Жұма, 22 Қараша 2024
Мәйекті 6066 0 пікір 24 Қараша, 2015 сағат 13:15

ӨГЕЙ ӨКІМЕТ «ЖАНАЗАСЫЗ» ЖЕРЛЕУДІ ЖӨН КӨРЕ МЕ?


Соңғы кездері елімізде өзіне-өзі қол жұмсау фактілері жиілеп кеткендігі туралы бұқаралық ақпарат құралдары дабыл қағуда. Мысалы, биылғы жылдың қазан айының аяқ шенінде Шымкент қаласының 13 жасар тұрғыны 9-қабаттан секіріп кетті. 29-қазан күні қала тұрғындары 42 жасар азаматтың «Мега Шымкент» cауда орталығының төбесінен өзін-өзі тастап жібергенін көрді. 9-қарашада 49 жасар әпкелі-сіңілі азаматшалар Алматыдағы  «Мерей» сауда орталығының үстінен құлады. Ал 11-қарашада Семей қаласының 25 жасар тұрғыны қызымен ренжісіп қалғаны үшін өзін-өзі өртеп жіберді. 24-қараша күні Тараз қаласындағы «Нұр Отан» кеңсесінің алдында 20 жасар Ерлан Бектібаев өзін өртеп жіберді. Өзінің осындай қадамға баруына құқық қорғаушыларды айыптап, жергілікті полицияның қысымына, нақақ жаласына шыдамағанын айтты.

Қазақстан: Ең... Ең... Ең...

Орталық Азияға жетекшілік ететін мемлекетіміз туралы біраз деректерге назар аударып көрейікші. Әуелі, Қазақстан – ТМД  ішінде ажырасу фактісі ең көп мемлекеттердің қатарында. Жатырынан шыққан жартыкеш бүлдіршіндерін жетімдер үйіне тастап кететін «көкек» аналардың да саны елімізде күн санап артып келеді. Шылымқорлар мен алкогольдік ішімдікке әуестердің көптігінен, ТМД ішінде Қазақстан Ресейден кейінгі екінші орынға табан тіреген. Сондай-ақ, Қазақстан несие алушылар мен борышкерлер саны жағынан да алдыңғы сапта... Ең жоғарғы пәтер бағасы мен ең қымбат денсаулық сақтау саласы да біздің елде.  Ең сорақысы – адам саудасы жөнінен де «ақсап-тоқсап» тұрғанымыз шамалы.  Кәмелет жасқа толмаған бойжеткендер арасында жезөкшелік те көбейген. ҚР ДСМ статистикасына сүйенсек, кәмелет жасқа толмаған қыздар арасында жүкіті болғандардың саны былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір ұлғайған. Айта берсең, таусылмайтын ұзын-сонар тізім, бұл. Мен емес, статистика сөйлейді. Бұның бәрі өз кезегінде адамның жүйкеи жүйесіне, психикасына қысым келтіретіні анық. Жан шошытарлық сұмдық деректің бірі біз әлем мемлекеттері ішінде суицид жасау жөнінен 3-орында екенбіз. Әсіресе, 10-19 жас аралығындағы бүлдіршіндер мен қыздар өлімі жөнінен 1-орындамыз. Қалай ойлайсыз,  бұндай аянышты хәлге қалай жеттік?

Қазақстанда 300 мың адам жынды...

Жоғарыдағы деректерге сүйенсек,  елімізде жүйке жүйесі зақымданған, психиатордың көмегіне мұқтаждардың саны айтарлықтай көп болуы тиіс-тін. Алайда қазақстандық статистика түзуіші орталықтар мұнымен келіспейді екен. Олардың пікірінше, елімізде бар-жоғы 300 мың адам ғана психикалық ауыруға шалдыққандар тізімінде тұр. Дер кезінде психиаторлық көмек көрсетілмеу салдарынан Қазақстанда өзіне-өзі қол жұмсаушылар саны күрт көбейіп отыр деген пікірмен мүмкін келісерсіз.

