ТҚБ КӨЗБОЯУШЫЛЫҚПЕН КӨГЕРЕ МЕ?
Халыққа қолжетімді тұрғын-үйге байланысты мемлекеттің саясаты – қайтсе де жеңілдік жасау, банкіден жеңілдетілген өсіммен несие беріп, баспанаға қол жеткізу деп мақтауын келістіріп-ақ айтып жатамыз. Сол үшін ашылған «Тұрғын-үй құрылысы банкі» (ТҚБ) де бар. Оған алатын пәтеріңе қажетті соманың жартысын жинасаң болды, қалған жартысын қосып несие береді, сосын тұрғын-үй сатып алып, шалқы да отыр дейміз.
«Бақсақ бақа екен», бұл ТҚБ-ның да халықты қарқ қылып жатқаны шамалы көрінеді. Оны Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов әшкерелеп, Премьер-министр Кәрім Мәсімовтың атына сауал жолдап: «өкіметтің жәрдем береді деген банкысының сиқын қараңыз, мұның жекеменшік коммерциялық банктерден еш айырмашылығы жоқ екен ғой», - деп жар салды.
Мәселеде мынада болып шықты: клиент сатып алмақ үйінің жартысын ТҚБ-да жинақтап, енді соның екі есе көлеміндегі несие алып, көздеген үйімді алайын деп барады ғой. Жинаған қоры 50 мың АҚШ долларындай болса, банк оған 100 мың доллар беруге тиісті.
Сөйтсе... ТҚБ жинаған қаражатыңа қосып 50 мың доллар бермейді екен де... бірден өзінің 100 мың долларын ұстататын көрінеді. Неге дейсіз ғой? Өйткені, 100 мың долларға есептелетін банктың өсімпұлы 50 мың доллардан екі есе көп қой. Сөйтіп, 100 мың доллар үшін жылдық 7,5 пайызды санап беріп отыратын көрінесіз.
Оу, өзімнің жинаған 50 мың долларым қайда кетті дейсіз ғой сіз. Саспаңыз. Оны банк сіздің атыңызға депозит ашып, салып қоятын көрінеді. Банктың оған беретін жылдық өсімі көп болса 3 пайыздың төңірегі ғана. Ал өзі сізден 100 мың доллар үшін жылдық 7,5 пайыздық өсімпұл алады. Бұл шамамен 7500 доллар болса, сізге беретін 50 мың доллардың өсімі 1500 доллардың төңірегінде ғана. Айырмашылығы 6000 доллар... Өсімпұлмен өндіршегің үзілгір банк халықты өстіп қан қақсатады екен. Мұны кім білген, несие береді деп мәз болып жүреміз ғой.
Бұл бұл ма, ТҚБ клиентке несие бергенде өздерінің атқаратын есепшот ашу, өтінішті қарау, жылжымайтын мүлікті сақтандыру, несиені ұйымдастыру, тіпті есепшоттағы ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру сияқты толып жатқан қызметтері үшін де қосымша ақша алады екен.
Міне, халыққа жаны ашитын болды деп өкіметтің ашып берген банкының сиқы осындай. Толып жатқан «Жеңіл», «Бастау» деген бағдарламалары бойынша алған 100 мың доллар несиеңіздің үстіне 6,2 млн. артық ақша төлейді екенсіз. Бұның басқа банктердікінен айырмашылығы шамалы ғана.
Осы мәселелердің бәрін Кәрім Мәсімовке жазған депутат мұндай көзбояушы жеңілдіктерден арылу жолдарын табыңыз деген талап қойды. Содан бірдеңе шықса игі.
Серік ЕЛЕУ, сарапшы
Abai.kz