Сенбі, 23 Қараша 2024
Ауыс-түйіс 3943 0 пікір 9 Тамыз, 2015 сағат 02:00

ЕЛБАСЫ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН - АЛМАТЫДА

Қазақстан Президенті Алматы қаласына жұмыс сапарымен келді. Сапар шеңберінде қалалық мәслихаттың сессиясына қатысты. Сессия барысында Алматы қаласының жаңа әкімі Бауыржан Байбектің кандидатурасы депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Бұл туралы akorda.kz хабарлады. Мемлекет басшысы сондай-ақ, қала активімен кездесіп, жаңа басшыны таныстырды және мегаполистің бұдан әрі даму бағыттарын айқындады. Қазақстан Президенті «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшылығына тағайындалған Ахметжан Есімов Алматы қаласының әкімі лауазымында үлкен жұмыс атқарғанын атап өтті. «Осы уақыт аралығында қала елеулі нәтижелерге қол жеткізді, келбеті өзгерді, барынша икемді әрі жайлы бола түсті. Баспана құрылысы қарқынды жүргізіліп, жаңадан екі аудан пайда болды. Азиада табысты өткізілді, қазіргі кезде Дүниежүзілік студенттер ойынына дайындық жүріп жатыр. Алматыда шағын және орта бизнес екпінді дамуда. Оның үлесі қала экономикасында 30 пайыздан асып, бюджет түсімдерінің үштен екісін қамтамасыз етіп отыр. Бұл – маңызды көрсеткіш», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті атап өткендей, Ахметжан Есімовтің тәжірибесі қазіргі уақытта Астанада ЭКСПО көрмесін ұйымдастыру және өткізу үшін қажет. «ЭКСПО-2017 – біздің болашағымыз. Көрме нысандарының құрылысы – бұл міндеттің тек бір қыры ғана. Оның басқа, әлдеқайда маңызды қыры – мазмұндық толығуы. ЭКСПО-2017 Қазақстанның барлық салада балама энергетиканы дамыту арқылы жаңа технологиялық құрылысқа өтуі үшін серпін беруі тиіс. Ұлттық компанияның басшылығына үкіметпен, барлық өңірлердің әкімдіктерімен іс-қимыл жасайтын, инвестиция және технология тарту үшін әлемнің ондаған елдерімен жұмыс істейтін тәжірибелі адам керек», – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Алматы елдің ірі қаласы ғана емес, экономиканың локомотиві әрі ғылыми-ағартушылық орталық болғандықтан, оны басқару тәжірибелі және креативті кадрды қажет ететініне назар аударды. «Бауыржан Байбек – осындай лауазымға тағайындалып отырған «Болашақ» бағдарламасының бірінші түлегі. Ол сыртқы істер министрлігі жүйесінде, Президент Әкімшілігінде жұмыс істеді, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болды. Қасымда жұмыс істей жүріп, менің қызметімді көрді, бүкіл республикамызды аралады, маңызды сайлау науқандарына қатысты, ал бізді алда парламенттік сайлау күтіп тұр, бұл оңай сынақ емес. Оның қала алдында тұрған міндеттерді елде жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар аясында сіздермен бірлесіп шеше алатынына сенімдімін», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы Алматы қаласының бұдан әрі дамуының негізгі бағыттарын атады. Бірінші кезекте, қаланың ғылыми және кадрлық әлеуетін, оның инвестициялық тартымдылығын пайдалана отырып, инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстарын жандандыру керек. Сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау жұмыстарын мүлде жаңа деңгейге шығару қажет болады. «Алматы ежелден кәсіпкерліктің орталығы болып саналады, сондықтан экономика үшін күрделі кезеңде бизнестің белсенділігін төмендетпей, керісінше ұлғайту үшін мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын қабылдау керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті 2017 жылғы Универсиаданы жоғары деңгейде өткізуді және салынған барлық нысандардың ол өткеннен кейін тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, көлік инфрақұрылымы жетілдіруді қажет етеді, ал онымен экологиялық ахуал да байланысты. «Қалада кептелістер мен көлік тұрақтары мәселесі әлі күнге түбегейлі шешілген жоқ. Жол тораптары салынды, метро іске қосылды, қоғамдық көлікті газға көшіру жүріп жатыр. Мұның бәрі ахуалды айтарлықтай жақсартуға көмектеседі, бұл жұмыстарды жалғастыру керек», – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті тағы бір маңызды бағыт ретінде қаладағы қылмыстық ахуалды жақсарту мәселесін айтты. «Біз Алматыда туризмді дамытуға ниеттіміз, сондықтан қала қауіпсіз әрі өмір сүру үшін жайлы болуы тиіс», – деді Елбасы. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы студенттік орталық болып саналатын мегаполисте ғылым мен білімді одан әрі дамытудың, жастарды жұмысқа орналастыру мәселесін шешудің маңыздылығын айтты. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасындағы күрделі ахуалды еңсеру және оның әрі қарай жүйелі дамуы көп жағдайда Алматының табысты дамуымен байланысты екеніне назар аударды.

 Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385