Жұма, 22 Қараша 2024
Қазақ жері 11631 0 пікір 29 Қыркүйек, 2014 сағат 17:31

ЖЕЗДІ ҚАЛА АЛПЫСТЫҢ АСҚАРЫНДА

Кеңгірдің етегінде қоныс тепкен қойнауы мысты кенді шаһар Жезқазған сонау XX ғасырдың алғашқы жартысынан бері Қазақ елінің тарихында ойып орын алатын қазыналы шаһарға айналды. Міне, биыл Жезқазғанға 60 жыл толып отыр! Кемеліне келген қазақы орданы мерейлі мерекесімен құттықтап, алыстан ат терлетіп келген қонақтарға жезқазғандықтар тікесінен тік тұрып, қолдан келгенше сый-құрмет көрсетті. Өзге өңірлерден өзіндік өрлігімен өзгешеленетін Жезқазған қаласы бұл жолы келген қонақтарды еңсесін тік көтеріп қарсы алды. Бұрын-соңды келімді-кетімді қонақтар жезқазғандықтардың қонақжайлылығына тамсанғанмен, қаланың сәулетіне аса қатты көңілдері толмайтындығын жасырмайтын еді. Бұл жолы келбеті де, сәулеті де келіскен өндірісті шаһар Жезқазған келушілердің таңдайын қақтырды. Бұл тек бастамасы ғана болды... Мұның бәрі, айналып келгенде, сөзі мен ісі келіскен білікті басшылардың арқасында болып жатыр. Қала басшысы Батырлан Ахметов – Жезқазғанға бөтен емес, осы өңірдің тумасы. Кешеге дейін бүтін елге еңбегі сіңіп келген тәжірибелі әкім бүгінде туған өлкесін түлетуге барын салуда.

Дүбірлі мереке қыркүйектің 18-і күні алыстан ат терлетіп келген меймандарды қарсы алудан басталды. Тойдың шымылдығын ашқан – қос шара.

Мерекенің шымылдығы екі бірдей шарамен ашылды. Оның бірі «Жезқазған – жүрегімнің Астанасы» атты Жезқазған туралы әндердің республикалық байқауы болса, екіншісі – «Жыр арқауы – Жезқазған» тақырыбындағы облыстық ақындар мүшәйрасы. Қос байқауға бақ сынау үшін алпысқа тарта талапкер қатысып, өнерлерімен көрерменді тәнті етті. Сайыс болған соң бірі сүрінеді, бірі оза шабады. Шашасына шаң жұқтырмайтын таланттар бұл жолғы сайыс барысында жиылған жұртты өздерінің киелі топырақтан нәр алып, шежірелі кенді шаһардың ұлағатты ұрпақтары екендіктерін бір айғақтағандай әсерде қалдырды. Бұл күні таңертен басталған қос шара екі күнге ұласты. Үміткерлер кенді, өндірісті Жезқазған шаһарына келген меймандарды осылай ән-жырға бөлеп, шөліркеген көрерменді маржан жырға сусындатты.

«Жезқазған – жүрегімнің Астанасы»

Мерейтойдың алғашқы шымылдығын түрген сазгерлердің республикалық конкурсы болды. Тамаша әсерлі әнмен басталған байқау С.Қожамқұлов атындағы Музыкалық драма театрында өтті. Өткен тамаша байқаудың өкініші де болды. Жезқазған туралы әндер шырқалып жатқан Музыкалық драма театрдың залында көрермен жоқтың қасы. Былайша айтсақ, тыңдар құлақ жоқ. Әнді орындап жатқан да, көрермен болып отырған да – сол орындаушылардың өздері. Арасында бірен-саран журналистер қауымы бар. Бақсақ, бұл шара құдды қазылар алқасына ғана арналған сияқты. Бірақ көрерменнің аздығына қарап жатқан жан жоқ. Әншілер әндерін ортаға салып, жүлделі орынға ие болу үшін айрықша талпыныс жасап, іс-шараны жоғары деңгейде өткізді.

Елена Әбдіқалықова, әнші, байқаудың бас жүлдегері:

– Мен осынау кенді шаһар Жезқазғанды аңсап тұрамын. Осы қалаға жыр арнағым келіп тұрады. Жезқазған – әні мен күйі төгілген өнерлі аймақ. Сондықтан мен де бұл байқауға бағымды сынап, кенді қала жұртшылығын мерейтойларымен құттықтауға келдім.

Сонымен, байқау қорытындысы бойынша, бас жүлдені әнші, сазгер Елена Әбдіқалықова мен жезқазғандық сазгер Ахмедияр Есмұхамедов жұптаса жеңіп алды. Өзге орындарға жезқазғандық жас орындаушылар лайық деп танылды.

«Жыр арқауы – Жезқазған»

