ЫСТЫБАЕВ ҚАЙТА «БАРЫС» БОЛДЫ
Қазақстан президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен өткен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінде жеңіске жеткен Бейбіт Ыстыбаевқа «Алтын тайтұяқты» президент Нұрсұлтан Назарбаев табыс етті. Сонымен бірге жеңімпазға 150 мың доллар ақшалай сыйлығы тапсырылды.
Нұрсұлтан Назарбаев соңғы жылдары тәуелсіздіктің бір символы ретінде ұлттық спорт түрі – қазақша күрес қайта жаңғырғанын атап өтті.
- Бұл біздің халқымыздың дәстүрлі күрес өнері. Ауылдағы балалар ежелден күреспен шұғылданып, өз машықтарын жетілдірген. Әкелер өз балаларына күрестің амал-тәсілдерін үйреткен. Мен бұл жарысты толық қолдаймын. Болашақта жарыстың одан әрі дамитынына, ал оның қазіргі қатысушыларының арасынан Балуан Шолақ, Қажымұқан сияқты қазақтың көптеген ұлы балуандарының даңқты жолын жалғастыратын спортшылар шығатынына сенемін. Турнир халықаралық деңгейге шығып, құрлықтық және олимпиадалық ойындар бағдарламаларының бір бөлшегіне айналады, еліміздің атын шығарады деп үміттенемін, – деді Қазақстан Президенті.
Жарыс финалына іріктеу сайыстарының үш кезеңінен өткен 32 балуан, сондай-ақ былтырғы жылдың жеңімпазы М. Тұрсынов қатысты.
Ыстыбаев бұған дейін – 2012 жылы өткен «Қазақстан Барысы» турнирінде жеңімпаз атанған. Оның бұл жолғы жарыстағы салмағы - 145 келі.
Биылғы «Қазақстан барысы» сайысында Руслан Әбдіразақов күміс жүлдегер атанса, қола жүлдені Ғани Сейділдаев иеленді.
Абай-ақпарат