БІЛІМ БЕРУ — ОҚУМЕН ШЕКТЕЛМЕУІ КЕРЕК
2015 жылы Назарбаев Университеті өзінің алғашқы түлектерін шығарады. Бүгінгі таңда еңбек нарығына қандай мамандар қажет екені туралы және елімізде қазақстандық дарын иелерін қалай Қазақстанда алып қалуға болатындығы туралы өз ойымен Назарбаев Университетінің ректоры Шигео Катсу бөлісті.
— 2015 жыл – Назарбаев Университетінің алғашқы бакалаврларының оқуды тәмамдайтын жылы. Қызығушылық танытқан жұмыс берушілерден ұсыныстар түсті ме? Бос қызмет орындарының жәрмеңкесі жүргізілді ме? Өткізілсе, қандай компаниялармен? Қандай салалар болды?
— Ақпарат үшін айтайын, біздің университетте кейбір оқыту бағдарламаларының алғашқы түлектері бар. Бізде соңғы үш жылда қазақстандық кәсіпорын иелері мен шағын және орта кәсіп жетекшілері үшін бизнес саласында курстар жүргізілуде. Сонымен қатар, орта мектептер мен жоғарғы оқу орындарының оқытушылары үшін біліктілікті арттыру бағдарламалары бар. Дәл қазіргі уақытта бізде қанша компания өз ұстанымдарын ұсынғандығы туралы, қандай ұсыныстардың болғандығы туралы нақты статистика жоқ. Бірақ, маған студенттердің айтуынша, олардың кейбіреулерінің жұмыстары бар екен. Оптимистік тұрғыдан алғанда, мен олардың көбісінің осы бағытта келе жатқанын айта аламын. Бұған бір себеп, біз осы жылдың наурыз айында өзіміздің алғашқы бос қызмет орындарының жәрмеңкесін өткіздік. Бұл жәреңкеге 150-ден астам компания қатысты. Оған қатысушылар ретінде тек біздің студенттер ғана емес, сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасының түлектері де қатысты. Барлығы 900 адам. Компаниялар тұсаукесерлерін көрсетті, бұдан өзге жұмысқа тұратын кезде әңгімелесуді қалай жүргізу керектігі туралы өзін қай тұрғыдан көрсете білу керек, түйіндемені қалай жазу керектігі туралы, кандидаттардан жұмыс берушілер нені күтетіндігі жөнінде лекциялар мен курстар өткізілді. Әрі қарай, төртінші курстың студенттері компаниялардан, Үкіметтен, Парламент пен өзге де ұйымдардан сынақ ісінен өтті. Осы байланыстардың арқасында, жұмыс жөнінде көптеген ұсыныстар түсті. Яғни, бізде нақты мәліметтер әзірге жоқ, дегенмен біздің кейбір студенттер өз жұмыс орындарын тауып та үлгерді.
Өткен сенбіде біз екінші рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткіздік, бірақ бұл жолы тек өзіміздің студенттер үшін болды. Оған шамамен 60 компания қатысты. Мұнда халықаралық аудиторлық компаниялар да болды, әсіресе, үлкен төрттік, мұнай-газ, «Эйр Астана» секілді транспорт компаниялары, IT, сондай-ақ, «Самұрық-Қазынаның» еншілес компанияларының өкілдері қатысты, бір сөзбен айтқанда түрлі салалардан келді. Мемлекеттік органдар тарапынан да біздің студенттерге қызығушылық жоғары. Біздің тараптан 300-400 студент қатысты. Маған жоғарғы курстардың студенттері көп болған жоқ дегенде қатты таңқалғаным рас, басым бөлігі 1-, 2-, 3-курстардың студенттері екен.
—Оның себебі неде?
— Жақсы сұрақ. Менің ойымша, не жоғарғы курстың студенттері жұмыс берушілермен жақсы қарым-қатынас орнатып алған, немесе магистратураға түскісі келетін студенттеріміздің саны артқан.
— Олар НУ-де қалғылары келеді ме, әлде шетелге кеткілері келеді ме?
— Біз олардың шетелге кеткенін қолдаймыз. Біз оларға «Болашақ» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынамыз, егер олар оқуды жалғастырғылары келсе, шетелде оқығандары жөн болар деп ойлаймын. Олар жақсы университеттерге түсіп, мүмкіндік болса доктор дәрежесін алып, бізге келіп мындағы жұмысқа көмектеседі деп үміттенеміз.
— НУ-де алынған ғылыми дәрежелер халықаралық ЖОО-да есептеледі ме,бағаланады ма?
