Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 7537 0 пікір 24 Қараша, 2015 сағат 12:55

ДӘУРЕН ҚУАТ. ҚЫЗЫР ӘУЛИЕ МЕН МҰСА ҒАЛАЙАССАЛАМ

 (Әңгіме-Хикаят)

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»

Абай.

Ысырайыл жұртымен ол үш мың жылдан соң жүздесті. Бәни Ысырайыл... Көне де емес, жаңа да емес. Көнесі жаңасымен, жаңасы көнесімен жарасым тауып, жалғасып жатыр. «Ескілігін есте ұстайды, ескермейтіні және жоқ» деді  ішінен күбірлеп. Себебі, Бәни Ысырайылдың жадын бұл жақсы білетін. Иә, Перғауынның билігі мен көпіттерден түңіліп, осында елін бастап әкелген Мұса қаламолланы да көрген.  Пайғамбарлық қонып, Жаратқаннан аян алып, басынан небір хикметтерді өткерген Мұсадан біреу: мына жарық дүниеде сенен асқан білімді жан иесі бар ма деп сұрапты. Сонда Мұса Хақтың бірлігін, Жаратқанның Бәни Ысырайыл жұртын шапағатына кенелткенін, өзіне ерекше дарын силағанын, теңізден жол ашылғанын, Перғауынның теңіз түбіне кетіп ажал құшқанын, сиқырлы қолы мен аса таяғының киесін айта отырып, мен – мұрсал пайғамбармын, Алладан қысылғанда мұғжиза көремін, осыдан асқан абырой, атақ бола ма? Соған қарағанда, жер бетіндегі кемел білімнің иесі мен шығармын дейді. Сөйткенде Жаратушыдан уәхи жетіп: «Әй, Мұса, сенің әлгі сөзің не? Саған өлшеусіз білім мен қисапсыз қабілет дарытқанда менің мүмкіндігіме күмән соғатындай ойға беріл деп  пе едім? Бұ дүниеде білімі сенен асқан, хайыр-шапағатыма бөленген тағы  біреу бар» дейді құдіретін кезекті рет әйгілеп. «Раббым, сондай ғұлама жан иесімен мені жолықтыршы» дейді Мұса ғалайассалам жалынып. «Кездесесің, - дейді Раббы, - уағдалы күні кездесесің». Әлқисса, бұл әңгімемізді осымен ірке тұрайық та, ілкі уақыттан беріге өтейік.

***

... Қария көпке жұғымсыз көрінгенімен қадірлі-тұғын. Былайынша оның жұғымсыздығы – түр-түсінің өзгешелігі мен жүріс-тұрысының ортаға ұқсай қоймайтындығынан еді. Әйтпесе, бау-бақша баптап, мал өсіретін, қолынан ақ таяғын тастамайтын ауылымыздағы ақсақалдардың бірі болды. Жаназадан, топ-жиыннан да қалмайтын. Дөңгеленген жиегі баланың құшағынан үлкен дағарадай қара қалпағын киіп алып үлкендер бас қоса қалған үйге қарай аяңдап бара жатқанын талай көрдім. Біздің қарттар да  оны іш тартып тұратын сияқты: жолығыса қалса, қауқылдасып, арқадан қағып, амандық-саулық сұраса жөнелетін. Тек, Есімбек молда ғана оның тегін тергеп, түсін теріске салып, өзіне бейім ете бермейтін.

Біз естігелі бұл кісінің есімі – Әбірем. «Ұлты басқа. Қапқаз-ноғай ма екен, әйтеуір, орыс емес. Ал «пәмилесі» - Найман» деуші еді атам. Қараторы. Жоқ, қарасұр кісі. Көзінің қарашығы көкшілдеу. Әйтсе де  орысқа ұқсамайды.  Қажет кезінде орысшаға судай. Қазақша тіпті қамшы салдырмайды.  «Тірлігі құдды мұсылманның тірлігі. Алақан жаяды. Мінәжат етеді. Бірақ, пайғамбары бөтен көрінеді», - дейтін ауыл адамдары. Осындай әңгімелердің бірінші себебі – Әбірем ақсақал біздің ауылға Арқа жақтан қоныс аударған. Қоныс аударып, біржола орныққан соң өзін көпке дейін тұйық ұстап, кеңшардың көлденең жұмысына жегіп жүре берген. Кейін Құдайға құлшылық етіп, мүбәрак пайғамбарымыздың атын айтуға ептеп кеңдік жасалғанда, Әбірем өзгеше бір тақуалыққа көшсе керек. Осыдан кейін Әбекеңнің Құдай жолына тас бекіп түскен тақуалығы алақандай ауылда әртүрлі әңгіменің арқуына айналыпты.

Жаз айы. Алматыдағы оқуынан нағашы ағам демалысқа келген. Оқуға бас қойғаны, қаланың ауасын жұтып, ағарғаны әбден-ақ байқалады. Жөншемді адамда шаруасы жоқ, өзімен-өзі тау сағалап кетеді, қалың кітаптардың бетін ақтарады. Бір күні ол бәріміз дастархан басына жиналғанда: «Мына көршіміз «жөйт»  екен. Бұлар Совет өкіметі құлағанша, арғы түбін жасырып жүріпті. Аты Әбірем емес, Абрам», - деп жаңалық ашты. Оқымысты ағамның сөзінен ұққаным: Әбірем ақсақалдың ауылынан пайғамбарлар көп шыққан көрінеді. Тілдері де көне тілдердің бірінен-мыс. Бұлар әр-әркезде қуғынға ұшырап, Құдай Тағаланың қаһарына іліге беріпті. Өйткені, Құдай Тағала өзінің сүйген құлдарын кейде қырына алып сынайды екен. Өздері шетінен ақылды деседі. Ақылы мен білім-парасаты жер бетіндегі билеуші-әмірлерге де жақпай зәбір-запаны да көп шеккен. Совет өкіметі кезінде де абрамдар ашық бой көрсетпепті. Алайда, олар бір-бірін жақсы таниды, қамқор. Қашан бабақоныстарына жеткенше, осылай жан баға тұралық деп уағдаласыпты. Бұлар пайғамбарлар жайында небір аңыздармен бірге жасаған халық дейді. Тілдерін де ұмытпапты.

