БІЛІМ АЛУ МАҢЫЗДЫ МА, ӘЛДЕ БЕТТІ БҮРКЕМЕЛЕП БӨЛЕКТЕНУ МЕ?
Фото: vk.com
Қазір әлемдік мемлекеттер арасындағы қарым-қатынаста болсын, адамдардың арасында болсын әжептәуір келелі мәселеге айналған тақырып – дін. Соның ішінде Ислам діні де жиі аталатын тақырыпқа айналды. Осы дін саласындағы жандану тәуелсіздігін ала салысымен Қазақстанға да жетті. Тіпті қазір қоғамының жиі талқылайтын тақырыбына айналды. Алғашқы жылдарда тәрбие, руханият, имандылық негізі саналған дін, кейінгі жылдарды көңілде күдік ұялатып, күмәндана қарайтын, көп адамдар аулақ жүруді дұрыс санайтын қорқынышты қараңғылық сияқты таныла бастады. Бұл әлі де болса діннің мазмұнын түсінуге асықпайтын, өздерін ешбір қағидаға тәуелді санамайтын адамдардың ұстанымдары. Дегенмен, осы күдікті тудырған, сол адамдардағы көптеген шүбәлі көзқарастардың шығуына негіз болған осы дін төңірегінде жүрген не оны бетқалқа еткендердің өздері. Әркімнің дін туралы айтары бар болып шықты. Сонда қара халық жалпы діннің мазмұнын, жоғары құндылықтарын талдап жатыр дейсіз бе?! Жоқ, діннің кейбір талаптары немесе қазақтың дәстүріне сай не сай еместігі мәселесін таласып жүр. Бұл таласты кім бастады?!
Бұған біріншіден, әртүрлі солақай саясаттың кесірінен халықтың белгілі бір деңгейде діни құндылықтардан алыстап, дін мәселесінде ақ-пен қараны ажырата алмас халге жетуі болса, екіншісі біз елестеткен, үлкендер дәріптеген, қысқасы біз ойлаған формасынан басқаша ұстанымдардың дін атынан жарыққа шығуы болды. Осы өтпелі заманда, діни құндылықтар алыс, жақын шет елдердегі мұсылмандар тарапынан қатты қолдаумен тарала бастағандықтан, мәні де формасы да сол елдердегідей болып келді. Кейбірі тіпті демек біз бұрын исламды білмеппіз, дұрыс түсінбеппіз деп жар салса, бірі жоқ біз де мұсылман болғамыз бірақ, біздегі мұсылмандық бұл емес болатын деп қарсы шықты.
Сондағы дау тудырған көптеген мәселелердің бірі қыздардың киімі, соның ішіндегі орамалы болды. Біз, халық ретінде қыз баланы құрметтеп, берекенің басы санап, жат жұрттық деп құрмет тұтатын халықпыз. Ал қыздарға тауар ретінде қараған, саудалаған, адам ба адам емес пе деп таласқан халықтар да болған. Оған қарағанда тіпті исламнан да бұрын, бізде қыз баланың, ананың орны айқындалған болатын. Сондықтан қазақ халқында ер мен әйелді оқшаулау, келген қонаққа әйелін көрсетпеу, ас-суды еркек әкеліп беру деген түсінік болмаған, тіпті қажет болған кезде қыз-келіншектер де ер адамдардың жұмысын істеп, атқа мініп тұрмысқа араласқан. Ал кейбір мұсылман халықтар, олардың бет-аузын бүркеп, қоғамдағы қызметтен аластатып, тек үй тұрмысымен шектеген. Арабтар, олармен ғасырлар бойы бірге өмір сүрген түріктер осы дәстүрді қабылдаған. Бұған қарап осы елдерде қылмыс, зинақорлық, нәпсіқұмарлық жоқ десек қателескен боламыз. Тек оларда бәрі жасырын. Араб елдерінде тіпті жезөкшелердің өзі бүркеніп жүреді. Енді қазіргі кезде қазақ қызын қалай қабылдаймыз?
Әрине бұл жерде сыңаржақ пікір айтудан аулақпыз. Жалаңаштықтың да зардабын аз шегіп жатқанымыз жоқ. Алайда, оларды тұмшалап қойып та еркектердің нәпсінен арашалап аламыз деуге болмайды. Осы бүркенген қыздарға жанашыр, діндар сияқты болып қаншамасын баласымен зар жылатып жатқандар кімдер?! Сонда діннің қалағаны осы ма?! Демек, тек бүркену не сырттай діндар болып көріну адамды адамгершіл ете алмайды. Сонда пайғамбардың «Алла сендердің түрлеріңе, киімдеріңе қарамайды, ол сендердің жүректеріңе және амалдарыңа қарайды» деген нақылы еске түседі.
