ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ «МӘҢГІЛІК ЕЛ»
Елі - ерге, ері - өрге қарайтын жұрттың абыройы мен бет-беделі әманда биік болып, кез келген ортада қаймықпай, ақиқат пен шындықтың жүзіне тура қарап сөз алатыны рас. Бүгінгі дәуір саясаткерлері мемлекеттерді халқының санымен емес, қоғамдағы мәнімен, ертеңге бет түзеген көшінің сәнімен безбендейтін болып жүр. Қазақстан атты кеше ғана кеңестік темірқаптал ішіктің ішінде айтар сөзін жеткізе алмай, абыздық уағызын өткізе алмай, бодандықтың былапыт ботқасымен тірлігін айырып жүрген республиканың бар-жоғы ширек ғасырға жетпейтін мерзім аралығында шығандап алға шығып, әлем жұртының көзіне түсіп, экономикасы мен әлеуметтік саласы, мәдениеті мен әдебиеті қамшы таспасы сынды көркем өрілген өркенді елге айналса, онда айналайын Егемендік пен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың асқаралы еңбегі бар деп түсінген жөн.
Кеңестер Одағы атты алып державаның тігістері бой-бой боп ыдырап, бұрыннан да ақ найзаның ұшы, қалың әскердің күшімен, тәк-тәкпен әрең бас біріктіріп отырған республикалар егемендіктерімен еңірей табысып жатқан ереуіл шақтың алапат қуанышының соңы алапат жоқшылыққа, іле-шала Азиялық қаржы дағдарысына ұласты. Әлем картасындағы егеменді мемлекеттердің қатарын күрт толтырған кешегі күнгі бір көрпені жамылған, коммунизмді іздеп сабылған одақтастарымыздың көпшілігі алақтап, көзінің орнына құлағын көрсетіп қалғаны шындық. Міне, дәл осындай алаөкпе шақта жеке адамның тарихтағы рөлі ерекше болатындығы тайға таңба басқандай дәлелденді. Тәуелсіздікті тек кемеңгер де көреген, сұңғыла саясаткер басшысы бар мемлекеттер ғана сақтай алатынына көз жеткіздік. Ақылдың, сабырдың, тектіліктің заманы туды. Қазақстандықтардың дәл осы бір ескетті кезеңде аса абыржи қоймағаны рас. Неге десеңіз, біз Нұрсұлтан Назарбаев сынды ерімізге қарадық, соған сендік. Ал, ол кісі өз кезегінде жерге емес, өрге көз тікті. Жанарымен тым биіктерді шолды. Заманның да, онда тірлік етіп жатқан адамдардың да, жасалып жатқан қадамдардың да өзгергендігін ол кісі жан дүниесімен сезінді. Жетпіс жыл бойы қалыптасқан қоғамдық формация қағидаларымен тірлік ету, ескірген басқару технологиясымен ғұмыр сүрудің келмеске кеткенін пайымдады. Жер шарының әр қиырындағы дамыған мемлекеттердің жүріп өткен жолдарын зерттеді, тәлім мен тағылым жинады. Ақыл –кеңес алдым деп арланбады, басқа жұрттан іс-тәжірибе жидым деп қорланбады. Міне, солай, аса ірі мемлекеттік істерді жүзеге асыру кезеңі басталып берген.
Басшысы мен қосшысы жұмылған жұмырдық сынды жаңа мемлекетті түп атасы бір Түркиә бастап, қалған әлем жұрты қостап мойындауға мәжбүр болды. Әнұраны көкке шалқыған, Елтаңбасында жұртының салты бар, Көк байрағы көзді шарпыған, салт-дәстүрі имандылық аңқыған жаңағы жас мемлекет енді келіп төл теңгесін әлемдік ақша аламанына қосты да жіберді. Әрине, бұрындары большевизмнің шідерісіне шалынып, сүрініп-қабынып жүрген, аяқ асты тәуелсіздік алған, демократияның не екендігінен хабарсыз жұртты басқару да Елбасыға көп қиындық туғызғаны рас. Ол үшін қос палаталы Парламент құру қажеттілігі туындады. Президенттік басқару жүйесін енгізбесе болмайтынын түсінді. 1995 жылдың желтоқсаны жаңадан шаңырақ көтеріп, өзі би, өзі қожа боп отырған мемлекет жұртының есінде мәңгілікке қалды: дәл осы айда тұңғыш рет парламенттік сайлау өтті. Қос палаталы, тұрақты түрде қызмет атқаратын Парламент шаңырақ көтерді. Бұл мемлекеттік құрылым бүгінгі таңда дос сүйініп, дұшпан күйінетіндей табыстарға қол жеткізуде. Кешегі күні бір табақтан ас алған одақтастарымыздың басым бөлігі, қазіргі тілде ТМД аталатын мемлекеттер біздің тәжірибені көшіріп алып жатса, оны - мұндай маңызды бастаманың авторы Нұрұлтан Назарбаев сынды тұлғаның кемеңгерлігі деп қабылдаған жөн.