Ағамның әңгімесі құлағымның құрышын қандырған күні-ақ мен Әбіремнің ауласына енді өзгеше көзбен қарайтынымды сездім. Өйткені ол  -«Ащыбұлақ» аталатын алаңғасар, ақкөңіл ауылды сағалап жүрген жат, құпия адам. Әбірем  бала сүймеген, кемпірі екеуі ғана тұратын. Ал, кемпірі – «Ащыбұлақтағы» өзімен жасы қатар қарт аналармен шүйіркелесері кем, суықтау жан. Үнемі әлдекімнен үркіп-қорықып, жер таянытқан кәртамыс тағдырынан тарынғандай жабыраңқы, жалғызілікті өмір сүретін. Тіпті осы кемпірдің  шалымен дабырласып сөйлескенін көрші отырып естімеппіз. Жым-жырт. Кемпірінің жаңағы мінезі мені Әбірем қарттың үйіне  жетелей түскендей. Несі керемет, зерттеу керек? Нені жұрттан жасырып, жария етпей келеді? Әлбетте білу керек. Кімнен қорқып, кімнен құпияланады бұлар? Қарасам, Әбірем ауласында, қара қалпағының астында отыр екен. Бар тұрпатын қара қалпақтың ішіне бүктеп тыққандай – өзі көрінбейді. Жарықтық шөгіпті ғой әбден.

Жаз таусылып, күз түскен. Алдағы көктемде мектептің оқуы тәмам. Аңсарым – Алматы. Ғұлама оқымысты, әйгілі жазушы атанып ауылға анда-санда соғып жүрмекпін. Ауылыма ризамын. Көне ертегілер мен қиса-дастандарға қандым. Қарттарым, сендерге рахмет! Енді Әбіреммен әңгімелесуім қажет.

Әбіреммен әңгімелесу үшін сылтау іздеймін. «Ақсақал, ассалаумағалейкүм!» «А, шалаумелейкум!». «Кәрия, сиырларыңыз бен ешкіңізді өріске беттетіп берейін бе?», «Әуіре болма, қартайсам да қалқайып мал соңынан өруге жарайтындай халдемін». «Ата, қыстан хабардарсыз ба? Отын-суыңыз аз ба деймін. Ағаш аралап, бұтап тастайын, қане балтаңыз?», «Қой, шырағым, сабағыңды оқы. Әзірге кісіге сідетімді артпаймын. Балта шабатын бағымнан таяғаным жоқ». «Әңгіме айтыңызшы?», «Өй, балам-ай, бізде не әңгіме болсын?». «Арқадан мұнда қай Құдай айдап келді сізді? Тым құрыса, соны білдіріңізші?», «Қай Құдайы несі? О тоба, Құдай – бір Құдай емес пе? Құдай пендесін қайда бастаймын десе де өзі біледі. Бізден сұрамайды. Сен де сұрағыңды көбейтіп, басты қатырма!» Шалдың ашылып сөйлеуі қиын сияқты.

Үйде атамды қажаймын.

-         Құдайы көршіміз Әбірем қарт сөзге сараң кісі ме деп қалдым.

-         Ие, ол сөзге кіді адам.

-         Ой, осы баяғыда қауқылдасып тұратын едіңіздер ғой?

-         Әй, біздікі әншейінгі қысыр әңгіме еді. Малдың төлі, Салқынбелдің шөбі дегендей. Шаруаның адамы бұдан өзге нені сөз етсін?

Әбіреммен әңгіме бітті ендеше. Әйткенмен, аты қызық, ә? Әбірем. Бәлкім, Әбдірейім шығар?.. Пайғамбарлардың хикіметінен де жұрдай біреу-ау... Білсе, айтпай ма? Ар жағы қапқаз бен ноғайдың ел естімеген бір сойынан болар. Сотталып Арқадағы көп абақтылардың бірінде жазасын өтеген де үйленіп, аяғына тұрған соң «Ащыбұлақты» тапқан. Дұрыс тапқан, әрине. Орталықтан алыс, оңаша ауыл. Қақ-соқта шарауасы шамалы. Өкімет адамының алдына жеткізбей анау-мынау дау-шарын өз ішінде тындыратын тыныш мекен.

***

Сонымен, оқымысты ағамның әңгімесі ұмытылып, Әбірем «әдірем» қалған.

Бірде өрістен малын қайтарып, қорасына таяи берген Әбірем мықшыңдап қап арқалап келе жатты. Қызыл іңір. «Шал не, тезек теріп жүр ме?» Бұрынғы әдетімше жұмбақ шалдың ауласына көз тіктім. Шал қабын кілет үйінің аузына әкелді де, дүрс еткізіп тастай салды. Сосын төкті. Төккені – аузы шешілген қаптан салдыр-салдыр ақтарылды. Тас па? Тас қой. Тезек бұлай салдырламаса керекті. Жедел басып жетіп барайын.

-         Оу, кәрия, мынауыңыз тас па?

-         Тас.

-         Тезек орынына тас тергенсіз бе?

-         Мен ылғи тас теремін.

-         Жанатын тас па?

-         Тас жанбайды, жарығым.

-         Жанбаса, неге керек?

-         Керек. Мұның сыры саған беймәлім.

-         Сізге ғана мәлім бе?

-         Маған да мәлім емес. Құпиясы құлыптаулы.

Мен шалдың шаршап-шалдығып, бүгжеңдеп әрең жеткізген тастарына үңілдім. Біртүрлі қызық тастар. Мысалы, мына біреуін ұршықтың тасы дерсің. Енді бірі найзаның ұшына келеді. Сүйір. Қайсібір қаймақ тастың бетіне таңба-бедер түскендей.

-         Ата, сіздің тастарыңыз көне, тым көне заманның адамдары пайдаланған тастарға ұқсайтын сияқты. Мұны ол заманның адамдары құрал-жабдық, аңға шықса, қару ретінде кәдесіне жаратқан.

