ЕЛБАСЫНА АШЫҚ ХАТ: "МӘҢГІ ҚАЗАҚ ЕЛІ" АКЦИЯСЫН ӨТКІЗЕЙІК!
Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Ә. Назарбаевқа
Көшірмесі: Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
К.Қ. Мәсімовке
ҚР Сенатының Төрағасы
Қ.К. Тоқаевқа
ҚР Мәжілісінің Төрағасы
К.К. Жақыповқа
ҚР Президенті Әкімшілігінің
Басшысы- ҚР Мемлекеттік хатшысының м.а.
Н.З. Нығматуллинге
ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы
Қ.Н. Келімбетовке
Барлық деңгейдегі әкімдерге, Астана және Алматы
Қалаларының әкімдеріне, Министрлерге,
Агенттіктерге, Комитеттерге, Құқық қорғау
құрылымдарына, әскери бөлімшелерге,
ҚР Елшілеріне, Парламент және маслихат депутаттарына,
ҚҚА және диаспорталардың мәдени орталықтарына,
Шығармашалық одақтарға, Ұлттық компаниялар,
банктер, бизнес құрылымдары басшыларына,
ректорларға, мектептер мен бала-бақшалар директорларына
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Өзіңізге мәлім, «НұрОтан», «Ақжол», «Азат» партиялары, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Қазэнержи» қауымдастығы, Қазақстан халқы ассамблеясы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясы, ҚР Жазушылар одағы, қаржыгерлер мен кәсіпкерлер қауымдастығы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, сондай-ақ Халықаралық адам институты құрған Ұйымдастыру алқасы Үкіметтік емес ұйым ретінде елімізде адам капиталын дамыту, постиндустриалды қоғамға өту және интеллектуалдық ұлт қалыптастыру бағдарламасын іске асыруда.
Осы орайда Тәуелсіздік күні Қазақстан Республикасының негізгі мерекесі ретінде мемлекеттік және демократиялық институттарды дамыту, Ел бірлігі мен ұлтаралық қатынастарды нығайтудағы шараларды кешенді жүргізетін кезең болып табылады.
Бұл мерекені ел азаматтарының отаншылдық сезімін қалыптастыруда, ұлттық рух пен сананы көтеруде және осы арқылы мемлекетті нығайтуда ұтымды пайдалану баршамызға парыз. Алайда Тәуелсіздік күнін атқарушы және құқық қорғау органдары, Ұлттық және шетелдік компаниялар мен біріккен кәсіпорындар, бала-бақша, мектеп-университеттер, т.б. ұйымдар тарапынан жылдағы аталып өтілу деңгейі көңілден шықпай, Жаңа жылдық шырша - отбасылық мейрамның тасасында қалуда.
Ол, адамзат пен ұлтымыздың асыл мұраты – Тәуелсіздік, Азаттық, Бостандық ұғымдарының өзін қоғам алдында аяқасты етіп, «боданнан құл, құлдан жетесіз ұл туады» дегеннің үлгісін көрсетеді.
Сондықтан, билік пен құқық органдары тарапынан мемлекеттік институттарды (тіл, дін, мораль, мәдениет, идеология...) дамытудағы атқарылған жұмыстардың көп жағдайларда ел мүддесіне кереғар (сыбайлас жемқорлық, мемлекеттік тілді үйренбеу, жер асты байлығын шетелдіктерге беру, т.б.), жүйелі және әрі табанды болмауынан кейбір аймақтарда ұйымдасқан экстремистік топтар бас көтеруде.
Біз, осы хаттың адресінде көрсетілгендер мен елдің барлық азаматтарына қоғамның тұрақты дамуы мен ел бірлігінің беріктігін қамтамасыз ету үшін негізгі атқаратын шараларын мемлекеттік саясат пен Ел мүддесіне сай жүргізуді талап етеміз.
Елімізге бодандықпен бірге енген шырша жағу сияқты шараны отбасында шешуге қалдыруды, немесе оны Батыс елдерінде қалыптасқан Рождество мейрамына сай желтоқсанның екінші жартысына қалдырғанды жөн деп санаймыз.
Президенттің ел бірлігі, мемлекеттік тіл мен мемлекеттігімізді нығайту саясатына қатысты ұстанымдарын басшылыққа ала отырып, Тәуелсіздік мерекесін атап өту аясында Ұйымдастыру алқасы бүкіл республика шегінде және Қазақстанның елшіліктерінде 28 қарашадан 18 желтоқсанға дейін «Мәңгі Қазақ елі» республикалық акциясын өткізуді ұсынады.
Ұсынылған жобаны әрбір мүдделі орындар талқылап, мақұлданғаннан кейін бекітіп, жақсы деңгейде атқаратындарына сенеміз. Осы акцияның өтуіне республикалық және жергілікті БАҚ, телеарналар тікелей атсалысады деп сенеміз.
Министрліктер өздеріне қарасты құрылымдарға, Облыс әкімдері өздеріне қараста барлық аудан, мекеме басшыларына жеткізуді сұраймыз.
Ұйымдастыру алқасының атынан,
Халықаралық адам институтының
президенті Ж. Әкім
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының
президенті,ҚР ҰҒА академигі Ө. Айтбайұлы
ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Ә. Қайдар
ҚР ҰҒА академигі, ВАСХНИЛ академигі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Р. Елешов
ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор С. Қирабаев
«Алаш» ҰЗО-ның президенті,
Халықаралық Әлеуметтанушылар
академиясының академигі Х. Ғабжалилов
«Президент және халық» газетінің
Бас редакторы, ҚР педагогика ғылымдары
Академиясының академигі, профессор М. Тоқашбаев
«Мемлекеттік тілге құрмет» ҚБ төрайымы А. Осман
Abai.kz