Бірлік ТОҚАЙ. ТОҒЫЗ АЛМА
Бұл ертеректе болған хикая. Аштықтан ішегі шұрылдап, көзі қарауытып, аттап басуға дәрмені қалмай, аяғын ілбіп әрең басып келе жатқан Кәримнің көзіне жол жиегінде жатқан бір түйір алма оттай басылды. Қуанып кеткен ол алманы қолына алды да, құшырлана бірнеше мәрте иіскеп-иіскеп қойды. Қарны қанша ашса да балаларын ойлап, тістеуге қимай қойнына сүңгітті. Бүкіл жан-ұясындағылар жүрек жалғарлық нәр таппай ішектері жабысып, өлім мен өмір арасында жатыр. Ол енді соларға тезірек жетуге асықты. Қарға адым аттауға қиналып келе жатқан оның дәл қазіргі қадамы жаман емес. Тұла бойы бір түйір алманың иісінен қуат алғандай, үйіне қарай өзінше ширақ басып келеді.
Шағын қалашықтың шетіндегі кішкентай бір дуалдың бұрышынан айнала бергенде: «Ағай, жәрдем етіңізші, ағай!», — деген әлсіз үнге елең етіп, тұқырған басын тік көтере қалды. Әлгі үн шыққан жаққа қарай мойнын бұрып қарап еді, көздері бозарып, жағы қушиған, шаштары ұмар-жұмар, тозығы жеткен шұрық тесік кебісінің тұмсығынан башпайы шығып, күнге күйген көйлегі жалбырап, жүзі әбден жүдеу тартқан бір әйелді көзі шалды. Аштықтан бұралып, құлауға шақ тұрғаны көзінен көрініп тұрды. Кәримнің жүрегі елжіреп, аяныш сезімі жан-дүниесін жайлап бара жатты. Бұл әйелдің жағдайы менің отбасымдағылардан да қиын екен, жүрек жалғап алмаса ақыретке аттанып кетер деп ойлаған Кәрим көп ойланып тұрмастан қойнындағы алманы алып, әлгі әйелдің қолына ұстата салды.
Әйел болса, «раххмееетттт...» деп алғысының соңын айтуға да үлгірмей, алманы обырлана аузына тығып жатыр...
Үйіне келіп: «Иә, Раббым, бала-шағама аман қауыштырғаныңа шүкір!», — деп, екі ракағат нәпіл намазын оқып болды да, кішкентай ұлы мен қызын екі тізесіне отырғызып, бастарынан емірене иіскеп еркелетті. Дәл осы кезде біреу келіп есік қақты. Кәрим орнынан тұрып, тәлтіреңдей басып барды да, есікті ашып еді, бейтаныс біреу ағаш астауға салынған алманы қолына ұстатып: «Мына алмалар Абдолла имамның аманаты. Сізге беріп жіберді», – деді. Кәрим алмаларды қолына алып жатып қараса, тоғыз түйір екен. Сәл бөгеліп барып: «Мына астауда он алма болуы керек еді. Ал, мына жерде тоғыз алма ғана тұр, біреуі қайда?», — деп сұрады жеткізуші жігіттен. Сасып қалған жігіт Кәримнің бетіне қарап: «Оны қайдан білдіңіз?», – деді таңырқап.
Кәрим сәл үнсіз тұрып, қабағын бір қақты да: «Аллаһ айтты» деді әлгі жігіттің жүзіне жымия көзін жүгіртіп. Онан бетер таңданған жігіт: «Сонда қалай, Аллаһ Тағала сізге тіл қатты ма?», – деп Кәримге жалт қарады.
«Иә» деді Кәрим терең толғана тыныстап. «Солай, бауырым, Аллаһ Тағала барлығымызға уәдесін берген. Аллаһ әділ және бізге берген сертін толық орындаушы» деді де, қасиетті Құрандағы мына аятты оқып берді: «Кім жақсы амалмен келсе, оған сондайдың оны /еселеніп/ беріледі...». («Әл-Әньам» сүресі, 160-аят).
Бұл аятты естіген жігіт: «Иә, Раббым мені кешіре көр! Мен аштықтың себебінен жолда аманат алмалардың біреуін жеп қойып едім. Сенің уәдеңе, Сенің сөзіңе сенген иманды құлың соны білді. Бұл маған да берген ғибратың екеніне күмәнім жоқ. Иә, Раббым, мені аманатқа жасаған қиянатым үшін кеше көр!», – деп Жаратқанға жалбарынып, жылап жіберді. Көздерінен домалаған мөлдір тамшылар табалдырыққа тырс-тырыс тамып жатты.
Кәрим үйіне кірді де, көзінен жасы парлап отырып Аллаһ Тағалаға мадақ, Пайғамбарға салауаттар айтып, егіле жылады.
«О, Жаратқан, Сен ұлысың! Мен Сенің Құранда берген уәдеңе сенгендіктен, бала-шағамның ақырғы тіске басарын Сенің разылығың үшін сарп еттім. Сенің берген уәдеңе берік екеніңе бұрын қалай сенсем, қалған өмірімде де солай сенуді маған нәсіп ет! Адастыра көрме! Сенің адамзатқа жіберген ақырғы елшің де, Сенің айт дегеніңді ғана айтатын шынайы елші», – деп егіліп отырып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Бұхари мен Муслим арқылы жеткен мына бір хадисін де оқып шықты. “Бір адам: “Я, Расулуллаһ (с.ғ.с.), Исламдағы ең жақсы амал қандай?”, – деп сұрағанда Расулуллаһ (с.ғ.с.): “Мұқтажды тамақтандыруың және танысаң да, танымасаң да кездескенмен сәлемдесуің”, – деп жауап берді”.
Кәрим жерге қадала қарап қалыпты. Мұндай уақиғалар өзінің басынан талай рет өтсе де, Құран аятымен сәйкес келгені үшін бүгінгі жағдай мүлде өзгеше әсер етсе керек. Мүлде өзгеше бір күй кешіп отыр. Көзінен парлаған жастың тыйылар түрі жоқ.
О, Раббым, Раббым!!!...
Abai.kz