ШЫНДЫҚ АЙТЫЛМАҒАН ҚОҒАМ – ШІРІККЕ АЙНАЛАДЫ
...Жұрт “журналистер мейрамын” тойлап мәз, ал мені көңілсіздік басты...
...Павлодар облысы әкімінің резиденциясында аймақ басшысы Қанат БОЗЫМБАЕВтың ұлы қыз зорлаған ба (әлде, зорлағысы келген бе) немесе біреулер әдейі жала жапқан ба - анық-қанығы белгісіз, әйтеуір, сайып келгенде, білдей облыс әкімі жергілікті газет редакторы тарапынан ақша бопсалау ісі бойынша жәбірленуші деп танылды.
“Әкімнің ұлының қыз зорлауы” бойынша журналистік тексеру жүргізген «Версия» газетінің редакторы Ярослав ГОЛЫШКИНді ҰҚК-нің арнайы жасағы «облыс әкімінен аса ірі көлемде ақша бопсалаған» (500 мың АҚШ доллары көлемінде) деген айыппен тұтқындап, бір айдан бері қамауда отыр. Егер Ярослав Голышкиннің аса ауыр қылмысы дәлелденсе, 7 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін...
...Ал, Алматы қаласының Медеу аудандық соты Nakanune.kz сайтында 2014 жылдың 15 қазанында жарияланған«Новые па в марлезонском балете «Казкома»» атты мақалаға наразы болған «Қазкоммерцбанктің» талап-арызын қанағаттандырып, сайт иесі Гузяль БАЙДАЛИНОВАға 20 миллион теңге (107 мың АҚШ долларынан астам) айыппұл салды.
Аталған мақалада «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен Алматы қаласы әкімдігі арасында 2009 жылдың 11 қарашасында бекітілген ынтымақтастық меморандумына сәйкес, құрылысын аяқтауға мемлекеттік бюджеттен 75 миллиард теңге бөлу қарастырылған «Сайран» көпфункциялы тұрғын үй кешені үлестік құрылыс нысандарына қатысты «заң бұзушылықтар» мен құрылыс нормалары мен ережелерінің өрескіл бұзылғаны сөз болған.
«Қазкоммерцбанк»-тің өкілі Әлмира Әлінбаева аталған мақаланың банктің іскерлік беделіне үлкен нұқсан келтіргенін айтып, сайттан 25 миллион теңге (шамамен, 134 мың АҚШ доллары) өндіруді талап еткен.
Жауапкердің өкілі Сергей УТКИН: “Мақалада «банк пен Алматы әкімдігінде жемқорлыққа жол берілген» деп тура айтылмаған, тек құқық қорғау органдары назарына ілігуі мүмкін болжамдар ғана айтылған” - деген дәлелді уәжбен мақалаға филологиялық сараптама жүргізуді өтінген еді, сот орындаудан бас тартты.
Мұны кем көрсеңіз, сот ақпарат құралынан «Қазкоммерцбанктің» пайдасына 20 миллион теңге өндірумен бірге, мақаланы сайттан алып тастауды да міндеттеді.
Төл мерекесінің тұсындағы сұмдық жағдайға менің әріптестерім “сөз еркіндігін шектеу” деп шулады...
Ал мен айтар едім: қазіргі қазақ қоғамы - журналистерді жер қылатын кесапат қоғамға айналды. Ұры-қарының кеше ғана қылмыскер немесе құл-құтан болған ата-бабасы мен әке-шешесін болмашы тиын-тебенге мақтатып қойған елдің келешегі өте күңгірт.
Шындық айтылмаған қоғам – шірікке айналады...
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
Abai.kz