Қария маған аңтарыла қарады.

-         Кір кілет үйге.

Біздің ауыл «кілет үй» деп атайтын күди-сөди, артық-ауыстың құжырасы,  кәдімгі жаппа там – тошалаға бас сұқтым. Мұнда да толған тас.

-         Пәлі, ата, тасты үйіп тастапсыз ғой?

Қария демін басты да сөйледі:

-         Айналайын, бұл – осы даланы мекен еткен сенің ата-бабаларыңның   көзі. Бірі – мүлік, бірі – қару, бірі – тіл. Мүлкі де, қаруы да, тілі де үн қатуға бейіл. Бірақ соны еш ескермейсіңдер!

-         «Сенің ата-бабаларыңның көзі» дегеніңіз қалай? Сізге бұ дүниелер жат па?

-         Шырағым, білмекке ұмтылып, ішіңді тесіп жүрген жайды жасырмайын сененен. Мен – ебіреймін. Оқымысты нағашы ағаң айтпақшы, «жөйіт» десең де болады. Ебірей екендігімді ілгеріде жұртқа жария қылмадым. Жария қылғаныммен ебірейіңді «Ащыбұлақтың» адамдары не қылсын? Арқадан келдім бе? Келдім. Арғы жағын ағайын-жұрт үңгімеді, қазбалап сұрамады. Онысына құмбылмын. Қазақ деген ғажап халық қой. Қазақтың бір ғазиз ақсақалының арқасында көрер жарығым мен су ішерлігіме селбесіп, адам қатарына қосылып едім кезінде.

Абрам ақсақал көк жүзіне шалқып шығып алған Айға қарап қойып, терең тыныстады да, сөйлей түсті. Ауыл тыншыған сәт. Күндіз салқы төсін самалға өптіріп, алқам-салқам боп жататын Аршалы тауын салбырап басқан түн жұтып барады. Күз етегін сарыала етіп түруге кіріскен күреңсал жазғы бақтардан бақалардың құрғақ құрылы естіледі. Абрам қарттың әңгімесі Арқаға ауған.

-         Арқада мұндай аспан таулар жоқ. Бір өңкей сәукелелі сұлу шоқылар деп қояды.

Қарағанды жеріндегі «Қарлаг» дейтін аждаха апанына 27 жасында түсіпті. Болашағы кемел ғалым атала бастаған шағы екен. Тарихшы. Азия мен Африканы тануға аңсары ауған. Перғауындар заманын шарлап, Мұса пайғамбардың соқпағымен жүріп өтпекке талпынған. Ұлы даланың сарыны да кеудесін күмбірлетіпті. Мәңгі көк аспан елін көктей өтіп, Құңфызымен тілдесудің тәуекеліне бел буған. Бел буғаны құрысын, ақырында саяси қауіпті адам, ресми тарихты мойындамайтын делқұлы, дертті жан ретінде танылып, «Қарлагтағы» тұтқындардың қатарын толықтырады.

-         Небір ғажап білімдар адамдармен «Қарлагта» ұшырастым. «Қарлаг» мен үшін абақты емес, Академияға айналды, - деді де Абрам  қарт күрсініп өксігендей, үнсіз күйге көшті. Сосын:«Абай қандай азапты ғұмыр сүрген. Даналық пен  пайғамбарлықтың азапты ғұмырын», - деп   аяғын жазып, бойын тіктеген.

***

Әбірем қартпен әңгімеміз жарасты. Қарт қазына екен. Әуелі, абақтыдағы азапты күндерінен естеліктер тиегін ағытты.

-         «ҚарЛАГ» деген – Қарағандыдағы көп түрменің жиынтық атауы, - деп бастап, жұмбақ жанының қалтарысын ақтара шешілген.

Әбірәм қараттың әңгімесінен түйгенім: ойшылдар, өнер тапқыштар, ғұлама ғалымдар, суретшілер, музыканттар, ақын-жазушылар, қысқасы – адамзаттың ерекше жаралған дегдар қауымы, асыл ұрқы  «ҚарЛАГта» тұрыпты.

-         Совет Одағының бар жақсысы мен жайсаңын Сталин сонда тоғытты ғой, - деуші еді Әбекең.

-         Аты әйгілі 500 пианист сол «ҚарЛАГта» саусақтарынан қан сорғалап жүріп сұмдық жұмыс істеді. Бір сәттік үзілісте әлгі байқұстар ауаны қармалап, елес-күйсандықтың тілінде егілетін еді, - дейтін Әбекең.

-         Азап пен Арқаның аязы бірдей сойған тәнім әлсіреп, рухым сынып айықпас ауруға шалдықтым. Құрт ауруы. Мені емдемей, өледіге есеп қылып, «ҚарЛАГтан» лақтырып тастады. Айналам ақсөңке. Марқұмдардың сүйегі. Шашылған шашы мұзға байланған әйелдер. Сәби, балғын жүздерін ажал қапқан құбыжық бейнелі балалар. Әйел, еркек екендігі айырғысыз қаңқалар. Көз аялары көрдей қазылып, жақ сүйектері жайылып,  Аллаға әлденені ымдап жатқан қалпында үзіліп кеткен мүрделер үйіндісі. Ыңырсуға ғана әл-дәрменім төзгендей еді. Көзімді ашсам, бір құрым үйде жатырмын. Қарт кісі басымды ептеп көтеріп аузыма ақ құяды. Қайтадан талықсып кетемін. Есімді жисам – жаңағы көрініс. Қанша ай, қанша күн төсектен тұрмағаным белгісіз, бірде бойымнан қалт-құлт еткен қуат таптым. Нұр жарық дүниеге тәй басып қайта оралғанымды ішім сезді. Мені тірлікке талпындарған әлгі қарт – әкемдей болып кеткен қайран Қадыр ақсақал еді. Бойымнан сыртқа ақтарылған нәжіс пен құрттың өкпемді жыртып түскен қақырық-құсығына дейін өзі сүртіп алып отырыпты. Кейін үйдегі апаңмен, апаң да абақтының азабынан өліп құтылған бейбақ екен, табыстырып қосқан да әкем Қадыр болды, - деп кетуші еді тағы бір әңгімесінде ебірей Абрам.