— Әрине. Өзіңіз білетіндей, қазіргі таңда біздің Назарбаев Университеті туралы заңның арқасында қазақстандық тіркеуіміз бар. Онда НУ-де алынған ғылыми дәрежелер Қазақстанда әрекет етеді деп анық жазылған. Ал халықаралық тіркеу кейінірек болады. Әдетте университетте бірнеше жылдың бітірушілері болу керек. Әлбетте, біз тіркеуді аламыз, бірақ жақын арада емес. Дегенмен, бұл шынайы тосқауыл бола ма? Мен олай ойламаймын, себебі әлемде тіркеуден өтпеген бірнеше ТОП-университеттер бар. Яғни, қос жүйе бар: тіркелген және тіркелмеген университеттер. Олар да бакалавриаттан магистратураға дейін студенттермен алмасады.
— Сіз халықаралық тіркеудің талаптарының бірі – бірнеше рет түлек шығару деп айтып өттіңіз. Басқа тағы қандай талаптар бар? Шетелдік студенттердің болуы міндетті ме?
— Жоқ, бұл талапқа енбейді. Университет халықаралық зерттеу университеті ретінде қабылдануы үшін университеттерді бағалайтын жүйелер бар. Әрине, университеттің халықаралық контингенті болғаны жақсы. Бірақ бұл қатып қалған қағида болып саналмайды.
— Ең маңызды критерий қандай?
— Білім беру сапасы.
— Оның өлшемі қандай? Себебі, әр елде сапаны бағалау жүйелері әртүрлі емес пе?!
— Ия, сол үшін де тіркеудің түрлі жүйелері бар. Бұл үдеріс қандай болса да, ол бірінші өзін-өзі бағалаудан басталады. Біз академиялық жақты да, зерттеуді де, студенттік өмірде де және т.б. аспектілерді қарастыратын өзіміздің жекеменшік есептемемізді дайындаймыз. Содан кейін барып, біз өзіміздің кім екенімізді айтамыз. Біздің қандай тіркеуден өткіміз келетіндігіне орай, сол ұйым бізге өз тобын жібереді. Бұл тек қағаздағы жаттығулар емес. Олар бізге келеді, барлық үдерісті қадағалайды, біздің қағаз бетіне түсірген мәліметтеріміздің барлығы бізде шынымен де жүргізілетіндігіне көз жеткізеді. Олар барлығын жазып алады, одан кейін өздеріндегі ЖОО-ның критерийлерімен салыстырады. Бұл бір жылдан астам уақытты талап етеді. Олар біздің ең төменгі деңгейге сай келеміз бе, келмейміз бе, соған қарайды. Біз аккредитацияны ала аламыз деген сенімдемін. Аккредитациялау агенттіктері АҚШ-та, Ұлыбританияда бар, еуропалық агенттіктер де бар. Қазақстан Болон үдерісі мен академиялық мобильдікке қатысу бойынша міндетті қабылдады, сол себепті біз оны да есепке алуымыз керек. Тіркелу үдерісін шама келгенше жылдам бастауға тырысамыз. Өзіміздің есептемемізді құруды келесі жылы бастаймыз, себебі күтетін уақыт жоқ. Егер біз аккредитацияны бірнеше түлектер шыққаннан кейін бастасақ, бұл үдеріс ұзаққа созылып кетеді. Әйткенмен, қазіргі таңның өзінде UCL, WisconsinMadisonUniversity секілді біздің халықаралық стратегиялық серіктестеріміз бен өзге де университеттер бізге келіп, бағдарламаларға өздерінің сыртқы бағаларын беруде. Олар қазірдің өзінде осымен айналысуда. Сол себепті де, біз шамамен өз бағдарламамыздың артық және кем тұстарын білеміз. Өз студенттерімізді жаз кезеңінде шетелге жіберуді бастадық, мысалға АҚШ-тың Мэдисон қаласындағы Висконсин университетіне жібердік. Олар ол жаққа жазғы семестрде барады, жергілікті студенттермен бірге сабақтарға қатысады. Шетелдік профессорлар біздің студенттерді көреді, олардың білімдерін тексереді. Біз содан жақсы пікірлер алудамыз. Бұл – кезең-кезеңмен жүзеге асатын үдеріс.
— Сіз түлектердің бір бөлігі университет маңындағы зерттеу орталықтарында жұмыс істеуге қалады деп айтып өттіңіз...
— Біз студенттеріміз оқуды жалғастырып, ғылыми қызметпен біздің университетте айналысады деген үміттеміз. Сондай-ақ, біз сырттан кіші ғылыми қызметкерлерді жалдаймыз.
— Қанша студент осындай тілектерін білдірді? Оларды тарту үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?
