Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 8478 0 пікір 2 Қараша, 2014 сағат 05:11

Нұрлан Оразалин:Әдебиетін сақтаған ұлт асқақ

Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан ОРАЗАЛИНМЕН Республика қаламгерлер ұйымының 80 жылдығына орай жасалған сұхбат

– Құрметті Нұрлан Мырқасымұлы, барша қаламгерлеріміздің киелі төрі – Жазушылар одағының және сол Одақ құрылтайшылығындағы «Қазақ әдебиеті» газетінің 80 жылдығы құтты болсын! Кейбір деректерде Жазушылар одағының тарихы ҚазАПП құрылған кезден, яғни 1925 жылдан басталмай ма? Ұйым басшысы ретінде бұған қандай көзқарас білдіресіз?

– Біздің ұйым – күнгей-теріскейі қатар өрілген ХХ ғасырды бар кескін-келбетімен көрген ұйым. Сондықтан, қазақ жазушылары мен ұйымының тарихын ұлт тағдырынан бөле-жара қарауға болмайды.

ХХ ғасырдың басын қазақ халқы өз елі, өз жерінде 90 пайыздан асып жығылар басымдықпен қарсы алғаны тарихтан белгілі. Отарлау саясаты ХІХ ғасырдың өн бойында жүрді дегенмен, дәл ХХ ғасырдағыдай ішімізге дендеп ене қоймаған болатын. Әрине, аттың жалы, түйенің қомында, мылтықтың ұңғысымен жүріп, біздің бабаларымыз отарлауға бірден бас иіп, бағына қойған жоқ. Тағдыры замана қайшысына түскен ел отарлықтың қамытына еркімен көнді деп айту қиын. Не Батыспен, не Шығыспен болу керек дейтін таңдау тұрды. Әбілқайырдың кезінде де, Абылайдың дәуірінде де, ХІХ ғасырдағы азаттық үшін күрескен Кенесарының тұсында да, тіпті ХХ ғасыр басындағы 16-жылғы ұлт-азаттық көтерілістің басшылары да сол сауалдың жауабын іздеді.

Біз XX ғасырға осындай ауыр халде келдік. Ығыстыру, «тазалау» саясатының ақыры 30 жылғы ұлы нәубетке әкелді. Сол кезеңде Алаштың арыстары ұлт ретінде сақталып қалуды басты мақсат етіп қойды. Ұлтты сақтаудың бірден бір жолы – тілдің, діннің, жердің тұтастығын сақтау, ұлттың мәңгілік сипатын анықтау болды. Алашорда көсемдерінің де, большевиктік партияның құрамында жүрген азаматтардың да (олар да Алаш қайраткерлері) көздегені теңдік болатын. Марксизм-ленинизм идеясы ол кезде тегеурінді болды. Ел бостандыққа, азаттыққа сенді. Дәл осы кезеңде Сәкен Сейфуллин бастаған Алаш арыстары Қазақстан қаламгерлерінің алғашқы ұйымы – Қазақ пролетар жазушыларының ассоциациясын құрды. 1934 жылғы Қазақстан Жазушылар одағы осы ұйым негізінде өмірге келді. Сол пролетаршылардың ұрандарын Сәкен бастаған арыстарымыз өздеріне ыңғайлап, ұлттық мүддеге бұра білді. Сондықтан, ол кезеңге біржақты баға беруге болмайды. Ол тұлғалардың бәрі сол қоғамның түпкі мүддесі мен ұлттық мүддені сәтті үйлестіре отырып, Жазушылар одағын қазақ көркем сөзінің мүддесін қорғауға, сақтап қалуға, айналып келгенде, ұлттық мұраттарды қорғап қалуға жұмылдыра білді.

Әдебиетке байланысты ірілі-ұсақты оқиғалар мен өзгерістердің бәрін осы ұйым атқарып отырды. Әрине, зорлық пен зобалаңның айқай-шуын басынан аз өткерген жоқ. Орыстың ұлы жазушысы Максим Горькийдің басшылығымен тұсауы кесілген Мәскеудің орталық ұйымы мен Қазақстан Жазушылар одағының өмірге қатар келуі жайдан-жай ма?! Бұл тарихи оқиғаның төркінінде екі түрлі мақсат пен екі түрлі мүдденің жатқаны айдан анық еді.

1934 жылдың 12-18 маусымы аралығында ресми түрде өзінің алғашқы ұйымдастыру құрылтайын өткізген Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдық тарихына көз жүгірт­сеңіз, қазақ халқының тағдыры секілді ұйымның да тоталитарлық құрылымның қатал шеңгелінде қалғанын сезесіз. Соған қарамастан, Сәкен Сейфуллин ашып, Ілияс Жансүгіров бірінші хатшы ретінде баяндама жасаған алғашқы құрылтайдан бастап қа­ламгерлер ұйымы өзіне тиесілі тарихи міндет пен миссиясын абы­роймен атқарып келеді. Сол тарихи құрыл­тай­ға Бейімбет Май­лин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ға­бит Мүсірепов, Ғабиден Мұс­та­фин сынды әде­биетіміздің алыптары түгел­ге дерлік қатысқан.

Қаламгерлер ұйымының өмірге келуі баспа ісіне де жан бітірген. Ұйым қасынан әуелі «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз», «Простор» журналдары бірінен соң бірі жарысып тұсауын кесті. Қазір бұл басылымдар Одақ құрылтайшылығымен шығып келеді. Осы қатарда, «Қазақ әдебиеті» газетінің 80 жылдығы да абыроймен аталып өтпек.

