ЖҮРЕГІМДЕ ҒҰМЫР КЕШЕР ІЗГІ ЖАН
(Әңгіме-новелла)
Ақ сезім мен ақ армандар. Бес күндік тірліктің мәні. Қалай айтсаң да, қалай жырласаң да әсерлі. Көнеден қалған бір ғибратты әңгіме еске оралғанын қарашы! Ертеде бір данагөйден шәкірті «Өмір өзегі дегеніміз не?» деп сұраған деседі. Сол кезде данагөй шәкіртінің жанарына ұзақ қарапты. Шәкірті тағатсыздана жауабын тосып тұрған қалпын аңдап: «Шырағым, өмір өзегі – үміт пен сенім. Сол үміт пен сенімді жалынды жүрегіңде сақтай біл. Жанарыңда жасын ойнап тұр сенің, ол — сендегі ұлы мақсаттар. Мақсатыңа жету жолында кедергі де кездесері хақ. Дегенмен, бәрін жеңесің. Ұмытпа, жүрегіңе ешқашан пенделікті жуытпа» — деп шәкіртінің сауалына жауап берген көрінеді. Замана көші жаңғырып, адамдар алмасқанымен, өсиет сөз ұмытылмады. Бүгінгі күні де ақ үміт пен арманын желкен еткен жандарды қасымыздан көптеп ұшыратамыз. Солардың бірі – Сезім мен Әнуарбек жайлы сыр шертуге жүрегім құмартып, қолыма қалам алдым.
Түс
Түсіме менің бейтаныс бір жан енгелі,
Жанымды сыздатты мұңның шенгелі.
Түрік қызы
Ақтеңіз – шағалалы шат мекен! Адамның жанын түсініп, көңіл сырласындай табиғат перзенттері – шағалалар бағзыдан бері мекен етіп келеді. Тамырлы тарихында сан қилы тағдырлар мен хикаялар жетерлік. Сол шағалалы шат мекеннен, өмірін өнермен байланыстыра білген, білімге құштар – Сезім атты уыздай жас қыз қазақ жеріне табан тіреген. Сезім – адамның жүрегіндегі ең ардақтысы! Жер бетіндегі бір аспанның астын мекендеген жан баласының барлығының қадірлері – жүрегінде тасқын сезімінде. Сол ардақты есімді иемденген, көк аспанның өзіндей жанары бар, қолында өткір оймен сілтенуге әзір тұрар қаламы бар, атажұрттан білімді болып, ана жұртына қадам басам деген талабы бар – Сезім Асланқызы. Жүйрік көңілі әуелден, әдемі бір әуенмен үндесетін, жанын тәтті жырдай қытықтап ғажап бір ерек сезімге бөлендіретін, ата-анасы бұрын тек бауырлас ел деп қана айтатын, бірақ ешқашан барып көзбен көрмеген — қазақ топырағына жетсем деген тілек. Мектепте ылғи дүниежүзі жағрафиясы сабағында туыс ел хақында ой толықтыруды қалайтын. Тарихы мен тілі туысқан елдердің ұқсас мәдениеттерін іштей көңілге түйе жүріп, бір көрсем деген ынтызарлық сезімі бой көрсете бастаған-ды. Арман атты арғымаққа кейде мініп, өз ойына шырмалып та қалатын. Биік мақсатты бүлдіршін қыз армандаудан жалыққан емес. Ақ арманының бір күн шындыққа айналып, сайын сахаралы өлкені түбі бір көреріне, жұпар ауасымен тыныстарына бек сенімді. Аз күн болса да ғұмыр кешуге шын көңілден пейілді. Арман мен үмітке жаны бай Сезім – шаңырақтағы жалғыз перзент. Аслан мен Жұлдыздың тәңірден тілеген, көзімен көріп, қолымен ұстаған, жүректегі ақ сезімдерінен жаралған еркелері. Әрқашан ата-ана көңілдерін сүйсіндіруден танбаған, әр күнін білім нәрімен сусындауға ғана арнаған қос баласының оқуын тәмамдауға аз ғана күндері қалды.