— Мен әзірге нақты санын айта алмаймын. Олар бірінші дәрежені алуға үміткер болулары керек. Бұл үдеріс тек наурызда басталады. Қазіргі таңда көптеген студенттер шетелдік университеттерге өтініш беруде. Келесі жылдың наурызына қарай бізде қанша студент шетелге кететіндігі мен қанша студент өзімізде магистратураға қалатындағы туралы нақты ақпарат болады. Егер олар соңғысын таңдамаса, олар магистратурасыз зерттеу орталықтарына тікелей бара алатындығына күдігім бар. Олар біздің орталықтың зерттеу топтарында жұмыс істейді, бірақ оқуларын жалғастырулары керек. Әйтпесе олар келешекте зерттеуші ретінде алға жылжи алмайтындығы анық. Бұл жерде олар тек бакалавр дәрежесін алады, ғылыми қызметтің тек кішкентай бөлігі ғана меңгеріледі. Егер олар ғылыммен айналысқылары келсе, өздерінің барлық еңбек мансаптарын соған арнауға тура келеді. Мен олар осы үдерісте жаңалық ашып, өздерінің жаңалықтарын коммерцияландырып, одан пайда тауып, өзге зерттеулерге демеушілік етеді деп үміттенемін. Бірақ, бұл ұзақ мерзімді қажет ететін үдеріс. Назарбаев Университетінде ғылыми қызметкерлердің екі түрі жұмыс істейді. Біріншісі – профессорлық-оқытушы құрамы. Назарбаев Университеті зерттеу университеті болып табылады. Бұл біздің профессорлар оқытушы қызметімен қатар, ғылыми қызметпен де айналысады дегенді білдіреді. Бұл өте маңызды, себебі бұл зерттеу университетінің маңызды сипаттамаларының бірі. Басқа университеттер тек оқытушылық қызметпен ғана айналысады. Ол жақта мұғалімдерге жеке зерттеу жүргізу міндет болып саналмайды. Бұндай университеттердің студенттері ғылыммен қатты айналыса қоймайды. Олар еңбек нарығына көбірек бағыттанған. Біз зерттеу университеті ретінде, біздің көптеген студенттеріміз оқуды жалғастырып, ғалым немесе ғылыми дәрежелер алады деп үміттенеміз. Осылайша, біз өзіміздің студенттеріміздің ғылымға деген қызығушылықтарын арттыру үшін, біздің профессорлардың жетекшілігімен зерттеулерге қатысқанын құптаймыз. Біздің профессорлардың өздерінің жекеменшік зерттеу жобалары бар. Ал екінші түрі – университеттің зерттеу орталықтарына жұмысқа алынған кіші ғылыми қызметкерлер. Дегенмен, жобаларды жетекші зерттеушілер басқарады. Олар тек ғылыми салада тәжірибелері бар PhD иегерлері бола алады. Әрине, зерттеу орталығына келіп: мен – жетекші зерттеушімін деуге болмайды. Қазіргі таңда біздің орталықтарда көптеген жас мамандар жұмыс істейді, біз оларға біздің университеттен, я болмаса біздің халықаралық серіктестерімізден PhD алуға кеңес береміз. Бүгінгі таңда Назарбаев Университетінде білім берудің Жоғарғы мектебінде PhD-дің бір бағдарламасы мен инженерия мектебінде PhD бағдарламасы бойынша алты мамандық ашылды (PhD Biomedical Engineering, PhD in Sustainable Engineering, PhD in Energy Engineering, PhD in Information and Communication technologies, PhD in Material Science and Engineering, PhD in Robotics and Mechatronics).
— Биылғы оқу жылында Назарбаев Университетінде МВА жаңа бағдарламасы бастау алды. Бұл бағдарламаның студенттерге берер артықшылықтары қандай? Қазақстандық талапкердің шетел университетінің МВА бағдарламасынан гөрі, сіздердің бағдарламаны таңдауы үшін не істеу керек?
