Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
46 - сөз 5707 0 пікір 17 Қазан, 2014 сағат 10:51

«ҚАН МЕН ТЕРДІ» ЖАЗАМЫН ДЕП КЕЛГЕМ

 

Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтқанда «...бір ошақтың басында көзге түспей қордаланып жатқан кішкене бітеу жарадан бүкіл бір халықтың басындағы келеңсіздіктерге соқпақ өрбіткен» Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әңгімесін тыңдауға жүрек ынталы еді. Жылдардың табы қалған келбеттің ар жағында үлкен суреткердің болмысы жатқанын жүрісі, ымы айқындай түсетін сияқты. Кейде жұрт көп айтатын мінезіне салып, дәмеленіп келген сөзімізді ести алмай қаламыз ба деп, жүректің дегбірі қашады. Ұзақтау үнсіздік орнай қалса, бір қауіп келгендей сақсына қалып, үнсіздіктің аяқталуын тілейсің. Сөз қайта басталғанда ғана көңіл орнығатындай.
Алдымен ойланып, айтар сөзін ойында әбден пісіргеннен кейін ғана Әбең әңгімесін бастады. Қарт қаламгердің аузынан шыққан әр сөзді желге ұшырып алғың келмей, ықыласпен тыңдап отырасың. Өзі ойлаған бір кейіпкері жөнінде сөз бастап, сол естеліктің шеңберінде айналасындағы құбылыс, заттың бәрін құр жібермей суреттеп отырады. Естелігінің өзі бір шығарма сияқты қосалқы кейіпкерлерімен, табиғатымен, авторлық баяндауымен өрбиді. «Ол мынандай адам еді» деп мінезін айта салмай, бүтін бір оқиғасын баяндап барып, сол арқылы кейіпкерінің мінезін дәл ашады.
Естелік айтып отырып та өзінің жазушылық әлемінен шықпайтын қарт қаламгер кей сөздерін қайта айтып, әр сөйлемін қағазға тура солай түсіретіндей байыпты сөйлейді. Жазушының көз алдында ғана қалған үзік-үзік суреттер.


 

