ТЕМҰРЛАННЫҢ ТАҒДЫРЫ(Ешкім ауырып көрмеген сырқатқа шалдыққан сәбиге көмек керек)
Израильдік дәрігерлер 4 айында жасалған екпенің салдарынан пайда болған семейлік 3 жасар Темұрлан Ерланұлының түсініксіз сырқатына диагноз қоюға уәде беріпті. Әрине, тегін емес. Қызмет құны - 50 мың АҚШ долларын құрайды. Тынысы үздіксіз тарылғаннан өне бойы көгеріп, талма ауруға шалдыққан бүлдіршіннің ата-анасы күніне 4-5 рет жедел жәрдем көмегін шақыруға мәжбүр.
Қаламыздағы №1 перзентханада 2013 жылдың 22 ақпанында дүниеге келген Темұрланның денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған. Салмағы 2650 грамм, бойы 52 см шекесі торсықтай ұл бала кесір тілігі жолымен босандырылады. Ұйқысы да, тәбеті де қалыпты жағдайда өрбіген екен. Восточный кентіндегі отбасылық дәрігерлік емханада төрт айында АКДС привинар екпесін салдыртқаннан кейін аяқасты жансақтау бөліміне талма ауруымен түседі. Кішкентайдың өмірін сақтап қалуда дәрігерлер үш күн күреседі. «Сол күннен бастап бүгінгі күнге дейін ұлымыздың талма ауруы мен дене қызуы тоқтамай тұр. 2013 жылы сәуірде Астана қаласындағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығының жүйке жүйесі бөлімінде 10 күндік ем қабылдағанда да «Фибрильді талу» деген диагноз қойылды», - дейді Темұрланның анасы Әсия Оразалина. Денесі қызғандықтан талма сырқатымен ауыра береді деп есепке алып, мүгедектікке шығарады ақ халаттылар. Артынша МРТ арқылы басына тексеру жасағанда бас миының аномалиясы және гидроцефалия, яғни бас ішінде су жиналуда деген қос бірдей диагноз қосылады. Анасы ұлының, тіпті, сырттағы тоғайдың жапырағы жыбырлағанда ауа жетпей көгеріп сала беретінін, қатты дыбыстардан да шошынатынын аңғарады. Баланың ыстығы төрт ай бойы түспейтін халге жеткен соң, жолдасы Ерлан Бекпосыновпен Алматыдағы эпилепсия және талма жағдайын зерттейтін С.В.Савиновтың клиникалық орталығына соңғы ақшаларына барып, емдетумен болады. Дәрігер бұрын қабылдап жүрген дәрілердің талманы қоздыратынын айтып, дозасын азайтуға кеңес бергенімен, нәтижесі шамалы болған. Қаламыздағы жұқпалы аурулар ауруханасына тағы да ауа жетпеу салдарынан көгеріп түскен Темурлан жансақтау бөлімінде бір жарым ай жатады. Ақ халаттылар Алматыдан құны 100 мың теңге тұратын қанды ұшақпен алдыртады. Консилиумде дәрігерлер сырқат баланы қайтадан Астанаға жолдау туралы шешім қабылдайды. Елордада «Маклеод синдромы» деген диагноз расталады. Яғни, қос өкпесінің тек біреуімен ғана тыныс алатын бүлдіршіннің жағдайы расымен-ақ ауыр. Сол жақ өкпесі жетілмей қалған, ультрадыбыстық зерттеуде түссіз болып көрінген. Жарамды өкпесінің өзі тек 70 пайызға жұмыс істеп тұр. Екі өкпенің жұмыс жасауына толған қақырықтар кедергі жасайды. Өкпе үсті қатпарланып еттеніп, қабырға мен өкпе арасында да доға тәрізденіп қисайып кеткен. Өңеш жолы кішірейіп, дем мен тамақтың өтуіне қолайсыздық тудырып, демікпе ауруынан баста сұйықтық мөлшері көп пайда болып, талма ауруы мидың дұрыс жұмыс жасамай, әр жасушаның бұзылуына әкеп соғуда. Сол жақтағы жарамды өкпе болса жүрекке қысым беруде. Онымен қоса, синдорм Драве - эпилептикалық энцефалопатия, яғни іштегі дене қызуы шықпайтын ауру түрі, сондай-ақ тумысынан өңеш саңылауының кішкентайлығы да бүлдіршінді ауыр халге ұшыратып отырғаны белгілі болады. Қазіргі таңда Темұрланның өңешінің қысылуынан ауа жетпей, жүрек ауруы пайда болып, үздіксіз қан қысымы көтеріліп, ІІ дәрежелі гипертонзия мен кардиомиопатия да мазалауда. Салмағы бір ғана айдың ішінде 18 келіден 12-ге түсіп кеткен еді. Қазір гормональды дәрінің арқасында салмағы реттелген. Бала түгілі, ересек адамның өзі мұндай ауыр халді көтере алмайды.