— Менің көзқарасым бойынша, осындағы, Қазақстандағы МВА бағдарламаларының мақсаты, біз – заманауи техниканы, философияны, менеджмент практикасын барынша көп қазақстандық жетекшілердің арасында таратуға тырысамыз. Сол себепті де біз осы бағдарламаны шығарамыз деп шештік. Бұрында, өздеріңіз білесіздер, «Болашақ» бағдарламасы ешқашан да МВА бағдарламаларын қаржыландырған емес. МВА-ның қоғамдық игіліктен гөрі, жеке адамның пайдасы үшін қажет екендігі дәлелденген. Сол кезде бұл бағдарламаның барлық артықшылықтары қоғамнан гөрі, жеке адамдар үшін ғана қолданылғандығы ескерілген. Дегенмен, біз қазақстандық экономика үшін, сонымен қатар қоғам үшін барынша көп жақсы, заманауи жетекшілерді дамыту керек деп ойлаймыз. Қазақстан ілгері жылжығысы келеді, бәсекеге қабілетті 30 елдің біріне айналғысы келеді. Ол үшін прогрессивті, басқарушы кадрлар қажет екені де айқын. Мемлекет бізбен келісімге келді, сол себепті біз МВА студенттеріне гранттар ұсына алу үшін бізге ресурстар бөле бастады.
Бұл – артықшылықтардың бірі, яғни шетелде білім алумен салыстырғанда, қаржылық тұрғысынан алғанда өте тиімді. МВА бағдарламалары АҚШ-тың жақсы университеттерінде өте қымбат тұрады. Әйткенмен, мұндағы білім беру сапасы да АҚШ-тың ТОП-магистратураларымен бірдей және арзанырақ, себебі осы бағдарлама бойынша біздің серіктесіміз – Дьюк Университетінің Фукуа бизнес-мектебі. Оқуға түсушілер Қазақстанда білім ала алады, сондай-ақ, грантқа ие болу мүмкіндіктері де бар. Бұдан өзге, біздің MBA- және EMBA-бағдарламаларының студенттері менеджменттің ең заманауи тәжірибелері бойынша оқиды. Егер сіз АҚШ-та білім алсаңыз, студенттер оқитын кейстердің барлығы бірыңғай батыстық әрі АҚШ пен батыс компанияларына бағдарланған. Бірақ, сіз мұнда оралған кезде өз білімдеріңізді тәжірибеде қолдану үшін сізге қайта қалыптасуға тура келеді. Біздің профессорлар қазірдің өзінде жергілікті жағдайларға негізделген кейстер дайындап жатыр. Бұл студенттерге батыс тәжірибесі туралы ғана ақпарат алмай, сонымен қатар жергілікті жағдайды да салыстыра қарауға мүмкіндік береді. Бұны да біздің бағдарламамыздың артықшылықтарының бірі деп қарастыруға болады.
— Қазір қазақстандық ЖОО-ның түлектерінің арасында қаржыгерлер мен экономистердің саны көп, ал техникалық мамандықтарды игергендер саны аз деп айтып жатады. Сол қаншалықты шындыққа жанасады? Өзге қазақстандық ЖОО-ның түлектері тап болып жатқан мәселелерге сараптама жүргізіп көрдіңіз бе?
— Университет құрылған кезде, бұндай сараптама жобаның техникалық-экономикалық негізі ретінде жүргізілді. Сол себепті, біз басым назарды ғылым мен инженерлік мамандықтарға аудардық. Біздің студенттердің үштен екі бөлігі инженерлік мамандықтар мен ғылыммен, тек бір бөлігі ғана гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдармен айналысады. Әрине, сараптама жүргізілді. Инженерлер мен ғалымдардың жетіспеуі – Қазақстанның ғана мәселесі емес. АҚШ, Еуропа, Жапония, Қытай – барлығы оларға инженерлердің жетіспейтіндігін растайды. Бұған соңғы 15-20 жылда ақпараттық технологиялар секторының ширақ дамуы себеп. Бұдан өзге, климаттың ауысу мәселесі де бар. Қазіргі таңда кейбір өзекті мәселелер соған байланысты. Мәселе климаттың жылыну үдерісін қалай тоқтатуда емес, климат ауысуы мен жаһандық жылымықты қалай бәсеңдетуде жатыр. Ұзақмерзімді келешекте азық-түлік қауіпсіздігімен қалай қамтамасыз етуге болады? Індет тараудың алдын қалай алуға болады. Эболаға қараңызшы. Оған дейін құс тұмауы болды. Індет циклі – жаһанданудың бір бөлігі. Мүмкін бұл климат ауысымымен байланысты шығар. Ақиқаты мында жатыр, әлемге көптеген дәрігер керек, барынша көп медициналық ғылыми қызметкерлер керек, фармацевтикалық зерттеулермен айналысатын мамандар қажет. Яғни, техникалық және ғылыми кадрлардың аздығы жаһандық мәселе.
Мұндағы өзекті мәселе Қазақстандағы заңгерлердің көптігінде емес. Ия, біз Назарбаев Университетінде жақсы ғалымдар мен инженерлерді шығаруға тырысамыз, бірақ оларды елде ұстап қала аламыз ба? Себебі, біздің дайындаған дарындарымыз шетелге кетіп, оралмай қалса өкініштісі сол болады. Міне, уайымдауға болатын мәселе осы.