***

Қалай десек те, сонау заманда көш­пелі­­ліктен отырықшылыққа қоныс тепкен кезде ұлтымыздың сана-сезімінде біраз өзгерістер пайда болды. Әсіресе, осы тұс­та табан тіреп жазатын нәрсе, сол кездер­де ұлттың маңдайалды, санаулы интеллигенциясы үлкен ағартушылық жол­­ға түсті. Берірек көзіқарақты бола бастаған кезде ұлттық мәдениетке ұйыт­қы болған адам Жүргенов болатын. Менің кейін жұрттың бәрі жабыла жазатын Жүргенов жөніндегі әлдеқандай өзімнің түсінігім, ұғымым өте ықшам, аз болатын. Оның Құр­манғазы атындағы ұлттық аспаптар оркестрін құрып, елден өнерпаздарды жинағанын Ахмет Жұбан­овтан естіп-біл­дім. Ахаң бір сөзінде айтқан. Мен ол кез­де жаспын. Шақырып алды. «Біз астанамыз Орынборда аз ғана жыл болғаннан кейін Алматыға қоныс­тан­дық. Сол кезде мен тіптен жаспын. Жүргенов: «Ал, бала, сен халықтан шық­қан домбырашы, күйшілерді жи. Құрман­ғазы атындағы ұлттық оркестр ұйымдас­тырамыз» деді. Сол кісінің тапсырмасымен елді аралап жүріп, өзімнің де құлағым түрік кімдер бар екенін білемін, өнерпаздарды жиып келдім. Казак-орыстың үйінің бір бөлме­сін жалдадық. Тақтамыз жоқ. Екі бөлмені жылытатын жарты шеке пеш болатын. Біздің тақтамыз сол темір пеш. Бор бар. Шү­берек бар. Жерде отырамыз. Жиып алған адамдар­дың бәрінің аяғында саптама етік, басында бөрік, құлақшын. Үстінде күпі. Кешегі ауылда жүрген талапкерлер. Маған қиын түскені – нотамен бір­ге жарыстырып, әліппе үйрету еді. Содан айлар өтті. Әліп­пені біраз үйреніп қалды. Нотаны да игере бастады. Бір күні ойда жоқта үстімізге Жүргенов кіріп келді. Кірген бетте амандасты да: «Ал, ба­ла, енді іске сәт! Қалай жүріп жатыр?» деді. Мен жағдайымды айттым. «Сен ертең азанмен тоғызда маған келші» деді. Басқа түк айтқан жоқ. Ертесі бірден қабылдады. Өзі қарсы алдымда столдың ар жағында отыр. Сосын орнынан тұрып, менің қасыма келіп тоқтады. Мен де қозғала беріп едім, иығымнан басып отырғызды. Түсі сұп-суық: «Сен білесің бе, не істеп жүргеніңді? Кешегі сенің жұмы­сың­да не орындық жоқ, не үстел жоқ. Тақта жоқ. Нота дәптері жоқ. Маған неге айтпадың?» деді. Мен сасқалақтап: «Енді сіз жұмысы көп адамсыз. Мазалағым келген жоқ» дедім. Сонда тіптен даусы қатты шықты. «Әй, сен өзі әлі бала екенсің ғой. Білесің бе, өзіңнің не істеп жүргеніңді? Бірінші рет қазақ халқының тарихында ұлттық аспаптардан құрылған оркестр ұйым­дас­тырып жатсың. Мен болсам, бү­гін наркоммын, ертең басқа біреу келеді. Маған неге кіре алмайсың? Мен уақытша адаммын. Біз мынандай жағдайға саған тек қолғанат, жәрдем беруші адам боламыз. Мұндайды қой. Оркестрдің сауатын ашып, аяғына тұрғызу үшін не жетпейді, не керек? Мына сенің қолыңда түк жоқ. Сен үй­ре­тушісің. Бөлме жалдапсың. Осының бәріне рахмет! Ендігі жерге не керек болса, ең аяғы бор, шүберек керек болса да маған кел. Бар енді кете бер» деді. Наркомды біз тек сыртынан көріп, біліп жүреміз. Ертеңінде тағы жи­нал­дық. Мен келсем әлгі кісілерімнің бәрі түрегеліпті. Жерге отыратын адамдар ғой. Үстел, орындық тұр. Бор, тақта сүрте­тін дені дұрыс шүберек тұр. Нота дәптері, қарын­даш, оны ұштайтын бәкі де бар. Соныменен жұмысымыз жолға қойылды. Содан Жүргеновке баратын болдым. Бұрын­ғыдай емес, қазір мәдени ахуалға көте­ріліп қалдық» деді.

***

Екінші айтқаны: Жүргенов өте демок­рат адам еді. Алғыр. Ол бір кез Тәжік­станда нарком болыпты. Парсы, түрік, тәжік тілдеріне судай. Сонан бізге келді. Қазақстанға. Содан халыққа үкімет кішкене қарай бастады. Сол кезде Алматыда бірінші рет қазақ орта мектебі ашылды. Отыз алтыншы жылы декада болды. Декада кезінде бәрімізде Жүр­ге­нов­тен бастап, ұйқы жоқ, күлкі жоқ. Бұл болмаған жағдай. Өнерімізді Мәскеуде көрсететін болдық. Күләш, Құрманбек, Қанабек бар, бәріміз сонда бардық. Сталин бастаған көсемдер келді. Станиславский, Данченколар қатысты. Сонан «Қыз Жібек» операсында Құрманбек Бекежанды ойнайтын. Төлегенді өлтіріп, Қыз Жібекке келгенде айтатын ариясында:
«Түбінде Қособаның жатып алдым,
Біреуді мергендікпен атып алдым.
Болған соң өзім батыр кімді аяйын,
Өлтіріп Төлегеннің атын алдым», –
деп дауысты көтеретін жерінде демі жетпей қалды. Жетпей қалды да, енді Құре­кең сасып, даусы жетпей бара жатқан соң, «ха-ха-ха» деп күліп, қамшысын бұл­ғап кетті. Қойылым біткеннен кейін Жүр­ге­нов: «масқара қылдың бізді» деді. Құрекең ол да жас сол кезде, қайда кете­рін білмеді. Үлкен әңгіме болды. Ертеңіне біреу «Правданы» алып келді. Станиславский мақала жазыпты. Сонда жаңағы Құрекеңнің «хахалайтын» жерін «какая потресающая жесть, как он торжествовал» деп жазыпты. Біз күйіп-пісіп жүрсек, Станиславский «Правданың» өзінде бізді осылай көтеріп тастады. Құрекең керемет. Алып шықты қиын жерден. Таланттың аты талант. Ана жерде әлдеқандай солист болатын болса, масқара сонда болатын еді. Ал мынау аяқ астынан «қарсыласын Қособада өлтіріп, шалықтап, рухы көтері­ліп, өзін-өзі қайда қоярын білмей келе жат­қанын» сол әрекетімен алып шықты. Станиславский: «передал его торжест­вуюший душу» деп жазыпты.