Жақында БҰҰ жасаған  әлеуметтік зерттеудің қорытындысы бойынша Қазақстан ТМД елдері ішінде – денсаулығы ең нашар халық ретінде көрсетілген. Зерттеуге қатысқан 145 мемлекеттің арасында Қазақстан – 111-орынға «тұрақтаған». Ал посткеңестік елдер арасында ең жоғарғы көрсеткіш – Грузияда (71- орын).  Армения – 79- орын, Тәжікстан – 84-орын,  Өзбекстан – 85, Әзірбайжан – 87, Белорусь – 91, Ресей – 97, Украина – 99-орындарға жайғасқан. Әлемдік ұйымдардың пікірі мен Қазақстандағы Денсаулық сақтау министрлігі мен Мемхатшының деректері неліктен бір-біріне қарама-қайшы? Мысалы, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова ханым: «Елімізде медицина саласы күн санып жанданып келеді. Оның жарқын көрінісі – Қазақстанда адамның өмір сүру ұзақтығы өсіп, 2014 жылмен салыстырғанда 3 жасқа артты. Қазір елімізде  бұл көрсеткіш 71,6 жасты құрап отыр. Сондай-ақ,  ана мен бала өлімі 2010 жылмен салыстырғанда 2 есеге азйып отыр» дейді.

Түйін: Әлбетте, осы бір доғар дерекке дау айтар адам табылады. Дегенмен, тағы бір қарапайым есепқа қараңызшы. Мысалы, суицид жасаудың тағы бір себебі – жұмыссыздық. ҚР Статистика комитеті деректеріне сүйенсек, 2015 жылдың тамыз айында еліміздегі жұмыссыздар саны – 436,8 мың адамды немесе 4,9 %-ды құрапты. Ал 2014 жылдың қаңтарында бұл көрсеткіш – 472,9 мың адамды немесе 5,2 %-ды көрсеткен болатын.

Иә, суицид дейміз. Бәрібір айтылған сөз айтылған жерінде қалады. Осының соңына майшам алып түскен қайсымыз бар?! Қазіргі таңда Қазақстанда суицидтің болуы себептерін нақты зерттейтін арнайы  зерттеулер, ғылыми сараптама, статистикалық есеп жоқ. Бар болса – билік төңірегіндегі «жып-жылтыр» деректер ғана. Бір жас жігіт ертең өзін-өзі өртеп жіберсе – мәселені ушықтырмай, жылы жауып қою керек, бізше.  Яғни, тиісті шараларды дер кезінде қолдануға құзырлы мекемелер құлық танытпайды. Бір ғана мысал айтыңызшы. Таразда құқық қорғаушылардың қысымына шыдамаған өрімдей жас – Ерлан Бектібаевтің қазасына кінәлілер жауапқа тартылды ма? Осы мәселе түбегейлі зерттелді ме? Жоқ. Біз білгенімізше, бірнеше себепті тізбелеп көрдік. Алайда мұнымен мәселе шешілмейтіні түсінікті. Сондықтан да, еліміз әлем бойынша суицид жөнінен алдыңғы үштіктен түспей келе жатыр. Бұл дабыл!  Жалған статистика жыртығымызды жамамайтынын, кемімізді толтырмайтынын біздің билік ұқпайды емес, ұғады. Ұқса да әдейі істейтін секілді.  Өйткені өзіміздің өкіметіміз өгей болып барады. Оның өгейлігі сол, елдегі болып жатқан жантүршігерлік суицидтердің себебін өзінен емес, өзгеден, нақтырақ айтқанда «өлген адам» кінәсінен іздеп отыр. Суицидті психологиялық дерт дегенімізбен, сол дертке шалдықтыратын қоғамдық жүйе, қоғамдық қатынастар екенін ұмыт қалдыра береміз. Бүгінгідей рухани азғындаған, экономикалық қана емес, рухани һәм адами дағдарысқа тұйықталған қоғамда адам жаны шарасыздықтың құрбаны болуы заңдылық секілді. Егер ол өгей болмаса, осы «заңдылықты» бұзып жарар өкіметіміздің өзегі неге өртенбейді? Неге? Жоқ, әлде ол өкімет халықты жаназасыз жерлеуді (дінімізде өзіне-өзі қол жұмсаған жанның жаназасы шықпайды) жөн көре ме?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5333