– Қазақстан Жазушылар одағын құрған алыптар тобы басқарған кезеңдер несімен ерекшеленді? Қазақ жазушылары сол кездегі аштық, репрессия сынды зобалаңдардың дәуір шындығын ашып көрсете алды ма?

– Айтулы тұлғаларымыздың біразы сол зобалаңдардың ақиқатын тиісті жерлерге жеткізуге, табан тіреп ара түсуге күш салып көргені тарихтан белгілі.. Мысалы, Тұрар Рысқұловтың атақты «Сталинге хаты», Ғабит Мүсіреповтің тікелей қолымен жазылған «Бесеудің хаты»: Тұрар: «Үштің екісіне жуық санымыз аштықтың құрбаны болды. Мен мұны сізге жеткізуім керек», деп жазды Сталинге. Бұл оқиға қалай, немен аяқталғанын, қаншама тегеурінді, текті тұлғаларымыздың басы қатерге тігілгенін тарихтан білеміз. Сәкеннің «Қызыл аты», Жақан Сыздықовтың «Әли қарттың әңгімесі» сынды қадау-қадау шығармаларда шындық айтылды. Бірақ бүкіл әлемді уысында ұстап, дүниені тырп еткізбеуге ұмтылған тоталитарлық жүйенің бетін қайтару мүмкін емес еді.

Сәкеннің баяндамасын қарап отырсақ: «Адамның санасын, жан дүниесін қайта істеп, қайта жасауда жазушылар адам жанының инженері болуы керек», – дейтін тұстары бар. Бұл Горькийдің сөзімен үндес. Бірақ одан артық айтуға Сәкенде мүмкіндік те болған жоқ. Ал Ілияс Жансүгіров: «Мақтанбаған жақсы нәрсе. Біз жазушы болсақ, оқырман жазуымыздан танысын. Жазушыны танытатын кітабы», дейді. Ілияс айтқан проблема әлі күнге күн тәртібінен түспей келе жатқан жоқ па?! ХХ ғасырдың алыптары алып империяның мүддесін ұлттық мүддемен үйлестіре отырып әрекет етті. Ұлттық сипаттарымызды сақтау үшін күресті. Бұл қасиет кейінгі Сәбеңде де, Ғабеңде де, қуғын көріп жүрген Мұхаңның шығармаларында да бар. Олар шамалары келгенше империяға қарсы күресіп бақты. Жазушылар одағы ашық айқасқа шығып кетпегенмен, ішкі қарсылығын көрсетіп бақты. Сол айту, сол қарсылықтардың ақыры немен аяқталды? Жадымызды жаңғыртып көрейікші?! Репрессияның тұсында алғашқылар қатарында кетті емес пе шеттерінен жіпке тізіліп?!

Аштық та, репрессия айналып келгенде, тоталитарлық жүйенің жүргізген әккі іс-әрекетінің зымиян көрінісі. Кәмпескенің төркінінде де ауыл-ауылдағы, жер-жердегі, аймақтардағы ел басшылары мен халық қабағына қарайтын адамдарды сылып алу тұрғаны айдан анық. Ондаған ғасырлар бойы көшпелі өркениеттің бесігі болған киелі қазақ жері иесіз қалды… Елді әлсіретудің, жүдетудің екінші кезеңінен өтіп, жүйе 37-ге келді. Күні кешегі «осы қоғамды қолымызбен құрдық», «әділетті қоғам орнатып жатырмыз» дейтін көсемдердің өзіне ауыз салды. Әуелі Ахаңдар мен Жақаңдар құрыққа ілінді, содан соң 37-38-де Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер ұсталды. Қызыл империяның қазығын қаққан, бұрауын толғаған, шаңырағын көтерген арыстардың өзі бірінен соң бірі айдауға жіберілді, қамалды, із-түзсіз кетті…

 

– Дәл сол қиын жылдар ақиқаты мен көркем әдебиет әлеміндегі ахуалды сіз көз алдыңызға қалай елестетер едіңіз?

– Бәрін де тарих көзімен сараптауымыз керек. Назар салып көріңізші, Одақ басшылары жыл аралатпай ауысып отырған. Ол кезеңді көрген кісілер күні кешеге дейін біздің арамызда өмір сүрді. Оларды біржақты кінәлауға да ауызың бармайды. Империяның таяғы сүйектерінен өтіп, үрей іштеріне біржола қонған адамдар… Ар жағы белгілі… Күні кешегі 86 жылғы Желтоқсанның тұсында да сол ұлттық үреймен қайыра кездестік емес пе?! Үрейді жеңу үшін уақыт керек. Арыстандай айбатты, мұқалмас намыс керек! Жаншылған рухты тірілтетін тұлғалар керек!

Қаламгерлер аштық пен нәубетті қалай жаза алды деген сауалға оралғым келеді… Балғабек Қыдырбекұлының «Алатау» дейтін романы бар. Аталмыш шығарма аштық жөнінде жазылған ақиқаттың кейінгі кезеңдегі алғашқы қарлығашы деп айтуға болатын туындылардың бірі. Содан кейін аштықты өзі көрмесе де, әкесі көрген, қудаланып жүріп Үстірт асып кеткен кешегі ата-бабалар шындығы туралы жазылған Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы. Міне, осылай-осылай сыздықтап шыншыл шығармалар жазыла бастады. Бұл шығармаларда, әсіресе, «Ақ боз үйде» ұлттың осындай қасіреті неге болды, неліктен болды деген концепциялық сауалдар жан-жақты терең қаузалды. Бүгінгі ұрпақ оны білуі керек. Жайық Бектұров ашық жазған мемуарының қолжазбасы үшін түрмеге жабылғанын біреу білсе, біреу білмейді…

