Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Алашорда 10217 2 пікір 1 Шілде, 2015 сағат 09:09

Тұрсын ЖҰРТБАЙ: «Әр жазушы тарих туралы жазса, рухани ырыздығымыз артар еді…»

Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау ел тарихындағы ең елеулі оқиға­лардың бірі болғалы отыр. Себебі, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің өз тарихын тара­зылап, ұлылығын ұлықтайтын күн туды. Сондықтан, биылғы тойдың өтуі  халқымыз үшін аса жауапты сәт болмақ. Әсіресе, қазақ элитасы мен тарихшы мамандарға түсер жүк же­ңіл емес. Өйткені, Қазақ хандығы және жалпы Қазақ тарихы туралы тұ­шымды, негізді ой айтып, қоғамдық пікірді қалыптастырудағы олардың ық­палы күшті. Белгілі жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай да Қазақ хандығының атаулы мерекесі туралы ұтымды пікірі мен тойдың өтуіне байланысты өзіндік ұсы­ныстарын айтты.

 

– Биылғы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының еліміздегі әдет­тегі тойланатын тарихи даталар, мерекелерден  қандай ерекшелігі бар?

– Барлық мерейтойлардың жиынтығы Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесіне толығымен сыйып кетеді. Менің ойымша, Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі және одан кейінгі барлық оқиғалар тәу­елсіздіктің арнасына келіп құйып, сол арқылы мемлекеттің, қоғамның санасына сіңеді. Кез-келген тарихи оқиға, ұлы тұлғалардың қайраткерлігі, даналардың, тіпті Абайдың ұлы ойлары осы Қазақ мемлекеттігінің арнасына келіп құяды.Абайдың әр сөзінің өзінде осы тәуел­сіздікке, Қазақ мемлекеттігіне деген арман-мүдде, толғаныс, әр өлеңінде «қа­зақ ел болса екен» деген ұлы аңсар бар. Сон­дықтан, Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдық мерекесі – ұлы оқиға. Тәу­елсіз мемлекет еңсесін көтеріп, тізесін тік­теп алып, өз қуатын өзі дәлелдейтіндей деңгейге жеткен кезде бұл тойлануы ерекше құбылыс. Оның ұлы өзегі – Қазақ халқының бұрын-соңды болып көрмеген бірлесуі, қайта дәуірлеуі, келешекке деген қадамын  нық басуымен ерекшеленуі керек. Қазақ елінің болашағы, даму жолы  биылғы осы салтанатты қандай деңгейде, қандай санамен, жауапкершілікпен, мақтанышпен тойлауымызға тікелей байланысты. Бұл Керей мен Жәнібектің ғана  құрған мемлекеті емес, көне замандардан бері көшпелілер әлемінің тұйықталып келіп, өзінің кеңіс­тігін белгілеген, бір арманға ұмтылып, бір мақсатты жүзеге асыруының дәлелі. Сон­дықтан, бұл мерекені қазақ халқы  мысы мен өресі басым болып, жоғары деңгейде өткізуі керек. 

 

– Мұндай мемлекеттік шараларға өзге елдер бірнеше жыл бұрын дайындалады. Мәселен, Түркия 2023 жылы өтетін Республиканың 100 жылдығы мерейтойына дайындық жұмыстарын бү­гіннен бастап кеткен. Біз дайындалып үлгереміз бе?

– Уақыт өте шұғыл. Бұл  мерекенің тұ­жырымдамасы әлі жасалып, жарияланған жоқ. Тіпті, өтетін жері де өкімет тарапынан нақтыланбады. Сондықтан, бұл мерекенің жан-жақты өтуіне келгенде көңілде күдік бар. Мұндай шара әр қазақтың көңі­лінен шығып, рухын оятып, тамырын бүлкілдететін деңгейде өтуі тиіс. 