XXI ғасыр – саясаттағы қарама-қарсылықтар ғасыры. Әсіресе, бұл төңіректе әлемдегі алпауыт аталатын державалар бір-біріне қырғи қабақ танытып, түймесін түртіп қалса монданақтай жер шарын күл-талқан ететін ядролық қаруларымен сес көрсетісіп, жан алып, жан беріскен шақта әрі жас, әрі тәуелсіздікке жаңа ғана қолы жеткен Қазақстан, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев жер бетіндегі Зұлымдық атаулыға Ізгілік пен Имандылықты қарсы қойды. Атом қаруын шектеуге Үндеу тастады. Әлемде тұңғыш болып ядролық қарудан бас тартты. 1991 жылдың 29-тамызы – жер бетіндегі атом полигондарынан бас тартудың мәре күні. Тағы да Қазақстан, оның бейбіт сүйгіш Елбасы үлгі көрсетті баршаға. Полигон зардаптарынан қасірет шеккен адамдардың зары мен өксігін, шері мен шеменін әлем жұртына жария етті. Бұл – жер бетіндегі тіршілік атаулыға атом зауалы соңғы нүкте қоятын ақтық ғасыр емес, ізгілік үстемдік етер шаттық ғасыры болуға тиіс екендігін әлем қауымдастығына жеткізді. Бар қызығын бейбіт таңнан күтіп отырған жер шарының ізгілікті ниет еткен күллі елдері Имандылық үні саңқылдаған Еуразия кіндігіндегі Қазақстанға жалт қарады.
- Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы – барша қазақстандықтар үшін тарихи оқиға. Біз жарылыстарды тоқтатып қана қоймай, әлемнің ядролық өміріне өзгерістер әкелдік,- деген еді сонда Нұрсұлтан Әбішұлы. Ақиқаты осы. Бүгінгі таңда әлемнің көптеген елдері ядролық қарудан бас тартып жатса, олар Қазақстан басшысына қарыздар.
Міне, Қазақстанның әлемге танылуының бір парасы осындай.
Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына кіруі – үлкен оқиға. Тынысымыз да, өрісіміз де кеңейді, жұмысымыз да, барыс-келісіміз де көбейді. Біздер бүгінгі күні сол әлемдік ұйымдағы 193 елдің 151-імен саяси-экономикалық байланысқа түсіп жатсақ, онда да Тәуелсіздік пен оның авторы Назарбаев сынды тұлғаның терең қолтаңбасы бар. Кеңестік Қазақстанның шетелмен сауда-саттығы ең мықтағанда Монғолиядан қой-ешкі, тоқты-торпақ айдап келумен шектелетін. Егемендік еңсемізді тіктетті, тіземіз бен бүгілген беліміз жазылды. Басыр болған көзіміз ашылды. Қазақстанның Әнұраны әлем сахналарында ойнала бастады. Өткен Лондон Олимпиадасында біздің Әнұранға әлемнің спорт жанкүйерлері әбден бауыр басты: қатарынан 7 мәрте ойналды Шәмшінің «Қазақстаны». Оның біреуін - Шығыстың ортекедей секірген әсем қызы Ольга Рыпакова ойнатты. Соған марқайдық.
Егемендіктің алғашқы таңынан бастап-ақ Елбасының қолға алған шаруаларының бастысы – мемлекетіміздің экономикалық күш-қуатын арттыру, сол арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын орнықтыру болды. Шұғыл түрде экономикалық реформалар қолға алынды, бұрындары түсімізге де кірмеген бағдарламалар пайда болды. Жүрек қан тамырлары қызметін тоқтатқан ауыл шаруашылығын былай қойғанда, кеңестік кезеңнен аманатталған кәсіпорындар мен алып комбинаттардың тынысы тарылып, көкірегіне сырыл араласып, барлық пен жоқтықтың шекарасында жатқанына әбден көзі жеткен Елбасы таңын таңға ұрып, қаржылық қоржыны қомақты инвесторлар іздеді. Тапты да. Бүгінгі күні әлемнің көптеген елдерінің сұранысын қанағаттандырып отырған Шығыс Қазақстандағы Казцинк, ҮМЗ, ТМК сынды алпауыт кәсіпорындарды ажал аузынан алып шыққан бас оташы, медицина тілімен өрнектер болсақ бас кардиохирург та еліміздің Тұңғыш Президенті екендігін ұмытпайық. Қазіргі таңда әлемдегі ең озық технологиялармен жабдықталған зауыттарымыз бен фабрикаларымыз сапасы мен саны қабаттаса өрілген отандық өнімдерді көптеп шығаруда. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында жаназасы шығарылуға шақ қалған Қазақстанның ауылшаруашылығы екінші қайтара тіріліп, қазірде адам танығысыздай түр мен түске ие болды. Еліміздің мал шаруашылығы әлемдік бәсекелестікке төтеп беруді мұрат тұтып, асыл тұқымды мал өсірумен шұғылдануда. Бүгінде қазақтың ұшы қиырсыз даласының ойы мен қырынан Австралия мен Канададан, Англия мен Германиядан, тіпті мұхиттың арғы бетіндегі Америкадан әкелінген тұқымы ерек мал көрсеңіз, таң қалуға орын жоқ. Әдетімізге, тірлік қағидаларымызға айналды ол.
