Сенбі, 23 Қараша 2024
Елім-ай 5226 0 пікір 18 Қазан, 2014 сағат 02:00

КГБ тарихының қанды беттерінен

КГБ. Тәржімәсіз да түсінікті. Әсіресе, қазаққа («олар үш әріп» деп те айтады). Кеңес өкіметімен бірге жаралған. Жазалаушы орган. Аты өзгере-өзгере (ВЧК, ГРУ, ГПУ, ОГПУ, НКВД, т.б.) соңғы табан тірегені – КГБ (Комитет государственной безопасности). Жақсы жақтарына талас жоқ. Шылауында сенімсіздік, әділетсіздік, сатқындық, қорқыныш, күдік қоса жүргені де ақиқат. Қысастықтары өз алдарынан шығып, атылып кеткен Ягода, Ежов, Берия, Деканозов, Кабулов – бәрі Сталиннің қолшоқпары. Арандату, жала, лаңкестігі (басқаша деу мүмкін емес) шексіз. Олардың қанды тырнағына ілініп, бірлі-жарым аман қалған бейбақтардың өмір-бақи үрейден арыла алмай, жарық дүниеден жалтаңдаумен өткеніне дәлел-айғақ мол. Төменде баяндалатын оқиға солардың бір парасы десе болғандай.

* * *

Медеу мұз айдынына баратын жол­дың бойында (Алматыдан біраз ұзаған соң сол қапталда) партия органдары мен соларға қарасты мекеме басшылары – жылдың төрт мезгілінде бірдей – демалып, тынығатын «Алатау» санаторийі дейтін болды. Таза ауа, тамылжыған та­биғат, ем-домы өзінше, не керектің бәрі бар. Қырым, Кавказдан әлдеқайда артық.

1974 әлде 1975 жылдардың бірі. Жел­тоқсанның басы. Қар қалың. Үскірген аяз. Аспан тұнжыр. Бірақ, «Алатауда» қа­шанда күн жарқырап тұрады. Мен түс әлетінде барғанда да солай екен. Кең аула мұнтаздай. Күрелген – биіктігі кісі бойы – қар бұрыш-бұрышта үйіліп жатыр. Санаторийдің қарсы алдына тоқ­таған машинадан түсіп, есікке қарай аяңдадым. Кіре берістегі табалдырық алдында толық денелі, көздері тікенектей, күлтілдеген бұжыр бет, мойны күжірейген қартаң адам тұр. Басында милықтай киген елтірі малақай, үстінде жағасыз жұқалтаң пальто. Бойы ортадан жоғары. Жасы алпыстан әрі, жетпістен бері секілді.

Неге екенін қайдам, бейтаныс адам маған кірпідей жиырылып, суық жүзбен тіксіне қарады. Қысыңқы көздері өңмен­нен өте тесірейеді. «Немене, жеттің бе?» – деп гүж етті жанынан өте бергенімде. Қалш-қалш етеді. Иектері дір-дір. Жалт қарадым да, үн-түнсіз зып бердім. Ол: «Малғұндар, маған енді түк те істей ал­майсыңдар», – деп қырылдады соңым­нан.

Қабылдау бөлмеге әрең жеттім. Қо­лым қалтырап, құжаттарды зорға толтырдым. «Әлгі кім, мені танитын біреу ме, әлде сырттай өштескен қасқа ма?» деймін берекем қашып. Сүйретіле басып палатаға келдім. Палата жеке кісілік сияқты еді, кірсем біреу отыр. Тани кеттім: шымкенттік Ортай Мұрзин, об­лыстық радионың жауапты қызметкері. Аман-саулықтан кейін бірден: «Ореке, солай да солай, жаңа осында келе жатып, сыртқы есіктің алдында пошымы не совхоз директоры, не партком секретарына ұқсайтын біреуді көрдім. Шопанға да ұқсайды. Қорбиған құжбан қара. Өйте­мін де бүйтемін деп зәре-құтымды ұшыр­ды», – дедім ішімді босатқым келіп.

– Қайдан білейін, – деді ол басын шайқап. – Мен де осы әлгінде, сенің алдыңда келдім. Көрші палатада Ақтаста прокурор боп істейтін Қадыр Мұхам­бетов жатыр. Жанындағы адам бір сағаттан соң кетеді деп еді, енді кеткен де шығар. Мен сонда барайын. Мұнда сәл күте тұр деген соң келгенмін. Қадыр ескі досым, биыл екеуміз бірге демалайық деп келісіп едік.

