Жұма, 22 Қараша 2024
Шипагер 11267 0 пікір 23 Қыркүйек, 2014 сағат 17:00

ӨНЕГЕЛІ ӨМІР ИЕСІ ЕДІ...

Елі үшін ерен еңбек етіп халық ықылас-ілтипатына бөленген азаматтар аз емес. Ұлағатты істерімен, қара­пайым да адамгершілік қасиеттерімен  көптің құрметіне ие болған жан­дар әрдайым халық жадында есінде сақталмақ. Осындай шоқтығы биік азаматтардың бірі —  Қарағанды өңіріне сыйлы, Қарқаралы топырағының аяулы перзенті, ақ халатты абзал жан, нағашы жұртымның мақтанышы  — Өмірзақов Нұрбай Әбікенұлы еді. Жуырда нағашы ағамның дүние салғанына қырық күн толмақ.     
Нұрбай Әбікенұлы өмірінің саналы  бөлігін медицина саласына дәрігерлік  қызметке арнады. Мектепті аяқтаған соң Қарқаралы зооветтехникумын бітіріп, кейін  Қарағанды мемлекеттік медицина институтын терапевт мамандығы бойынша тәмамдады. Шахтинск қаласының қалалық емханасынан басталған қажырлы еңбек жолы кейіннен Жамбыл совхозында аурухана меңгерушісі, Медицина бөлімінің басшысы, Ынталы совхозында емхана меңгерушісі қызметіне дейін өрлей өсті. 2006 жылдан ғұмырының соңына дейін Қарағанды қаласының № 2 емханасында жемісті еңбек етіп,  мыңдаған науқастың өмірін сақтап, дертінен айықтырды. Ол барлық сырқатқа бейне бір туысындай қарап, туғанындай көмекке келді. Бұл қызметтің қажырлы еңбек пен үлкен шыдамдылықты талап ететіні белгілі. Өз ісіне жауапты әрі ұқыпты қарайтын, жастайынан тиянақты нағашым әр науқасқа қамқорлық танытып, мейірімін сыйлай білді. Денсаулығын қалпына келтіріп, өмірін сақтағаны үшін мыңдаған науқастың толассыз алғысына бөленді.

Пенденің қамшының сабындай қысқа ғұмырында Нұрбай Әбікенұлы әу бастан өзі үшін емес, өзгелер үшін өмір сүргендей. Әрдайым білім-білігін, жиған-тергенін өз тәжірибесінде қолданып, өзгелердің денсаулығын сауықтырып, оларды бақытты етуге ұмтылды...

Нұрбай Әбікенұлы отбасында да бақытты өмір кешті. Елге үлгі, жұртқа өнеге болатындай тәрбиелі ұл-қыз өсіріп, немере-шөбере сүйген абыройлы ата еді... Енді артында қалған сол саналы ұрпағы ардақты әкесінің,  ал ағайын-туғаны жақын туысының атын қадірлей, ұлағатты ісін жалғастырады деп сенеміз. Салмақты да сабырлы мінезімен, мейірбанды қалпымен қайырлы ғұмыр кешкен Нұрбай ағамыздың бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.
Иманың жаныңа серік болып, сол мейірбанды асыл мінезіңмен жұмақтың төрінен орын алғайсың, Нұрбай аға!

 

Қарындасы Бикен, жиендері Гүлнәр, Нұркен және Еркебұланның атынан

Дидар Амантай

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Мемлекеттік "Дарын" сыйлығының және Қазақстан Меценаттар клубы «Тарлан-Үміт» сыйлығының иегері,

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Бас редакторы

 жазушы, драматург,

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321