Қазақ хандығының 550 жылдығының  еске алынып, халыққа жариялануы үлкен оқиға екені рас. Бірақ, біздің тарихшылар неге бұған дер кезінде дайындалмады? Зия­лы қауым, нақтырақ айтқанда тарихшылар, Қазақ хандығын тікелей зерттеп жүрген ғалымдар  неге  бұл мәселені ертерек көтермеді? Мемлекет неге осыған дейін бұл шараны іске асыруға тиісті идеялық бағыт-бағдар беріп, қаржылық қолдау жасамады?Әлде ол үшін Прези­денттің жарлығы шығуы қажет пе? Біздің аласапыранға тап келгенде ғана қимылдайтын әдетіміз бар. Біздің кейде оқиға өтіп кеткен соң, «әттеген-ай» деп сан соғып жүретініміз бар. Бұл біздің ұлттық қаперсіздігіміздің бір белгісі, көңіл-күйімізге, ұлттық ойлау жүйемізге дендеп сіңіп, мінезімізге айналып кеткен сияқты.Кезінде мұндай оқиғаларға Қазақстан Жазушылар одағы мен ҚР Ұлт­тық  Ғылым академиясы мұрындық болып, мемлекетке ой салып, ұсыныстарын жариялап, тұжырымдарын анықтап, қаулы қабылдауына ықпал ететін. Мысалы, Абайдың 150 жылдық тойының өтуіне 7-8 жыл бұрын дайындалдық. Ал, бұл жолы біздің зиялы қауымды не қара басты? Осы оқиғамен қоса, келесі жылы Ұлт-азаттық көтерілістің өткеніне 100 жыл толады. Ол туралы ешкім әлі ауыз ашпады. Ал, оқиға өтіп кеткеннен кейін жоқтау айтқандай, өкініш мағынасындағы сарын көбейері анық. Дәл қазір баспасөз құралдары осы мәселені қолға алып, тұрақты айдар ашып, көзқарастар бірлігін жасап, тұ­жырымдамасын жасауға атсалысуы керек. 

 

– БАҚ осы мерекені өткізуіне атсалысуы керек деп айтып қалдыңыз ғой. Расында, 550 жылдық қарсаңында үлкен жауапкершілік БАҚ-қа түсетін секілді. БАҚ өкілдері Қазақ хандығын қалай, қай қырынан насихаттағаны дұрыс? Қандай мәселелер көтерілуі керек?

– Менің ойымша, бұл мемлекеттік мерекенің қандай деңгейде өтуіне БАҚ-тың тікелей ықпалы бар. Қай қоғамда болмасын, ұлтты оятатын, назарын аударатын, көкейіне үміт тамшысын құятын құрал – баспасөз. Баспасөз бұл тойдың айбыны мен мысының биік болуына тікелей жауапты. Бұл мейрам қазақ баспасөздерінің ұстанымын, қазақ мемлекеттілігіне деген қоғамның көзқарасын,  Қазақ хандығының идеологиясының пәрменділігін анықтап береді. Бұл екі қайырлы айтатын сөз емес. Өйткені, баспасөз – ұлттық ойдың та­мыздығы. Ол бықсымай, ашық ұста­ныммен, нық сеніммен жұрттың на­зарын аударуы керек. Әр баспасөз өз ұстанымы мен бағытына қарай, тақырыпты ойластырса жөн болар еді.  Ал, бұл ретте баспасөз жанрының қай түрін, пішінін қолдану өз еркінде. Егер, жеделдете көркем шығармалар жазылып жатса, – үлкен  жетістік болар еді. Жазушылардың ойына тамыздық  беріп, бір сілкіндіретін осындай мейрамдар. Көркем шығармаларға, оның ішінде  қара сөзге, ғылыми мақалаларға, публицистикалық жарияланымдарға, мем­ле­кеттік байқаулардың өтуі жақсы нәтиже берер еді. Әдетте, біз жеңіл жолды таңдап аламыз. Үнемі поэзия байқауы өтеді. Әрине, поэзия да қасиетті, «Өлең – сөздің патшасы». Бірақ, адамды ойландыратын, ішкі сезімін тәрбиелейтін,  үлкен рух беретін – проза. Егер, биыл әр жазушы бір тұлға, әр тарихи оқиға туралы шығарма жазса, біздің рухани ырыздығымыз артар еді деп ойлаймын. 

 

– Бұл тойдың тарихнамаға қалай әсер етуі мүмкін? 1465 жылы Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі ел территориясында билік құрған мемлекеттер басқа ұлттардың талас-тартысына түсіп кетпей ме? Тамыры терең тарихымыз 550 жылдың шеңберімен шектеліп қалмай ма?