Сәлден кейін көрші палатадағы Ортайға барып, Қадырмен де таныстым. Шымыр денелі, өткір көзді, қалың шашы бұйралау, қара торы жігіт екен. Сөзі өк­тем, прокурор десе дегендей. Тез шүйір­келесіп, табысқандай болдық. Аузын ашса, жүрегі көрінетін аңқылдақ Ортай мен жаңа танысқан досын: «Бұл әділет полковнигі, жақында генерал болады», – деп көтермелейді. «Бұл КГБ-ны да көрген. Орталық партия комитетінің әкімшілік бөлімінде істеп, Ақтасқа сол жерден барды. Жоғарылау үшін ЦК-да істеу керек екен ғой», – деп те қойды.

– Әй, жетер, – деді Қадыр. – Немене, сен сорлымысың? Ақтасқа талай шақыр­дым. Келмедің. Әлде, келесің бе?

– Обкомға секретарь етсең, неге бармаймын, барамын.

– Қойдық. Шымкентіңде бола бер. Біз барғанда түсетін де үй керек қой.

Сұраса келе Қадырмен бір ауданнан болып шықтық. Төртінші класқа дейін мен туған Келес өңірінде оқып, кейін әкесінің атамекені – Шиелі жаққа қоныс аударғанға ұқсайды.

Осылайша құжбан қараны ұмытып та кеткендей болып едім, бірақ, кешкі тамаққа бара жатқанда дәліздің қақ ортасында алдымнан көкірек кере қасқайып тағы шыға келді. Бұл жолы малақайсыз, басы тақырлау, ақ қырау шалған тұқыл шаштары жылт-жылт етеді. Қарны шер­миіп, етжеңді денесі костюм-шалбарға зорға сыйып тұр. Мойнында күрең галстук. Шойындай бітімі алып та, шалып та жығатын қара дәуден аумайды. Күжірейген мойын, салбыраңқы бұғақ. Жанынан өте берген маған бұл жолы да бурадай буырқанып, ежірейе қарады. Бірдеңе деп күбірлегендей болды. Жылдам өте шықтым да, бұрыштан айнала бере артыма қарасам, сол орнында әлі тұр екен. Арқам тоңазыды. Асханаға қалай кіріп, үстелге қалай отырғаным есімде жоқ.

– Не болды, үрпиіп кетіпсің ғой, – деді үстелде маған қарама-қарсы отырған жігіт.

– Ештеңе, – дей салдым.

Санаторийдің аты – санаторий. Әзіл-қалжың, ойын-сауық. Кешкі тамақтан соң кино, концерт, би. Біреу бильярд, біреу кітапханаға барады, біреу таза ауа жұту үшін тысқа кетеді. Қадыр мен Ортай көбіне палатада болады.

Менің қалауым – кино. Басқалардың да көбі киноға құмбыл. Касса алдындағы иін тірескен жұрт ішінен сымдай тартылып, жұқа қара шаштарын екі айыра жалтыратып тараған сұрғылт жүзді, ашаңдау жігітке көзім түсті. Қатып киінген: сұр пиджак, көк жейде, қызғылт галстук, күрең шалбар, аяқта шетелдік биік өкше туфли. Жасы мен құралпас. Жүзінде жылу жоқ, паң, маңғаз. Ептеп танитыным есіме түсті. Кинорежиссер. Мен білгенде «Қазақфильмде» істеуші еді, қазір «Қазақтелефильмде» болса керек. Бірақ, мына шіреністің себебі ол емес. Айдай сұлу әйелі білдей министрдің білдей орынбасары. Мұнда әйелсіз келгені байқалады. Кинозалға кіре берісте сыпайы сәлемдестік. Қол алысып.

Мені ол да таныды. Ертеректе мен жұмыс істейтін жерге Қуат Әбусейітовтің ассистентімін деп талай келгені бар-тын. Онда қарапайым, елгезек жас жігіт еді. Содан көріп тұрғаным осы.

Түскі тамаққа барар алдында Қадыр:

– Әй, анау жігіт кім? – деді Ортайға одырая қарап. – Оқтау жұтқандай тікірейіп, кіржиеді де отырады ғой. Таңертең де, түсте де, кешке де. Дені сау ма өзінің? Адам деген былай ашық-жарқын болмайтын ба еді?!