Жалпы, «Жазушылар сол кездегі биліктің айтқанынан шықпады» дейтін біржақты бағамен келісуге болмайды. Ұйым ұлт­тың рухани өміріне орасан ықпал еткені де, әдебиеттің көркемдік тұрғыдан оң бағыт алып, өркендеп-өсуіне мол септігін тигізгені де бел­гілі… Ұйым құлағында отырған басшы­лар қажетті жерде билікке тойтарыс та беріп отыр­ған. Жасқанбаған… Ұйым ішінде келісу, келіспеу дейтін әңгіме қай кезде де бол­ған. Жазу­шылар арасында кездесетін ондай мысал­дарды ХІХ-ХХ ғасырлардағы орыс әде­биетінен де, төл әдебиетімізден де ондап кел­тіруге болады… Дегенмен, біздің патриарх­та­рымыздың арасындағы дау-шар әңгімелер прин­ципті мәселелер төңірегінен өрбіген. Олар ұсақталмаған… Кетісе де, келісе де білген.

Ірі тұлғалардың әрекет-қимылдары да ірі болған ғой… Мысалы, «Қилы заманнан» кейін екі жыл түрмеде отырған ұлы Мұхаңның атақты «Ашық хатын» еске алайықшы. 1932 жылы Мұхаң өзінің «Қилы заманынан», «ұлтшыл» деп айып тағылған біраз шығармаларынан неге бас тартты деп ойлайсыз?! Сол бас тартудың арқасында ол өзінің өмірін ғана сақтап қалған жоқ! Ол әдебиетіміздің болашағын да сақтап қалды… «Абай жолы» атты ұлы эпопеяны жазатын ұлы суреткерді де қоса сақтап қалған жоқ па?! Ал сол ұлт портретін жасайтын кең тынысты ұлы эпопея жазылмай қалса, қалай болар еді?! Ұлт әдебиетінің тұтас бір дәуірін жоғалтып алмас па едік?! Кемеңгерлік үлгісі дейсіз бе? Данышпандық формуласы дейсіз бе? Мұхаңа қандай теңеу айтсаңыз да жарасып тұрған жоқ па?!

– Соғыстан кейінгі жаңа серпінмен, майданнан ескен жаңа леппен ұлттық әде­биетіміз қандай биіктерге көтеріле алды?

– Мұхтар Әуезов бастаған алыптардан кейін соғыс өртінің ішінен шыққан бір буын келді әдебиетке. Ол кешегі Қасымның тұрғыластары мен өкшелестері. Бұл буын шинелін иығынан тастап үлгермей, окоптан шыққан бетте бірден әдебиетке келді. Біздің рухани өмірімізге қоян-қолтық араласа бастады. Соғыс көрген, өлім көрген, ажалмен бетпе-бет жүздескен буынның поэзиясы да ерекше болды. Бұлардың реалистік-психологиялық сипаттағы прозалық шығармалары да қуатты шыншыл болды.

Мұхаңның өмірден өтерінен сәл бұрын жазған атақты хаты бар ғой: «Әдебиеттің тағды­рын ертең кімдерге тапсыруға болады, қазақтың ертеңгі қабырғалы қаламгерлері кімдер?» дейтін сұраққа жауап бере келіп, әдебиеттің ғана емес, ұлттың да ұлы ұстазы болған ұлы жүрек зор үмітпен – Тахауи Ахтановты, Әбдіжәміл Нұрпейісовті, Сафуан Шаймерденовті, Зейнолла Қабдоловты айтқан… Сол талантты буынға қазақтың көркемсөзін қоса аманаттаған… Жалпы, аға буын алыптарымыз әкелік қамқорлықты кейінгілерге көп жасаған. Ұйымда да, ұйымнан тыс, қарапайым тіршілікте де… Соғыс кезінде де, соғыстан кейінгі кезеңде де Сәбең, Ғабең, Ғабекеңдер сөз өнерінің ұлы мектебін өрістетуге барынша күш салған. Ұлттың өз қазанында қайнап шектелмей, берісі одақтық деңгейде өз орнын табу үшін, әрісі әлемдік дәрежеде бағасын алу үшін, аударма дейтін кәсіби өнердің деңгейін көтеруге көп күш салған. Көркем аударма дегеннен шығады, Әуезов қудалауға түсіп, өз ортасынан пана таба алмай жүргенде орыс жазушыларының араша түскенін қалай ұмытуға болады. Шығармалары әуелі орыс тіліне, сонан соң француз, ағылшын, қытай, араб тілдеріне аударылып, әлемдік мойындау кеңістігіне көтерілген жоқ па?! Негізін Горький, Сәкен, Ілиястар қалаған Жазушылар одағы соған тікелей себепкер болғаны шындық.

– Қазақ әдебиетіне 1960 жылдары тегеурінді, қуатты толқын келіп қосылды. Суреткерлік жаңа сапа, соны көркемдік тәсілдер, әлемдік әдеби үрдістермен үндесу жайы сол кезден бастап айтыла бастаған секілді. Осы орайда не дер едіңіз?