Сол себепті, біз ғалымдар елге қайта оралулары мен инженерлер өз білімдерін тәжірибеде қолдана алулары үшін жайлы жағдай, лабораториялар мен зерттеу орталықтарын құруымыз керек. Бұл – инженерлік кәсіпорындарды да дамыту керек дегенді білдіреді. Қазақстандық экономиканың негізі – мұнай-газ секторы, тау-кен рудасы саласы. Қазақстан мұнай-газ, тау-кен рудасы секторының, сонымен қатар металлургияның және т.б. шешімдерін табатын жоғарғы қосылған құны бар инжинирингтік қызметтерді дамытуды бастайды. Менің ойымша, біз осы мәселені уайымдауымыз қажет.
Бюрократия кетуі керек. Мемлекет жас адамдар басқаратын жаңа компанияларды құруға мүмкіндік беруі керек. Бүгінде жастар негізінен импорт-экспортты көздейтін сауда компанияларын құрумен айналысады. Болашақ мұнда емес. Біз өз студенттерімізге өздері оқып жүрген ғылымда жұмыс орындарын құру керек деп үйретеміз. Міне, біз қазір осыны ойлаймыз.
— Қазақстандық блогер Ернар Нұрмағамбетов өзінің жарияланымдарының бірінде: «"Назарбаев Университеті", "Назарбаев Зияткерлік мектептері" және "Назарбаев Қоры" мәртебесі туралы
заңның 3 бабындағы әлеуметтік жауапкершілік пен ашықтық қағидатындағы «өз қызметінің барлық бағыттары бойынша ақпараттық ашықтықты қамтамасыз ету» деп жазылғанмен, университет жылдық шоғырландырылған қаржылық есебін жарияламайды»,- деді. Неліктен НУ бұндай есепті жарияламайды?
— Шындығына келгенде, біз мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттан көп жұмсай алмаймыз. Мемлекеттік бюджет – бұл бәріне қолжетімді құжат. Бұл тұрғыдан алғанда біздің қанша жұмсайтынымызды адамдар біледі. Біз бұл шектен аспауымыз керек, және қаражаттарды пайдалану да сонда көрсетілген. Біз мемлекетке инвестициялар бағдарламасы мен операциялық шығындар бағдарламасын көрсетеміз. Біз ұзақмерзімді шығындар бюджетін құрған кезде, барлығын анық көрсетіп қоямыз. Қордың басым бөлігі, өзіңіз көріп отырғандай университеттің инфрақұрылымына жұмсалады. Біз үнемі кеңейеміз. Қазір бірнеше жаңа ғимарат тұрғызып жатырмыз: біздің бизнес пен мемлекеттік саясат мектептерінің ғимараты, ғылыми лабораториялар үшін ғимараттар, жаңа акт залы, көпфункциялы аудиториялар, жаңа жатақханалар. Біздің студенттеріміздің көбісі барлық профессорлық-оқытушылар құрамы секілді университет аумағында тұрады, өзіңіз білетіндей, Астанада өмір сүру өте қымбат екені рас. Бұдан өзге, біз қаражатты жаңа лабораториялар мен технологиялық парктің дамуына бөлеміз.
— 2014 жылы ҚР БҒМ-нен Назарбаев Университетінің мақсатты салымына 57,12 млрд.теңге бөлінді. Құрылысқа бөлінетін шығынның үлесі (пайызбен алғанда) қанша?
— Бұл негізгі капиталға бөлінген қаржы болғандықтан, шамамен 85%- ы құрылысқа жұмсалады. Қалғаны – жабдықтарға, лабораторияға, арнайы лабораториялық жиһаздарға жұмсалады. Біздің лабораториялар арнайы жылытуды, ауа тазалайтын сүзгіштерді, арнайы жарықты, коммуникация жүргізуді талап етеді. Ұлттық медициналық холдингтің ғимараттары да арнайы жабдықтарды талап етеді. Бұндай жабдықтаудың қымбат тұратындығын білесіздер. Қызметкерлердің еңбекақылары операциялық бюджет арқылы төленеді, ал ол мемлекеттің студенттерді оқытуға бөлетін гранттарынан тұрады. Біздің бакалавриат кейбір жағдайда «Болашақтың» бакалаврларға арналған стипендиясының да орнын басады, сол себепті біз шамамен осы бағдарламаға бөлінетін ресурстар көлемін аламыз. Мұнда профессорлық-оқытушылар құрамының, әкімшіліктің еңбекақылары, студенттердің стипендиялары кіреді.