Күндегі дағдысымен таңғы асын әзірлеп жүріп еркелете тіл қатқан Жұлдызға қызының бүгінгі қобалжулы түрі ұнамады. Толқи-толқи анасына білімін өзге елде жалғастырғысы келетіндігін жеткізді. Тосын жәйт. Туғалы қасынан жырақ кетпеген, көздерінің нұрын өзге елге аттандыру күтпеген оқиға. Жұлдыздың алғашқы жауабы «жоқтан» басталды. Әкесіне қызының шалғай мекенде білім алу мақсатын құптағысы келгенмен, қыздарының тірлікке аса бейімсіздігінен жоқ деуге мәжбүр. Өмірде ес білгелі, рухани соққы алмаған қызының жаны жараланбауын қатты қалады. Сезімді ойымен бөліскен сәттен басталған райынан қайтаруға тырысу, шет мекенге бару шешіміне келісе алмайтындығын сан рет айтудан ата-ананың жүрегі тыншытарлық жауап ести алмады. Түсіндіруге тырысқан әрбір сұхбатта Сезімнің тік мінезі мен өрлігі қарсылық шешіміне сызат түсірумен болды. Тоқтам болар деген сөздердің парқы да шамалы. Сан реткі ата-ана қарсылықтарынан пайда болмады. Қайсарлығымен, тау қопарар мінезімен мақсатына бір табан жақындай түскен – Сезімнің шешімін әкесі ақыр соңында құптады.
Арманның парқы — орындалғанда артатыны даусыз. Қызының тауын шағып, үміт гүлін солдырудан асқан азап жоқ екен әкеге. Қызының ойына қарсы шыққан сайын, оның жанын бір мұң торлап алатын. Міне, ақыры шешімін қолдап жүрегі сабасына түскендей. Иә. Қалыпты күнде парқы аса біліне бірмейтін, алайда өмірде маңыздылыққа ие, ақ көңілге қанат болып, тірлікке бақыт үстейтін сөз – иә. Ата сөзінен кейін ана көңілі іштей қанша қарсы болғанымен жұмсара түсті. Қыз шешіміне оң қабақ танытқан – Аслан қызының жолына әзірлікті бірінші болып бастап кеткен. Қызының биік арманы мен ақ адал мұратын қолдап, қажет болар деген нәрсенің бәрін сөмкесіне сала берген.
Қыз көңілі — жабырқау. Алдынан қол бұлғап арманы шақырады, соңында алғаш дүние есігін ашқаннан бері жанына сая болған мекен – Ақтеңіз қалып барады. Ақтеңіздің шағалалары – балалық шағының ең бір әдемі естелігін өздерімен бірге алып қалатындай. Көңілін қамықтыратыны, ата-анасының жалғыз қалатындығы. Ес білген шақтан шаңырақтағы қуаныш пен шаттықты бірге сезініп, қара қайғы мен уайымды теңдей бөлісіп келе жатқан жандар қалай ажырайды? Қалай қия алады? Перзенттік махаббатпен, көкірекке қонақтаған ойлармен санасы сабылған сәтте жүрегі шымырлап сыздап қоя беретіні. Кейде, перзенттік парызын орындап, сүйіктілерінің қасында қала бергісі-ақ келеді. Шешімім – жаңсақ, көңілім – бағытынан адасқан құс тәрізді деуге шақ қалады. Бірақ айта алмайды. Көңіл түкпіріне жасырып сақтап, ақ арманы мен биік мақсаты үшін — үнсіз қалмаққа шешім қабылдаған. Селдей жосылған мазасыз ойлардың арасында шешімі ғана анық секілденеді.
Ақтеңіздей арда мекен – ақ армандарымен үндесіп, жүрегіндегі үміт отын үрлесіп, ес білген шағынан – түркілік рух болып өн бойына сіңе берген-ді. Түркі жұртының қара шаңырағы – қазақ жерін бір көруге құмартқаны және Түркістанды бір көруді армандауы – түркілік рухтың айқын көрінісіндей әсер береді. Бала арманына жету үшін-ата-анасынан сан рет кешірім өтіне, өз мақсатына табандылықпен жете беретіндігін дәлелдегендей.