– Қазақ мемлекеттігінің тарихы – көш­пелі Түркі қағанаттарының тарихы. Одан өзін ешкім де бөлшектеп әкете алмайды. Біз, осы той арқылы кешегі ұлы қаға­нат­тардың, Түркі қағанаттарының, Шың­ғыс хан ұлыстарының,  одан бөлініп шық­қан Жошы ұлысының, сол аумақта құрылған Алтын Орданың орнындағы бірден-бір тәуелсіз мемлекет екендігімізді осы жолы әлемге таратуымыз керек. Биыл­ғы Қазақ хандығының 550 жылдығын қаперге алған сәттен бастап, Ресейде БАҚ-ры бізге қарсы насихат жүргізіп үлгерді. Оған біздің тарихшылар, БАҚ онша мән бере қойған жоқ.  Ресей тарапы Ашықтан-ашық Алтын Орда ұлысының астанасы Ресейдің жерінде екенін алға тартып, Алтын Орда хандығын Ресейдің негізі етіп көрсеткісі келеді. Мұның түпкі мақсаты кезінде Алтын Ордаға қараған ұлыстар, одан бөлініп шыққан қазіргі ұлттар: қырымшақтар, ноғайлар, татарлар, башқұрттар, қазақтар, әзірбайжандар, армян, өзбектер, түрікмен, тәжіктердің жері Ресейдің заңды жері екенін дәлелдеп бағуда. Бұл, Кедендік одақ, ЕАЭО-ты саяси тұрғыда бекітіп, қазіргі  Ресейдің басты белсенді бағыты болып отырған, Кеңес Одағын қайта қалпына келтірудің амалы. Бұл мәселеге бей-жай қарамай, ерекше ден қою керек. 

 

– Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлағаннан кейін, төл тарихты бүге-шігесіне дейін таразылап, ұлттық таным тұрғысынан зерделеу керек пе? Қазақ хандығының Ресейге қосылуы, орыс империалистерінің ықпалы, ішкі араздықтар секілді түйткілді мәселелерді қоғамға қалай жеткізуіміз керек? 

– Қазақ хандығы сыртқы күштердің әсе­рінен Ресей империясына Одақтың келі­сімшартпен арқа сүйеді. Ол келісім­шартқа сәйкес, қазақтың жері экономикасы, діні, өмір сүру формасы, өзіндік қауіпсіздігі өзінде болуы керек еді. Ресейге тек сырттай одақтастық ретінде құқық берілген. Бірақ, Ре­сей жымысқы саясат жүргізіп, қазақ жерін бір­те-бірте аннекциялады, яғни еркінен тыс жаулап алды. Сөйтіп,  ХІХ ғасырда қазақ жері патшаның меншігі деп жарияланды. Яғни, Қазақ хандығы сыртқы күштің әсерінен жойылды. Соған қарамастан, Жоламан бидің, Қасымның, Кенесарының көтерілістері ұлт-азаттық қозғалыс ретінде қайтадан бас көтерді. Кене­сарының шартында жазылғандай, жерін, елін, ішкі экономикасын, діні мен тілін қазаққа қайтарғысы келді. Ал, бақталастық, арандату секілді ұсақ-түйек оқиғалар көп екені рас. Бұл әр мемлекеттің, әр билеушінің басынан өткен және өтетін табиғи заңдылықтар. Ерекше тоқталып, мән берудің қажеті жоқ. 

 

– Осы тұста Алаш қайраткерлеріне ерекше тоқтала кетсеңіз…

– Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың алдына қойған мақсатының ең ұлысы Қазақ хандығының шекарасын қалпына келтіру, өзінің тәуелсіз мемлекетін құру, экономикасын, рухани дүниесін заңын, дәстүрін тәуелсіз тұрғыда дамыту. Ұлт­тық демократиялық мемлекет құру. Оның басты шарты қазақтың жерін сақтап, территориясын бекіту. Өйткені, жер – Отан, мемлекет, күнкөріс, азаттық. Қазақ ұл­тының өзін-өзі реттейтін, дамитын қасиетті кеңістігі, барлық ұлттың меншігі. Бүгінгідей Хан тәңірінің басына еркін шыға алмасақ, оның әр бір сайы біреудің жеке меншігінде болса, онда Хан тәңірінің биіктігінен қазақ халқына не пайда? Сондықтан, ортақ намыс, сезім, қасиет болу үшін жер ұлттық меншік болуы керек. Бұл Қазақ мемлекетінің меншігі. Осы мақсат жолында, қазақ ұлтының әлем халықтарымен иығын тең ұстап тұруы үшін ұлттық, демократиялық мемлекет керек. Бұл Ғұн дәуіріндегі Қағанаттармен, түрік қағанаттары, Шыңғыс хан ұлыстары, Ақ Орда, қазақ хандығындағы басты талап еді. Алаш қайраткерлері осы идеяны ұстанды. Және Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау Алаш идеясының салтанат құруы деп есептеймін.