Жеріміз ұшан теңіз. Әлемде жер көлемі жағынан алдыңғы ондықтамыз. Бар-жоғы 17 миллион жұртпен осынау алып кеңістікті игеру де қиын. Уайымға, боркеміктікке салынуға орын жоқ. Оны да қатты ескерткен Елбасы. Сандаған тың Жобаларды игердік. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын шұғыл жүзеге асырдық. Солар арқылы экономикалық өсуі жағынан әлемдегі алдыңғы Елу елдің қатарына еніп отырмыз. Ендігі мұрат – Отыздық құрамына кіру. Кеңестік дәуірдегі аграрлық салалармен ғана шұғылдануға қауқарлы Қазақстанның 20 жыл ішінде дәл осындай жетістіктерге жеткеніне тәубе дей отыра, тағы да Тәуелсіздік пен Тұңғыш Президентімізге бас июге тура келеді.
XXI ғасыр – Еңбек ғасыры. Оны да есімізге Тұңғыш Президентіміз салды. Ол:
- ...Шындықты мойындайық: болашақта - XXI ғасырда тек Еңбек қана барлық қазақстандықтардың әл-ауқатқа және жаңа өмір сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете алады. Мен қазақстандықтардың әлеуметтік жаңғырту саясатына қолдау көрсететініне, оның сыртында оны жүзеге асыруға барынша тікелей және мүдделі түрде атсалысатынына мейлінше сенімдімін,-деген. Сондықтан да ол Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру қажеттілігін алға тартты. Ұлы Абайдың көгентүп философиясы Адам бол деген бір ғана ұғымды насихаттайтын болса, адам боп қалудың басты қағидасы Еңбек екендігін естен шығармайық.
Қазақстан 1991 жылы Тәуелсіздігін жариялады. Одан бері де 22 жылға тарта уақыт өтіпті. Десек те іші-сыртымыз бірдей тәуелсіз ел болдық деп айта аламыз ба? Жоқ, әрине. Тіпті тәуелсіздік шежіресі 300 жылдың төңірегін шаңдатып жүрген Американың өзі әлгіндей тіркесті айтуға құдіретсіз. Тәуелсіздік елдің экономикасы мен әлеуметтік салаларының жаппай дамуы, аса үлкен табыстарға қол жеткізуі арқылы жүзеге асатын созылмалы процесс. Сондықтан, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан бүгінгі барлық тірлік сол тәуелсіздік уығын бекіте түсуге бағытталған шаралар кешені деп түсінген жөн. Өткен күзде өткен «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XV құрылтайында қабылданған Доктрина да сол шараларды толықтыруға келген маңызды құжат. Онда рухани тәуелсіздікке жету жолдары сараланады. Ол дегеніміз - тіліміз бен дініміз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз, өнеріміз бен тарихымыз, салтымыз бен дәстүріміз. Сонымен бірге жаңағы қаузалған ұлттық руханият уықтарын бекітіп, шаңырағын шайқалтпай болашақтың жасыл жағалауына тігетін бүгінгі жастар және олардың ұрпақтары екендігі, сондықтан олардың бүгінгі тірлігін оңалтып, заманауи біліммен қарулануларына мейлінше оңтайлы жағдай жасау, әлеуметтік мәселелерін реттеу жайлары сөз болды. Партияның бұл Доктринасы – ұлттың темірқазығы. Алақұйын замандағы компасы. Ертеңгі ертегі күндеріне жеткізер жол картасы. Осы бір қалың жұрттың елегінен, мың сан көздің сүзгісінен өтіп барып қол қойылған тарихи құжат та Егемендігіміздің шар айнасы. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеліне келген кемеңгерлік кульминациясы!
Міне, біздің Тәуелсіздіктің алғашқы таңынан бастап нысанаға алған Мәңгілік ел идеясына бағытталған сапарымыздың өткен шағы осындай әңгіме шертеді. Ал, оның жаңа парақтары күн сайын емес, сағат сайын тың жаңалықтармен, соны жақсылықтармен толығуда.
Қазақстан үшін күңгірт те көрбілте соқпақты күндер, тар жол, тайғақ кешу жылдары артта қалған сыңайлы. Бүгінде кемеңгер Көшбасшының кемел керуені мәңгілік Бақыт, мәңгілік Ізгілік, мәңгілік Жақсылық атты Жиделібайсынға бағыт алып, аңқылдаған әтір иісті самалға көкірегін сүйгізіп келеді. Көш көркемдігінен көз сүрінеді. Лайым, осы салтанатымыздан, осы қуанышымыздан айыра көрмесе екен бізді!
Түсіпхан Түсіпбеков,
«Нұр Отан» партиясы
Шығыс Қазақстан облыстық филиалы
төрағасының бірінші орынбасары
Abai.kz