– Түптеп келгенде, әдебиетіміздің тарихында ғана емес, жалпы рухани өміріміздің тарихында өз үні, өз қолтаңбасы бар «алпысыншы» жылғылар қазақ көркем сөзі мен көркем өнеріне ерекше екпін ала келгені ақиқат. Ол туралы көп айтылып, көп жазылған. ХХ ғасырдағы әлем әдебиеті жайлы сөз бола қалса, кешегі классикалық мұраларымызды қайыра жаңғыртқан, іргемізді кеңейтіп, үнімізді асқақтатқан іргелі кезеңдердің, атап айтқанда, Латын Америкасы феномені, Жапонның соғыстан соңғы әдебиеті, батыстың интеллектуалды әдебиеті, т.т. секілді әлемдік көркемсөзге серпін берген, ой мен сөз еркіндігіне қанат бітірген «алпысыншы жылдардың» да аталары ақиқат. Алпысыншы жылғылар дегенде еске Сталиннің әруағымен алысып жүріп, ой мен сөзімізге еркіндік берген Хрущев, Хрущевтың «жылымық кезеңі» еріксіз еске түседі. Осы тұста кешегі халық жауының баласы Айтматов, баяғы Шәмілдің жоғын іздеген Ғамзатов, орыс деревнясының қасіретін жазатын Распутин, орыстың еркін поэзиясына ендеген Евтушенко секілді біздің әдебиетке де сондай тегеурінді буын келді. Олардың өкілдері қазір классиктерге айналды. Олар – кешегі Одақты басқарған Әнуарлар мен Олжастар, Алматы төрінде мүсін боп тұрған Мұқағалилар, арамыздан кеткен Қадыр, Тұманбай, Сағи, Жұмекен, Төлеген, Фариза Оңғарсынова, Қалихан Ысқақов, Сәкен Жүнісов, Сайын Мұратбеков, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, Рымғали Нұрғалиев, Дүкенбай Досжанов, Оралхан Бөкей, Ақселеу Сейдімбеков сынды біртуарлар әдебиетімізді биікке көтергені рас… Айта берсек, бұл тізімді жалғай беруге болады. Әрі-беріден соң, Әкім Тарази, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Оразбек Сәрсенбаев, Әнес Сараев, Бексұлтан Нұржекеұлы, Төлен Әбдіков, Кәдірбек Сегізбаев, менің үзеңгілестерім – Сағат, Жарасқан, Кеңшілік, Жұматай, Сайлаубек, Әділбек, арамызда жүрген Күләш, Иранбек, Тынымбай, Смағұлдар да осы алпысыншы жылғылардың соңғы өкілдері емес пе?! Бұл буын – қазақ қоғамында ғана емес, бүкіл әлемде болып жатқан өзгеріс-жаңалықтардың бәрін тереңдете зерттеп, танып, соны қазақтың топырағына әкеп еккен жаңашыл буын. Жазушылар одағы олардың қанаттануына ерекше жағдай жасады… Қаламгерлердің өз ішіндегі айтыс-тартыс қай кезде де болған, бүгін де жоқ емес, ертең жойылып кетеді деп тағы айта алмаймыз. Бірін бірі мойындауы қиын, бірін бірі тануы ауыр суреткерлік мінез тұлғаларға тән. Сондықтан да бұған түсіністікпен қарау керек…

– Жазушылар одағының тарихи ғимараттар санатына жататын қазіргі үйі жайлы аз-кем айтып берсеңіз? Қай жыл, кімнің басшылығы тұсында салынды?

– Бұл елуінші жылдардың басында министрліктердің біріне ыңғайланып салынған ғимарат екен. Берілейін деп жатқан кезде Ғабит Мүсірепов Орталық Комитетке барып өзінің абырой-беделімен Одақ иелігіне алған. Мәдени ескерткіштер қатарына кіретін бұл ғимарат мемлекет қарауында. Бізге дейін де солай болған. Маңдайшасында «1953 жылы салынған» дейтін тақта соның белгісі. Бас ғимаратқа жалғастыра салынған конференц зал – 1973 жылы өткен Азия – Африка жазушылары конференциясы қарсаңында қаланған қосымша ғимарат. Бұл ғимарат Әнуар Әлімжановтың ұйымға басшылық еткен кезеңінде тұрғызылған. Алатау бөктеріндегі Әл-Фараби атындағы Шығармашылық үйіміз Әди Шәріповтің тұсында іргесі қаланған.

Алматы дейтін ұлы шаһардың әр үйі мен көшесі кешегі «алтын дәуір әдебиетінің» көзі секілді. Кейде оңаша кетіп, өзіңмен-өзің қыдырыстай қалсаң, көңілің толқиды. Өткен күндермен жүздесіп, әдебиеттің бағы тасып тұрған дәуірмен тілдескендей, сырласқандай күй кешесің. Алматы – әдебиетіміз бен өнеріміздің, ғылымымыз бен біліміміздің тай қазанын қайнатқан киелі төріміз ғой.

Тоқсаныншы жылдардың ортасында бұл үй де талан-таражға түсіп, «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кете жаздаған. Олай болғанда, Ғабеңдердің аруағының алдында не дер едік?! Ұлт әдебиеті мен ұлт мүддесіне тікелей қатысы бар ұлы төріміз ғой. Сол кешегі алыптар көрген аға буын ақсақалдарымыз, Мұхаңдарды көрген көрегендеріміз қолдады. Көп жыл табандатып отырып, осы үйді, ғимаратты қайтардық. Уыстан шығып бара жатқан үйдің қайтуы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей пәрменімен шешілді. Барша қаламгер қауым Президентке сол қамқорлығы үшін ұдайы алғыс айтып жүреді. Әйтпесе, сол тұста шаңырағы ортасына түсіп, ғимараттарынан айырылып қалған шығармашылық одақтар берісі бізде, әрісі Кеңес Одағы дейтін кеңістікте аз ба?!

– Жазушыларымыз қашанда халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, елдің жырын жырлаған десек, 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» еріксіз ойға оралады. Ядролық сынақтарға деген бүкілхалықтық қарсылық та 1989 жылдың 28 ақпанында осы қасиетті қара шаңырақтан бастау алғаны жадымызда.