Жиырманы енді бағындыра бастаған – Сезімнің көңілі көктем тәрізді. Бірде жайдары көрінсе, бірде қалың бұлттай түнеріп алғаны. Ажары айдай, ақ қар түстес тамағы, шиедей еріндері, аспандай тұнық көкшіл көздері, ақ таңдай арайлы, ақ мақтадай дидары мен белінен төмен түсер қою қара шашы кез-келген жас жігіттің көңілін еріксіз өзіне бұрып әкетері сөзсіз. Қызыл түсті көйлектерді келістіре кигенде, Сезімді қызыл раушанға теңемеске ләжің жоқ. Әуезді ән мен көңіл тербер жырға ынтықтығын сөзбен жеткізу қиындау. Қашан көрсең де, алты жасқа толған туған күнінде әкесі сыйға тарқан – дутар аспабы. Көңілінің хошы болмаған кезде, тірі пенде ұға алмаған шақтарда дутардың әуенімен көңілін демейтін. Таңдайдағы тәңір сыйлаған тәтті жырмен арманға құлаш созып, көз жетпес биіктерді оймен көп шолатын. Ақтеңіздің ажарлы аруы – тәңірдің қалауымен армандаған елге табанын тигізіп, шығыстан шұғыласын төккен күн нұрына жүзін сүйдірмекші, қоңыр желімен – толқынды шаштарын таратпақшы.
Балалық шақтағы арман – ең қалаулы арман! Жүректен мәңгі орын алар ардағың – бала арманың! Ол – жан гүлі!!! Ол – өр көңілдің пәк жыры!!!
Аслан мен Жұлдыздың көңіліне қанша қиын соқққанымен, ақ жүректері перзенттерін ұзаққа аттандыруға қимай тұрса да, ақ тілеумен Сезімді ұшаққа отырғызып жіберді. Аслан мен Жұлдыз сағынышпен балапандарын өз ошағында күтетіндігін сан қайталап айтты. Жұлдыздың жүрекпен тілеген тілегі –жанымның бір бөлшегі аман барып, сау қасыма келсе болды. Асланның тілегі – қайсар қызының жүрегі тек қуанышқа толы болса игі!.. Әке қыран балапанының биікте қалықтағанына таңданатыны секілді, Аслан да қызының ерлігіне ұзақ таңданды. Өр мінезіне сүйсінді. Өзі тек теледидардан ғана көріп-білген елге білім алу мақсатында аттанғаны бір жағы қуантты. Әке көңілін шаттандырған – Сезімнің түркілік рухпен біте қайнасқан болмысы. Бүлдіршін кезінен бүгінге дейін, бір рет ұялтып елден сөз естіртіп көрмеген Сезімге деген сенім мығымырақ тұрары заңды. Жаңылыс шешім мен асығыс оймен ісі жоқтығынан шығар, келер күнін ойлап қызының ата-ананың екеуі де күдіктің кемесіне мінбеуі. Сезімге және өздерінің берген тәлім-тәрбиесіне сенімділігі мен Сезімнің ақылының тереңдігіне көз жеткендігінің дәлелі.
Түрік елінен көкке көтерілген ұшақ-қазақ еліне сәтті қонды. Сезімнің жүрегі ұшаққа мінерде қатты дүрсілдеген еді, ұшаққа мінгеннен кейін басылды. Мазасыз хәл де аңғарылмайды. Сан күнгі қобалжу ғайып болған. Көңілі хош! Мүмкін, бала арманның шындыққа айналуынан болар. Алматының қоңыр кеші. Салқындау. Бірақ жаздың жайдары күнінде жүргендей кейіптегі жас ару көңілінде көп күн тынбай тұрған дауыл басылғандығына шаттанып, Алматының ауасын құныға жұтумен болды. Әуежайға ұшақ қонған сәтте-ақ қоңыр сөмкесінен кішкентай ғана қызыл түсті тілашарды жалма-жан қолына алды. Әуежайда өз заттарын түгендеп болғаннан кейін, асқан ілтипатпен кезіккен кісілерден өзіне керекті мекен-жайды қиналып жүріп нақтылап алды. Содан кейін бірінші кезіккен таксиге отырды. Зырылдаған көлік Сезім құжат тапсырған оқу ордасының қасындағы қонақ үйге әкеліп тастуға келісті. Қазақстанға келердің алдында орыс тілінде аздап тіл сындыруға талпынғаны жөн болыпты. Көлік жүргізушісімен орысша тілдесті. Жүргізуші болса, көлігіне отырған бейтаныс қызға сан рет көзінің астымен сездірмей қарағысы келсе де, жанарының Сезімнің жанарымен түйісе бергені. Жігіт ыңғайсызданып қалды. Сезім жылы жымиып, ыңғайсызданған оны тығырықтан шығаруға тырысты. Ыңғайсыздықты жоюға сеп болсын деген ниетпен ешқашан бұрын жасамаған қадам жасап, бейтаныс көлік жүргізушісімен танысты. Есімі – Жарас. Сезіммен қанша тілдескісі келгенмен еш орайын келістіре алмастан, көңіліндегі болмашы толқудан ойын толық жеткізе алмады. Бір реткі жәрдемнен кейін, Сезім үнсіз Жарасты тыңдап қана келеді. Жарасты толқыныстан ажыратып алған кез Сезімнің келіскен жерге жеткені болды. Сезім разылықпен жымиған еді, жігіт үнсіз орнында екі минуттай сілейіп тұрып қалды. Абырой болғанда, Сезім оның бұл әрекетіне назар аударған жоқ. Көп күттірмей қонақ үйге де жайғасты. Сәнді жабдықталған әрі ыңғайлы бөлмеде жолдан қажыған Сезім ұйқыға бірден бас қойды.
