ ТӨРГЕ ОЗДЫРМАСҚА?
Депутат Гүлнәр Сейтмағанбетова Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімовке депутаттық сауал жолдады. Онда былай делінген:
– Рухани мәдени мұра халқымыздың мәдениетін қалыптастыруда басты рөл атқаратын, ұлттық мәдениеттің аса маңызды құрамдас бөлігі екендігі белгілі.
2004-2011 жылдар аралығында елімізде Елбасының тапсырмасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жемісті жүзеге асырылып, мәдениетіміз айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Бағдарлама аясында Қазақстанның тарихы, археологиясы, этнографиясы мен мәдениеті бойынша 600-ге жуық кітап түрлері басып шығарылды. Олардың ішінен «Бабалар сөзі», «Әлемдік философиялық мұра» және тағы басқа еңбектерді айтуға болады. Осы уақытта «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» және «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» антологиялары жарық көрді. Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Египет, Өзбекстан, Армения, АҚШ пен Батыс Еуропа мемлекеттеріне ғылыми-іздестіру экспедициялары ұйымдастырылып, соның арқасында елдегі ғылыми ортаға бұрын беймәлім болып келген 5 мыңға жуық қолжазба мен баспа басылымдары табылды және сатып алынды.
Алайда, осы кезеңде басталған жұмыстар одан әрі қарай тоқтап тұрғандығын баса айта кеткен жөн. Мысалы, музыка зерттеуші мамандардың пікірінше, халқымыздың 1000 емес, жарық көрмеген бірнеше мыңдаған күйлері бар. Олай болса, неге сол мұраларды жинақтап, «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйінің» жалғасы ретінде шығармасқа?
Күй дегеніміз - ұлттың тілі. Батыс елдері әл-Фарабидің заманында-ақ түріктің, оның ішінде қыпшақ жұртының музыкасының биік екенін таныған, мойындап қойған. Ендеше, қазақтың әлемдік өркениетке қосқан бірден-бір үлесі – төл музыкасы деуге әбден құқығымыз бар.
Олай болса, қаншама ғасырдан атадан балаға жетіп, тамыры үзілмей келе жатқан төл мұраларымызды неге төрімізге шығармасқа?
Күй, терме, жыр жанрлары Үкіметтің назарынан тыс қалып қойғандығын, оларды зерттеу, насихаттау мәселесі тоқтап тұрғандығын қалай түсінуге болады?
Оны айтпағанның өзінде, біз әлі күнге дейін Еуропаның жазба ноталық музыкасын классикалық деген қатаң қағидадан шыға алмай, еуропацентристік көзқарастың жетегінде кетіп барамыз. Қазақтың төл музыкасы атауының классикалық деп аталуы елдің мәдени саясаты үшін керек деп есептеймін.
Сондықтан, қазақтың төл музыкалық мұрасына байланысты туындап отырған өзекті проблемаларды шешу мақсатында республикалық дәрежедегі дәстүрлі өнерді зерттейтін орталық ашу қажет деген ұсыныс енгіземін.
Мысалы, Әзірбайжанда осы халықтың төл музыкалық мұрасы болып табылатын мугамға (ЮНЕСКО тізіміне енгізілген) өз Үкіметі 2008 жылы «Халықаралық мугам орталығын» ашып берді. Бұл орталықта концерттік зал, дыбыс жазу студиясы, көне музыкалық аспаптар жинақталып, мугамды орындаушылардың бюстттері орнатылған. Жыл сайын мұнда Халықаралық «мугам әлемі» фестивалі өткізіліп тұрады. Сол сияқты көршілес Ресейде мәдениет пен өнерді зерттейтін бірнеше институт жұмыс жасайды. Оның ішінде Орыс фольклорын зерттеуге бағытталған республикалық орталықтың орны бөлек. Мұндай ұлттық мұраларын зерттейтін орталықтарды кез келген елдерден табуға болады. Қазақстанда осындай республикалық орталықты аталған елдердің тәжірибесіне сүйене отырып ашу – жұмыстың тиімділігін арттыра түсері сөзсіз.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта қазақтың бай қолөнер кәсібін дамытуға да қолдау қажет-ақ. Еліміздегі бірде-бір қолөнер шеберлері мемлекеттен көмек алып отырған жоқ. Көне мұраларымызды жалғастырушылар саусақпен санарлық қана қалды. Оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, қолөнерді дамыту үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдау қажет сияқты.
Мысалы, Өзбекстанда жақын жылдары материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Мемлекеттік бағдарлама қабылдаудың нәтижесінде Наманганда көне керамика жасау мектебі, Самарқанда қағаз жасау мектебі қалпына келтірілген, Әндіжанда Бабыр дәуіріне жататын музыкалық аспаптарды жасау жұмыстары қолға алынған.
Сол сияқты Иран, Түрікменстан кілем жасау дәстүрін қандай жоғары дәрежеге қойғандығын әлем біледі. Қытайда жібек тоқу дәстүрі осы күнге дейін үзілмей келе жатыр.
Жоғарыда аталғандарға орай, қазақ ұлттық мәдениетінің бірегей бөлігі болып табылатын, жоғалып бара жатқан қолөнер бұйымдары орталығын да ашудың уақыты келді деп есептеймін. Мұндай орталыққа еліміздің түкпір-түкпірінен көненің көзіндей болған бірегей қазақы кілемдер, алаша, текемет және өзге де халқымыздың ғажайып қолөнер бұйымдарын тоқып, жасап және жинап, сақтау қажет. Осы күнге жеткен сирек кездесетін қолөнер бұйымдары әрі қарай жалғастырушы болмаса, жоғалып, таусылып, олардан да айырылып қалуымыз мүмкін. Сонымен қатар, аталған орталықта ұлттық қолөнер бұйымдарын жасауды үйренем деушілер үйреніп, өз өнімдерін нарыққа шығаруға, қазақ халқының мәдени-тұрмыстық ерекшелігін көрсететін ұлттық бұйымдар көрмесін ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге болар еді.
Егер біз Мәңгілік ел болу жолында әлемнің дамыған мықты 30 елдерінің қатарына қосыламыз десек және Қазақстанның мәдени саясаты Тұжырымдамасын өз деңгейінде жүзеге асырғымыз келсе, онда жоғарыда аталған екі мәдени жобаны мемлекет есебінен қолдап, дамыту қажет деп есептеймін.