Қадырды бірден түсінген Ортай:

– Қарсы алдыңда отыр ғой, сұрамайсың ба? – деді езуіне мысқыл үйіріліп. – Әйтпесе, палатаға шақыр, жақсылап танысасың.

– Өй, кетші, – деген Қадыр сен білесің бе дегендей маған қарады.

– Білемін, – дедім. – Кинорежиссер. Аты-жөні Қостан Махметов. Таяуда түсірген бір-екі фильмі мақталған.

– Бәсе, сол екен ғой, – деді Қадыр мырс етіп. – Аман болсын.

– Ал, мен оны үндеместер ауылынан шығар деп едім, – деді Ортай көздерін сығырайта.

– Жо-жоқ, – деді Қадыр. – Олардан болса білеміз ғой.

– Қусың ғой, – деді Ортай (Қадыр екеуі ылғи шап та шап). – Сен білсең де жасырасың.

Бұл мен келген күннің ертеңіне болған әңгіме. Қадыр мен Ортайдың палатасында. Бұл күні құжбан қара да, кинорежиссер де көрінген жоқ.

– Әй, анауың нағыздың өзі екен ғой, – деді Ортай кешкі астан кейін бір столда отыратын кинорежиссер жөнінде. – Бүгін асханаға киімін үш рет өзгертіп келді. Әйелдер де өйтпейтін шығар.

Қадыр әдеттегідей: Кетші сен! – деді көздерін аларта. – Жұрттың киімінде шатағым не? Айтқандай, сен мана түстіктен ерте кетіп қалдың ғой, сонда ол маған бір сырын айтты. Осында бейтаныс біреу оған қырамын да жоямын деп доңайбат жасайды-мыс. «Шпионсың, тыңшысың, аулақ жүр, әйтпесе, сирағың сынады», – дейді-мыс.

– Сен не дедің? – деді Ортай.

– Не дейін, ауысқан біреу шығар, мән берме дедім. Қорқақ неме ме, жүні жығылып, жасып қалыпты, – деді Қадыр. – Өзім кинорежиссер, әйелім министрдің орынбасары дейді. Байқауымша, қорқып жүрген сияқты.

Менің ішім қылп етті. Кинорежиссер айтқан адамның құжбан қара екенін бірден білдім. Неге екені белгісіз, біртүрлі бойым жеңілдеп, сергігендей болдым. Сөзге араласқан жоқпын.

Санаторийдегі тірлік: түске дейін абыр-сабыр, сауықтыру-емдік шаралар. Түскі тамақ алдында сәл саябыр тауып, тәбет ашар жасау үшін Қадыр мен Ортайдың палатасында бас қосамыз. Бүгін де оны-мұны сөз етіп отырғанда есік кенет сарт ашылып, дал-дұлы шыққан кинорежиссер кіріп келсін.

– Әй, не болды? – деді Қадыр ұшып тұрып.

Біз де аң-таң боп қалдық. Қалш-қалш еткен кинорежис­сер­­дің даусы дірілдеп, жөнді сөйлей алмайды. Түрі адам шошырлық: шашы қобыраған, көзінің алды көкпеңбек, оң қабағы мен ерні жарылған, мұрнынан қан көрінеді. Шалбары ұйпа-тұйпа. Бір қолында қақ бөлінген галстук. Бізге кезек-кезек қарап:

– Жүріңіздерші, коридорға шығыңыздаршы! – дейді жыламсырағандай болып.

– Тезірек жүріңіздерші, куә болыңыздар, әйтпесе, кетіп қалады, қашып кетеді! – деп безілдейді.

Ытып-ытып коридорға шықтық. Айтқандай-ақ, ешкім жоқ, тым-тырыс. Едендегі үш-төрт бүктелген кілем үстінде қағаз, қалам, тарақ, қол орамал секілділер шашылып жатыр. Оларды жылдам жинап алған Ортай кинорежиссерге ұсынып еді, ол қаламды алды да, басқасын атып ұрды. Айналаға алақ-жұлақ қарайды. Тістенеді, басын шайқайды, үһілейді. «Көрдіңіздер ғой, қашып кетті!» – деп ішін басады.

– Міне, ол мені осы жерде соқты, – деді мыж-тыж болған кілемнің орта тұсын нұсқап. – Аңдаусызда бас салды. Әрең құтылдым. Әттең, әттең!.. Енді көрсетемін гадқа!.. Аямаймын!.. Байқамай қалдым, әйтпесе…

– Оның кім екенін білесің бе? – деді Қадыр.