Жайшылықта адам санасы жете бермейтін тылсым құбылыстар көп-ақ. Сол құбылыстардың бірі — түс. Сезімнің де көзі соған бүгін жеткендей. Бала кезінен бері, мардымды түс көре қоймайтын жандардың қатарындағы ару – Сезім таңға жуық мезгілде бір түс көрді. Тәтті түсі қиял көшінде ғана жүрген, бұрын бір рет түсіне енбеген, мүлдем бейтаныс жан туралы өрбіген еді. Тура өңіндегідей тым жақын, әрі таныс бейне. Жүрегінде сақтап жүрген, жыр етіп баптап жүрген – нәзік көңілінің серісі. Жылы жүзді жас жігіт. Анасы үнемі айтатын ханзада осы болар. Әрбір арудың қиялында ақ боз атты ханзадасы бар. Жұлдыздың үнемі қызына түн шымылдығын түре айтатын ертегісі – "Мың бір түн". Ертегіні аяқтап бола салысымен, қызының маңдайынан сүйетін. Жанарын тарс жұмып, қызының арманыңдағы ардағына кез болғанын Тәңірден тілейтін. Қызына нәзік биязы үнмен былай деп тіл қататын:
– Дүниеде сезімге бай бол, жарығым. Сезімдерің шынайы болсын. Жалған ой мен жалған сезімнен бойыңды аулақ сал. Бойжеткен шағыңда ақ сезімдердің әлдилері ақиқат. Сезім мен ақылды тең ұста. Ұнатқан жанға сезіміңді жанарың ұқтыра алмаса, босқа шарма. Жігітке сезіміңді бірінші жеткізуге талпынба.
Осы ойлар санасында ойылып жазылып қалған. Қатар енген екі түс. Бірі — көңіл серісі болса, екіншісі — анасының талайғы рет айтқан ақылы.
Сезім тәтті түсінен оянбас еді, оянғысы келмеді-ақ. Алайда, терезенің қасынан құлақты жарған гүрілдеген жүк көлігінің дыбысынан оянып кеткені. Тәтті түстен айырған, арман мекенінен қайырған — жүк көлікке бір түрлі өкпелі сыңайлы. Ұйқыдан оянғанымен, әлі сол көрген түстің еркінде ұзақ уақыт жүретін түрі бар. Аздан соң керемет әсер сыйлаған түсінен өзі ұяла бастады.
Күз… Алтын күз!!! Күздің суық лебінен ада тұрар, жаз шырайын өзінде бірер апта сақтап тұрар – қыркүйек. Алатаудың баурайындағы жұрт ұйқысынан тым ерте оянған. Солардың бірі – Сезім. Жүрегін түрткен түсінен есін жия салысымен, ата-анасына амандығын жеткізу мақсатымен хабарласуға асықты. Арада көп уақыт өтпегенмен, сағыныш күйі жүректе жазылып үлгеріпті. Сол сиқырлы сезіммен ата-анасымен тілдескен сәтте жанарынан сағыныштың жасы тамып үлгерді. Қастарынан ұзап шыққалы көп уақыт болмағанмен, айдан асып кеткендей, жүрегі тағы қобалжи бастады.
