Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Не дейді?! 14258 0 пікір 30 Қыркүйек, 2014 сағат 10:19

Қозы Көрпеш – Баян Сұлу кесенесі тұрған жер енді «Қожағапанов» аталады...

Далбаса десең, даңғой дал болады, демесең – қайнаған қаның басыңа шапшиды: Қазақстан Республикасы Ономастикалық комиссиясының ШҚО бөлімшесі іргесінде аты аңызға айналған Қозы Көрпеш – Баян Cұлу кесенесі тұрған Тарлаулы ауылының атын «Қожағапанов» деп ауыстыруға келісім беріпті. Облыс әкімінің «әйт-бүйт» дегенін екі етпейтін облыс мәслихаты бұл келісімді қолдау жөнінде шешім шығарар болса, махаббаттың қос мұңлығы жатқан жерге тәу етуші жолаушы бұдан былай «Қожағапанов» деген қораш атаулы ауылға бас тірейтін болады...

Бәлкім, «Қожағапанов» емес, «Жұман» аталуы да мүмкін. Қалай болғанда да, екеуі де оңып тұрған жоқ. Жо-жоқ, ол адамның тірісінде оңып-оңбай қалғаны бұл арада сөз емес. Сөзі – махаббаттың мұңлы мекеніне сол екі атаудың екеуі де еншілес бола алмайтыны. Әйтпесе Жұман жарықтықтың атына алабөтен айтар сөз тапшы.

Біріншіден, осының екеуі де Қожағапанов Жұман деген көпшілікке беймағлұм адамның аты-жөні. Сол Тарлаулы ауылының білетін адамдары Қожағапановты кезіндегі кеңестік жүйедегі мал фермасының меңгерушісі болған адам дейді. Саяси тегі – қызыл коммунист. Ал адым аттам жердегі Аягөздің Жұманның жөнінен жұрдай жұрты оны шөп бригадирі болған деп, елден естігенін еміс-еміс еске алады. Ертеңгінің еншілері – жастар жағы «на фига мне сдался» десе: «Оның не!» деген даудың да реті жоқ. Жаны жұмақта жатқыр Жұман мен соғыс жылдары жылқы фермасының меңгерушісі болған, Қызыл әскерге мыңғырған жылқы айдаған Бапи шалды білмедің деп, кімнің жағасынан аласың, ойбай!

Иә, топырағы торқа болғыр ол марқұмның кім болғаны Қозы мен Баяннан қалған ежелгі аңызды жаттап өскен қалың қазаққа қатты қажет болмаса керек-ті. Тіпті Арқаның бір қиырында өсетін «тарлаулы» деген шөптің атын арқаланған ауылдың атауын өл-тіріл өзгерту қажет болса, оны «Қозы мен Баян» ауылы десе, туризмге тәнтілігі қозып тұрған Қазақстан үшін ол бір қотыр атау болар ма еді? Жарасып-ақ кетпес пе?!

Жоқ, оның атауын «Жұман» немесе «Қожағапанов» деп өзгертуге өзеуреп жүргендер олай ойламайды екен. Оларға ел-мен жердің мыңдаған жылдық тарихы мен санаға сіңген танымы емес, әкесінің атын әудем жерге шығару қажет бопты. Ғасырлар қойнауынан шымырлап жеткен тарихы мен киесі кернеп тұрған жерге әкесінің атын беруге бел буған, осы арманы жолында Аягөз ауданы мен Шығыс Қазақстан облысындағы атқамінерлерді тегістей сатып алуға байлығы бар адам – алматылық бәлки кәсіпкер, бәлки банкир Тоқтархан Қожағапанов деген қалталы біреу. Кезінде оның аты-жөні ел президентінің төңірегінен, үкімет үйінің маңынан естіліп жүретін. Мүмкін, сол жүрісі елдің есесіне өтіп кеттіге санай ма екен: қазақтың мұңлы-сырлы тарихына қол сала бастаған секілді. Кейіннен пенсияға кетіп тыныш тапты ма десек, әулиелі жердің әруақтарын мазалап жүрген сияқты ғой...