– Қай дәуір, қай ғасырда да солай болған… Халықтың мұңын сезініп, қуанышына шаттана алмаған адамның қолына қалам алмағаны жөн. Өзін халықтан, елден биік ұстаған жазушы түптің-түбі халық жадынан сызылады. Жазушының жүрегі де, тілегі де елмен болуы тиіс. Өлмейтін дүниелер сонда туады… Біз – Тәуелсіз елдің азаматтарымыз. Елбасы сөзімен айтқанда, қазақ үшін «Тәуелсіздіктен жоғары құндылық жоқ». Желтоқсан көтерілісі – Тәуелсіздікке келер жолдағы ұлттық болмысымызды айғақтар тарихи сәт. Ерлік пен өрліктің танылған сәті.

Жалпы, қандай жағдайда да елдің ішкі тұтастығын, елдің елдік мінезін сақтап қалу – кез келген азаматтың басты мақсаты болуы керек. Әсіресе, қаламгерлер қауымының. Өйткені, ел тегінде зиялылардың сөзін тыңдайды. Айта білсең, өткізе білсең, жеткізе білсең – тыңдайтын халық бар. Желтоқсан оқиғасында да алаңда жүрген адамдардың көбі жазушылар болды. Мен де сол алаңда бірінші күні де, екінші күні де болдым. Бірінші күні 3 сағаттай, екінші күні 5 сағаттай жүрдім. Көкірегің шерге толып, Жұбан Молдағалиев айтатын, итке таланып жатқан жастарды түнде көріп, айға қарап көкбөрідей ұлыдық. «Бізде қазақта ұлтшылдық жоқ, болған емес. Қазақтан ұлтшылдық іздеу – қараңғы түнде қара мысық іздеумен бірдей», деп Сафуан Шаймерденовтің қасқая қарап тұрып республиканың бірінші басшысына айтқаны есте… Салық Зимановтың тебіреніп отырып ұлт саясатының ашық бұрмаланып жатқандығы жайлы жалыны қалың тарихи сөзін қалай ұмытуға болады?! Жазушылар одағында өткен жиындағы Жұбан Молдағалиевтің өр рухты атақты сөзі ел еңсесін қалай көтеріп еді?! Сол күндерде халық қаламгерлерінен сөз күтті. Кешегі бабалар рухымен жаңа-жаңа қанаттанып, Алаш арыстарымен енді-енді табысуға бет алған жастарға бұл сөздер қатты әсер етті. Біздің арамыздан Сағат Әшімбаев сол желтоқсандықтарға ара түсемін деп не азап көрмеді? Қудалауға да түсті. Оның мәселесі партияның Орталық Комитетінің бюросына дейін барды. Сағаттың өмірден өтуіне бірден-бір себеп болған сол тұстағы озбырлық пен әділетсіздік болды-ау деп ойлаймын… Менің мәселем де Романов басқаратын қалалық партия комитетінің бюросында қаралып, «жазаға тарту керек» дейтін нұсқауға ілінген адаммын. Сонда бәрімізге тағылған айыптың басы «ұлтшылдық». «Қазақ ұлтшылдығы» дейтін науқанның жұтынып тұрған тұсы… Кейін біздің жазушылардың араласуымен желтоқсаншылардың ақталуына жол ашылған жоқ па?! Менің тоқсаныншы жылдарда мандат алған кездегі бірінші депутаттық сауалым да есік алдында тұрған «Әкеме арашашы болыңызшы!» дейтін кішкентай баланың өтінішінен басталған еді.

ХХ ғасырдағы ұлы тарихи оқиғаның бірі – Елбасы пәрменімен Семей полигонының жабылуы. Әлемдегі үлкен державалар ядролық қаруды бірінен бірі асыра, аласұра жарысып жатқан кезде одан бас тарту – көрегендік, тарихи ерлік. Бұл адамсүйгіштік пен парасаттылықтың нышаны! Президент Жарлыққа қол қойды. Сол оқиғаға дейін қоғамдық пікірді қалыптастырып, мұндай шешімге қадам жасауға бірден-бір себепші болған қозғалыс «Семей-Невада» ғой… Оның басында заманымыздың көрнекті ақыны Олжас Сүлейменов тұрды. Қарап отырсаңыз, Арал қасіреті жөнінде ең алғаш жазған тұлға – жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов. Біздің жазушылар, суреткерлер қоғамдық мәні зор мәселелердің барлығының басы-қасында жүрді, әлі де жүріп келеді.

– Тәуелсіздік жазушыларға не берді? Тәуелсіздік тұсында жазушылар не берді?

– Елбасымыздың Ұлытау төріндегі толғанысы концептуалды түрде ұлтты, ұлттық құндылықтарды сақтау, ұлттық құндылықтарды өрістету, жаһандану жағдайында күресті қалай жүргізу керектігі орайында ойларын ортаға салып айтқан келелі, тағылымы терең әңгіме болды. Әрісі – әлемдегі, берісі Украинадағы ушыққан жағдайлардың тұсында Елбасы ұлтымыз үшін ең басты құндылық Тәуелсіздік дегенді жеріне жеткізіп айтты.

Алтын адам алғаш табылған Алатау бөктері… Киелі Түркістан… Алашқа алтын бесік болған Алтай, Алтын Орданың Сарай­шығы, сол санатта ойып алар өз орны бар Жошының сүйегі жатқан Ұлытау… Киелі төрге Елбасы бекер барған жоқ. Тәуелсіздіктің эйфориясы, романтикасы аяқталып, енді Тәуелсіздік үшін шынайы күрес басталған кезеңге келдік. Бұл – шындық. Тәуелсіздікті тұғырын біржола бекіту үшін біріміздің шынтағымызды біріміз сезініп отырып, күресетін, жұмылатын кезеңге келдік. «Ұлытау сұхбаты» – бүгінгі қазақ елінің тағдырын, тіліміздің, дініміздің, жеріміздің тұтастығына қатысты тереңнен толғап, ұлтты ұйытар, өзін-өзі сақтауға жұмылдырар, мемлекет ретінде бағыт-бағдарымызды анықтауға жетелер келелі тарихи әңгіме.