Таңғы асты асығып-үсігіп ішкен қалпы, оқуға құжат тапсыру мәселесімен сандалып ұзақ жүрді. Ұзақ сандалыстан, тынымсыз жүгірістен көз ашпаған соң ғана тірлігі сәтті аяқталды. Көп күткен қағаз қолына түстен кейінгі мезгілде тиді. Оқу мақсатымен келген тілегін оқу орда ұжымы қуана қабыл алды. Өзі зерек, өзі шет тілін жоғары дәрежеде білетін жасқа қол ұшын беруге әркез әзір екендіктерін жеткізді. Сезімге қолдан келгенше қазақ тілін үйренуге кеңес берді. Сезім де туысқан халықтың тарихы мен тілін аз уақытта шын ықыласпен үйренуге тырысатындығын бүкпесіз айтты. Шынайы дидарласу мен тілектестікке құрылған әңгіме Сезімге ерекше әсер сыйлады. Оқу орнынан шыққаннан кейін, кеше тұрақтаған қонақ үйден заттарын алды. Сол аралықта Алматының табиғатына тәнті болды. Қоңыр жел. Баяу ойналған сазды әуендей жүректі тербейді. Содан тіке оқу орнының жатақханасына орналасуға жол тартқан. Алатаудың төсінде орын тепкен бес қабатты жатақхана есігін имене ашып, кезекші әйелден бір бөлмеге орналасуға рұқсат алды. Жатақханаға орныққан күннен бастап, қазақша үйренуді кешіктіре бермеуді жөн деп тауып және қазақ тілін неғұрлым ертерек үйрену өзіне пайдалы екендігін ұғынды. Әзірше бөлмеде жалғыз өзі тұрады. Сол жалғыз тұрған мезгілді өз мақсатына пайдалану керек. Қасындағы бөлмеге көрші болып орналасқан Ақжүніс есімді қызбен танысудың сол күні сәті түсті. Тілді үйренуге Ақжүністе өз көмегін беретін болып келісті. Бірақ тілді сауатты үйрену күнделікті баспасөз бен теледидарды үзбей қадағалау арқылы қалыптасатынын да ұмытпаған абзал. Аз ғана уақытқа білімін жалғастыруға келгенмен, мемлекеттік тілде еркін ой бөлісе алмағы өзіне тиімді. Әрі жаңа достар мен таныстарды көбірек табуға жәрдемдесері хақ. Оқу орнында білімін ағылшын тілінде жалғастырғанмен, қазақ тілін үйренуден де қалыс қалғысы келмегені содан. Ән мен жырға тумысынан құмарлықтың да үйренуге деген талпынысын одан әрі ширата түсуге итермеледі. Домбыраның күмбірлеген нәзік үніне, дутардың үніндей ерекше ынтық жүректің әмірі десе болғандай. Себебі, Сезім жүректің күйіне бас иетін нәуірзек құстай. Көктем келісімен, өзінің күміс қоңыраудай үнімен шырылдап, кең даланы бір әсем әнге бөлейді. Табиғаттың өзімен үндескені сонша, нәуірзек құсқа ештеңе кедергі емес. Жүрекпен қабылдап, жүрекпен ұғып, әуезді әнін ашық аспан астында жалғай беретіні бар емес пе?! Сезім де сондай. Содан болар, бүлдіршін кезінен өлеңге ынтық болды. Қаламға қиял төрешісіндей қарады. Күнделігін сырлас досындай санап бойжетті.
