«ҚҰДАЙДЫҢ САЯЖАЙЫНДА» ТҰРАТЫН ЕЛ. ОЛ ҚАНДАЙ?
Біздің ақ жағалы ұлықтар 2022 жылы Алматы қаласында қысқы Олимипияданы өткізудің қамымен Куала Лумпурде жүр. Биыл 2015, енді екі жылдан соң Астанада ЭКСПО-2017-нің халыққаралық көрмесі өтеді. Теңгенің девальвацияға ұшырағанын білмей қалған бас банкиріміз Қайрат Келімбетов өткенде Қазақстанды Орталық Азиядағы Сингапурге теңеп жіберді. Қала берді, екпінді елу елдің қатарынан озып, озық отыз елдің ортасынан орын алып жатырмыз. Айта берсек, ошундай-ошундай әңгімелер көп бізде. Бірақ, «үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» демекші, жолға шықсаң бітті, көңіл күйің бұзылады, жүйкең жұқарады, жының ұстайды. «Бүйтіп артынып-тартынып автокөлікке аяқ артқанша, үйде «Хабар» мен «Қазақстанды» қараааап жата бересемші» деп күйінесің. Әйткенмен де, жаз мезгілі болған соң, жамбасыңды ағаш орындыққа қажап отыра алмайсың, тыныс тапқың келеді, жан шақырып, демалғың келеді. Сондай тілекпен біз де әнебіркүндері әр тарапты ойлап, қабырғамызбен кеңестік. «Алакөл барайық па?» - «Шірікін, Алакөлге не жетсін?» - «Ай, бірақ жол нашар ғой». – «Иә, жол нашар». Алматыдан Алакөлге апартын жолмен алдыңғы жылдары жүріп өткенбіз. Автокөліктің емес, азаптың жолы. Аз күнгі демалысымызды сол азап жолы аямай тартып алған. Сөйтіп құжырамызға шаршып-шалдығып әрең жеткенбіз. Сондағы жолдың қиындығын ойлап ақыры Ыстықкөлді көрейік деп шештік.
Алакөлдің алажаздайғы қонағы біздің есебімізден кеміп қалмаған шығар, алайда, Қордай мен Шолпан Атаның арасындағы даңғылды басып өткен адамның аңсары жылда Ыстықкөлге ауып, Алакөлдің айдыны (атақ-даңқы) тарыла беруі мүмкін. Неге дейсіз ғой? Біз мына жақта мақтанып, жер көкке сыймай жүргенде қырғыз ағайындар Бішкектен Ыстықкөлге дейінгі 263 шақырым жолды жаңадан жасап, Ыстықкөлден Кегенге тартатын 110 шақырым жолды бітіріп қойыпты. Жол дегеніңіз, несін айтасыз, сайрап жатыр. Осы жолды қырғыздар екі революцияны бастан өткеріп, Бакиев деген улы жылан, тісті бақаны Батьканың еліне (Беларуссияға) қуып жіберген соң қолға алған көрінеді. 2010 жылы басталған жол құрылысы екі-үш жылда аяқталған. Далада бауырын жазып, таулы қыраттардан асып, көкжиекке сіңіп бұлаңытып кете беретін даңғыл жол Ыстықкөлге ғана барып қоймайды, Қытаймен арадағы шекара бекеттеріне дейін созылады.
... Ал, бізде ше? «Қырсық тиген елді көргілерің келсе, Қырғызстанға барыңдар» деп, әуелеп сөйлейтін, әулекі, мақтаншақтар елін де ше? Дәл осындай жол бар ма? Бар. Астанадан Бурабайға дейінгі автобан. Оның өзін Елбасымыз «Боревойда астаналықтар демалысын» дегенді айтып жүріп әрең салдырды. Әйтпесе, ол да жоқ еді.
Алматы мен Қапашағайдың арасындағы қарға адым жердің жолы міне, үш жылдың жүзі айналды, әлі бітер емес. Сонда, біздікі не мақтан? Не есірік? Ненің желігі? Өткенде жаздық, Қазақстанда бір шақырым жол салу үшін 5 миллион доллар жұмсалады екен. Сол 5 миллионның өзі жырмышталып, ұрланып-жырланып құрылыс нысанына әрең жетеді. Кейде жетпей де қалады. Коррупциямен күрескіштер басқаны қоя тұрып жолға шықса бар ғой, түйені түгімен, биені бүгімен жұтқандарды көзінен тізіп тұрып ұстар еді. Неге екені белгісіз, коррупция майданындағы күрескерлер әзірге жол шаруашылығына жолай алмай жүр.
