АХМЕТОВ ҚАНША ЖЫЛҒА СОТТАЛАДЫ?
«Ахметов ісі» бойынша Қарағанды облыстық сотының отырысында прокурорлар айыптаудағы екі бапты алып тастап, экс-премьерді дүние-мүлкін кәмпескелеумен қоса 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Айта кетелік, С. Ахметовке «Сталь-Цинк» ЖШС-і эпизоды бойынша бапты («қызмет бабын асыра пайдаланды» дегеннің орнына «заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу» деп өзгертілді) ауыстырған соң «пара алды» деген айып алынып тасталды. Тараптардың соңғы эпизод бойынша («Металлургия-Металл өңдеу» индустриалдық паркіндегі канализация құрылысында қондырғыны ауыстыру) сөз жарысы барысында прокурорлар сотқа С.Ахметовтің пара алғаны жөніндегі қылмыстық істе дәлел жоқ деп мәлімдеді.
«Сот отырыстары нәтижесінде сотталушы Ахметовтің пара алғаны жөніндегі кінәсі расталмады. Қылмыстық істе сотталушы Ә.Ақмолдаевтың сотқа берген түсініктерінен басқа С.Ахметовтің қосалқы мердігерлік келісім-шартын жасауға көмектескені үшін пара алғанын растайтын нақты дәлелдер жоқ», – деп мәлімдеді прокурор Рауан Тобықов. Тағылған айыптарды жинақтай келе, прокурорлар дүние-мүлкін кәмпескелеумен қоса Серік Ахметовті 12 жылға бас бостандығынан айыруда сұрады. Сонымен қатар, ол 5 жылға дейін жауапты мемлекеттік қызметке тағайындала алмайды.
Қылмыстық топтың басқа мүшелері 3-тен 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Айыптаушы тарап Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевті 7 жылға, Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұловты 4 жылға түрмеге қамауды талап етті. Қарағанды облысы әкімінің экс-орынбасары Ғабит Мұхамбетовті 7 жылға бас бостандығынан айыру сұралды. Қалғандарына сұралған мерзім мынадай: облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бұрынғы бастығы Мұхтар Адамбековке – 3 жыл, оның орынын ауыстырған Айдос Жәкеновке – 3 жыл шартты түрде, жер қатынастары бөлімінің экс-басшысы Ернар Дәрібековке – 4 жыл, қала әкімінің экс-орынбасары Айдар Телғаринге – 4 жыл, Қарағандының бұрынғы бас сәулетшісі Қанат Мұсаевқа – 3 жылға шартты түрде, сәулет және қала құрылысы бөлімінің экс-қызметкері Бақтыгүл Асқарова – 2 жыл шартты түрде.
Бұған қоса прокурорлар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бұрынғы бөлім жетекшісі Мәрлен Шалтақовты 3 жылға шартты түрде, «Металлургия-Металл өңдеу» индустриалдық паркінің экс-директоры Анатолий Эссені 8 жылға, осы парктің тағы бір экс-басшысы Болатбек Искаковты 4 жылға, оның орынбасары Оразалы Айменбетовті – 4 жылға соттауды сұрады. «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның экс-басқарма басшысы Дулат Айтжанов айыптаушының сұрауынша 4 жылын, Премьер-Министр кеңсесі жетекшісінің бұрынғы орынбасары Ғабит Матаев – 3 жылын, «Сарыарқа» ӘКК» ҰК» АҚ-ның активтер департаменті экс-басшысы Ерлан Қисықов – 4 жылын темір тордың арғы жағында өткізуі керек. Ал өз кінәсін толық мойындау негізінде сотқа дейінгі кезеңде тергеушілермен ынтымақтастық жасағаны үшін прокурорлар «Қазақстан өнеркәсіптік корпорациясы» ЖШС-нің директорының экс-орынбасары Әлжан Ақмолдаевты, «Sapa Project Group» және «Eco-treatment systems» компанияларының қожайыны Думан Нұрбаевты, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның бұрынғы басқарма басшысы Ғұмар Рақымжановты қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Испандық «Rufera Technoagro S.L» компаниясында менеджер болып істеген Кәмила Пірәлиеваны айыптаушылар 3 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеумен жазалауды сұрады. 2 млрд-тан астам теңге көлеміндегі шығын барлық сотталушылардан бірдей өндіріп алынады.
Әмина БӘКІР
Abai.kz