Жалпы елімізде сенім, киім еркіндігі бар. Оған Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабының 2-тармағына сәйкес, адамды тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттары бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтындығы жөніндегі заң дәлел.
Фото: newskaz.ru
Енді, осы еліміздегі үлкен таласқа айналған «хижап» мәселесін қалай шешеміз деген сұрақ туады. Тіпті мен бұл қажетінен артық талқылауға түсті деп ойлаймын. Қайда барсаң да алдыңнан бірінші орында осы сұрақ қойылады. Мағынасы екі түрлі. Бірі, бұрын хижап киген немесе әлі киіп жүрген қыздар тарапынан (қолдау сұрай) қойылатын сұрақтар. Яғни, дінде хижап деген (орамал) бар деп айтыңызшы. Мына оқу орындарының басшылары ол мәселені түсінбейді деген мағынада. Екіншісі, оқу орны басшылары тарапынан қойылады. Хижап киіп жүрген қыздардың шешуіне, не киюге ынталы қыздардың алдын алуға ықпал жасауға бағытталған. Осы жерде бұл мәселеге бір жақты жауап берсең, не діннен безген боласың, не дәстүрден, биліктен безген боласың.
Біріншіден, көбінесе жалпы кез-келген діннің өзіндік киім шарттары, бар. Соның ішінде дініміз исламда да белгілі бір деңгейде адамның киіміне көңіл бөлінеді. Бұл әурет жерлердің жабылуы. Ол әр халықтың салтымен, дүниетанымымен өзгеруі де мүмкін. Бірақ діннің шарттарына сай келген жағдайда еш кедергі жоқ. Сондықтан хижап мәселесі (формасы) алғашқы кезде шет елдегі мұсылмандардан үлгі алынғандықтан ол халық арасында қабылдана қоймады деуге болады.
Екіншіден, исламның келу кезеңінен мысал береміз. Дін келе салып киім мәселесін көтерген жоқ. Алдымен иман мәселесі уағыздалды. Біздің елімізде де әлі иман шарттары толық орындалып жатқан жоқ. Сондықтан алдымен иман мәселесін толықтыру керек.
Үшіншіден, мектеп не оқу орындарында қандай да діни ерекшеліктерге рұқсат берілмегендіктен сол оқу орнының ішкі шартына байланысты киіну міндет. Сондықтан киіну міндеті мен білім алу парызы қатар келген кезде қай парызды таңдаймыз? деген мәселе арқылы басшыға бағыну тұрғысынан бекітілген киімді киюді ұсынамыз. Соның ішінде қап-қара киіну де біздің дүниетаным мен салтқа жат. Бұл біздің адамдарды қорқытып жатыр. Ал діннің миссиясы сүйіншілеу, жеңілдету.
Жалпы мұндай тұжырым жасауымыздың себебі не? Қазақ қызын орап, үйден шығармай отырғызып қойсақ ел түзеле ме? Мүмкін бала тәрбиесінде белгілі жетістіктерге жетеміз. Бірақ ол үшін үйде отырған ананың сауатты болуы шарт. Өйткені сауатсыздық, халықты одан бетер адастырады. Қазіргі араб әлеміндегі қайшылықтардың ең басты себептерінің бірі, халықтың сауатсыздығы, артта қалғандығы деуге болады.
Сондықтан кім қалай десе де никап, не қара жамылу, әйел затын оқшаулау тек кейбір халықтардың дәстүріне негізделген. Оған ол жердегі климаттық ерекшелік, бұрыннан жалғасып келе жатқан дәстүр себеп болған. Мысалы, көптеген сүннеттердің бірі сәлде тағу. Осы халық неге сәлде мәселесін дауға айналдырмайды. Әлгі діндарсымақтар неге жаппай сәлде тақпайды?! Демек, сәлдені хиндулар да, исламнан бұрынғы араптар да кигенін олар жақсы біледі. Соған қарағанда әрбір халықтың діннің жалпылама талаптарынан шықпай киінуге мүмкіндігі бар.
Кеңшілік Тышқан, дінтанушы ғалым
Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің доценті
Abai.kz