***

Осы күлетін жерін сақтаған жоқ-ау кейін. Нағыз сақтайтын дүние еді...

***

Академик, жазушы, ҚазПИ-дің кафедра меңгерушісі Қажым Жұмалиевтің мінезін жұрт қатты дейтін. Бейсенбай Кенжебаев, Шалабаевтарды бөлмеде оңаша сабап алатын деп жүретін. Бірде Сәбит айтты: «Соғыстың алды. Медеуде совминнің екі-үш демалыс үйі бар. Соның қарсы бетінде ЦК-ның демалыс үйі. Бас­қа құрылыс жоқ ол кезде. Сосын ақын-жазу­шы­ларға, үлкен әртістерге, оқы­мыс­ты­лар­ға үкімет өзеннің жағасына киіз үй тігіп береді. Бір жолы Қажымның киіз үйі мен менің киіз үйім қатар тігіліпті. Ой, гүрілдеп таудың суы ағып жатыр. Киіз үй­де жатсаң да күрілдеген тау өзенінің даусы естіліп жатады. Құстар да ол кезде көбірек. Олардың өз әндері бар. Көк орай шалғын. Көп жағдайда бұлт жоқ. Ашық аспан. Сонан мен сыртта отырғам, текемет жайғызып. Қажым келді. Майкішең. Мен де сондай. Содан: «Әй, Қажым, осы сені қайратты балуан дейді.(Маған қарады да: «Мен қайраттымын, балуанмын» деді). Сен менімен бел ұстасып көресің бе?» дедім. Ол қаншырдай қатқан. Денелері шып-шымыр, менен әлдеқайда кіші. «Иә, кел, белдесейік» деді. Содан бел ұстасып кеттік. ...Өзі тәсілқой ма, біл­меймін, пәле екен...». Сәбең жығылып қапты. «Тәсілқой ма?» деп сөйтеді. Мұны айтып отырғаным, елу бірінші жылы ЦК КПСС-тен үлкен комиссия келген. Оны басқарып келген генерал-полковник Шейкин деген кісі. Ол кейін ЦК КПСС-те партбөлімнің бастығы болды. Бүкіл кадр қармағында. Ермаханның Кенесары қозғалысын прогрессивті деген кезі. Ілияс Омаровты, Сәбит Мұқановты, Сәт­баевты орнынан алды. Бекмаханов, Жұ­ма­лиев, Қайым Мұқамедханов, тағы бас­қа біраз адам КарЛАГ-та жатты. Сонан бір-екі жылдан кейін бе, Понамаренко, Брежнев келді. Шаяхметовты орнынан алды. Сәтбаевтың орнына техника ғы­лым­дарының кандидаты Қонаев барды. Сәбиттің орнына бойы менен де кіші Жай­мурзин келді. Айқын Нұрқатов былай әзілқой, сықақшыл, әркім жөнінде тым жақ­сы әңгіме айтатын. Менің студент кезім ғой. Ол кезде «Волга» жоқ, «Победа» де­ген машина болатын. Бастықтарға қара емес, көк түс сән. Сосын көк бөрік. Сонда айтады. Мен көшеде келе жатыр едім, тұсымнан қоңыр машина өте берді. Жүрісі аздау. Шопырдың қасында көккүл бас киім киген, жағасы сондай көккүл сырт киім бар бір бала отыр. «Е, мынау бір бастықтың баласы болды ғой» деп ойладым. Сосын одақтың қасына тоқтап еді. Сөйтсем, бастығымыз Жаймурзин түсіп келе жатыр екен дейді. Жақан Сыздықов: «Бастықтарың қай Му­рзин, бала Мурзин, жәй Мурзин» деп