-         Әй, сен бала, «ҚарЛАГ» туралы жан баласына әзірге білдірме. Менің абақты көрген адам екенімді естіп жұрт түңіліп кетпесін, - деген  ескертуді де ұмытпайтын құпиясы мол «құрдым» шал.

***

Менің балаң түсінігіме «ҚарЛАГ» өмірін шақтап қана жеткізген қарт: «Ал, әкесі, білгің келіп бара жатса, пайғамбарлар туралы хикаяларға көшейін», - деді қараша таусылып, өлкені аппақ қар басқан қыстың бір ұзақ түнінде.

Адам ата... Бәріміз сол – алғашқы пайғамбар Адам ата – Сәпиолланың ұрпағымыз.

Тәңірі өзі жаратқан Жер мен Көкті алдына келтіреді.

-         Ерікті, ия, еріксіз болсаңдар да әмірімді тыңдаңдар! Жер мен Көк:

-         Ықтиярымызбен келдік, - дейді.

Жердің теңселіп, Көктің еңсеріліп әлдебір құдіреттің дәрегейіне қол қусырып тұратынын қиялымда ұшып жүріп сезетін едім.

-         Ата, сонда Көк аспан мен қара Жер Алланың алдына барған ба?

-         Бармағанда ше? – дейді қиссашыл қартым, - бармай көрсін, Көкті тіліп, Жерді қақ жарып жіберер. Алла қаһарланбасын де.

Періштелерін де шақырады. «Өзімінің мұрагерім – Адамды жаратамын», - деп ескертеді оларға. Періштелер қанаттарын қағып, байыз таппай гуілдеп: «Жаратушының мейірі түскен жан біздер едік қой. Әлде неден жаздық па?» , - деседі.

-         Өзіңізді мадақтап, ұлықтайтын біз тұрғанда жер-жүзіне  кімді ие қылмақсыз?

-         Сендердің мұны білмейтіндерің мәлім еді, - дейді Алла. Сөйтіп балшықтан Адамды жаратып, оған он сегіз мың ғаламның атын үйретеді.

Періштелер – Алланың сүйген құлдары. Алланың құдіретіне шәк келтірмейді. Әйтсе де сұрайды: «Ол бізден несімен артық?» Алла айтады: «Қане, он сегіз мың ғаламның атын атап, түсін түстеп шығыңдар». Періштелер Аллаға бас иіп, Адам атаның білгірлігіне мойынұсынады.

Алланың Адамға ықыласы ерекше ауған-ау, әйтпесе, періштелеріне білдірсе, олар он сегіз мың ғаламды шаралап кетер еді. Әлде, шарлап жүр ме екен?.. Солай шығар, өйткені періштелер – жұмақта. Адам ата Хауа ана Ібілістің азғыруымен Алланың «жеме» деген жемісін жеп, уағданы бұзып, келісімнен айнып жер бетіне қуылды. Ібіліс сайтандығын істемегенде Адам ата мен Хауа анамыз жұмақта алаңсыз ғұмыр кешер еді. Онда мына біздер жарық дүниеге келер ме едік, жоқ па? Періштелер куә, Алла Адам атаны сүйіп жаратқан. Ібіліс те өзінікі. Оған қиямет-қайымға дейін кеңшілік жасапты. Адам атаны да кешіріп, жұмағында қалдырмады ма екен? Әлде, Ібілісті қиямет күні жеткенше, адаммен арбастырып қою үшін қарғыс қамытын мойнына кигізіп, «құрт көзіңді, қараңды батыр, нақұрыс!» деді ме? Адам ата мен Хауа ана жұмақтың маужыраған құшағында, жан қинамай, бұйырған дайын астан ауыз тиіп, бәле-батырға бас ауыртпай, құлшына құлшылық етуді ғана біліп жүре бергендерінде Алланың пәрменін он сегіз мың ғаламның бір нүктесі – мынау қара жердің бетіндегі тіршілік иесі қалай ұғар еді?.. Бәлкім, Құдіреті күшті Құдай әуел баста Адам ата ұрпағы жер бетінде өмір сүрсін деп жоспарлаған болар. Сондықтан, байқап жүру керек, кез-келген уақытта қасыңнан сап етіп сайтан табылуы мүмкін.

Абрам шалдың шаңырағынан шыққан бетте ойыма осылар оралады. Үй әне, жап-жақын. Бірақ сонда да айналам тым үрейлі. Қарайғанның бәрі құбыжық секілді. Бас салатындай. Жылы қораларда күйіс қайырып ыңыранған сиырлардың тоқ үні, анда-санда әуп еткен сақ иттердің дауысы: «Ойбай, тез, қаш, ізіңнен өкшелеп  Ібіліс келе жатыр!»  дейтіндей. Тұла бойым тітіреп, денем мұздайды. Бірақ, қорықпаймын. Менің періштем бар емес пе?

***

Адам ата, Нұх ғалайассалам, Һұд, Салих, Ыбырайым пайғамбар, Сымайыл, Жақып, Жүсіп, Шұғайып, Мұса, Талұт, Дәуіт, Сүлеймен, Айып, Жүніс, Зәкария, Лауы, Ғайса пайғамбар, Мұхамед салалаху уассалам пайғамбар... бірінен соң бірі Абрам ақсақалдың қисса-баяндарымен ойға сіңіп, көкейге байлана берді.

Адттар, самуттар, яхудей елі, көне Бабыл жұрты, құрайыш тайпасы пайғамбарлар тұсында да Жаратқанның жалғыздығына күмән келтіріп, пұтқа табынады, тоқшылықтағы өмірлерін харам тірілікпен, нәпсіқұмарлықпен былғайды. Соның зауалын тартып Жаратқан Хақтың назасына қалады. Оларды пайғамбарлардың Аллаға жалбарынып, құлшылық еткен тілегі ғана құтқарады. Хақ Тағала өзінің нәби пайғамбарларын әрқилы замандарда елшілікке жібере отырып қиямет-қайымды ескертеді.

