Жұма, 22 Қараша 2024
Қарбалас 5470 0 пікір 22 Қараша, 2014 сағат 03:00

Семей: жылу жыры шешілген сияқты...

 Семейге барған алғашқы сапарын облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жеті бірдей жылу қазандығының техникалық жағдайы мен жұмысын қадағалап, ЖЭО-1 жылу көзін қайта қалпына келтіру барысымен танысудан бастады. Сол жағалау тұрғындарының 70 пайызын және бірнеше маңызды әлеуметтік нысандарды жылумен қамтып тұрған ЖЭО- 1-де бұрынғы ескі қазандықтар түгелдей ауыстырылып, жаңалары қойылыпты.

Жөндеу жұмыстарына мемлекет қазынасынан 24 мил- лиард 365 миллион теңге бөлінген-ді. – Алдымен бізге ЖЭО-1 қуаты қаншаға жететінін, бұл кәсіпорын 2025 жылға дейін осы жұмыс қуатымен энергия өндіре ала ма, соны анықтап алу керек. Және мұнша жүктемені қаланың жылу желілері көтере ала ма? Осы жағын зерттеп, зерделеу керек. Бұл сауалдарға жауап беру үшін бір айдың ішінде қаланың инфрақұрылым желілерін дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспарын әзірлеу қажет. Сонда ғана тұтынушыларды ұзақ уақыт жылумен, ыстық сумен алаңсыз қамти аламыз. Болашақта қазандықтарды озық шетелдік технологиялармен жасақтауды жалғастыра берген дұрыс. Елбасы Жолдауында 2025 жылға дейін тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығына қомақты қаражат бөлетіндігін айтты. Сондықтан қазір бізге нақты не қажет, соны анықтап алуымыз керек, – деді облыс әкімі. ЖЭО-1 кәсіпорны басшылығының айтуынша, инфляцияның әсерінен жылу көзін жаңғырту үдерісі 10 пайызға қымбаттаған екен. Алайда, аймақ басшысы қосымша қаржыландыру жөнінде облыстық мәслихатқа өтінім бермей тұрып қымбаттау себептерін анықтап, нақты деректермен негіздеуге қала әкіміне тапсырма берді. Сондай-ақ, жобаны сала мамандары мұқият қарап шығып, өздерінің бағасын беруі керек. Осыдан кейін ғана жаңғыртуды аяқтау үшін тиісті қаражат бөлінбек. Айта кету керек, Семейдегі қазандықтардың қолданыста болғанына жарты ғасырға таяды. Арнайы комиссияның тексеру қорытындыларында белгілі болғандай, жылу жүйелері 80 пайызға тозған. Дәл осындай қайта қалпына келтіру жұмыстары Цемент зауыты ауданындағы РК-1 қазандығында да жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарының құны 11 миллиард теңгені құрап отыр. Мұнда қуаттылықты арттыру үшін үш бірдей қосымша қазандық агрегат салынған. «Теплокоммунэнерго» мекемесінің қуат көзіне шығынын азайту мақсатында ЖЭО-1 мен РК-1 аумағында екі бу генераторы орнатылмақ. Бұл екеуінің қуаты 24 МВт энергияны құрайды. «Теплокоммунэнерго» өзіне қажетті 13 МВт энергияны пайдаланып, артылғанын сатуға мүмкіндік туады. – Семейдің тозған жылу жүйесі 1999 жылы қандай жағдайда болғаны менің көз алдымда. Әрине, еуропалық өндірушілер шығарған қондырғыларды орнатудың артықшылығы көп. Ондай құрылғылар сәл қымбаттау болғанмен тиімділігі жоғары, сапалы әрі үнемді. Сондықтан аз уақыт ішінде бүкіл шығынды ақтайды, – деп нақтылады облыс әкімі. Өңір басшысы жылу қазандықтарының ішкі-сыртқы келбетіне ерекше мән берді. Сұрқай тартып тұрған нысандардың кескін- келбетін қатты сынға алған Даниал АХМЕТОВ: – Мемлекеттен Семейдің жылу жүйелерін жаңғыртуға қыруар қаражат бөлінуде. Осы қаражатты игеруде, не болмаса жобаларды әзірлегенде тек жаңа қазандықтар салумен немесе қондырғыларды ауыстырумен ғана шектелмей, ғимараттардың ішкі-сыртқы келбетін заман талабына сай өзгертуді де қаперде ұстаған жөн. Мұны мердігерлерден талап ету керек. Неге солай істемейсіздер?! Бәлкім осыған жауапты адамдардың меншік үйлері осындай аянышты күйде емес шығар? Ендеше, қарамағындағы кәсіпорындардың жағдайына да дәл сондай қамқорлықпен қараулары керек, – деді. Бір көңіл қуантқаны, қайта жөндеуден өткізіліп, жақында ғана іске қосылған «Интер- нат №5» қазандығы қазіргі заманның талаптарына толықтай сәйкес келуі. Айналдырған бір жарым жылға жетпейтін уақытта тозығы жеткен қазандықтың орнына «Энергетик» ықшам ауданын жылумен қамтуға әлеуетті төрт агрегаты бар заманауи ғимарат бой түзеген. Қазандық тұрғын ауданның болашақ тұтынушыларын есепке ала отырып салынған. Айталық, бүгінде аталмыш ықшамаудан үш ГКл/сағ қуат тұтынады. Ал кәсіпорын өндіретін қуат көлемі – 17 ГКл/сағ.