әзіл­дейтін. Әдебиеттен хабары шамалы. Бірақ пысық. Зейнолла университетті бітірген. Одақта істейді. Сол жақсы білетін. Сәбең менен Мұхаң шиедей боп жатады. Президиумде. Сонда анау құлағы қалқиып, жалпақ үстелдің ар жағында кеңірдегінен ғана көрініп отырады. Үндемейді. Сәбең сөйлесе Сәбеңе, Мұхаң сөйлесе Мұхаңа қарайды. Бірақ өзі араласпайды. Ең соңында екеуі қызыл­кеңірдек болғаннан кейін, қайсы­ның сөзі логикаға жақын, сол жағын ұстайтын дейтін. Сондай шегедей мықты кісі еді.
КарЛАГ-қа кеткендердің бәрі босап келді. Бәрі қайтадан орнына отырды. Жаймурзин кетіп, Ғабиден Мұстафин одаққа бастық болды.
Қажым Жұмалиев қайтадан кафедра меңгерушісі болды. Зейнолла екеуіміз бір жүреміз. Солар бас қосқан кеште біра­зы отыр екен. Сонда айтады. Құрсын, қараңғы үйді кім көрген. Бізді апарып бір баракқа түсірді. Екі жүзден астам адам жатамыз. Сонда тамақ ішеміз. Қол­дан жасалған ұзын үстел. Тәрелкелері темір. Зілдей. Тамақты соған құйып береді. Бір пахан бар. Ұзын бойлы, селеу шаш, қы­рық­тың шамасындағы латыш. Сол тамақ келгенде өзінің тамағына тимейді де, ұзын үстелді жағалай жүріп, кейбіреуінің тұсына тоқтай салып, жаңағы тамағынан бір-екі қасық ұрттап, келесіге кетеді. Үн қатуға шама жоқ, қыбыр етпей отырамыз. Сөйтіп өмір сүріп жаттық. Өміріміз өмір емес. Милициядан бұрын қорқатыны­мыз жаңағы пахан. Бір күні түскі тамақ ішіп отырғанбыз. Бәріміз Қажекеңнің төңірегінде отырамыз. Қажекең тамақ ішпей, тәрелкенің екі басын ұстады да, отырып қалды. Біз де Қажекеңе қарап, демімізді ішке тартып отырмыз. Ана пәле үстелді жағалап, аяқ жағына барды. Ішкісі келгеннің алдынан тамағын алып, ауыз тиіп қайтарып береді. Көтеріліп келе жатып, тағы солай. Сосын Қажекең тырп етпей отыр. Қажекеңнің қасына келіп, тоқтап, қасығын алып, еңкейіп, іше бер­ген­де Қажекең атып тұрып, ананың көк желкесінің ілгері жағына қос қолдап қойып қалды. Біз дір-дір ете қалдық. Анау шалқаяқтап кетті. Шалқаяқтап кеткен кезде тағы ұрғанда жалп ете қалды. Сонан серейіп құлаған селдір шаштыны етікпен бастан, денеден тепкіледі. Тұла бойынан сау тамтық қалдырмады. Есінен танып қалды. Екі милиция келіп, сүйреп әкетті. Содан аяқ астынан біздің Қажекең пахан болып шыға келді. Енді біздің де құйрығымыз шошайып, көтеріліп қалдық. Содан бір айдан аса уақыт өткен соң жаңағы шықты. Бұл енді қайтер екен деп едік. Енді қыбыр етпейді. Содан біраз уақыт өткен соң, Қажекеңе келіп, иығына қолын қойып, «молодец» деп кетті.
Қажеке, айналайын!