Әбірем қарттың әңгімелері осы сарында жалғасақанда мен қилы-қызық оқиғалардың әсеріне еліте түсіп  «Батырлар жырын» еске алатынмын. «Шапса қылыш, атса оқ өтпеген, әй, менің баһадүр бабаларым-ай!»

-         Абрам ақсақал, - деймін сондай сәттерде қаным қызып, - қазақта неге  батыр көп, пайғамбар жоқ?

Ебірей шал жүзіме барлай қараған. Сосын қарасұр өңі ерекше жылынып, қазір айтпақ сөзінен даналық ой тапқандай мейірлене:

-         Өйткені қазақ – бұзылмаған, бүлінбеген, зирек, ақыл-парасаттан жол тапқан, ата-баба аруағын жат көрмеген, Тәңіріне ғана қол жайған халық еді, - деді. Осыны айтты да миыңа тоқып ал дегендей ыммен белгі білдіріп,  сұхбатымыздан бөлек бір сөз бастады. Бұл – Қызыр әулие мен Мұса ғалайассалам туралы  ұзақ қисса екен.

                                            ***  

Пайғамбарлық қонып, Жаратқаннан аян алып, басынан небір хикметтерді өткерген Мұсадан біреу: мына жарық дүниеде сенен асқан білімді жан иесі бар ма деп сұрапты. Сонда Мұса Хақтың бірлігін, Жаратқанның Бәни Ысырайыл жұртын шапағатына кенелткенін, өзіне ерекше дарын силағанын, теңізден жол ашылғанын, Перғауынның теңіз түбіне кетіп ажал құшқанын, сиқырлы қолы мен аса таяғының киесін айта отырып, мен – мұрсал пайғамбармын, Алладан қысылғанда мұғжиза көремін, осыдан асқан абырой, атақ бола ма? Соған қарағанда, жер бетіндегі кемел білімнің иесі мен шығармын дейді. Сөйткенде Жаратушыдан уәхи жетіп: «Әй, Мұса, сенің әлгі сөзің не? Саған өлшеусіз білім мен қисапсыз қабілет дарытқанда менің мүмкіндігіме күмән соғатындай ойға беріл деп  пе едім? Бұ дүниеде білімі сенен асқан, хайыр-шапағатыма бөленген тағы  біреу бар» дейді құдіретін кезекті рет әйгілеп. «Раббым, сондай ғұлама жан иесімен мені жолықтыршы» дейді Мұса ғалайассалам жалынып. «Кездесесің, - дейді Раббы, - уағдалы күні кездесесің».

Раббы Мұса пайғамбарға күндердің бір күнінде аян білдірді:

-         Анапа ағашының қабығынан себет тоқып, ішіне балық сал да, өзің бұрын-соңды көрмеген, білмеген өлкеге сапар шек. Ол өлке – сайын дала, сардар таулар өлкесі. Аяңыңнан жазбай сол мекенді бетке алып жүре берерсің. Жүріп келе жатып екі теңіздің қосылған аралына жетерсің. Себеттегі балығың түсіп қалар. Сен сонда оны көрересің.

Мұса ғалайассалам баласының қолына балық салынған себетті ұстатып, жолға шығады. Айлар, жылдар өтеді. Аянда білдірілген екі теңіз бір арнаға құйған атырауды жағалап, арып-ашып келе жатып бір жерге дамылдайды. Сөйтіп отырғанда қалғып кетеді. Баланың қолындағы себеттен балық шоршып түседі. Бала оны аңғармайды. Әкесі оянған соң әріқарай жылжиды. Бір уақытта Мұса: «Балам, себетіңе қарап қой» дейді. Баласы себетті ашып қараса, балық жоқ. «Балық қайда түсіп қалды екен?». Ойланып тұрғанда бала санын соғып: «Әлгінде аялдаған жақпар тастың түбінде түсіп қалса керек», - дейді. Мұса қуанады. Шаршағанын ұмытып желе басып жөнеледі. Келсе, екі теңіздің қосылған тұсындағы биік қара тастың қасында дана келбетті, ойлы пішінді бір момын жан тұр екен. Мұса келіп сәлем береді. Қайдан шыққанын айтады.

-         А-а, сен Бәни Ысырайылдың нәби пайғамбары Мұса боларсың? – дейді әлгі адам. Мұса ғалайассалам шарқ ұрып іздеген кісісін жолықтырғанын біліп барынша ізетпен, ғұламалардың уәзипасында мүләйім тіл қатады:

-         Өзіңізді таусыла іздеп келген пендеге ықылас етіп, оны дәрежеңізіге сай көрер ме екенсіз? Әгәрәки, сіз сондай ықылас танытсаңыз – ол сіздің жаныңызға еріп, сізден ғылым үйреніп, білімге кенелер еді де, білгенін жұртпен бөлісіп, Хақ Тағалаға құлшылығын жалғастырып, жан рахатына бөленер еді.

Мұсаның осылай бек құрметтеп, ынтызарлықпен үн қатып тұрған адамы – Қызыр Ілияс еді. Қызыр әулие сонда айтады:

-         Ей, Мұса, мен сені ілестіріп жүрер едім, бірақ сенің көргеніңе орай сөйлемеуге, білмегеніңді тықақтап сұрамауға тағатың жетпейді ғой.

Мұса айтады:

-         Жоқ, мен дәтіме берік болайын. Көргеніме де, білмегені ме де мақұлмын. Тек ілестіре көріңіз, әулием.

Сонда тағы да Қызыр әулие айтады:

-         Ай, Алланың ерекше жаратқан нәби пайғамбары, қайтсек екен? Егер тағатыңыз таусылғандықтан сөйлеп, сұрана берсеңіз мен сізге ренжіп, содан соң арамыз бүлінбей ме?

Мұса пайғамбар  уәдесін және қайталайды.

