ҚАСЫМ АМАНЖОЛ: "ҚЫРЫМ" ЭФИРДЕН АЛЫНЫП ТАСТАЛДЫ
Украинадағы жағдай туралы қазақ журналистері дайындаған алғашқы тәуелсіз ақпарат «ТАҢ» телеарнасынан көрсетілетіні туралы хабарлаған болатынбыз. 18 қыркүйек «ТАҢ» телеарнасы арнайы баспасөз конференциясын өткізіп, Украинадағы жағдай турлы жасалған «Майдан» атты репортаждық фильмнің «Майданнан майданға дейін» атты бірінші бөлімі көрсетілгенін сүйіншілеп, «Қырым» атты екінші бөлімі 1-2 қазан күндері "ТАҢ" телеарнасынан көрсетілетінін хабарлаған еді.
Журналист Қасым Аманжолұлы Facebook-тегі парақшасында: «Қадірлі достар! "Таң" телеарнасынан бүгін және ертең, яғни 1-2 қазанда көрсетілуге жоспарланған Украина тақырыбындағы "Майдан: қазақ журналисінің көзімен" репортаждық фильмі эфирден алынып тасталды. Екі бөлімнен тұратын ("Майданнан майданға дейін" және "Қырым") арнайы тележобаны күткен көрермен қауымнан кешірім өтінемін...», - деп жазды. Фильмнің эфирден алынып тасталуы туралы сұраған Abai.kz тілшісіне Қасым Аманжол: «Мен өз қолымнан келгенінің барлығын жасадым. Белгілі бір себептерге байланысты материал эфирден алынды», - деп қана жауап берді.
Abai.kz