Раушан гүлі – Сезімнің ең сүйетін гүлі. Ақтеңізде раушандарды баптаумен де айналысқаны бар. Сырттай қараған адамға раушан гүлі әдемі көрінеді, әдемілікті көрген көз қолымен ұстап көргісі келеді. Сол сәтте өмірге ынтық раушандар тікенін көмекке шақырады. Тікенімен қорғанған түрі – өмір сүруге ынтықтығы болар бәлкім? Кім білген! Табиғаттың сырын әр адам өзіне сана жетер жерге дейін таразылайды. Жұлдыздың үлкен өнегесі – гүлдердің бәріне жан жылуы керектігін және гүлді мәпелей білуде қыз баласының табиғатын аша түсетіндігін жалықпай санасына сіңіре білуі еді. Ана өнегесін Алматы қаласына келген күннің ертеңіне бөлме гүлдерін сатып алудан бастады. Гүлдерді баптауға күнде өз уақытының жарты сағатын бөлуді әдетке айналдырды. Жанына адамды аса жуыта бермейтіндігінен болар, Ақжүністен өзге құрбы әлі жолыққан жоқ. Сезімнің мінезіндегі бір ерекшелік – адамды баурауға аса талаптана қоймауы мен ашық тілдесуге құлшыныс таныта бермейтін тұйықтығы. Көңілдегісін ақ парақ пен қалам жеткізетін баяғы күнін сағынды. Жүрегі тып-тыныш. Қыркүйек басталғалы қолына жыр жазбақ ниетпен қалам ұстаған емес. Бөлмедегі ең асыл аспап — дутарды да қолына алмады. Жатақхана мен оқудың арасында өзінің өлеңнен қалыс қалып жатқанын аңғарғандай. Үнемі оқудан қолы босамай, күнделікті кеш батқан мезгілде сырласатын күнделігін қолына алмағалы біраз уақыт өтіпті.
Ара-тұра Алматыға алғаш келген күні көрген түсі есіне түсетіні бар. Түс өзінше қызық болса, түстің әсері одан қызығы жағынан одан қалыспас. Түс бір еске түскенде, қыз көңілін қуанышқа орап, артынша жүзіне қып-қызыл өң сыйлап ұялтып тынады. Әлемдегі ең ақымақ қыз – Сезім сияқты. Түсініксіз түсіме бола, санамды сарсаңға салғаны ақылсыздық дегендей күбірлеп, өзін жинап ала қояды. Кейде сол түндегідей кеудесіндегі жүрегі дүрсілдеп, бейтаныс бейне көргісі келеді. Аяқсыз қалған түстің жалғасын көруді қалайды. Тәтті түспен жарылқар қою қараңғылықты аңсайды. Қыркүйектің алғашқы күні енген түстен кейін, Сезімге қалауындағы түсті көру нәсіп болмады. Ақылымен байыптап қараған уақтан бастап, есер көңілдің түсіме тағы енсе деген дәмесін күлге айналдырып жіберді. Амал не, түс көруде кейде санадан тыс орын алады. Бір ғана түс. Аз күн болса да, азапты ойлардың ырқына жығып, көңілге күрсініс те сыйлады. Мүмкін, бойжеткен шақтың бір құбылысы шығар дегенге жорып та көрді. Түстің әсерінен айықтырғаны шамалы.
Алдына қойған мақсатына жету үшін, қазақ тілін үйрену үшін — көк жәшікке күнде кешке қарай телміруді әдетке айналдырмаққа бекінді. Күнде қасындағы аралас-құраластардан тұрмыстық сөздерді үйренгенімен, оған әдеби өлшемдегі сөздерді үйрену қажеттілігі туды. Сан сыр мен қызықты ішіне бүккен сиқырлы әлем – көк жәшік. Жиырмасыншы ғасырдағы ғалымдардың ең ірі жетістіктерінің бірі – бүгінгі барша адамның жан серігін тамашалау арқылы тіл үйренбек. Уақыт алға озған сайын, көк жәшіктегі қазақ арналарының тұрақты көрерменіне айналып үлгерді. Көк жәшіктің арқасында Сезім қазақ тілінде пікір алысуға жарап қалды. Араға екі апта салғаннан кейін, теледидарда айтылған ақпараттарды толық ұға алатын дәрежеге де жетті. Қыркүйек айының соңына қарай күнделікті дағдысымен көк жәшікті қосқан. Селт еткізер үнімен жаңалықты байыппен жеткізіп бағуды мақсат еткен замандастың келісті келбетіне сүйсінді. Тағы бір таңданғаны — көрерменді бір нүктеге қадап қоя алатындығы мен көрермен қалар шынайы болмысына тәнті болғаны сонша, хабар аяқталғанша бір қадам теледидар алдынан ұзап кете алмады. Жалын атқан жанарлары – камера жарығына бағытталғанмен, ақ көңіл көрерменге етене жақын. Эфирдің заңы – көрерменге һәм өз ісіне деген шексіз адалдық, адалдықтан кейін адал еңбек қана мерейін тасытатындығын эфир әліппесін ашқан сәттен ұғынғаны айқын. Сөйлеген әр сөзінде көрерменді ұйытатындай нақтылық пен байыптылық Сезімді қайран қалғаны соншалық, жанарын бір сәт теледидардан тайдыра алмады. Сом денелі, асқар таудай еңселі, жауырыны қақпақтай арда азаматқа ұзақ қарап отырып, кенет, санасында күтпеген жерден бір сілкініс басталды да кетті.