Екеуі мүсәпірлік кебіне еніп теңізге қарай тартады. Барса, теңізден бір кеме жүргелі тұр екен. Жолаушылардың ұсынақты, сабырлы қалпын таныған кеме басшысы екеуін қалдырмай ала жүреді. Кеме ыңыранып, зәкірін көтеріп қозғала бергенде Қызыр әулие оның табан тақтайларын жұлып алып, сындырып тастайды. Сөйтіп кеме қайраңдап қала береді.

Былай шыға бергенде Мұса кейіп:

-         Апыр-ай, Алланың қарызға берген әр күнін еңбекпен өтеп жүрген жақсы адамдардың қайырын шайыр еттіңіз-ау! Мұныңыз не қылғаныңыз?, - дейді.

Қызыр әулие де іле тіл қатып:

-         Осылай сөйлеріңізді ескертіп едім ғой, неге ердіңіз маған?!, - деп серігіне қарайды. Пайғамбар уәдесі есіне түсіп, ғапыл кеткеніне қынжылады.

Әулие мен пайғамбар сапарларын жалғастыра берсін.

Алдарынан ойнап топ бала шығады. Араларында нұр жүзді, өзгелерден ерекше сүйкімді бір балақай көрінеді. Әлгі баланы әулие алдап оңаша алып шығады да, сиқырлап ұйықтатып, өлтіріп тастайды.

Мұны көріп Мұса пайғамбар тіпті ашынады.

-         Оу, сенің Қызырлығың қай жеріңде? Өзің бір мүттәйім екенсің. Біреудің әлпештеген сәбиін не қылдың? Мынауың енді сұмдық!, - деп айқайлайды.

-         Айттым ғой сізге, -  дейді Қызыр әулие, - менімен еріп жүре алмайсыз!

Мұса пайғамбар ұмытшақтығына налып, әрі өзінің Раббы сүйетін істердің жер бетіндегі насихатшысы екенін есіне алып, әулие мен өзінің бітіміндегі қайшылықтарға бас шайқап, Қызырдан кезекті рет кешірім сұрап, соңынан ере береді.

Ұшы-қиыры белгісіз сары даланың көл-көсір сағымы екеуін  қалтаң қақтырып сүйреп әкетіп барады. Бітіп болмас, бітіп те болмас бір дүние әйтеуір. Жалпайған жазықтың жиегін құм жұтып, құм етегін құбақан төбелер қымтап, құбақан төбелердің шалғайын алып таулар аспанға көтерген құрсауы қырық қабат біртүрлі тылсым өлке. Жолаушылар діңкелеп бітті, әлдәрмендері құрыды, әбден тарықты. Ғазиз жаннан енді түңілгенде қарауытқан қыстақтың шетіне кеп жығылды. Бұл қыстақтың тұрғындары  қарау екен. Мүсәпірлерге қара су татырмады. Маңайына жуытпады. Бірақ қыстақтан шыға бергенде қисайып құлағалы тұрған құжыра кездесті. Әлгі құжыраны көрген әулие тіреу қойып, қамқорлық жасады.

-         Бұныңыз қайткеніңіз? – деді Мұса қайран қалмасқа амалы түгесіліп. Алдында екі мәрте жаңылысқанын да, әу бастағы уағдасын да мүлдем ұмытса керек.

-         Сіздің уағдаңыздан тайып осылай сұрарыңызды  бірден білген едім. Сірә, сіздің нәби пайғамбарлық парқыңыздың да жөні білуге, түсінуге ұмтылуыңыздан-ау... Енді түсіндірейін, - деді Қызыр әулие.

-         Алыс жердің түбінде залым патша жау шақырып, қалың ләшкер қол жиып, суда жүзген кемелерді басып алып жатыр екен. Нәпақасын адал еңбектен тауып қана күнелтетін ізгілікті жандарды сорлатпас үшін кемені қайраңда қалдырдым. Әйтпесе, залым патша оны тартып алар еді. Қалай ойлайсыз, қайсысы дұрыс: кеменің теңізде жүріп залым патшаның қолына түскені ме, әлде, қайраңда қалып адамдарының аман-сау қайырлы тірлік кешкені ме?

-         Ал, әлгі баланың ата-анасы Тәңіріне ғана сиынған мүміндер екен. Соданда олар балаға ерекше мейірімдерін төгеді. Шексіз еркелетеді. Бала – сол еркелікке тойынып, астамсыған, ойыны ой бұзар тірілікке бастап бара жатқан болашақтың бір бұзық адам еді. Сол неме ертең ер жетсе, әлеуметке әлек салары бек мүмкін-ді. Алдап апарып ұйықтатып өлтірген себебім – сол. Ата-анасы Жаппар иесіне жалбарынып, жақсылықтан аумайтын жандар болғандықтан, Тәңірімнен ол екеуіне әлгі баладан да көркем, одан да сүйкімді, мейірлі, ақылды, текті екі ұл сұрадым. Тәңірім тілегімді қабыл етті.

-         Құлағалы тұрған құжыраның ішінде екі жетімек отыр. Ол екеуіне ағайын-туғаны қарамайды. Жандары ашымайды. Екі жетім ертең ер жетер. Сонда олар құжыраның астындағы алтын көмбені табар. Ләкин, содан кейін тұрғындары қайырсыз қыстақты түзетіп жөнге салар.

-         Міне, - деді Қызыр әулие Мұса пайғамбармен қоштасып тұрып, - мен осының бәріне ақыл-парасаттың арқасында жеттім. Ақыл-парасатты Раббыңыз бәрімізге сыйлаған. Ақыл-парасатпен не нәрсенің де ақырына ден қойып, іс жасауда ғана кемдік қыламыз.

 

Әбірем қартпен әңгімеміз  Қызыр әулие мен Мұса пайғамбардың хиккаясы аяқтала басқа ауанға көшті. Шал маған «кілет үйіндегі» тастарын тамшалатып, қайдағы бір ықылым заманалар жайынан сыр аңғартып жүрді. Мен бұл шамада мектептегі оқуымды тәмамдап Алматыға асығулы едім.