Президенттің Қазақстанда қазіргі қалыптасып отырған тіл саясаты хақындағы ойлары кім кімді де бейжай қалдырмауы тиіс. Әлем мидай араласқан жаһандану жағ­дайында кез келген ұлт өзін-өзі сақтаудың бірінші құралы – тіл екенін біледі. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде тек Қазақстанда ғана өмір сүре алады. Тіл үшін күрес ақылмен, парасатпен, намыспен, жігермен әрекет етуді керек етеді. Орыс тілі ТМД елдері аумағында ұлтаралық қатынасты қамтамасыз етер тіл болса, ағылшын тілі – әлемдік интеграцияға еркін араласудың жалғыз жолы. Бұл – тарихи қажеттілік. Ағылшын тілі – интернеттің, ақпараттық қатынастың, техниканың, медицинаның қуатты көзі. Әлемнің 70 пайызы ақпараттық қатынас үшін, үйлесім-қимыл үшін пайдаланатын тілден бас тарту бәрінен шет қалу екенін Елбасы жақсы айтты. Ағылшын тілі – әлемдік қатынастың тілі, адамзат көшінің бағыт-бағдарын анықтайтын тіл. Ол көштен қалуға болмайды. Екінші қалай десеңіз де, әлемнің біраз жерінде, кешегі Кеңес Одағы дейтін кеңістікте, өз ішімізде қолданыста жүрген орыс тіліне шек қою, оны шығарып тастау деген сөз кешегі Киевтің жағдайы деген сөз емес пе? Тіл нәзік әлем… Нәзік әлемді бетпақ саясаттың көкпарына салмауымыз керек. Өз басым тілдің де, елдің де ертеңіне сенемін. Тәуелсіздік дәуірінің бізге берген ең басты құндылықтарының бірі де, бірегейі де осы деп ойлаймын. Айналып келгенде, тіл мәселесінде аса ыждаһатты болу – әрқайсымыздың міндетіміз. Қазақстанда жалғыз ғана мемлекеттік тіл бар! Ол туралы Президент кесіп айтты. Ұлытау сұхбатында айтылған жағдайлардың бәрін жазушылар қауымы өзінің ішкі елегіне салу үстінде.

– Әдебиеттің жолы ешқашан жеңіл болмаған. Әсіресе, қазіргідей бәсекелестік даму тізгінін ұстап тұрған кезде әдебиеттің жолы ауырлай бастаған секілді…

– Әдебиеттің жолын ауырлататын «бәсекелестер» қатары көбейіп тұрғаны рас. Біріншісі – интернет. Ол кітаптың шығу жолын кес-кестеп жатыр. Екінші – санаға, сіздің ойлау жүйеңізге тез әсер ететін сұрапыл өнердің бір түрі – киноиндустрия. Үшінші – телеарналар. Бұл «бәсекелестер» көп жағдайда үлкен өнердің жолын жіңішкертіп, ақпараттық сипаттағы бұқаралық мәдениеттің өріс алуына жол ашуда. Әдебиет – таза мәдениетті, Достоевскийдің тілімен айтсақ, «әлемді сақтайтын сұлулықты» уағыздайтын өнер түрі. Көркем әдебиет те, музыка да, живопись те, театр да солай… Бұл – үлкен әңгіменің арқауы. Бізде керемет әдеби туынды неге жоқ? Кешегі Әуезовтің ұлы дүниелері секілді дүниелер бүгін неге жазылмайды деген сияқты әңгімелер жиі айтылды… Бұл сұраққа тиянақты жауап беруді басқа бір жолға қалдырайық. Өйткені, келісетін тұсы да, келіспейтін тұсы да бар. «Жоқ» деп ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Бар! Әдебиет бар. Дегенмен, ойланатын сәттеріміз де жоқ емес… Әдебиетте қазір әлемді саралау, болып жатқан оқиғаларды таразылау жүріп жатыр… Бұл – ақталу емес, ақиқат. Сайып келгенде, әдебиетті ғана емес, жалпы рухани әлемімізді, сол санатта өнер мен ғылымымызда сақтаудың, өрістетудің жаңа жолдарын іздеуіміз керек. Бұл – уақыт тудырып отырған қажеттілік. Көркемдік әлемімізді жетілдіру – дамудың, өрістеудің кепілі. Әдебиет – ұлт ойының айнасы. Әдебиетті сақтай алсақ, ұлтты да сақтай алғанымыз. Ұлтты сақтау, Тәуелсіздікті сақтау – ұрпақ парызы!

– Сонда жазушылықтың парызы тәуелсіздіктің талаптарынан туындау керек деп отырсыз ғой?

– Егер Тәуелсіздік болмаса, еліңде тыныш­тық болмаса рухани кеңістік, жазушылық кәсіп туралы сөз қозғаудың өзі қиын. Біраз уақыт бұрын Мысырдың Жазушылар одағының басшысы бізге келіп, екіжақты келісімдерге қол қойып, екіжақты барыс-келістің құжаттарын құнттаған едік. Ол еліне барған бетте қайыра төңкерістер басталып, саяси құйындар үдеді… Ал ондай саяси дағдарыстан ең бірінші қарапайым халық ұтылады. Сондықтан әралуан саяси мүдделерге жол бермеу үшін өзіміздің ішкі мүддемізді жоғары қоятын, келісімге баратын, бірігіп тізе қосатын, ұлтқа қатер төнетін тұстарда иықтасып тұрысатын, өз мүддесінен ұлт мүддесін жоғары қоятын тұлғалар керек бізге.