— Университет алдағы уақытта өзінің қаржылық есебін жариялауды жоспарлай ма?
— Қазіргі таңда біз толықтай, сыртқы аудитті жүргізетін мемлекетке тәуелдіміз. Дегенмен, болашақта бізде кірістің барынша әртараптандырылған көздері болып, біз мемлекеттік бюджеттен барынша тәуелсіздене түскен кезде, осындай мүмкіндікті қарастыруға болады деп ойлаймын.
— Мақсатты трансферттерден өзге, университет бюджетіне түсетін үлес қандай?
— Ол әлі күнге дейін көп емес. Біз Total секілді мұнай компанияларымен қаржыландырыламыз. Олар біздің зерттеулерімізге демеушілік көрсетеді, сондай-ақ, біздің студенттер шетелде PhD алулары үшін гранттар бөледі. Демеушілер бакалаврлар үшін де гранттар ұсынады. Бұндай гранттар Қазақстан азаматы болып табылмайтын студенттерді оқытуға мүмкіндік береді. Себебі, заң бойынша, мемлекет ондай гранттар бөле алмайды. Есепке алған кезде біз ұлтқа назар аудармауға тырысамыз. Кейде бізге өте жоғарғы нәтижелер көрсетіп, өзге, әсіресе көрші мемлекеттердің талапкерлері – қызғыздар, тәжіктер келіп жатады. Оларға қарсылық танытқан өте өкінішті болар еді, себебі олар бізде оқығылары келеді. Сол себепті, біз демеушелерді іздеуге тырысамыз.
— Қазанда Парламент Мәжілісінде Назарбаев Университетін қаржыландыруға қатысты заң жобасы талқыланды. Түзетулердің бірі шетелдік студенттерге гранттарды қаржыландыру болды...
—Ия. Сіз сонда болдыңыз, сол себепті де сіз көптеген депутаттардың әрекеттері мен олардың осы мәселе тұрғысында алаңдағандарын білесіз. Олар: біз қазақстандық студенттердің грантын шетелдіктерге қарай бағыттаймыз, -деп айтты. Бірақ біз бар грантты оларға қарай бағыттауды емес, грант ұсынуға болатын жалпы соманы көбейтуді ұсынған болатынбыз. Мәжілістің тағы бір заң жобасын қарастыратынын білесіз – ҚР Сыртқы істер министрлігінің «Дамуға ресми көмек туралы» заң жобасы. Менің жеке пікірім – мүмкін Е.Ыдрысов мырза бір күні оны қарастыратын шығар, мүмкін менің оған жүгінуім керек шығар – көмектің бір бөлігін шетелдік студенттерге грант ретінде, адам ресурсы мен көрші елдердің мүмкіндіктерін дамыту үшін сақтауға болар еді. Олар Қазақстанды танып, болашақта Қазақстанның досы болар еді. Егер олар бізде оқитын болса, олар келешекте өз елдерінің көшбасшылары болса, біздің болашақ көш бастаушылармен достық қарым-қатынас орнатып, сөйтіп, осы гранттарға бөлінген қаражаттар дипломатия, бизнес, ғылым, мәдениет және білім беру саласында бірнеше есеге өтеледі. Осындай жолмен, мәжілістегілерді толғандырып отырған мәселелердің бір шеті шешімін табар еді. Біз мәжілісте қазақстандық талапкерлер мен халықаралық талапкерлерге қойылатын талаптар бірдей болады деп уәде бердік. Осыларды мен елшілерге де түсіндірдім. Жақында мен Азия және Африка елдерінің елшілерімен кездестім. Олардың барлығы біздің студенттерді қашан қабылдайсыздар деп сұрады. Мен біздің де соны қалайтынымызды, осы бағытта жұмыстар атқаратынымызды айттым. Бірақ біз өз стандарттарымызды төмендетпейміз. Қазіргі таңда біздің университетте көрші мемлекеттерден 2 шетелдік студент білім алып жатыр.
— Университет экономикалық тиімді құрылым болу керек деген батыс идеясына сіздің көзқарасыңыз қандай?
— Әлемде экономикалық тиімді бірнеше ғана университет бар, және негізінен олар АҚШ-та орналасқан. Себебі, көптеген университеттер, біріншіден, көптеген қайырымдылықтар алады, екіншіден, олар біздің де алатынымызды алады – студенттерді оқыту үшін мемлекеттен грант алады. Көптеген университеттер осы қаражаттарға тәуелді. Қағазға олар тәуелсіз ресурстарға бағынамыз деп жазады, дегенмен, тәжірибе жүзінде олар мемлекетке тәуелді.