Көп қызмет атқаратын тракторлар шығару керек

Семейдегі жұмыс сапарында облыс басшысы «СемАЗ» ЖШС-інде болып, зауыттың өнімдерімен танысты. Кәсіпорын еліміздің индустриялық-инновациялық даму стратегиясына сәйкес, машина жасау саласын дамыту мақсатында құрылған-ды. Құрылған сәттен бастап республиканың барлық қалаларымен және Беларусь, Ресей, Қытай елдерімен тығыз жұмыс істеп келеді. Кәсіпорын жұмысымен танысып шыққан аймақ басшысы облыстың ауылшаруашы- лық құрылымдары үшін тиімді, жанармайға үнемді, атқаратын қызметтері көп, яғни, көпфункционалды тракторлардың жаңа түрін шығаруды қолға алу керектігін айтты. Осы орайда «СемАЗ» ЖШС басшылығына тез арада әртүрлі ұсыныстар мен даму бағыттары ескерілген бизнес-жоспар дайындауға тапсырма берді. Кәсіпорында еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшылар да облыс әкімінің назарынан тыс қалған жоқ. Олармен тілдесіп, еңбекақысы, жұмыс кестесі туралы сұрап, білді. Бұдан кейін Даниал АХМЕТОВ қаланы таза сумен қамтып отырған су тазалау қондырғысына ат басын тіреді. Су тазарту ғимаратының құрылысы 2004 жылы қолға алынғанмен әлі күнге қолданысқа берілме- ген. Жағдайды баяндаған облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы- ның басшысы Серік Төленбергеновтың есебінше, жұмысты аяғына дейін жеткізуге қосымша қаражат керек. Ал бұрынғы тазарту қондырғылары ескірген. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, егер тазалау қондырғысы істен шығатын болса, онда бүкіл қаланың жиналған қалдықтары Ертіс өзеніне ағады. Мердігердің пікірінше, дюкерді жөндеу проблеманы толық шешпейді. Жаңадан коллектор сатып алып орнату керек. Оның құны – 500 млн. теңге. – Бұның бәрі халықтың қаражатына істелетінін ұмытпау керек. Сондықтан бәрін кесіп-пішіп алған жөн. Алдымен қосу-реттеу жұмыстарын жүргізген дұрыс, өйткені, он жыл жүргізілген еңбек пен қазына қаражаты босқа кетпеуі тиіс. Әзірге механикалық тазартқыштың көмегімен істей тұрады. Осы аралықта құрылғыларды жаңғырту туралы жаңа жоба әзірленсін. Содан кейін барып биологиялық тазарту және басқа да жаңа технологияларды енгізу бойынша мердігер компания жобаларын іске асыратын болады, – деді Даниал АХМЕТОВ.