Екіншіден, мына қызықты қараңыз: алақандай ғана ауылда сол Тоқтарханның әкесі Қожағапанов Жұманның есімімен аталатын Мәдениет үйі, тағы бір көше және анасы – Қожағапан келіні Көшжанның атымен аталатын мешіт үйі бар екен. Ұсақ-түйек шаруашылықта ғана басшы болған адамның аруағын ардақтауға осы аздық ете ме? Енді бүткіл түркі әлемі тәнті болған аңызда аты аталатын қос мұңлықтың жатқан жерін өзгертуге қолқа салудың жөні қайсы? Сол қолқаға Аягөз ауданы мен облыс басшылығының қолқа еттері еріп кетуі көңілге күдік келтіре ме, келтірмей ме? Алматыдан келген біреудің жетегінде кетердей, оның несі өтіп кетті?

Айтпақшы, бұл өзгертуге қарсы өре тұрған Аягөздің ақыл-есті азаматтары сауға сұрап, жан-жаққа қарша боратқан хаттарының бірі ел президентіне де жеткен екен. Онда елбасының есіне салар мынадай уәж бар: «Егер ондай адамдардың бәріне жер-су атауларын үлестіріп берер болсақ, ұлттық рухымыз, тарихи таным-түсінігіміз қайда қалмақ? Өмірден қатардағы қарапайым ғана адам болып өткен әкелеріне қалтасы қалың ұлдары атау бере берер болса, біздің түйсігі терең ел болғанымыз қайсы? Содан да болар, ел ішінде «Атаңның атағы олқы болса, Аягөзге бар» деген мазақ-мәтел пайда болыпты».

Дұп-дұрыс айтылған – «ұлттық рухымыз қайда қалмақ»? Бәлкім, қат-қабат қағаздардың арасынан бұл хат Назарбаевтың назарына ілінбей қалары да хақ: оңай деймісің – жалпақ елдің жаһандық шаруасымен шыр-пыр боп жүрген адамға қиыр жайлаған елдің көди-сөди сөзіне құлақ асар уақыт қайда? Түкпірдегі Тарлаулы түгілі, «қазақ» деген атаудың өзі саясат саудасына әне-міне түсіп кетер қатер тұрғанда, қайдағы бір атауға бола алаңдауға мұршасы қайсы? Аягөздегі наразы жұрт пысықайлар президенттің осы мұршасыздығын пайдаланып кете ме деп қорқады.

Бірақ, менің Ауыт бауырым айтпақшы, «ұлттық рух» мәселесін Назарбаевтың назарына салатын Махмут мырза сияқты ақылманы бар ғой: президентінің мұршасы болмай жатса, Қасымбеков сияқты қосшылары ұлттық мәселеге араша түскені түйірдей теріс қылық болмас еді... Олардың әділетті қиянаттан қорғауы – президентке көмекшілік қызмет қылу ғана емес, азаматтық парыздың бір ғана пұшпағы болса керек.

«Қиянаттан қорғау» демекші, Тарлаулының атауын Қожағапановтың ырқына қарай өзгерту жөнінде ауылда өткен жиынға қатысқан 32 адамның ғана дауысы Ономастикалық комиссияға жолданған өтінішке тігіліпті. Ал бұл ауылда мыңнан астам адам тұратынын, олардың еркі «естен шығып кеткенін» ескерсек, бұны қиянат демеске амал бар ма?

Айтқандайын, ел президентіне жазылған сол хатта тағы бір қызғылықты дерек бар екен: «Үш бірдей министр, медицина ғылымы бойынша дүние жүзіне мәшһүр екі ғылыми-зерттеу институттың ірге тасын қалаған ғалымдар – осы Тарлаулы ауылының перзенттері, – депті хат иелері. – Сөйте тұра, Тарлаулыда солардың бірде-бірінің есімін еншілеген бірде-бір көше жоқ. Ал ферма басқарушысы болған Жұманға бақандай бір ауылдың атын бере салу – нағыз әділетсіздік және жан ауыртар қиянат болады, құрметті Нұреке! Осы әділетсіздікке Сізден басқа араша түсер азамат көре алмай тұрмыз».