Көптеген еуропалық елдерде білім алу құны өте төмен немесе студенттерге нақтылы көрсетілген. Әрине, бұндай жағдайда университеттер мемлекеттік бюджетке тәуелді болады. Біріккен Корольдікте шамамен 4-5 жыл бұрын білім беру құнын арттыра бастады. Бұл үлкен саяси мәселеге айналды. Жапонияда жекеменшік мектептер саны көп. Бірақ, бұл университеттердің жартысынан көбі қаржымен шектелген. Сол себепті, оқуға төленген қаржы есебінен жұмыс істеу де – таңдау емес. Кірістің басқа жолдарын да іздестіру керек. Көптеген зерттеу институттары үшін бұл – ғылыми қызмет пен зерттеу гранттары. Біздің профессорлық-оқыту құрамы мемлекеттен осындай гранттар мен халықаралық гранттарға да үміттенетін болады. Біз зерттеулер жүргізетін түрлі салалардан демеушілік көмек алуға тырысамыз. Біздің жұмысымыз оларға қарағанда жақсы шығады деп үміттенеміз. Мүмкін біздің кейбір түлектеріміз байып кетіп, келешек ұрпақты оқыту үшін бізді қаржыландыратын шығар. Осындай жолмен, біз осы үш құрамдас бөліктің арқасында университетіміздің болашақ теңгерімін көреміз.
— Оқытушылардың қанша пайызы – экспатрианттар? Оларды тартуда мәселелер бар ма?
— Қазіргі таңда профессорлық-оқытушылар құрамы 300-350 адамнан тұрады. Біз үнемі ізденіс үстінде жүреміз, жаңа оқытушыларды іздеумен айналысамыз, сол себепті де олардың саны тұрақты емес. Олардың шамамен 85%-ы шетелден келген. Бұдан өзге, бізде Foundation бағдарламасының нұсқаушылары бар. Бірақ олар біздің қызметкерлер құрамына кірмейді, олар университет алды дайындау бағдарламасы бойынша серіктес-жоғарғы оқу орындарының қатарына жатады.
— Бастапқыда БАҚ-та НУ оқытушылары теңгенің құнсыздануына орай, еңбекақы индексациясын талап етуде деген ақпарат шықты...
— Ақшаның құнсыздануы ақпанда болды. Әрине, біз оқытушыларды жалдаған кезде, оларға компенсациялық пакет доллар түрінде беріледі деп хабарладық. Құнсыздану болған жағдайда, келісім-шарт бойынша біз айырмасын өтеуге міндеттіміз. Бірақ бұл біздің өз бетімізбен қабылдай алмайтын шешім. Сол себепті де біз наурыз айында университеттің қамқоршылық Кеңесіне жүгіндік, кейін олар бұл шешімді бекітті. Осылайша, олар девальвацияға дейінгі жағдай секілді, АҚШ долларымен еңбекақыларын алады. Дегенмен, бұл еңбекақыға қосымша болып саналмайды. Бұл – құнсызданудың нәтижесіндегі айырманы жай ғана өтеу.
— Жапондық жұмыс берушілер адамды жұмысқа алған кезде олардың мамандықтарына емес, түлектің дипломының беделіне қарайды дейді. «Университет беделді болған сайын, жастар бәсеке күресінде барынша тапқыр, қайсар, шыныққан болады». Бір мәлімет бойынша, жапондық мемлекеттік мекемелердің және жекеменшік фирмалардың басқармасындағы қызметкерлердің әрбір үшіншісі – елдегі ең беделді университет - Токио университетінің түлегі дейді. Шынымен де солай ма?
— Жоқ, жоқ, ол дұрыс емес. Токио университеті сондай үлкен емес. Бұл элиталы университет, оның үлкен болуы мүмкін емес. Бұл университеттің түлектеріне қарағанда, позициясы одан да көп. Бұнда айтылып жатқандардың барлығы негізінен сауда қызметімен айналысатын компанияға қатысты. Бастапқыда жапон экономикасының негізі - мамандандырылған өндіріс болды, ал ол жаққа мамандар қажет. Бұл тұрғыдан алғанда мамандықтың болуы маңызды. Дегенмен, оларға бұдан өзге оларға беделді университеттердің түлектері де қажет. Сіздің айтып отырғанымыз, ғылыммен немесе зерттеумен айналысатын компанияларға емес, ал кәсіпкерлікпен айналысатын компанияларға көбірек қатысты. Бұл адамдар бизнесті жеке компаниялардың ішінде жүргізуге үйренеді. Ұзақ жылдар аралығында, дарынды жастарды жинау мақсаты тұрды, ал беделді оқу орындары сондай адамдарды табуға болатын бірден-бір орын. Шамамен, университет жақсы болған сайын, бұл университеттегі дарынның орташа деңгейі де жоғары. Бұл университеттің түлектерін жалдау арқылы қате жіберу мүмкін емес. Қандай жағдай болса да, біз оларды бізге қажет нәрсеге үйретеміз. Бұл жағынан алғанда Жапония Батыстан озып кетті. Мысалы, мен инжинирингтік компания болсам, мен инженерлерді жұмысқа аламын. Бірақ мен олардың ұдайы білім алып жүргендерін қалаймын. Себебі, машина жасау саласы – бұл үздіксіз дамып отыратын сала. Біздің балаларымызды оқытып жатқан қазіргі техника 5-10 жылдан кейін ескіріп қалуы мүмкін.
ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мырзаға бірнеше ай бұрын, бір баспасөз-конференциясында университеттерде оқытатын білімнің тәжірибе мен жұмыс орнына сәйкес келмеуі туралы не ойлайсыз деген сұрақ қойылды.
Ол: «Маңыздысы университеттердің әлі күнге жоқ болашақ мамандықтарға студенттерді дайындауы», -деді. Адамдар оған күлді, олар оның балаларды әлі күнге жоқ мамандықтарға оқытуға біздің ақшамызды пайдаланғысы келеді деп айтты. Бірақ бұл – дұрыс болжанбаған түсінік. Ол негізінен: Егер Қазақстан халықралық еңбек нарығында бәсекелестікке талпынса, бірінші кезектегі талап – әрбір адам жаңа нәрсені үйренуге қабілетті болуы керек, себебі, сізге жұмыста қажет болуы мүмкін нәрселер, өзгеруі мүмкін, - деп айтқысы келді. Мысалы, 10 жыл бұрын ешкімде ақылды смартфон болған жоқ. Тек Blackberry болды. Қазір смартфон ойлап тауып жатқан адамдар бұрында болмаған іспен айналысуда. Өзге салаларда да, технологиялық сілкіністер болды. Бірақ, біз келесі қадамды ойластыра алатын инженерлер мен конструкторлардың қатарын көбейтпесек, осындай сілкіністер ешқашан да болмайды. Сондықта да, білім беру тек аудитория мен кітаптардағы жазылған дүниелерді оқи берумен шектетілмеуі керек. Одан да сізге бір нәрсені көрсетіп, оған сараптама жаса десе, осы білімді қандай жағдай болмасын қалай пайдалануға болады деп ойлану керек. Бұл біздің Назарбаев Университетінің түлектерінен біздің күтетін нәтижеміз.
Анықтама
Шигео Катсу Токио халықаралық зерттеулер университетінде «халықаралық қатынастар мен экономика» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған және осы университетте оқуды жалғастырған. Бұдан өзге, «халықаралық экономика мен халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша Вена (Австрия) Дипломатиялық академия дипломы бар. 1979 жылы Дүниежүзілік банктің «Жас кәсіпқойлар» бағдарламасында кәсіби қызметін бастады. Кейін Дүниежүзілік банк Департамен тінде Батыс Африкадағы жобалар бойынша экономист болып жұмыс істеді: алғашқыда энергетика, сумен қамту және телекоммуникация бөлімінде, кейін сумен қамту және қалалық даму бөлімінде қызмет атқарды.
1985 жылы Бениндегі банктің бірінші тұрақты өкілі болып тағайындалды.
1989–1991 жж. Жапонияның Экспорттық-импорттық банкіне іс сапарға жіберілді. Мұнда ол елдің экономикалық саясат анализі департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды. 1992 жылдан 1995 жылға дейінгі аралықта Катсу мырза Қытай Шығыс-Азия және Тынық мұхит аймағы департаменті, өнеркәсіп және энергетика бөлімінің Бас операциялық директоры қызметінде кәсіпорынды реформалау мен қаржылық сектормен айналысты. Бұдан кейін Катсу мырза Абиджанда (Кот-д'Ивуар) банктің аймақтық басшысы қызметіне тағайындалды. 1999 жылдардың ортасында ол Еуропа және Орталық Азия аймағына өңірлік Кеңсенің вице-президентінің операцялық директоры болып ауысты.
Дүниежүзілік банктегі жұмысына дейін, Катсу мырза Гренадағы Жоспарлау министрлігінде БҰҰ-ның өндірістік даму бойынша даму кеңесшісі лауазымына дейін көтерілді.
2010 жылы Назарбаев Университетінің ректоры атанды.
ДЕРЕККӨЗ: kursiv.kz