Таң тамылжып ататын. Айналам өзгеше бір шаттықтың шабытты күйіне еліткен. Дүрия дүние құстардың әні үшін жаралғандай. Бұлаңдап сырғитын бұлақтардың сылқылы мен арынды Ақсудың күркірі кезек өріліп, мынау ақнұр әлемнің әуезіне айналғандай. Қаракөз қалқатайлар қандай әдемі. Ұрымтал тұстан табылып, ұмтылып  бір құшар ма еді өздерін. Сүйер ме еді шөлпілдетіп. Ақтамақ қарлығаштардың қанатында сусып алқынған беу, жүрегім, қайда әкетіп барасың сен мені?

Түс әлеті. Оқу біткен. Ертең соңғы қоңырау. Соңғы қоңыраудан кейінгі күн – Алматы. Үйге симай кәрия-досыма соқтым. Шал «кілет үйінде» тастарын аударыстырып отыр екен. Әйдік әңгімеге құлқым жоғын аңғартып, жолсапарымның жайын мәлім еттім.

-         Сен Алматыға кетесің. Мен қашан Ерусалимге жетемін? – деді қарт. Таң қалдым. Абрам «Ащыбұлақтан» ұзап қайда барады? «Оу, бұ байқұстың осындай да арманы бар ма еді?» Ойымды оқып отырса керек «жөйітім»:

-         Иә, - деді, - менің ғұмыр бойғы арманым – Бәни Ысырайыл топырағына бауырымды төсеу. «Қарлагтың» қараңғы түнегі де мені бұл арманымнан әсте айныта алған емес. Ол заман тамұқ еді. Қазір еркіндік. Әттең бар екенімді, тірі екенімді білдірсем бітті, көне шежіреден хабардар яхудей баласы мені самғатып алып кетер еді.

Менің ішім боздап қоя берді. «Қайран қартым, бұл сенің ең соңғы сөзің, ах ұрған ақтық тілегің ғана шығар?..»

-         Менің аманат-тілегім мыналар, - деді шал, - мен мұның бәрін арқалап Ерусалимге алып бара алмаймын.

 

 

Алматы да, Әбіл нағашым да мені құшақ жая қарсы алды. Нағашымның жетелеуімен ойдағы оқуыма да топ ете қалдым. Студенттік күндер басталды. Абармның дәрісін тыңдаған пәле емеспін бе, бірден көзге түсіп, ауызға іліндім. Үздік дәріскермін. Нағашым ғылыми иниститутта қызметкер. Өзімен өзі тұйық жүреді. Жүдеу. Қалтасы жұқа. Маған суырып берер тиыны әмиянынан табылмай қынжылатын. «Өрекпелеусің бе, қалай өзі? Оқы, талмай, қажымай оқы», - дейтін сондайда жұпыны жүдеу тірлігін үлкендігімен жасырып.

Көктем шыға жатақханама іздеп келіпті. Өңі бал-бұл жанады. Кітабым шықты дейді. Мұқабасында айға басын сүйеп, ұлып тұрған қасқырдың бейнесі таңбаланған қайыстай қалың қара кітап. Екеуміз атап өттік. Мен кәуап жеп, тәтті сусынға бас қойдым. Ол сыра сімірді. Әңгіме шертті. Әріден. Абрам айтқысы келген ықылым заманалардан. Мен баяғы кәрия-досымды оның есіне салдым.

-         Тірі ме ол шал?

-         Былтыр тірі болған.

-         Ебірей екенін айтты ма ақыры?

-         Білдірді.

-         Сөйтсе керек. Олар шежіреге мықты халық қой.

-         Шежіре демекші, сол шал «көне шежіреден хабардар яхудей баласы тірі екенімді естісе, Ерусалимге самғатып алып кетер еді» деп отырған.

-         Қой, ей! Ерусалимге көшпек пе екен?

-         Өзі сөй дейтін.

-         А, оның жарасы жеңіл. Мен «жөйіт» достарымды құлағдар етейін. Самғатып алып кетсін.

-         Ол шал біздің таулардан ылғи тас жинап әкеледі. «Айналайын, бұл тастар – осы даланы мекен еткен сенің ата-бабаларыңның көзі. Бірі – мүлік, бірі – қару, бірі – тіл. Заты да, қаруы да, тілі де үн қатуға бейіл. Бірақ соны еш ескермейсіңдер!» деген.

-         Тап осылай деді ме?

-         Тап осылай деді.

Нағашым түйіліп отырып қалды.

-         Онда былай болсын, - деді ол екеуара бас қосуымызды қортындылап, - мен Абрам Нойманның тілегін орындауға шындап кірісейін, сен менің кітабымды ақсақалдың қолына тигіз.

-         Келістік.

***

Жаз. Ауылдамын. Сағыныш мауық басылған соң, үйдегілерден көрішілер жайын сұрадым. Шал, Құдайға шүкір, малын өргізіп, бақшасын баптап, тақуа тірілігімен екен. Кемпірі боқырауда қайтыпты. - Қазір Әбірем мүлде жалғыз. Есінбек молдамен ғана айтысып қалатыны болмаса, былайынша, ауыл қараттарымен  аман сәлемі түзу. Пейнетқор өзі бейшара. Қабын арқалап әлі тезек теріп жүр.

Әжемнен осыны ести сала Әбіремнің үйіне тарттым.

Қарттың жүдеубастылығын бірден аңғарылды. Бұрынғы жинақылық пен ұсынықтылықтың шеті сетінегендей. Мосқал пештің үстіндегі шәугімнің шүмегі мен түбін күйе қауыпты. Әдетте басы тіктеліп, босағада сүйеулі тұратын сыпыртқы ошақ аузында жатыр. Төбесі аласа бөлмелерді бүгілген қарттық меңдеген: суық, қасіретті.

Шал жазбай таныды мені. Сампылдап оқу-жайымды айтып жатырмын. Үнсіз, сұлқ тыңдады. Әңгімеге құлқы жоқ сияқты. Әбіл нағашымның кітабын кереуетінің басына тастадым да сытылып шықтым.