Міне, біздің былыққан тірлікте жеткен жеріміз – осы: енді ауылдың атауын адуыннан қорғау үшін, бақандай президентке қиыла хат жазатын жағдайға тап болдық. Әлде бұл елдің әкімдері мен министрлері өз президентін жалпақ ел жаппай боқтасын деп, осының бәрін нақақ жасай ма екен? Әйтпегенде, тарихта таңбасы бар атауға қатысты шәт-шәлекей даудың шиін облыстан шығармай-ақ, Аягөздің төңірегінде тұмшалап тастау жергілікті әкімдерге бұйым боп па?

Енді мына қиянатты қараңыз: Аягөз аудандық мәслихаты бұл өтінішті қабыл алмай тастаған соң, облыстың нұсқауымен мәселе күн тәртібіне қайыра қойылады. Содан небәрі 12 депутаттың тоғызы қарсы болған, біреуі – қалыс қалған, тек екеуі ғана қолын көтерген бірінші шешім өзгеріп сала береді. Мұндай көпе-көрнеу заңсыздыққа аудандық прокурор да пысқырып қарамайды. Сонда мәслихаттың «майысып кетуіне», прокурордың пысқырмауына кім түрткі болуы мүмкін?

Әрине, әкім! Бұл арада әкім дегенде, қала-қала ма – Сапарбаев сопаң етіп шыға келеді. Семейлік қазақтар айтпақшы, «мәселе – касагонда» деген жергілікті жаргон осындайда айтылса керек...

Енді, міне, касагоны қылған қиянатты арқалаған жұрт президентке жата-жалбарына хат жазып отыр (ертеректе шөп шабатын машинаның негізгі бір тетігі «косогон» аталған – Е.Б.). «Біздің осы өтінішімізге демеу болсаңыз, онда бұл Сіздің бүткіл Түркі әлемі алдында, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың аруақтары алдында атқарған тағы бір азаматтық парызыңыз болар еді» деп қиылады қиянаттың құрсауында қамалған хат иелері.

Осындайда жер-су аттауларын өзгертуге байланысты бір мысқыл-мысал еске түседі. Алматыдан сол Аягөзге тартатын иір-иір жолдың Талдықорғаннан асқан тұсында «Қызылащы» деп аталатын бір ауыл бар еді. Сол ауылдың ортасымен тарихтың көз жасындай болып, Қызылащы деген өзен ағады. Қаптаған Қарабұлақ емес – ешкімде жоқ Қызылащы. Тамаша атау! Шамасы, суында бір қышқылтым минерал болған соң, солай аталған шығар.

Сол Қызылащы ауылы бірер жылдың бедерінде «Ж.Балапанов» болып өзгерді. Жол шетіндегі тақтайшада тұп-тура солай жазылып тұр. Білдім – ауыл шаруашылығы саласында еңбек қылған бір академиктің атына беріліпті. Дау жоқ – елге еңбегі сіңсе, берілгені жөн. Бірақ соны «Академик Жұмахан» ауылы деп атаса, есім де, еңбек те еленбей қалар ма еді? Сол жердің бала-шағасы да мақтанып жүрер еді: «Мен – Академик Жұмахан ауылынанмын» деп. Ал «Ж.Балапанов» деген даңғойлық кімнің патриоттығын қоздырар атау дерсіз, тәйірі?...

...Кезінде «Андреевка» деп аталған қазіргі Қабанбай ауылының сыртында көлік күтіп тұрған жолаушыға тоқтасаң: «Қызылащыға дейін ала кетіңізші...» деп өтінеді. Халық қапер қылмаған өзгерту кімге керек – осыған дал-дұл болмай көр?!

Ермұрат БАПИ

«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 33 (2
57) от 18 сентября 2014 г.

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963