Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 4715 0 пікір 15 Шілде, 2015 сағат 10:43

«АНТИГЕПТИЛ» БИЛІК ОРГАНДАРЫН СОТҚА БЕРУІ МҮМКІН

 «Шындық экспедициясын» ұйымдастырушылар Астанада  Президентке, Үкімет және Парламент басшыларына арнайы хат жолдап, бірнеше талап қойды. «Шын сөз» деп аталған хатқа 14 қоғамдық ұйым, 211 жеке тұлға қол қойған.

Шындық іздеушілер өз хаттарында біраз шындықтың бетін ашқанын айта келе, «Қазақстан аумағында осы жылдың 10 мамырынан бастап 134 мың  киік қырылды деген ресми ақпарат таратылған еді, алайда қырылған киіктердің нақты саны  150 мыңнан асады. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті және оған қарасты «Ғарыш-экология» мекемесі басшылары  Қостанай және Ақтөбе облыстарына Протон зымыранының бөлшектері құламайды деп мәлімдеген болатын, шындығында, соңғы бес жылда Қостанай облысының Амангелді, Жангелдин аудандарының, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданының аумағына Протон зымыранының бөліктері ұдайы құлайтыны дәлелденді» деп жазған.

Сонымен бірге экспедиция мүшелері киіктердің, жабайы аңдар мен төрт түлік малдың жаппай қырылып жатқанына гептилдің әсері бар екеніне сенімді екендерін жеткізді. 

Хат соңында белсенділер Президентке, Үкімет және Парламент басшыларына сегіз талап қойды. Олардың қатарында «Байқоңыр» ғарыш айлағынан Протон зымыранын ұшыруды тез арада мүлде тоқтату, Қазақстан аумағындағы барлық әскери-жаттығу полигондарын жабу, осыған дейін Протон зымыранының бөлшектері құлаған, әскери сынақ жүргізілген  аймақтардағы тұрғындардың денсаулығына толықтай тексеру жүргіз және зардап шеккендерге өтемақы тағайындау, Протон зымыранының ұшырылуынан, әскери қарулар сынаудан қоршаған ортаға келген зиян көлемін толықтай анықтау тағы басқа мәселелер қамтылған.

Ұйым жетекшілері сөз соңында 2013-жылдың 2-шілдесінде «Байқоңыр» ғарыш айлағында  Протон зымыранының құлауынан болған зардаптар үшін өтемақы ретінде Ресей Федерациясы төлеуге міндеттелген 90 млн. долларды тез арада алып, киіктің, малдың жаппай қыралу себебін анықтау мен  зардап шеккендерге өтемақы ретінде беруді ұсынды.

«150 мың киіктің, жүздеген малдың, аңдар мен құстардың жаппай қырылғаны үшін нақты лауазым иелерін жауапқа тартуды, оның ішінде еліміздегі экология мен қоршаған ортаны қорғауға тікелей жауапты ҚР Энергетика министрі Владимир Школьникті, ғарыш саласына тікелей жауапты ҚР Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешевті лауазымдық қызметінен босатуды талап етеміз» деді өз сөзінде «Антигептил» қозғалысының жетекшісі Мақсат Ілиясұлы.

«Біздің биліктің жазған хатқа, жолдаған хабарға жауап бермей қоятын дерті бар. Осы жолы да біздің хатымызға заңдамда көрсетілген мерзімде жауап бермесе, билік органдарын сотқа береміз» деді ол.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502