Жеке министрлік құрылмайынша, туризм саласы дами ала ма?
Әлем бойынша жер көлемі жағынан алғашқы ондыққа енетін Қазақстанда тарихы бай, батпағы мен емдік суы шипалы орындар мен табиғаты көркем жерлер аз емес. Осыған сай елімізде сауықтық, этникалық, экологиялық, шипажай-сауықтыру, аңшылық секілді түрлі туризм түрлерін ұйымдастыруға болады. Алайда Алланың берген сол несібесін әлемге паш етпек түгілі, өз игілігімізге пайдалана алмай отырғанымыз да жасырын емес. Тіпті соңғы кездері елімізге келер туристердің саны да жылдан-жылға кеміп бара жатқан көрінеді. Табиғаты ғажайып, туристік орталыққа сұранып тұрған аймақтардың табиғаты күннен-күнге ластанып та бара жатыр. Осы орайда отандық туризмнің дамуына не кедергі? Бәлкім, туризм саласының дамымай отырғаны спорт саласымен еншісінің айырылмай, тасада қалуынан шығар?
Әлем бойынша жер көлемі жағынан алғашқы ондыққа енетін Қазақстанда тарихы бай, батпағы мен емдік суы шипалы орындар мен табиғаты көркем жерлер аз емес. Осыған сай елімізде сауықтық, этникалық, экологиялық, шипажай-сауықтыру, аңшылық секілді түрлі туризм түрлерін ұйымдастыруға болады. Алайда Алланың берген сол несібесін әлемге паш етпек түгілі, өз игілігімізге пайдалана алмай отырғанымыз да жасырын емес. Тіпті соңғы кездері елімізге келер туристердің саны да жылдан-жылға кеміп бара жатқан көрінеді. Табиғаты ғажайып, туристік орталыққа сұранып тұрған аймақтардың табиғаты күннен-күнге ластанып та бара жатыр. Осы орайда отандық туризмнің дамуына не кедергі? Бәлкім, туризм саласының дамымай отырғаны спорт саласымен еншісінің айырылмай, тасада қалуынан шығар?
Сыдық-қажы Дәулетов, «Дәулет-Бекет» ЖШС директоры:
ИӘ
– Бізге туризм министрлігі міндетті түрде керек. Қазақ халқының әлемге паш етер тарихи орындары, жәдігерлері, тіпті табиғаты керемет демалуға арналған орындары да жеткілікті. Тек соны одан әрі дамытуды әлі күнге дұрыс жолға қоя алмай келеміз. Мәселен, мен Алматының іргесіндегі Ақши ауылында төрт түлік өсіріп, өнімін дамытумен айналысамын. Алматыға келген туристердің арасында мал мен оның өнімін таңсық көріп бізге келетіндер баршылық. Бірақ соларды бастап алып келетін, жүйелі түрде таныстыратын адам жоқ. Осы уақыттар ішінде бұған жүйелі ұйымдастыру қажет екенін түсіндім. Еліміз бойынша табиғаты, тарихы туристерге сұранып тұрған орындар бар болғанымен, қазақтың байырғы тұрмыс-салтын көрсетер этноауылдар мүлдем жоқ.
Шетелдіктерге біздің зәулім-зәулім үйлерімізден гөрі, байырғы тұрмыс-салтымыз таңсық. Алдағы уақытта Алматы қаласының іргесіндегі Ақши ауылынан қазақ халқының ХІХ ғасырдағы өмірін паш ететін этноауыл тұрғызуды жоспарлап отырмын. Қазақы үйлер тігіп, төрт түлік малдың өнімінен дастарқан жасап, малдың жүні мен мүйізі пайдаланылған бұйымдардан көрме жасап, малдың қасиеттілігін паш етерліктей ауыл тұрғызу жоспарымда бар. Мысалы, бір ғана түйені алсақ, оның сыртқы тұрпатының өзі – шетелдіктер үшін экзотика. Сүтінен шұбат жасалады. Ол – адамның иммунитетін күшейтіп қана қоймай, көптеген ауруларға ем, теңдесі жоқ ұлттық сусын. Еті – тамақ. Ал жүнінен көрпе, төсеніш, белге байлайтын белдік, киім жасауға болады. Тіпті қазір ғарышқа ұшатын ғарышкерлеріміздің киімдеріне түйенің жүні қосылып жүр. Түйе – радиациялық қауіпке бой алдырмайтын мал. Мысалы, радиациялық аймаққа төрт түлік малды бақсаңыз, түйеге радиацияның еш әсері болмайды.
Шетелден келген туристерге төрт түлік малдың осындай қасиеттерін паш ете білсек, малды қолға үйрете білген қазақтардың да аты әлемге жайылар еді.
Тарихи оңтүстіктегі Сауран, Отырар қалаларын, Қожа Ахмет Яссауи, Арыстанбаб, Үкіаша ата, Жылаған ата кесенелерін айтпағанның өзінде, Мойылды мекеніндегі шипажайдың емдік саз батпағына емделушілер, көл жағасына келіп демалушылар көп. Шарбақты ауданындағы Маралды тұзды көлі жаз шыға салысымен-ақ құжынаған халықтың демалатын жабайы демалыс орнына айналады. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқтықтан, соңғы кездері Баянауылдың тастарын түк қоймай тасып, ақша үшін сұлу табиғаттың сынын кетіріп, қопарып әкетіп жатқандардың да саны көбейді. Мұның бәрі – туризмнің жүйелі дамымауынан, жанашыр мекеменің жоқтығынан.