Бірінші кезекте – біліктілік

Тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсететін әлеуметтік мекеменің бірі – өңірлік онкологиялық орталық. Қазіргі уақыт талаптарына толығымен жауап беретін, шетелдік озық технологиялар- мен жабдықталған орталықты аралап көріп, дәрігерлермен тілдескен аймақ басшысы ең бірінші көңіл бөлетін мәселе мамандардың біліктілігін арттыру екенін ескертті. – Орталық заманауи медициналық құрал- жабдықтармен қамтамасыз етілген екен. Бұл өте дұрыс. Уақыт көшінен қалмауымыз керек. Алайда, біз мамандардың шетелде білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырудың өзектілігін ұмытпауымыз керек. Онда да бір-екі айға емес, ең кемінде бір, бір жарым жылға оқуға жіберсек ғана нәтижесі бола- ды. Сонымен қатар, біз қондырғылар сатып әкелгенде базалық жиынтығымен ғана аламыз. Бұл оны толық қуатта пайдалануға мүмкіндік бермейді. Былайша айтсақ, мүмкін болатын 33 зерттеу амалдарын жүргізудің орнына стандартты алтаумен шектелеміз. Еуропа елдерінде әрбір аудан орталығында онкологиялық ауруларды анықтайтын маркерлер бар, ал бізде бұл жағы кемшін, – деді Даниал АХМЕТОВ. Корей инвесторларының қатысуымен салынатын Семейдегі оңалту орталығы туралы ақпараттар ұсынған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вадим Овсянников бұл жобаның құны 16 миллиард теңгені құрайтынын айтты. Өңірдегі бас дәрігердің айтуынша, орталық 400 орынға арналмақ. Аталмыш нысан іске қосылған жағдайда қаланың ғана емес, бүкіл өңіріміздің медициналық әлеуеті одан ары күшейе түсетіні сөзсіз. Бірақ шешілуі кезек күттірмейтін мәселелер бар. Ол – реабилитолог-мамандар тапшылығы. Түйткілдің түйінін шешу үшін жергілікті университетте салалық факультет ашу жоспарланған.

Құс фабрикасының шаруасы шатқаяқтап тұр

Бұдан кейін аймақ басшысы Семей қаласының Шұғаев көшесі, 159 мекенжайында салынып жатқан шағын отбасыларға арналған 10 қабатты жатақхана құрылысына тоқтады. Облыстық құрылыс басқармасы- ның басшысы Серік Төленбергеновтің сөзіне қарағанда, жаңа баспаналар Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы берілмек. Оған қоса басқарма басшысы қаладағы тағы екі иесіз тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізіліп, осы бағдарлама (ҚИК) арқылы, яғни, кейінгі сатып алу құқығымен халыққа ұсынылатынын жеткізді. Сондай-ақ, ол бас жоспар бойынша болашақта Семейде үш бірдей ықшамаудан бой көтеретінін еске салды. Облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ шаһардағы ретсіз жүргізілген құрылыстарды сынға ала отырып: – Бейберекет салынған үйлер, ешбір үйлесімі жоқ ықшамаудандар қаланың көркін қашырып қана қоймай, басқа мәселелер туғызады. Сондықтан қандай да бір тұрғын аудан салмас бұрын адамдардың әлеуметтік саладағы сұранысын нақты зерттеп барып, әлемдік қалақұрылысы тәжірибесіне сәйкес жүргізу керек, – деп түсіндірді. Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы тері-былғары зауытында, құс фабрикасында және Түйемойнақ аралында болды. «Өлімнен де күшті» мемориал кешені орналасқан аралға ат басын бұрып, қала тұрғындары мен қонақтары көп қатынайтын орынның жағдайын көзбен көрген Даниал АХМЕТОВ қала әкімі Айбек Кәрімовке бұл жерді одан ары қарай дамытып, абаттандыруға тапсырма берді. Күрмеуі шешілмеген мәселелері көп кәсіпорындардың қатарына енген қала шетіндегі құс фабрикасының қарызы 420 миллион теңгеден асып жығылады екен. Фабриканың жаңадан сатып алып орнатқан қондырғылары жұмыс істемей бос тұр. Торкөздерде тірі тауық көрінбейді. «Ертіс» ӘКК төрағасы Манарбек Сапарғалиевтың есебіне жүгінсек, аталған корпорация бұл жобаға 147 миллион теңге қаражат бөліпті. Оның үстіне кәсіпкер қалтасынан тағы 150 миллион теңге қосыпты. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз болған. – Кәсіпорынды тығырықтан алып шығуға болады, әрине. Айталық, іске мемлекет араласады да 400 миллион теңге қаражат бөледі. Бұл бірақ тиімді шешім емес. Сол себепті өзге жолдардың бәрін қарастырып, зерделеген дұрыс. «Ертіс» ӘКК тарапынан не істеуге болатынын, жеке инвесторлар табыла қалған жағдайда не істеу керектігін түгел ойластыру керек. Құс шаруашылығы бұл пайдалы бизнес, оны қолдауымыз керек, – деді Даниал АХМЕТОВ.