– Білемін… кеше айтып ем ғой… сол!..

– Онда жүр, палатаға барайық. Мұнда көзге түсіп керегі жоқ, кім екенін білсең болды, ешқайда кетпейді, – деп бәріміз бөлмеге кірдік.

Қадыр кинорежиссерге:

– Анда барып жуын, үсті-басыңды түзе, – деді ванна жақты нұсқап.

Онан соң бізге қарап:

– Апырай, неткен адам!? Тапа-тал түсте… Не үшін? Қыжылы болса, былай-ақ айтпай ма? – деді қатқылдау дауыспен.

Қостан жуынып-шайынды, шашын тарады. Палатама барып басқа киімдерімді әкеп бер деген соң, Ортай екеуміз ол тілегін де орындадық. Жаңа киімдерін киіп, жыртылған киімдерін газетке орап, қолтығына қысып алды.

– Міне, енді дұрыс болды, – деді Ортай кинорежиссердің арқасынан қағып. – Ер жігіт не көрмейді, анда-санда өстіп таяқ жеп қойған да теріс емес, – деп шиқ-шиқ күлді.

– Оған көрсетемін, – деді кинорежиссер. – Қазір акт жасайық, қол қоясыздар ғой, солай ма? – деп үшеуміздің бетімізге кезек-кезек қарады. – Куәлікке үш адам жетеді, – деп нығарлап та қойды. – Мұны аяқсыз қалдыруға болмайды. Акт керек!

– Акт қашпайды, – деді Қадыр қабағын щытыңқырап. – Ашуыңды бас. Әуелі болған жағдайды бас дәрігерге барып айт. Қажет болса, көрген-білгенімізді біз де айтамыз. Қалғанын соңынан көре жатамыз, жарай ма? Айтпақшы, әлгі адамның аты-жөні кім дедің?

– К черту, аты-жөнін білмеймін, түрін танимын дедім ғой!..

– Жә, абыржыма. Қазір тамаққа барайық. Онан соң…

Қостан мына түріммен асханаға қалай барамын деместен, бәлкім, келіспесе де, келіскен сыңаймен тұнжыраған күйі шығып кетті. Есік жабылысымен мен бірінші келген күні құжбан қара туралы Ортайға айтқандарымды Қадырға баяндап бердім. «Ендігі кезек менікі емес пе» деген күдігімді де жасырған жоқпын.

– Әй, саспа, бәлкім, Қостан болмағанда сені сабар ма еді, кім білсін, – деді Ортай қуақылана. – Оның көзіне сен де үш әріптің адамы боп көрінгенсің ғой, шамасы. Қостан айнымайды, дәл өзі.

– Бір нәрсені түсінбей отырмын, – дедің Қадыр. – Мұндай жерге анау-мынау адам келмейді. Немене, құжбан қара дедің бе, сен де айтады екенсің, меніңше, ол адамда бір сыр болуы мүмкін. Әліптің артын бағайық. Актіні қоя тұрыңдар.

– Мен оны сыртынан көрдім, – деді Ортай ежірейе. – Құжбан қара десе дегендей. Нағыз қара күштің иесі. Әлгіндей кинорежиссеріңнің үш-төртеуін бір-ақ бүктейтіннің өзі. Сені құдай сақтапты, – деп селк-селк күлді, мені бүйірімнен түртіп қап.

– Жүріңдер, тамаққа барайық, – деді Қадыр.

Қадырдың айтқаны келді. Бас дәрігер Тоқтаған Сұлыбеков құжбан қарамен де, кинорежиссермен де сөйлесіпті. Екеуін мәмілеге келтіріпті. Құжбан қарамен жерлестігі бар ма, немене, жолдамасының құнын төлеп, үн-түнсіз үйіне қайтарып жіберіпті…

Ал, кинорежиссер болса:

– Жұрт қайдан біледі, мен абыройды ойладым, әйеліме сөз келмесін дедім. Гадты санаторийден қудырдым, сол жетеді, – деп міңгірледі Қадырға алғыс айтуға келгенде.

– Оның білгендік бопты, – деді Қадыр нықтаңқырай сөйлеп. – Жалпы, сен түсінігі бар жігіт екенсің! – деп көтермелеп қойды. – У-шудың керегі не?

