БАСҚОСУДЫҢ ТАҚЫРЫБЫ: БАҚ-ТАҒЫ ЦЕНЗУРА МЕН ЖУРНАЛИСТТІҢ АР-ҰЯТЫ
Шымкент қаласындағы Ардагерлер үйінде «Ізгілік» сыр-сұхбаты отауының кезекті отырысы өтті. Басқосуда «БАҚ-тағы цензура және журналистің ар-ұяты» тақырыбында қоғамдық ұйым және БАҚ өкілдері өз ой-пікірлерін ортаға салды деп хабарлайды «Шымкент келбеті» газеті.
Журналистика және оның өзекті мәселелерін байыптауға арналған басқосуды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов ашты. Ол жиынның мән-маңызына тоқталып, түрлі оқиғалар мен жаңалықтарды халыққа жеткізуде журналистердің орны ерекше екенін атап өтті. Ал ҚР Журналистер Одағы ОҚО филиалының төрайымы
Айгүл Қапбарова қазіргі таңдағы қоғамдағы ақпараттық кеңістіктегі өзекті мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, жергілікті журналистикада орын алып жатқан кемшіліктер көп. Мәселен, басылымдар арасында фактілерді бұрмалау, ешбір дәлелі жоқ пікірлерді жария ету сияқты жағдайлар жиі орын алады. Сондай-ақ, блогерлер мен журналистердің ара-жігін де қамтып өтті.
– Біздің мамандықтың болмысын терең сезінген адамдар ғана журналист бола алады. Маман бойындағы дарынын кемел білімімен туған халқының игілігіне жұмсай білуі тиіс деп есептейміз. Біздің қаруымыз – Сөз. Ал, халық даналығы айтқандай, «сөз тас жарады, тас жармаса, бас жарады». Сондықтан, оны үлкен мәдениетпен пайдалана білу қажет, – деді А. Қапбарова.
Белгілі журналист Байдулла Қонысбеков көтерілген тақырыптың өзектілігіне тоқталып, журналистердің ізденімпаздығының аз екенін, көкейкесті мәселелердің көтерілмейтінін айтып өтті.
– Қай басылым болсын, халық үшін қызмет етуі керек қой. Мәселен, басылымдар болған оқиғаны, көтерілген мәселені қалай жеткізуі керек? Қазіргі таңда көптеген ақпарат құралдары түрлі келеңсіздіктерді, адам жаны түршігетін оқиғаларды елден сүйінші сұрағандай жариялап жатады.
Бұрын баспасөз бетіндегі сын адамның ар-намысына тимейтін. Оның қызметін сынайтын. Мәселелер де тайға таңба басқандай жазылатын. Қазір басылымдардан мұндай мақалаларды көрмейміз, – деді Б. Қонысбек. Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Мекамтас Мырзахметов қолына қалам ұстаған әрбір журналист өзін қоғамдық ой-сананы қалыптастыратын, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын адаммын деп есептеуі тиіс екенін жеткізді. Сыр-сұхбатқа қатысқан ардагер журналистер тұшымды ойлары мен пікірлерін білдірді.Сондай-ақ мұндай басқосулар бұқаралық ақпарат құралдарының сапасын арттыра түсуге септігін тигізетіні, журналистердің дүниетанымын кеңейтіп, ізденіске жетелейтіні айтылды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж. Мәуленқұлов журналистерді еліміздің рухын көтеретін, елге ортақ ой салатын, құндылығы жоғары мақалаларды жариялап, әділетті, адал болуға шақырып, басқосуды түйіндеді.
Abai.kz