***

Әбу Сәрсенбаев алпысқа келді. Қа­же­кең мерейтойлық комиссияның төра­ғасы. Мен, Зейнолла, Хамит Ерғалиев, Ғарифолла Құрманғалиев, ҚазПИ-дің доценті, Әбекеңмен бір үйде тұратын Төкен Әбдірахманов, Аманшаев комиссия мүшелеріміз. Ләззат жеңгей, қызы, жеңгесі бар, көп адам болып Әбекеңнің туған жеріне бардық. Бір вагондамыз. Жолда бәрі бар. Индия шайы, қазы-қар­та... Әзіл-қалжың. Сыртта ызғырық жел, суық. Түстен кейін намаздыгерде Гурьевке тоқтады. Біз терезеден көріп отырмыз мектеп оқушылары кернейлетіп күтіп алды. Обкомның бірінші хатшысы, уез­пол­ком­ның төрағасы Құбашев Сағидолла бәрі тайлы-тұяғымен жүр. Бізді рез­иден­цияға түсірді. Төңірегі балшық. Қонақасы берді. Ертеңгісін шықсақ, қар мен жаңбыр аралас жауып тұр. Бәрі етікпен жүр. Біз Гурьев жылы ғой деп жеңіл киініппіз. Тізіліп машиналар тұр. «Волга», «Джип», жеңіл­­деу сары машина тұр екен. Зейнолла ондайы жоқ еді. «Ауылыма келіп, таксиге мінемін бе?!» деді. «Мені ешкім білмейді. Мынаған мен мінейін» дедім. Сосын маған берген машинаға Зейнолла мен Қорқытов отырды. Он бір машина болып жүріп кеттік. Жол езіліп жатыр. Жеңіл машиналар қиқалақтап жүр. Күн суық. Ғарифолла Құрманғалиев ангина болып ауырып қалды. Өзі қара қоңыр адам. Ыстығы отыз сегіз жарым болыпты. Біз отырған машина жып-жылы. Ғари­фол­ланы біздің көлікке әкеп отырғызды. Зейнолла екеуміз артына отырдық. Қорқытов басқа машинаға мінді. Ғарекең денесі қызғанда қаны бетіне шауып, қарақошқыл тартып, қызара түсті. Уфілеп алдыда отыр. Бізде үн жоқ. Бір кезде Ғарекең: «Әй, сендер осы Әміре Қашау­баев­ты көрген жоқсыңдар ғой?» деді. «Жо-жоқ, көрген жоқпыз». «Ой, қандай әнші еді! Франциядан келген кезі ғой. Мен жаспын ол кезде. Егін орағы кезінде Шымкентке жіберді. Колхозшыларға ән айтыңдар деп. Содан түстен кейін бір ауылға келдік. Егіншілер енді келіп жатыр екен. Әр жерде киіз үй тігілген. Біз басқарманың үйіне түстік. Әміре: «Келін, қарағым, шәйіңді тездете бер. Бір шәй-суланып алып, келесі ауылға барып қо­на­мыз. Басқармаға сен шәй ішіп болған­ша адамдарыңды жина. Біз ән айтамыз да кетеміз» деді. «Ойбай, қалай жиям? Ат та жоқ белдеуде. Жұрт әр жерде» деп жатыр. Шәй ішіп алған соң, қолдан жа­сал­ған биік орындық бар екен арқалығы жоқ, соның үстіне шықты да, айқайға бас­ты. «Ағаш аяқ». Ой оны ешкім айта алмайды ғой. Халық өзі жиылып кетті. Біз концерт бердік те келесі ауылға кеттік. Оның «Ағаш аяғы» қандай еді. Оны Манарбек Ержанов та айта алмайды» деді. Зекең сосын бас салды. «Ешкім айта алмайды дедіңіз ғой. Сонда қалай енді шамасы». «Ой, мен де айта алмаймын». «Дегенменен көзіңіз көрді. Құлағыңыз есітті» деп мен де қосылдым. «Қоймадыңдар ғой» деп әнді бастап кетті. Температурасы отыз сегіз жарым. Рахаттанып тыңдап алдық. Ән біткен бойда ангинасын ауырсына бастады. Біраз жүргеннен кейін қайтадан мойнын бұрып: «Әй, осы сендер Иса Байзақовты көрген жоқсыңдар ғой?» деді. «Жо-жоқ, көрген жоқпыз». «Ай, жа­рық­тық, кешірер, мінезі иттің мінезіндей еді. Адам бес минут қасында отыра алмайтын. Бірақ ол домбырасын алып, сахнаға шығып, Исаның желдірмесін айқайлап кеп жібергенде, оның мінезін ұмытып кететінбіз бәріміз. Ой, керемет еді ғой, керемет». Сонан Зейнолла тағы: «Сонда қалай айтатын еді?» деп еді, «қой, оны мен де айта алмаймын» деді. Мен де қосылдым: «Дегенмен...». Екі жақтап көндіріп жатырмыз. «Ойпырмай қой­ма­дыңдар ғой» деп айқайға басты. Тағы кереметтей тыңдап алдық. Тағы күрсілі басталды. Қас қарая Чапаев-Караколо­водский совхозына ма, колхозына ма жеттік. Директоры Сапа Ахтанов, Тахауи­дің туған інісі екен. Енді бізді азанда шық­ты деп хабарлаған. Күн бата келдік. Гурьевтен онша қашық емес. Мал сойған, қуырдақ дайын. Екі самаурын ентігіп тұр. Пешке от жаққан. Ғарекеңнің ыстығы отыз тоғызға жетіп қалыпты. Содан иы­ғына ішік жауып, бөрік кигізіп, екі қабат көрпе төсеп, дәрілеп жатқызып қойдық.
Сонда Ғарекең айтады. «Қазақстан­ның Киевтегі күндері» өтіпті. Украиндар құт­тықтап болғаннан кейін, қазақтардың концертін Иса бастайды. Бастап барған үкімет төрағасы: «Ана жігіттерің сенімсіз, содан көз жазбаңдар. Ішпесін» деп тапсырып қойған. Опера театрына бардық. Бәрі бірінші, екінші қатарға отырады. Иса жоқ. Қайда? Жаңа келе жатқанда бар болған. Ол қайда қазір сахнаға шығу ке­рек. Ал іздеңдер. Табылмаса кімді шы­ға­ра­мыз? Жігіттер жүгіріп кетеді. Кімді шы­ға­рамыз деп отырғанда, басында тақиясы бар, бойы кішілеу жылп етіп жетіп келді. Арақ мүңкіп тұр. «Жоқ, шық­пай­сың сен, ішіп апсың» дейді. Көнгендей болып тұрған. «Казахстан» деп айта бергенде, зып беріп, домбырасын алып, сахнаға шығып кетті. Айғайлап кетті. Құдай-ау, сақтасын. Даусы толқындай ұрып, опера театрының төбесін дүрсіл­де­тіп жатыр. Халық дүрілдеп керемет болды. Құрсын, ол сахнаға шыққанда жын екенін, шайтан екенін білмей қаламыз. Домбырасы да шайтан, өзі де шайтан керемет адамды баурап әкетеді. Әруағы бар еді.