Бұл күні осы байқаумен қоса «Сүйікті қалам Жезқазған!» атты театрландырылған музыкалы-хореографиялық композиция қала тұрғындары мен қонақтарына ұсынылды. Тарихы тереңнен бастау алатын Жезқазғанның ерте адамзат дәуірі кезеңінен бастап, бүгінгі өндірісі өрлеген, рухы төрге озған жаңа заманның қала көрінісін суреттеген композиция ерекше ұлттық нақышта орындалып, стадионға жиналған оң мыңға тарта халықтың қуанышын қандырды. Осы шара басталмас бұрын қала әкімі Батырлан Ахметовке сөз беріліп, қала жұртшылығы мен меймандарын құттықтады. «Жезқазған – ерте адамзат дәуірінен бастап мыс өндірудің алтын ордасы. Мысты өңірдің байлығын бүгінде барша әлем жұрты біледі. Ел экономикасының табысты қайнары да Жезқазған байлығымен тікелей байланысты. Жезқазғанға Елбасымыз бірнеше рет ат басын тіреді. Бүгінде моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында кешенді жоспар құрылып, Жезқазғанның дамуы қолға алынатын болды. Сондықтан да баршаңызды мысты өңір, түсті металл экспортының қожасы Жезқазғанның 60 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!» – деді қала басшысы. Құттықтау сөзден кейін Батырлан Ахметов «Жыр арқауы – Жезқазған» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасының қорытындысын ұсынып, жеңімпаздарды марапаттады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыр додасына қатысуға қырықтан астам ақын ниет білдірген. Сонымен, жыр мүшәйрасының қорытындысы бойынша, бас жүлдені филология ғылымдарының кандидаты, ақын Ғазиз Ештанаев иеленді. Бірінші орынды журналист, ақын Ерсін Мұсабеков жеңіп алса, екінші орынға Кенжебай Ахметов лайық деп танылды. Жүлделі үшінші орынды Бағдат Мүбәрак, Тілеген Әділов, Мүсіркеп Сейдахметтер өзара бөлісті.

 

«Сүйікті қалам Жезқазған! Туған күніңмен!»

Қаланың мерейтойы қыркүйектің 20-сы күні ерекше салтанат құрған ақшаңқан киіз үйлер бой көтерген қонағуар ауылда жалғасын тапты. Жезқазған қаласы әкімдігіне құлашын жая созылып жатқан Алаша хан көшесіне ақ отаулар тігілген.  Маңайға көз тастап, таңырқаған бар қонақты мерекелік әуен әуелеген сахна маңайына жетелеп, тойға жиналған халық лег-легімен ән айтылып, күй күмбірлеп, би өрілген сахна маңын да болды. Тойдың шымылдығы құттықтау тілектектердің кезегімен ашылып, кестелі сөзбен айтылар тілек ең әуелі облыс әкімі Н.Әбдібековке берілді. Қойнауы мысты шаһардың тарихын тілге тиек етіп, облысымыздың өнеркәсіптік тірегіне айналған келешегі кемел өңір екенін жеткізіп, барша жезқазғандықты  мерейтойымен құттықтады аймақ басшысы. «Тарихы сонау көне замандардан бастау алатын кенді аймақтың төсінде орналасқан Жезқазған тарихы – Қазақстан өндірісінің, ел дамуының жарқын беттері. Сондықтан әрбір қазақстандық мысты өңірдің тарихына аса зор құрметпен қарайды», – деді облыс әкімі. Сондай-ақ Н.Әбдібеков Жезқазған қаласының өндірісі мен әлеуметтік сала жетістігі жолында қажырлы еңбек еткен қала тұрғындарын марапаттады. Алтынбек Мұқыш, Соловьева Татьяна, Мукуловалар облыс әкімінің Құрмет громоталары мен алғысхаттарын иеленді. Артынша сөз алған «Қазақмыс» корпорациясының басқарушы төрағасы Огай Эдуард жезқазғандықтарды мерейтойымен құттықтап, мысты өңірдің кеншілері мен еңбек ардагерлеріне алғыс айтты. «Қазақмыс» корпорациясы сіздердің халықпен тығыз байланыста. Бұл мереке – баршамыздың мерекеміз. Алғаш бұл корпорация осында келгенде, Жезқазған әлі дамудың сатысына өтпеген, экономикалық құлдыраудың аз-ақ алдында тұрған. Елбасы Н.Назарбаевтың арқасында «Қазақмыс» корпорациясы дамудың даңғыл жолына түсті. Бірлескен шетелдік инвестор келуінің арқасында осындағы мыс комбинаты қуатын арттырып, әлемнің алпауыт еліне мыс кенін экспорттайтын жоғары қуатты корпорацияға айналды», – деді Огай мырза. Одан кейін ҚР Парламенті  Мәжілісінің депутаты Қожахметов Арман мен «Қазақмыс» корпорациясының атқарушы директоры Қырқышов Бахтияр сөз алып, бүгінгі Жезқазғанның жеткен жетістігін, «Жезқазған – Бейнеу» теміржол магистралінің ашылуын тілге тиек етіп, ырысы тасыған, рухы биікке өрлеген аймақ екенін тағы бір дәлелдеді. «Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасадық» деп мәз болысқан жезқазғандықтарға ауыздарынан тастамай айтып жүретін гала-концерт пен лазерлік шоу ұсынды. «Той десе, қу бас домалайды» деп, осы тойды абыроймен өткізу үшін «Қазақмыс» корпорациясы мен Жезқазған қаласының әкімдігі қызу дайындыққа жұмыла кіріскендіктерін дәлелдеп шықты.

 

Алаша хандағы гала-концерт

Жезқазған тарихынан сыр шертетін Алаша хан көшесінің бойында қала қонақтары мен тұрғындары үшін гала-концерт ұйымдастырылды. Жиылған халықтың қарасы да көп болды. Шағын ғана әкімдіктің қарсы бетіндегі Алаша хан көшесінде 40 мың тұрғын қала мерекесін көңілді қуанышпен қарсы алды. Қуатты, әлемде көшбасшы саналатын «Қазақмыс» корпорациясы гала-концертке Қайрат Нұртас, Маржан Арапбаева, Әсел Сәдуақасова, Дильназ Ахмадиева, Әли Оқапов, Қайрат Байекенов және шетелдік «La-Fresca» тобы мен ресейлік «Дискотека Авария» тобын шақырып, тағы бір мәрте жомарттығын танытты. Не болса да, Жезқазғанның абыройын көтеріп, халқының ықыласы мен пейілі жомарт тұрғындар екенін айқындап берген мерейтой ел аузында қалатын думанға ұласты.

Алтынбек Құмырзақұлы

Қарағанды-Жезқазған-Қарағанды

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5318