Әңгіме-новелланың кейіпкері - Бірімжанов Әнуарбек Жәлелұлы.
Сан күн санасын күңгірт тұман болып, жауапсыз сауал болып мазалаған – соншалық таныс бірегей бейне. Қайдан көргенін есіне түсіруге талпынғалы екі сағатқа жуықтады. Бір жерден көргені тайға таңба басқандай анық. Бірақ, келгеніне көп уақыт бола қоймаған, оқудан бас алмайтын жан қайдан көреді бұл жігітті? Бір сауалмен басы қатты. Көкжәшікте хабар жүргізген тележүргізуші – Сезімнің түсіне енген жан. Қыркүйектің алғашқы түнінде. Дәл сол жігіт. Талай күн жүйрік көңілінің кейіпкеріне балап жүргені, ару әлемнің көңіл аңсарына санап жүргені – Әнуарбек есімді тележүргізуші болғаны ма?! Сезім түсіндегі бейнені жаңа тағы көргендей мең-зең хәлде. Түсіндегі жан — көкжәшіктен сөйлеп тұр. Дәл бір қиялдан туған ертегі дерсің. Ұзаққа созылған көңіл тыныштығы жыр азабымен қауышты. Сезім селдей жосқан көңіл ойларын жарыққа шығаруға асықты. Қолына жалма-жан қызыл сиялы қаламын ұстады. Содан санасында жүрген сан тарау ойы – өлеңге айналып шыға келді. Өлең – адам жанының сыры, жүрек түкпіріндегі ең ғажап ойы. Сезімнің жүректен жазған жыры – көңіл терезесін қаққан жанға арналған өлең еді.
Көңіл жыры
Көлеңкем болып жанымда жүрген,
Үмітім болып жанарымда күлген.
Бір сырым болып қалды бір сезім,
Жырым болдың ақ параққа тізген.
Бейтаныс жан,
Санамды арбаған.
Тәтті түс болып еніп,
Ақ көңілімді жаулаған,
Жырым болдың әлі бір,
Қалам ұшынан тамбаған.
Түсімді жорыдым жырыммен өзім,
Қыркүйекте тербеп бір көктем сезім.
Жыр болып жазылмаса егер көңілдегім,
Көр болар, көр болар көкіректегі от көзім.
Күтпеген кездесу.
Күтпеген жерден өзіңізбен кезіктім,
Жан-дүниемді жатыр әсте сезіп кім.
Алатаудың баурайы – ақ арман мен нәркес үмітке толы. Жүректі пенденің бәріне, көңіл көзі тұнық — барша жасқа күнде шұғыласын шашып тұрған – бір шуақты күндердің бірі. Алатаудың баурайындағы әсем қаланың көрікті жерлерін аралауға бел шешкен қос құрбының ойында көптен бері демалысты ерекше өткізу ойда жүрген. Сол ойды жүзеге асырмақ, сана мен көңілді таза ауада тынықтырмақ мақсатымен тіке Абай саябағын бетке алған. Демалыстағы бір керемет серуен болар деген ниетте. Үнсіздікпен достасып, көбінде жалқылықты қалайтын құрбысының қылығын ақ жарқын, көпшіл Ақжүніс көбінде түсінбейді. Іштей әлі жаңа ортаға үйренбей жүргендігі шығар деп жорумен келеді. Түсіністікті әркез танытуға тырысқанмен, кей кезде Сезімге үндемей жүргендігі үшін өкпелеп қалатын. Бүгінде екеуі ғана жаяулатып саябаққа келе жатқан соң арадағы үнсіздікті Ақжүніс хош көрмеді. Сезім күндегісінен бүгін өзгеше. Таң ертеңнен бері жүзі бал-бұл жанып, өзінен-өзі бір түрлі қуаныш құшағында. Үстіне киген көк түсті көйлегі өңін аша түскендей. Сезімнің көңілі тек өткен жолғы түс хақындағы ойлар есіне түскен сәтте мұңға бата беретіні болмаса, жаны жаздай жайдары кездері аз емес-тұғын. Қара шашы қос иығынан төгілген, бидай өңді жүзінде бір табиғат сыйлаған мейірбандылық бар, қара көзінен қуаныштың ұшқыны