Сөйтіп, ойда жоқта бұрқ еткен кикілжің «сәтті» аяқталды. Құжбан қараның кім екені де мәлім болды. Қадыр айтқандай, ол тіпті де тегін адам болмай шықты.

Енді соған келейік. Оңтүстік өңірдегі Өзбекстанмен шектес (Ташкентке іргелес, кейін Сарыағашқа қосылған) Келес ауданында соғыстың алдындағы жаппай коллективтендіру кезінде ұйымдасқан 60-70-ке жуық шағын колхоздар болды. Аудан орталығында әр колхоздан бір-екіден келіп оқитын балалар үшін жалғыз орта мектеп бар еді. Әр класс екеуден (параллель) артпайды (осы фактордың өзі-ақ халықтың мүлде жойылып кетуіне шақ қалғанының куәсіндей). Маман мұғалімдер жоққа тән. Кейбір мұғалімдер Алматы мен Шымкенттен бір-екі жылға уақытша келеді (1950-51 оқу жылдарында Алматыдағы Оқу министрлігінен келген Төлеген Мырзатаев бізге математика, әйелі неміс тілінен бір жыл сабақ берген-ді). 1952 жылы Алматыда университет бітірген Сейдемат Батаев пен пединститут бітірген Өзбекәлі Жәнібеков келді. Сейдемат қазақ әдебиеті, Өзбекәлі тарих пен географиядан сабақ берді.

Өзін профессорлар сияқты ұстайтын Сейдемат Батаев отырмайды. Басын шалқайта түрегеп жүріп «лекция» оқиды. «Қазақ әдебиетінде «Қара қасқа атты Қамбар батырдан» басқа жыр-дастандардың бәрі тұл, кедейден шыққан Қамбар батыр ғана халыққа жақын, – дейді сұстана қолдарын сермеп. – Байлардың сойылын соққан зар заман ақындары мен Кенесары-Наурызбайды дәріптеген Есмағамбет Ысмайылов, Қажым Жұмалиев, Ермұхан Бекмаханов, Бек Сүлейменов дейтіндердің әрқайсысы 25 жылға сотталды. Әуелбек Қоңыратбаев, Мұхаметжан Қаратаев жер аударылды. Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов қашып жүр», – деп көздерінен от шаша тепсінеді.

Сталин әшкереленіп, Хрущевтің «жылы­мығы» басталысымен күні кешегі «жау­лар» ақталып, елге оралды. Бір қарағанда, әділдік жеңді. Ал, шындық ше? Қаншама тағдыр бүлініп, қаншама бейкүнә жан жазықсыз жапа шекті, опынды, өкінді, өксіді, тіпті, құрдымға кетті десе болады. Айдаудан қайтқан соң ұзамай бақилық болған Есмағамбет Ысмайылов, Қажым Жұмалиев, Ермұхан Бекмахановтардың (басқалар да аз емес) мезгілсіз қазасы құрдымға кеткен емей не? Қай-қайсысының да бергенінен берері көп, елге, халыққа қажет шын ғалымдар емес пе еді?

Иә, қаншама жүректе жазылмайтын жара, қайғы-қасірет, айықпас мұң, күйініш қалды. Рухани жарымжандық, сенімсіздік, күдік-қорқыныш, нала қалды. Екінің бірін мынау менің соңыма түсіп, ізімді аңдып жүрген КГБ-ның жансызы деген қияли наным-сенім қалды. Сондайлардың бірі жоғарыда біз әңгімелеген – ешқандай совхоз директоры да, партком хатшысы да, аға шопан да емес, керісінше, кезекті (1950-1952) нәубет жылдарында 25 жылға сотталып, аман-сау оралған, басына бұлт үйіріліп, ақырзаман орнаған шақта қасақана озбырлық пен жалаға төзе алмаған орыс әйелі өзін пойыздың астына тастап мерт еткен, халқымыздың аяулы перзенттерінің бірі, әйгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы Бек Сүлейменов еді. Көзіне КГБ-ның тыңшысы болып елестеген (обалы не, өзі де содан аумайтын), қашан көрсең аяғын шірене басып, сықия сызданып жүретін кинорежиссерге тәңірдің тал түсінде арыстандай атылып, еденге аунатып сабаған профессор…

Ой, дүние-ай! Марқұмның иманы жолдас болсын!..

Зәкір АСАБАЕВ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5391