Алайда туризм министрлігі болмай, мұндай шаралардың бір жүйеге түсуі мүмкін емес. Туризм саласында атқарылар тірлік шаш етектен. Тіпті мұнайымызды экспортқа шығармай, осындай қызмет түрімен әлемді жаулап алып отырсақ, қандай ұтымды! Сондықтан осы бастан туризмге қамқор болар министрлік құрып, дамуын қолға алу керек. Қазір туризмді дамытуға «пәленбай қаржы бөлінді» дейді. Бірақ сол қаржылардың сайда – саны, құмда ізі білінбейді.
Алдан Смайыл, депутат
ЖОҚ
– Туризм саласындағы қордаланған шаруаларды реттеу үшін жеке министрлік ашу міндет емес. Тіпті кейбір елдерде басқа саламен біріктірілген де туризм министрлігі жоқ. Бірақ талапқа сай дамып жатыр. Әрі-беріден соң барлық мәселе министрлікке тіреліп тұрған жоқ. Мемлекеттік бюджеттен ақша бөлініп жатыр, тек сол ақшаны тиімді жарата білер бағдарлама қажет. Бөлінген ақшаны еуропалық стандарттық деңгейде пайдалана білер маман қажет. Министрлік болып бөлініп шыққанда да, атқарылар шаруа өзгермейді. Министрлік құрғаннан гөрі, шетелдік іс-тәжірибемен қаруланған мамандардың қажеттілігі жоғары. Себебі бізге мамандардың біліктілігі жетіспейді. Еліміздегі туристік орындардың бағасы да басқа елдермен салыстырғанда жоғары.
Қызмет бағасының жоғары болуына байланысты, жаз шықса, өз еліміздегі демалушылардың өзі Бурабайдан гөрі Ыстықкөлге шұбыруға даяр тұрады. Осыдан келіп «туристер аз» деп шулаймыз. Интернеті, халықаралық байланысы, жайлы қонақүйі мен демалуға қолайлы, жалпы сапалық қызметі жоғары, бағасы төмен туристік орын болса, жұрттар өзі үшін ағылар еді. Былтырғы жылы Туризм және спорт министрлігі елімізде туризм саласын дамыту мақсатында көптеген іс-шаралар атқарды. Елімізде 2007-2011 жылдары туризмді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама жұмыс істейді. Аталған құжаттың негізінде бірқатар мәселе шешімін тауып та жатыр. Мәселен, еліміздегі ұлттық парктер мен табиғи қорықтарды, археологиялық және тарихи ескерткіштерді шетелдіктер тамашалау үшін барлық жағдай жасалу үстінде. 903 туристік ұйым туристердің жақсы жерлерді аралап, ең көрікті, табиғаты әсем жерлермен танысуына барлық жағдай жасайды. Бұдан басқа былтыр елімізде туризм саласын насихаттауда біршама шаралар өткізілді. Дүниежүзілік туристік ұйымның мұрындық болуымен Алматыда Еуропа комиссиясының 45-отырысы өтті. Тағы бір атап өтетін нәрсе, былтыр еліміздің туристік ұйымдары көптеген көрмелерге қатысып, өз жұмыстарын лайықты деңгейде көрсете білді. Еліміздің туризмді насихаттауға қатысты атқарған жұмысы Азия, Австралия және Океания елдері арасында бас жүлдені жеңіп алды. Бұл – еліміздегі туризм саласының дамуына жасалған жағдай. Рас, туризмді ел экономикасының бір саласы деп қарамаудан және осы салаға бейімделген арнайы мамандардың аздығынан, инфрақұрылымдардың әлсіздігінен бұл іске бел шешіп кірісу әлі де баяу жүруде. Бірақ бұлардың барлығы – алдағы уақытта шешілер мәселе. Бұған бола жеке министрлік құру қажет емес. Өйткені жеке министрлікті ұстау үшін де қомақты қаржы керек.
Түйін
Бүгінде дүниежүзі бойынша туризмнен түсетін табыс мұнайдан түсетін табыстан кейін екінші орынды алады. Ал біз әзірге мұнайға иек артып, «туризмге құдай күнімізді қаратпасын» деген кейіпте отырмыз. Алайда туризмді дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Бір кездері қазақтың әсем жерлерін байшыкештердің сатып алғаны да рас. Табиғаты көз жауын алар сатып алған байлықтарын, көлдерін, биік тауларын қалталы байлардың қайтара қоймасы анық. Ал Баянауылдағы демалыс орындарының, салынып жатқан құрылыстардың дені қалталылардың қолында екенін де жасыруға болмас. Бәлкім, Баянауыл туризмі бас жоспарының іске аспай жатқаны да осыдан шығар. Сондықтан туризмді дамытуды тек Туризм және спорт министрлігінің мойнына артып қоймай, табиғатты пайдалану және табиғи ресурстар жөніндегі департамент, құрылыс департаменттері, құқық қорғау орындары бірге жұмыла жұмыс істеуі қажет шығар. Бәлкім, мәселенің бір ұшы жаңадан министрлік ашудан бұрын бөлінген ақшаны тиімді жұмсап, ұқсата білетін кадрда болар?!
Дайындаған Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ
«Алаш айнасы» газеті 27 мамыр 2009 жыл