Ертеңінде Әбірем  екеуміз оның албарында ұшырастық. Кешегіндей емес, қарт көңілді. Қунақ. Шатыраш ойнап шаршатқан тағдырынан құтылып, серпілгендей сергек.

-         Түні бойы көз ілмей оқып тастадым. Бұл қай бала еді, әлгі алыстан сендердің үйлеріңе кеп қайтатын нағашы ағаң ба? Бала болғалы тұрған бала екен. Жорыққа шығыпты. Қорықпайтын, тайсалмайтын көрінеді. Қисыны, байламы тастай. Еріксіз иландырады. Тәңірін бек таныған бекзат ұлдың өзі ме дедім.

Осыны айтып дабырлаған шал: «Есіңде ме, Мұса пайғамбарды Перғауын әскерімен қуғанда Раббы теңізден жол ашып, Бәни Ысырайлды құтақартын сәті», - деді.

-         Иә, есімде.

-         Ендеше міне, мынаны тыңда.

Шал кітап бетіне жүгінді.

«...Ендi иудей Құдайының бастапқы есiмi нелiктен «Ау» болатындығына аз-маз тоқтала кетейiк. Ол үшiн жебiрей халқының Мұса ғалайссаламның басшылығымен Мысыр құлдығынан қашқан кезде жер бетiнде көрiнiс берген оқиғаларға, олардың себептерiне үңiлу керек. Бұл табиғи апаттар Жер-Ана бетiнде бiрiнен кейiн бiрi қайталанған қасiреттi уақыттар едi   Жерге төнiп келiп қалғандай болған аспанды әлдебiр құдiреттiң күшiмен пайда болған дыбыстың керi лақтырып жiбергенi де рас. Әлденеше тәулiк бойы қарасын көрсетпей қойғандай болған Күн де содан кейiн қайта жарқырап шыға келген. Табиғаттағы мұндай құбылысты бүгiнгi ғылым тiлiмен былайша дәйектеп түсiндiруге болады: шамасы, тым жақын келген әлдебiр құйрықты жұлдыз кесiрiнен немесе көршi планеталармен өрiс күшiн таластырудан соң, бәлкiм, ғарышта қаңғып жүрген шойын тастардың бiрi құлағаннан кейiн орбитасынан шығып кете жаздаған Жер шары ыңыранып барып, Күн жүйесiндегi бүгiнгi орнына сәтiмен түскен болса керек. Апат зардабы бiрнеше апта немесе айларға созылғандығы да анық   Осы бiрнеше ондаған тәулiк iшiнде адам санасына ұялап қалған үрей-қорқыныш жаңағы құтқарушыдай болып естiлген дыбысты Жаратқанның өзiнiң үнi деп қабылдауға молынан жетiп-артылатын. Екi жарты шардағы адамдар қиялын тербеп, құдайлар мен құтқарушы қаһармандар жайлы әфсаналар тудырған ол дыбыс бiзге қасқыр мифiнен белгiлi «Ау-у-у» немесе қысқаша «Ау» едi.  

Дыбыс немесе сөз иесi де белгiлi. Кеңiстiкте тербелiп барып, бүгiнгi белдеуiне қайта түскен Жер-Ана болатын. Ол кездi ескi кiтаптар «Өзендер арнасынан ауытқып, тiк көтерiлген теңiздер құрлықты шайып кете жаздаған заман едi» деп суреттейдi.

 Күн жүйесiнде орын алуы әбден мүмкiн болған кезектi алапат апаттан Жер-Ана аман һәм жеңiмпаз болып шықты. Одан естелiк ретiнде әр құрлық, әр халықтарда өздерiне тән реңк-бояумен баяндалатын аңыз әңгiмелер қалды. Ежелгi элладалықтар анадан туған алып ұлдары Геркулеске аспанды көтерткiзсе, қытайлықтар сол кездегi әмiршiсiне Яо немесе Яу деген есiм бердi. Үндi буддашыларының бабалары «АУМ» деп дыбысталатын қасиеттi мантраны ұрпақтарына мұра етiп қалдырды. Жебiрей қауымы болса, Жаратқан он негiзгi қағиданы Мұса ғалайссаламға осы жолы түсiрдi деп санады. Бағзы түркiлер болса, Жер-Ана мен Қасқыр-Ананы астастыра iзет тұтты.  Түркi қауымы қолдан Құдай жасамады, қолынан келмес iстi мойындарына артып пенде баласын да мазалаған жоқ.  

Иә, солай, қасқыр мифi мен тотемiнiң кемi үш мың жылдан асатын тарихы бар, ол адамзат баласында Ұлы Ана жалғыз-ақ екендiгiнен, оның есiмi Жер-Ана деп аталатындығынан сыр шертедi»* 

 

-         Міне, жұмыр жердің баласын тұтастыратын осы түйін. Міне, қазақ ойының он сегіз мың ғаламды еркін шарлауы! Не деген кеңдік, не деген дархандық!

Шал шалқып ұзақ сөйледі.  

***

 

Нағашым мықты екен. Уәдесінде тұрды. Абрам Нойманды көне шежірені жатқа соғатын яхудей жігіттері Ерусалимге самғатып алып кетті. «Ащыбұлақ» ауылы кешегі мыжырайған шалдың мұншама құрметті екендігіне айран асыр болып қала берген.

Айтпақшы, Әбірем ақсақал «кілет үйіндегі» үйілген тастарды «оқудағы балаларыңа беріңдер» депті де,  Әбіл нағашымның қолтаңбасы жазылған кітапаты ғана қолтығына қысып кете барыпты.

 

***

Жазымыш-ау... Абрам Нойман Ерусалимге ұшқан күні Әбіл нағашым дүние салды.

 

 

***

Соңы...

  • Бұл жерде ақын, мәдениеттанушы Әмірхан Балқыбектің «Қасқыр Құдай болған кез» атты кітабынан үзінді алынып отыр.

      Алматы.

2015 жыл, 18 ақпан

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371