«Баламның жағдайы ағымдағы жыл басынан бері күрт төмендеп кетті. Реанимациядан көз ашпайтын болдық. Жергілікті дәрігерлер Астанаға телекөпір ұйымдастырып, денсаулығы реттелген соң Астанаға келулері тиіс деген шешімге келеді. Бірақ Темұрланым сауыға қоймады... 16 маусымда қайтадан телекөпір байланысы шыққанда елордалық ақ халаттылар қолданып жүрген дәрілер мөлшерін тағы да көбейтуді ұйғарды, олар Қазақстанда мұндай аурудың алдын алу шаралары жоқ, емі де жоқ деп отыр»- дейді көзінің жасын тоқтата алмаған сырқат баланың анасы.
«Ұлымыздың көз жұмар сәтін тос дегендей шырай танытады біздің дәрігерлер. Маклеод синдромымен біздің елде әлі ешкім ауырып көрмеген екен. Диагнозы нақты болмаған соң эксперимент түрінде дәрі-дәрмектің түр-түрін беруде. Дертіне шипа болып жатқаны шамалы, керісінше, баламыздың сырқаты күннен-күнге асқына түсуде. Семейде кеудесіне жасалған флюрографияда бәрі дұрыс болып шықты. Олар ұлымды пневмониямен ауырды деп емдеді. Ал, елордалық дәрігерлер бір өкпесінің істен шыққанын анықтады»,- дегенді алға тартты Темұрланның әкесі.
Отандық дәрігерлер қолдарынан келгенін істедік деп отыр. Температурасын түсіріп, талма ауруына шалдыққан сәтте уақытша ғана тойтарыс беруге қауқарлы. Баланың осындай бір емес, бірнеше сырқатқа шалдығуына екпенің себепкер болғанын жоққа шығаруда. Тынысы тарылып, ұстамасы кез-келген уақытта ұстап қалатын Темұрланның жағдайы тым ауыр. Гормональды препарат – «Преднизолонды» қолданғандықтан ғана тәбеті ашылған баланың. Онсыз нәр татпайды. Бір жаққа қарай қисайып, кеудесі оң жағынан солға қарай доға тәріздес болып қабырғаға қарай қисайғандығы, демікпесі де қатты байқалады. Құрғай бастаған терісі өздігінен көгеретінді тапқан. Бала жиі жылайды, өздігінен жүруі қауіпті, бір орында отырмай, тынымсыздана шыр айналып жүре беретіні - күделікті әдеті. Әр талмадан кейін баланың есте сақтау қабілеті төмендеп барады. Басын қабырғаға соғып, талма ауруының ұзақтығы да еселенуде.
Бауыр еті баласының қасынан күні-түні бір сәт те ажырай алмаған ана «Аружан Сайн» қайырымдылық қорына да жүгінген. Үндістан өкпесін ауыстыруға келіскенімен, артынша баланың бойында бірқатар диагноз болғандықтан бас тартқан. Түркия мемлекетінің ақ халаттылары да келісімдерінен айнып қалған екен. Ендігі үміт тек израильдік дәрігерлерде ғана. Олар диагнозды нақтылап беруге уәде беруде. Үнемі байланысқа шығып, Темұрланның жағдайын біліп отырудағы аталған елдің дәрігерлері «түсініксіз» сырқатты зерттеуге қызығушылық танытып отыр, бірақ тегін емес. Мамандығы мейірбике Әсия сырқат бала күтімімен отырғандықтан, жұмысқа шыға алмауда. Жолдасы Ерланның жалақысы күнделікті тіршіліктерінен аспайды. «Көп түкірсе – көл» демекші, қиын сәтте қалған ата-ана емге қаражат жинауға халқымыздан қасиетті Рамазан айында көмек сұрауда.
Кішкентай Темұрланның өмірін сақтап қалуға үлесін тигіземін деуші жомарт жандарға арнайы ашылған бірқатар есепшоттарды ұсынамыз:
Каспий Банк 04722R000068112444
Казкоммерцбанк KZ 60926030014ТF55500
Байланыс телефондары: 53-91-24
87755511747
87758984259
Әйгерім ЕРМЫРЗА