Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 13168 0 пікір 28 Қазан, 2014 сағат 12:02

АБАЙДЫҢ СОҢҒЫ ӨЛЕҢІ

1978 жылғы 30 қыркүйекте Алматы­дан Семейге келіп, Жидебайдағы хакім Абайдың әдеби-мемориалдық музейіне бармақшы болдым. Ертеңінде ойлаған жерімізге жетіп, шырақшы шалға жолықтық. Амандасып, жөн сұрасып ата, бабамыз өз заманында мүмкіндігі бола тұра сонау ғажап көрікті Шыңғыстауда тұрмай, мына сайын дала желінің өтіндегі жерді неліктен мекендеді екен, дедім.

Бұл сұраққа шырақшы былай деп жауап берді: «Балам, көресің бе, біз тұр­ған жердің терістік пен шығыс жақтары созылып жатқан кең жазық. Мұнда ұзын сабақты шөп пен сары көде өседі, қыста бұл жерде нығыздалған қалың қар болмайды. Оның себебі, жауған қар қатты желдің үрлеуінен қаудырап қалады, кейін жауған көбік қарды да жел сырғытып әкетіп отырады. Осындай жұқалаң келген ала қанат қарда қолда ұстап отыратын ешкі, қой, сиыр, жылқы қыс бойы үйдің жанында тебін теуіп жайылып жүреді. Сондықтан жазда қолда ұстайтын осындай малдарға қысқа керекті шөп дайындалмайды. Ал Шыңғыстаудың қары қалың болады. Бұл жер­дің тағы бір қасиеті: көк те ерте шығады».

Осы әңгімеден соң мен ол кісіге: «Баяғы­да аға сұлтан Мұса Шорманов та Баянауыл тауынан 90 шақырым қашық­тықтағы Ақкелін деп аталатын қыраттың бауырындағы жер бедері мен шөптері де дәл осындай жерде алты бөлмелі ағаш үйде тұрыпты», дегенімде ол: «Япыр-ай, балам-ай, сен Баянауылдан екенсің ғой», – деп маған ілтипатпен қарады. Айтпақшы, өткен ғасырдың 60-жылдары әкемнің нағашысы, суырыпсалма қарт ақын Жүнісбек Жолдиновтен Мұса Шорманов көрікті Сабындыкөлдің жанында тұрмай, неге даладағы Ақкелін қыраты маңындағы жазықты мекен қылды деп сұрағанымда оның айтқаны да Жидебайдағы ақсақалдың сөзімен сабақтас шығып еді.

Жидебайдағы біз әңгімелескен ақсақалдың аты-жөні Ниязбек Алдажаров еді. Ол сол кезде ақын қыстауындағы музейдің шырақшысы, этнограф, шежіреші, ақынның аталас туысы, бірінші топтағы соғыс мүгедегі болатын. Ниязбек ақсақал сол жолы Шәкәрім Құдайбердіұлының біраз әнін нақышына келтіріп орындап берген еді.

Содан кейін қариямен бірге музейді түгел аралап көріп, кейбір жәдігерлер бойынша түсінік алғанмын. Әртүрлі тақырыпта әңгімелескенмін. Сонда Ниязбек ақсақал маған Абайдың бақилық болар алдында шығарған мынадай өлең жолдары бар деп айтқан еді:

«Күнәйім көп Илаһи,

Кешіре гөр мұнымды.

Барар басқа жерім жоқ,

Ұсындым хаққа мойнымды.

Ата-анам едің қара жер,

Аша гөр енді қойныңды».

Бұл өлең жолдары әзірге ешбір баспа­сөз бетінде жарияланбаған деуге болады. Мұны аузы уәлі, сөзі дуалы Ниязбек секілді инабатты адамның аузынан шыққанын айтқым келеді.

Серік ЖАҚСЫБАЕВ,

Екібастұз қаласының құрметті азаматы.

Павлодар облысы.

"Егемен Қазақстан"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321