... Осыларды ойлап отырғанымызда автокөлік тізігініндегі қырғыз ағайын Бакиевтің тұсындағы зар-заманды айтып біраз бұрқылдады. Арасында «атаң қоқилап» та кетеді. Бакиев билігі, рас, қырғыз жұртын көп жұтатыпты. Көп қиындық әкеліпті. Билікке басқыншылықпен қол жеткізген Бакиев сол билікті ешкіммен бөліспеудің жолында барын салыпты. Бәскелес болуы ықтимал азаматтарды асып, атқан, көзін құртқан, елден қуған. Баласы мен бауырларын бетімен жіберіп, білгенін жасап, былықтырған. Бакиевтің кезінде сатылмаған нәрсе қалмапты. «Атаң қоқи Бакиев қазақтарға қырғыздың Қарқара жайлауын да сатып жіберді емес пе?», - деп ышқынған қырғыз азаматы мына бір заманауи ырды қойып берді:
Ыр аяқтала бере тізгінші жігіт, есімі – Илгиз: «Ой, байке, сіздер бақыттысыздар ғой, бақыттысыздар ғой», - дей берді.
- Билікке Атамбаев келгелі қалай болды? – деп сұрадым Илгиздан әңгімені қазақ "бақытынан" қырғыз мәселесіне қарай бұрып.
- Жақшы болды, чоң жақшы болды, - деді Илгиз шын пейілімен, - ұрлық тоқтады.
- Міне, - дедім Илгизды осы сөзінен ұстап, - міне, қазақ-қырғыз жағдайында елдің ең үлкен бақыты дегеніміз – осы: ұрлықтың тоқтауы. Сендер бір Бакиевті айтып зарлайсыңдар, ал, бізде бақандай мың Бакиев бар. Сонда қайсысымыз бақыттымыз?
Илгиз үндемей басын шайқай берді.
Әрине, бұдан кейінгі әңгімені әріқарай жалғастыра беруге болады. Бірақ, ол: тойып қайтқан үйдің байлығын тоғыз жыл айтқан тоғышардың сөзіндей бірдеңе болып шығуы мүмкін. Иә, қысқасынан қайырғанда, Ыстықкөлден не көрдік? Тәп-тәуір қызмет түрлерін көрдік. Гүлзарларды, қолдан еккен тоғайларды, айырқалпақты ағайындар салған сән-салтанатты пансионаттарды, Ысық-Көлдің айдынында жүзген ақ кемелерді, Рух Ордасын, Таңбалы тастар мекенін көрдік. Ыстықкөл деп аңқылдап жеткен алыс-жақынның бәрін ақ жарыла қарсы алып жүрген ақ жарқын айыр қалпақты ағайынды көрдік. «Құдайдың саяжайында тұрамыз» деп, әзілдейтін қырғыз туғандардың туризм кластерін дамытуға білек түре кіріскендерін көрдік. «Құдайдың саяжайындағы» халықтың ел билеген ұлықтарына Құдайдың бере бастаған ынсабын байқадық. Соны ойлап тұрып, өзіміздің, қазақ билігінің тойымсыздығы, жалмауыздығы, ынсапсыздығы есімізге түсіп қамықтық...
P.S. Жаратушы Ие бір күндері адамзат баласына жер бөліпті. Кезек қазаққа тигенде, қазекең жел қанатты тұлпарына міне шауып, тұлпары болдырған соң жаяу түсе сала жүгіріп, өзі әбден шаршап, діңкелеп барып құлаған кезінде қамшысын лақтырып жіберіп, «сонау жерден бастап бәрі менікі» деп, байтақ даланы алып қалыпты дейді. Ал, ұйқышыл қырғыз жер бөлісінен қалып қойып, ертеңінде Жаратқанның алдына келіп: «Менің жерім қайда?» - деп сұрапты. Сонда Құдай: «Сен ұйықтап жатқанда жерді мына жұртқа бөліп беріп қойдым ғой», - дейді қынжылып. Қырғыз оған тоқтамай: «Қырғыз да адам баласы емес пе? Бұ қайткеніңіз?» - деген екен, сонда Құдай қырғыздың көңілін қимай: «Жарайды, өзіме сайлап қойған саяжайым бар еді. Сен сол менің саяжайымда тұр» - деп, жердің ең шұрайлысын, көркемін берген екен, әлқисса.
«Құдайдың саяжайы» дейтін мөз осы бір бейкүнә әзілден шықса керек. Кім біледі, қырғыз туған мына бетінен таймай, ілгерлеп өмір сүрсе, "Құдайдың саяжайында тұратын ел" атымен әлемге танылуы әбден мүмкін.
Дәурен Қуат
Алматы-Шолпан Ата.
Шолпан Ата-Алматы.
Abai.kz