Біз – сан ғасыр бойы аттан түспей азаттық үшін алысқан, күндіз-түні тәуелсіздікті Тәңірден тілеген бабалардың ұрпағымыз. Сол ата-бабаларымыз аңсап өткен Азаттықты көзімен көріп, бақытына кенелу біздің маңдайымызға бұйырды. Ендеше батпандай бақыттың қадіріне жету – қасиетті борышымыз. Бұл – баршамызға ортақ ұлы парыз.

Сөз тағдыры мен халық тағдыры қазақ халқы үшін егіз ұғым. Сөз өнері – табыстыратын да, шабыстыратын да ұлы құрал. Ша­быстыру оңай, табыстыру қиын. Дәл қазіргі­дей кезде, сын сағатта сөз өнерінің алдындағы жауапкершілікті әр жазушы ел алдындағы жауапкершілік деп жанжүрегімен сезінуі тиіс.

– Парламенттің жоғары палатасы мінбесінен сенатор ретінде әдебиет пен мәдениетке, оралмандар мәселесіне байланысты бірнеше депутаттық сауал жолдадыңыз. Жазушылар одағының басқарма төрағасының салмағына мандат қаншалықта салмақ қосты?

– Кеңестер заманында мұндай дәстүр болған. Жазушылар одағының төрағасы Жоғарғы Кеңестің депутаты, екінші хатшыларымыз республикадағы Жоғарғы Кеңестің мүшесі болатын. Биліктің есігін еркін ашып кіретін институттың болғаны жөн. Ол қоғамдық өмірдің тағдырына жауап беретіндей, соған жағдай жасайтындай институттар болуы тиіс. Шығармашылық одақтардың қоғамдағы орны бөлек. Жазушылар одағы, Композиторлар одағы, Суретшілер одағы сынды ұйымдар еш елде жоқ болатын, мұны идеологиялық тұтқа ретінде Кеңес Одағы ойлап тапқан. Менің ойымша дұрыс табылған. Кітаптың жарық көруі, таралымы, оқырман проблемасы жоқ үлкен елдер үшін, әсіресе державалық елдер үшін клубтық деңгейдегі бірлестіктер жарасса, жарасар. Ал бізге ол келе қоймасы анық… Бір емес, бірнеше не клуб, не бірлестік пайда болса, онсыз да бөлінуге бейім тұрған ішкі әлсіздігіміз сыр берері күмәнсіз. Ресей, Украина, Грузия, Қырғыз секілді елдердегі Жазушылар одақтарының бөліне-бөліне уақыт атты «бөріге жем болған» пұшайманды халі соның дәлелі. Осыған қол жеткізгісі келіп жүрген әріптестеріміз бар. Қазақ көркем сөзімен, сөз жаратушыларға жағдай жасайтын, мемлекет пен қаламгерлер арасына дәнекер болып байланыс орнататын, әдебиетті әлсіретпей, уақыт талабына сай өрістеп, дамуын қамтамасыз етіп отыратын бір институт керек. Ол – бүгінгі таңдағы уақыт сынынан сүрінбей өтіп келе жатқан бірден-бір құрылым – Жазушылар одағы. Елбасы мені Сенат депутаты етіп тағайындағанда «Оразалинге беріліп отырған бұл мандат – Жазушылар одағының төрағасына беріліп отырған мандат. Жазушылар одағының статусын көтеру үшін жасап отырмыз!» – деген болатын. Сондықтан, бүгін ол мандатқа мен ие болсам, ертең менен кейін келетін жігіттер ие болуы тиіс деп ойлаймын. Өнердің басқа түрлерінен де, ғылым саласынан да тұлғалы азаматтардың Пар­ламентте төбе көрсетіп жүруі – рухани кеңіс­­тігіміздегі ақаулықтардың орнын толтырады.

Қаламақы жөніндегі мәселе – өзінің құқықтық, заңдық шешімін табатын қарсаңда тұр. Бұл мәселе заңдық тұрғыдан біржола өз шешімін тапса, мемлекеттік тапсырыспен шығатын әлеуметтік маңызы зор көркем шығармаларға мардымды қаламақы төленер еді. Ол дегеніңіз оқырманы мен таралымы аз қазақ тілінде шығатын көркем шығармаларға жағдай жасау болар еді. Ағылшын тілінде сіздің сапалы бір кітабыңыз жарық көрсе, қаламгер ретінде жолыңыз ашылады. Әлемнің басым бөлігі сөйлейтін, оқитын тілде кітап шығару – суреткер үшін бақыт қой… Біздегі жағдай бөлек. Сондықтан қаламақы деген мәселе тек жазушыға жасап отырған жағдайды күйттеу емес, әрі-беріден соң, ұлт рухының тіні саналар тілге, сол тілде сөйлейтін елдің сұранысын қамтамасыз етудің іргелі жолы. Мемлекеттің әдебиетке жасап жатқан қамқорлығы.

– 80 жылдың сеңгірлі белесіне көтеріліп отырған қазақ жазушыларының ортақ тойына кімдер қатысады деп күтілуде?

– Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдық мерейтойына өз әріптестерімізден бөлек, алыс-жақын шетелдерден Ганичев Валерий, Кузнецов Феликс (Ресей), Курбанов Рафик (Татарстан), Бикбаев Равиль (Башқұртстан), Ибрахим Улви Явуз, Якуб Омароғлы (Түркия), Анар (Әзербайжан), Рысқұлов Ақбар (Қырғызстан), Мухаммад Али (Өзбекстан), Чергинец Николай (Белоруссия), Мумин Каноат (Тәжікстан) секілді көрнекті ақын-жазушылар келеді деп күтілуде. Рухани өміріміздегі елеулі оқиға болған соң, сөз жоқ, елдегі зиялы қауым мен қоғам қайраткерлері де мерейтойдың мейманы.

Мұндай айтулы жиында ел болып жұмы­лып, бірігіп атқармасақ одақтың иығына едәуір салмақ. Осы орайда мемлекеттік қолдау көрсетіп жатқан Президент Әкімшілігіне, ел Үкіметіне, Алматы, Астана қалаларының әкімдіктеріне, облыс басшыларына, қаржылық құрылымдарға, жекелеген қайырымдылық қорларына, атап айтсам, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басшылығына, «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорына, «Алтын қыран» қорына зор алғысымды айтқым келеді. Мұндай үлкен жиынның өтуі – бірінші кезекте елдегі тыныштық пен қоғамдағы түсіністіктің, барша халықты бір мұратқа жұмылдырып отырған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығы.

Кейінгі кездердегі планетамыздағы болып жатқан қатерлі жағдайлар кім-кімді де ойлантпай қоймайды. Қазір әдебиеттің өріс алуы әлемде қиындап тұрғаны белгілі. Бірақ… «үмітсіз сайтан – ғана». Біз – сенім мен үмітін қанат ете білер жұмырбас пендеміз. Адамды арман алға жетелейді. Сөз – ғаламдағы алғаш жаралған құдіретті күш. Сөзге бақ құсы оралады әлі. Мысалы, театрдан елдің үріккен кезі болды ғой… Қазір ел театрға қайта бара бастады. Пьесаларымыз жүріп жатыр. Зал толып, спектакльдерді сілтідей тынып отырып көреді. Демек, сөз бен тыңдарманның арасында, сахна мен көрерменнің арасындағы жіпсіз байланыс орнап жатыр деген сөз. Бұл драматургия дейтін жанрдың ат үстінде екендігін, театр деген өнердің уақыттың авансценасына қайта келгендігін көрсетеді.

Мұндай қатынас кітап пен оқырман арасында да орныға бастады… Әттең аз таралым­мен шыққан кітап қолбайлау. 2000 дана таралым кімге жетеді? Ауылдағы ағайын­дар­ға қалай, қайтып барады? Өкінішке қарай, мемлекеттік тапсырыспен шыққан аз дүние­ле­ріміз аз ғана кітапханалармен шектеліп отыр.

– Әдебиет – халықпен бірге жасайтын мәңгіліктің кепілі ғой… Мерейтойдан соң да ұлт рухы мен руханиятын өрістетудің жолдарын іздеу – жазушыларға, жазушылар ұйымына уақыт артар міндет екені белгілі. Осы орайда не дер едіңіз?

– Өзің айтпақшы, бұл – әдебиеттің қоғамдағы орны мен сөз өнерінің абырой-беделін қамтамасыз етер жүгі ауыр мін­дет. Жа­зушылар одағының соңғы 2012 жыл­ғы құрылтайына жолдаған аманат – құттық­тауында Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазіргі жаһан­дану жағдайында мемлекеттігімізді нығай­тып, тәуелсіздігімізді баянды етуде қаламгерлерге жүктелетін міндеттер аса зор. Сіздер қалың оқырман қауымды әрдай­ым ортақ мақсат жолына бағыттап, елдік мүддеге жұмылдыратын ұлағатты істердің басын­да жүрсіздер. Мемлекеттігімізді нығай­тып, елдігіміздің күш-қуатын арттыруда, тәуел­сіз­ді­гімізді баянды етуде қаламгерлер қауы­мының еңбегі айрықша. Қоғамда қалып­тас­қан келісім мен жарастықты, достық пен тату­лықты шығармаларыңызға арқау етіп, бірлі­гіміздің беки түсуіне үлкен үлес қосып келесіздер.

Алдағы уақытта да тәуелсіздік тұғырын нықтап, ұлттық болмысымызды танытуда сөз өнеріне жүктелер міндет еселене түспек. Руханияттың шырақшысы саналар қалам иелерінен халқымыз әркез ойына қанат, бойына қуат, көңіліне шуақ берер жаңа шығармалар күтеді. Әсіресе, қазіргідей күрделі дәуірде туған елімізге уақыт шындығын тереңнен толғаған, замана мінезін бүкіл кескін-келбетімен жарқырата көрсеткен шығармалар керек.

Төл әдебиетіміз келешекте де замана талабына сай елдік мұратты мақсат еткен кең тынысты кемел туындылармен толысады деп сенем» – деп әрі тілек айтты, әрі тапсырма бергені, міндет жүктегені ел есінде. Бұл әсіресе қаламгерлер есінде ғой деп ойлаймын.

Ең басты міндет – жаңа дәуірмен бетпе-бет келіп, жаһандану жағдайында жаңа мемлекет құрып жатқан қазақ халқының болмыс-бітімін танытар, ерлік шежіресін айғақтар, күрескерлік рухын асқақтатар, халқымыздың тағдыр-талайының жауапкершілігін мойнына алып, елін ертеңге бастаған Елбасы айналасына қара орман жұртымызды топтастырар қуатты көркем туындылар жарату.

Ел де, Елбасы да, Уақыт та бізден осыны күтеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Қорғанбек АМАНЖОЛ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320