 

– 550 жылдықты тойлауға байланыс­ты түрлі ұсыныстар жасалып жатыр. Ұлы тойды Шу мен Талас өзендерінің алқабында тойлау, сериал түсіру т.б. Сіздің ұсынысыңыз қандай?

– Ел қамын жеген Едіге сияқты ұлы тұлғаларымыздың әр қайсысының іс әрекеті, саясаты, мақсат-мұраттары осы тұста ке­ңінен талқылануы тиіс. Және бұл тойда дүниежүзінің ауқымында назар аударып, Қазақ халқының тарихын мойындайтындай деңгейде болуы керек. Ішкі ойы қазаққа жат, сыртымен ғана дос болған кез келген көрші елдердің назарын аударту керек. Осы тойдың екпіні Куликово шайқасы, Қалқа шайқасы  сияқты жалған тарихи негіздері бар, бұрмаланған оқиғалардың мысын басып, тарихтың ақтаңдақ бет­тердегі «шаңды» өшіруі керек. Сонда ғана біз ұлттық мерекеміз қалыптасқан ұлт, бүгінгіше айтсақ, бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде мойындата аламыз. Егер, Қазақ хандығына Керей мен Жәнібек үлкен күш салды немесе Қасым үлес қосты, Қазақ хандығы Ұлытаудың бауырында құрылды немесе Шудың бойында негізі қаланды, Өлкеаяқта жасақталды, Сығанақта құрылды деген секілді деректерді алға тартып, әр бұлақтың басына тартсақ, бұл тойдан береке кетеді. Мұндай ала пиғылды ойлар болмауы керек. Менің ойымша, тойдың төрі – Ұлытау, соның биігіне біз өзге халықтардың алдында бүкіл көшпелілердің өмірін елестетіп, солардың ұлы оқиғаларын еске  түсіріп, өзгелерге иығымызды тік ұстап қарауымыз керек. Кешегі Александр Македонскийдің, Дарийдің, Кирдің шапқыншылық жорық­тарына қасқайып қарсы тұрған Шырақ, Томирис, Зарина сияқты тұлғаларға қал­қан болған қазақ даласының кіндігі – Ұлытау мекені.  Түркі қағанаты тұсында да, Моңғол шапқыншылығы кезінде де, Қазақ хандығы құрылған кезде де, «Ақтабан шұбырынды» тұсында да қазақ халқы  кең даланың әр пұшпағынан жиылып келіп, осы Ұлытаудың айналасындағы ұлы далаға шоғырланған. Сол арада бас қосып, күш біріктірген. Сондықтан да, Ұлытау – қазақ тарихының шежіресі. Ұлытау – кешегі Батыс Түрік қағанатының, Жошы ұлысының, Қазақ хандығының «Ақтабан шұбырынды» және бодандық жыл­да­рындағы Кенесарының панасы болған азаттық ұясы. Яғни, әр заманда, әр кезеңде Ұлытаудың бауырына жиылып, бірлік үшін таңба салып, анттасқан  қазақтың соңғы ханы, азаттықты ұрандаған Кенесарының ордасы, киелі шаңырағы. Сондықтан, Ұлытау Қазақ халқының айбынын көтеріп, өзгелердің мысын басатын ұя. Біз соны асқақтата білуіміз керек. Жошының мавзолейі, Алаша хан, Ақсақ Темірдің тастағы таңбасы, Аяққамырдағы ұлы ескерткіштер, Едіге тауы, Қалмаққырған атауы Ұлытау ұлылығының  айғағы. Осы тарихи айғақтарды  өзгеге көрсету арқылы біз  өз тарихымызды заттай дәлелдей аламыз. Ал, заттай дәлелденген нәрсеге ешкім де қарсы тұра алмайды.

 

Әдебиет порталы.

(Түпнұсқадағы тақырып: Тұрсын ЖҰРТБАЙ: «Қазақ хандығы сыртқы күштің әсерінен жойылды…»

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019