***

Содан институтты бітіріп келген кезім. Отыз мың қарызбын. Баламыз ауырып, мен бір жыл академиялық үзіліс алғам. Баламыз ауылда. Айжан. Соған кеткем. Алматыға келгенде, «Курляндия» қашанғы жұрттың есінде қалады, атақ түк жоқ, қарыздан басқа. Бір үй жалдадық. Әкем­нің кіші інісі соғыста өлген, бала көтерме­ген Сағира жеңгей үйде. Балаларды сол қарады. Алпыс жетінші жылы қайтыс болды.
«Қан мен терді» жазамын деп келгем. Материал іздеу керек. Орынборға, Ук­раина­дағы Николаевскге, Омбының архивіне барамын дегем. Біреуіне де барған жоқпын. Енді Колчак жөнінде... Соның шаруашылық жағын басқарған баронның күнделігінің бірнеше беті менің қолыма түсті. Қалай түскені есімде жоқ. Колчак туралы жалпы түсінік бар. Үш армиясы болған. Оңтүстік армиясын Қазақстанға жіберген. Оны басқарған генерал Белов. Патша заманындағы атақты генералдардың бірі. Мен оны ситуациясына байланысты Чернов деп алдым. Көркем шығармаға көп материал жиюдың керегі жоқ екен. Оның жетегіне еріп, ит болып кетесің. Анау да қызық, мынау да қызық. Менікі жобасы болды. Осыным абырой болды. Соған өкін­беймін.

Жазып алған
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ.

«Қазақ әдебиеті» газеті

Тақырып өзгертіліп алынды. Түпнұсқадағы тақырып: ЖҰБАНОВТЫҢ ЖАДЫНДАҒЫ ЖҮРГЕНОВ, ҒАРИФОЛЛАНЫҢ ӘМІРЕ МЕН ИСАСЫ

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1547
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3341
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6157