Ресей Федералдық Кеңесінің өкілі Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтады
Тәуелсіз мемлекеттігімізді қалыптастыру жолындағы айтулы белес - Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекесіне еліміздің стратегиялық әріптесі Ресей мемлекеті айрықша маңыз беріп отыр. Бұл туралы Ресей Федералдық Кеңестің Халықаралық істер бойынша комитеті басшысының орынбасары Андрей Климов «Нұр Отан» партиясы делегациясымен кездесу барысында мәлімдеді.
Саяси, экономикалық және мәдени байланыстары тереңнен тамыр тартқан қос ел қарым-қатынасының жетістіктеріне тоқталған А.Климов қазақстандық әріптестерін биылғы жылы еліміз атап өтіп жатқан айтулы мерекелермен құттықтай келе:
«Қазақ Хандығының 550 жылдығы Қазақстан халқының тарихындағы маңызды кезеңі болып табылады. Осынау оқиғаны назардан тыс қалдырмау мәселесін біз сіздермен бірлесіп ойластыруымыз қажет», - деді ол.
Сондай-ақ, Ресей парламентшілері атаулы күндерді мерекелеу бойынша бірлесіп жұмыс жасаудың қажет екенін жеткізді, олардың қатарында Жеңістің 70 жылдығы да бар.
Еске сала кетейік, 23 маусымда «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің басшылығымен партия делегациясының Ресей Федерациясына ресми сапары басталды.
Сапар барысында Мәскеуде «Единая Россия» бүкілресейлік саяси партиясының бастамасымен екі елдің билеуші партияларының арасындағы өзара іс-қимыл мен әріптестік туралы Келісімге қол қойылды.
Абай-ақпарат