"ҚАРЫЗДЫ САТЫП" ХАЛЫҚТЫ ҚАҚСАТҚАН БАНКТЕРГЕ ТӘК-ТӘК КЕРЕК
«Маманданған ұйымдар» деген қайдан шыққан
Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров бастаған Парламенттегі Қазақстанның халықтық коммунистер партиясы фракциясының мүшелері Ұлттық Банк төрағасы Қайрат Келімбетовке ерекше сауал жолдады. Онда Ұлттық банктың екінші деңгейлі банктердің әрекетін қадағалауды әлсіретуінің салдарынан соңғылар ауадан ақша жасауды шектен тыс көлемге асырып жібергеніне назар аударылған.
Әрине, ауадан жасалған ақша сайып келгенде борышкерді шырылдатып, соның мойнынан өндірілетіні де сөзсіз. Мәселен, бір борышкер банктен 50 мың доллар қарыз алып, оны өсімпұлымен бірнеше жылға бөліп төлеуге келісімшарт жасады дейік. Бірақ әлдебір себеппен график бойынша төлемді тоқтатқан. Демек, осы сәттен бастап оның банкпен арадағы келісімшарты бұзылған болып саналуы керек қой. Банк қалған соманы қайтартуға әрекеттенеді, болмаса сот арқылы өндірсе керек еді.
Алайда банктер бұл іспен айналыспай, негізгі қарызға қоса өсімпұлды есептеп, оны арттыра беретін көрінеді. Сосын қарыз әбден көбейген кезде оны... «үмітсіз қарыздар» деп арнайы маманданған ұйымдарға сататын көрінеді. Ал мұндайлар борышкерлерді шырылдатып, қарыздың есебіне деп үйлерін, мүліктерін тартып алуға арнайы «маманданғандар» екен. «Естімеген елде көп, есек мінген сартта көп» деген сол әне... Соттасуға, дауласуға, тартып алуға маманданған мұндайлардың артында қандай да бір күштердің тұрғанын сезуге болады.
Ал банк ше... Банктың есебі түгел, ол борышкердің үстінен «арнайы маманданған» сатып алушы табылғанша борышкерге өсімпұлды үйіп-төгіп есептей береді. (2006 жылға дейінгі нормативте бұлай етуге болмайтын). Ешқандай ақшасы күйіп, терісі тарылып жатқан жоқ. Мәселен, «Темірбанк» АҚ 2012 жылы «үмітсіз қарыз» деп баланстық есебінен шығарған осындай 7 млрд. 674 млн теңге қарызын «арнайы маманданған» «TILBAGE COMPANY» деген фирмаға 2 млрд. 45 млн. теңгеге сатып жіберген. Есептен шығарылған қарыз деп болғандықтан бұл банктың таза табысы болып есептеледі. Оның ішінде көп дегенде жүзден бір бөлігі ғана банктың бұрынғы шығыны, ал қалғаны «өлі шығынға» есептелген өсімпұл... Демек, ауадан жасалған ақша.
Тіпті, кейбір банктер осындай әрекеттерге әбден маманданып алған да сияқты. Мысалы, дәл осы банк 2008 жылы да өзінің үмітсіз қарызы деп есептелген 12 млрд. теңгесін дәл осы «маманданған» фирмаға 3 млрд. 140 млрд. теңгеге сатқан екен.
Аты мен затын ешкім, ешқандай күдік ойламасын деп қазақша да, орысша да емес, ағылшынша атаған, ал артында бір алып тұрған маманданған батыр борышкерлерді шырылдатып, дүние-мүлкін сот арқылы тартып алып жатады. Бәрі заңды сияқты. Ал обал-сауап дегенді ешкім де ескермейді...
Коммунист депутаттар болса Ұлттық банк төрағасынан осындайға «маманданған» фирманың 10 жылға таяу уақыттағы іс-әрекеттері неге ешқандай заңмен реттелмеген дейді. Бұл борышкердің мүддесін қорғамау болмай ма, банктер қарызды сатқаны, яғни өзімен келісімшартты үзілді-кесілді бұзғаны жөнінде борышкерді неге хабардар етпейді деген сияқты сауалдар қояды. Ең бастысы әрине, «маманданған» фирмалардың іс-әрекетінің заңмен жүргізілмейтіндігін көрсету ғой. Ал заңмен жүргізілмеген дүниенің бәрі заңсыз емес пе?
Серік Елеубаев, сарапшы
Abai.kz