ТОҒЫЗ САҒАТ ТОҚТАП ТҰРАТЫН ПОЕЗД
«Қазақстан Темір Жолы» АҚ басшылығы қайда қарап отыр?
Біз, Арқалық деген шағын қаланың тұрғыны боламыз. Шағын қала болған соң, облыс орталығынан жырақ жатқан қалаға оңтүстік өңірлерден қатынау да қиынға соғып жүр. Әсіресе, темір жол қатынасы арқылы. Арқалықтан «Қазақстан Темір Жолы» АҚ қарасты екі бағыттағы (Арқалық – Астана, Арқалық – Қостанай) пойызы жүреді. Қазақстанның оңтүстік астанасы – Алматы шаһарына Арқалықтан тіркемелі екі вагон қатынайды. Бұл тек жұп күндері жүреді. Арқалықтан кешкі 20:05 № 603 цг «Арқалық-Астана» бағытымен №19, 20 вагондар Есіл станциясына түнгі 00:00 де келіп, таңғы сағ – 09:20 да №044 цг « Қостанай – Алматы» бағытымен Алматы қаласына келесі күні сағат – 13:39 келеді. Есіл станциясында аталған екі вагон 9 сағат тоқтап тұрады. Қыста аязға «қақталып», жазда шыбын, шіркей, масаларға таланып жолаушы байқұс жолдың азабын тартудай-ақ тартады. Алматыдан Арқалыққа қатынау да дәл осылай болады. Тек жұп күндері қатынайтын екі вагонда бос орындар болмайды. Билетті алдын ала алмасаңыз, басқалай қатынаудың жолы жоқ.
Арқалықтан Алматыға қатынайтын екі вагонның бірі – плацкарт, екіншісі – купе. Плацкарт дегеніңіз – кәдімгі жүк камазы іспетті. Арқалық, Аманкелді, Жанкелді аймақтарындағы саудагерлер жиі осы вагонға орналасады. Қарапайым жолаушыларды тағы әбігерге салады. Вагондар ескі. Ешқандай мүмкіндік жоқ. Билет құны вагонның жайлылығы мен сапасына, жолсеріктердің қызметіне сай емес! Жолсеріктер жолаушылармен сыпайы сөйлесу дегенді білмейді. Жолсеріктердің көбі – өзге ұлттың өкілдері. Мемлекеттік тілде жауап қайтармайды. Тіпті, ҚТЖ компаниясы басшылығы бекіткен жолаушыларға арналған жеңілдіктерге бейжай қарайды. (Мысалы, аталмыш жеңілдіктердің №10 пунктінде ұялы телефонды қуат көзіне жалғау қызметі тегін деп көрсетілген. Жолсеріктер бұны ескермейді, ұялы телефонының қуаты азая бастаған әр жолаушыдан 200 теңге алады).
Арқалық – жастар қаласы. Себебі, өңірдегі жалғыз жоғары оқу орны – Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты студенттерінің 80 пайызы өзге облыстардың тумалары. Соның ішінде 70 пайызы оңтүстік өңірден. Өзге облыстан келген жастардың көбі осы екі вагон арқылы қатынайтынын тағы да баса айтқымыз келеді.
Құрметті ҚТЖ басшылығы, біздің жанайқайымызға құлақ асып, Есік станциясында 9 сағат, қысқы ауысымдағы 2,5 сағат тоқтап тұруды бір ретке келтіріп, вагонның қолайлы, жайлы болуына заманауи тұрғыдан жағдай жасағандарыңыз жөн. Осы келеңсіздікті жойып, алдағы уақытта, жолаушылардың сенімінен шығар деп үміттенеміз.
Елдос ТОҚТАРБАЙ.
Abai.kz