Жұрт көкейіндегі мәселелер қозғалды

Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Cемей қалалық мәслихатының депутаттарымен кездесті. Кездесуде қала басшысы Айбек Кәрімов өткен тоғыз айдағы Семейдің әлеуметтік-экономикалық даму ахуалынан ақпарат берді. Ал халық қалаулылары жұрттың көкейінде жүрген сауалдарды облыс және қала басшыларына жеткізді. – Бүгінгі сапар барысында Семейдегі жылу энергетикалық нысандарда болдым, бірсыпыра кәсіпорындардың жағдайымен таныстым. Олардың ішінде болашағы зор кәсіпорындармен қатар шешімін күткен проблемалары бар нысандар да жоқ емес. Облыс басшылығы тарапынан оларға көңіл бөлінеді, қолдау көрсетіледі. Мәселелерді бәріміз бірлесе отырып шешуіміз керек. Бұған депутаттар да атсалысқаны абзал, – деген аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ депутаттармен бірге қала әкімінің баяндамасын тыңдады. Семей қаласы әкімінің келтірген мәліметтеріне сүйенсек, негізгі мәселелердің дені шешімін тапқан. Мәселен, қалада қазір жылумен қамтуда ешқандай проблема жоқ. Қазандықтардың барлығы қалыпты жұмыс істеуде, отын қоры жеткілікті. Тұрғындар тұтынатын бірінші кезектегі азық-түлік бағасын тұрақтандыру, халықты арзан тауарлармен келесі жазға дейін қамтамасыз ету мақсатында ауылшаруашылық өнімдерінің қоры құрылған. Қорда алты ай қысқа жететін өнім бар қазір. Сонымен қатар, Айбек Кәрімов өз баяндамасында басты функционалдық аймақтар көрсетілген қаланың бас жоспарына мән беріп, болашақта ашылатын үш көлік-логистикалық кәсіпорын мен туристік орталық туралы айтты. Депутаттар тарапынан қойылған сауалдардың ішінде жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімдерін бөлу, балабақша кезегін азайту, бюджетті қысқарту және басқа мәселелер болды. Қала әкімінің атқарған жұмысына көңілі толмайтындар да болды. Алайда, аймақ басшысы депутаттарға сынның негізді және сындарлы болу керектігін ескертті. – Әрине, атқарушы биліктің жұмысында тек жақсы көрсеткіштермен қоса кемшіліктер де кездеседі. Дей тұрғанмен, кемшіліктерді сынаған кезде орынды негіздерге сүйенген дұрыс. Сонда ғана оның нәтижесі болмақ. Бүгін мен қала әкіміне бірқатар тапсырмалар жүктедім. Атап айтқанда, қаланың бүкіл инфрақұрылымын сараптамадан өткізіп, өзгертулер енгізу туралы. Мәселен, бүгінгі күні тозығы жеткен жылумен, сумен, электр энергиясымен қамтамасыз ету жүйелері қуат көзін немесе жылуды толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр. Одан бөлек тұрғын үй құрылысы мен абаттандыру бойынша кешенді жоспар әзірлеу жөнінде міндет қойылды, – деп нақтылаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ аталған тапсырмаларды тас түйін орындау үшін Айбек Кәрімовке белгілі бір уақыт берілгенін еске салды. Кездесу соңында Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында көрсетілген басым бағыттарға тоқталған өңір басшысы маңызды бағдарламаны іске асыруда әрбір қазақстандық өз үлесін қосуы керектігін қаперге салды. Президент Жолдауы еліміздің алдағы жылдардағы даму болашағын айқындап берген құнды құжат екенін айтты.

 

Раушан Нұғманбекова,

Серік Әбілхан.

Шығыс Қазақстан облысы.

Абай.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321