сезіліп тұратын, орта бойлы – Ақжүніс атты қыз. Сезіммен келген күнінен бері араласып жүр. Қазір Сезімге кәдімгідей бауыр басып қалған. Кеш түссе болды, көргенін жіпке тізгендей етіп Сезімге баяндау күндегі әдеті. Сезім терең бір тыныстап алып, Ақжүністің әңгімелерін тыңдаудан жалыққан сәті кем. Қабақ шытып, Ақжүністің сөзін бөлген кезі болмапты. Ақжүніс те құрбысының көңілді сәтін дөп пайдаланып, құрбысынан біраз сыр тартып көрмек. Ойын бірден жүйелеп айтуға шамасы келмегенмен, сөзін жарты жерден доғару да ойында жоқ. Сезімді жақын танудың бір жолы осы шығар деген оймен, алғаш ойына түскен сұрақтарды қоя берді. Тыныштықты аса ұнатпайтын адамға үндемей жүру қиынның-қиыны. Бірге жүрген соң, жастықтың жалыны бойда тұрған шақта, әрбір күнді қызықпен өткізген жөн. Сұхбат құр, қызықты әрі тамаша хикаялар айт. Сырыңды жан сандығыңа сақтай бермей, адаммен бөліс. Жалғыздықпен жастықта достасуды ол түсінбейді. Ақжүністің өмір сүру қағидалары мен ұстанымы бөлек. Сезімге жүйелі оймен қуаттанып, жүйелі сөзді ғана тыңдап үйренген Сезімге сұрақта аса ұнай қоймады. Қасындағы құрбысының үнсіз жүруі әбден жүйкесіне салмақ салып-ақ келеді. Кенет Ақжүніс Сезімнің қолынан шап беріп ұстап, көңілінде жүрген сұрақтардың шетін шығарды.
– Сезім, Қазақстанды қалай елестетін едің?
– Қазақстан – түркі халықтарының қара шаңырағы. Азиядағы ең қарқынды дамып, өркендеп келе жатқан мемлекет. Қазақстан – армандар мен үміттердің мекені. Ақ тілегі менен пәк ниетімен біртұтас жұртқа айналған ел. Тәуелсіздіктің қадірін терең ұғатын, баршаға адал ниетпен құшағын жаятын елді бір көруді бүлдіршін кезімнен армандап бойжеттім. Сенсең, қазақ жеріне бір сапарлауды ақ жүрегіммен қалайтынмын. Міне, ақыры арманым орындалды. Әуелде, Астанаға бармақшы едім. Астанаға бару нәсіп болмапты. Ақыр соңында Алматыға арманымды арқалап келдім. Жер көрмек ниетпен, ел көрмек ниетпен қасыңнан бір-ақ шыққан жайым бар, – деп жанарынан ұшқын шаша жалындай тіл қатты.
Ақжүніс бұлай жауап берер деп күтпеген. Тағы сауалына жауапты қысқа жауаппен қайтарар деген. Содан кейін болар, Ақжүніс жауапты тыңдап тұрғанда жанарын бір тайдырсашы. Неткен адал жүректі жан деген ой санасында жүзіп жүрді. Сол ойдың әсерінен Сезімнің өзі секілді боп кеткендей. Ойға батқандағы құрбысының жайын терең түсінген секілді. Өз жайын кеш аңғарып, жылы шыраймен құрбысының қолын сілкіп тастап, күндегі қалпыпен өзіне тән күлкімен күліп салды. Сезімге бұл әрекеті ұнамасын сезіп, күлкісін әзер доғарды. Жүрегінде ақ арман мен үмітті үкілеген құрбысының мақсатына адал келетіндігіне, биік мақсатына жету жолында бар ынта-жігерін сарып қылатындығын, алдынан кезіккен кедергілерді бұзып-жарып өтуге тынбай талаптанатына танысқан күннен бері көзі жетіп келеді. Білімді шетте жүріп толықтырмақ ниетінің жәй еместігін, өмірді барлық қырынан тануға деген құлшыныстан туған мақсат екендігін толық түйсіне бастаған кезі осы. Келгелі екі айдан енді асқанмен, қазақ тілін еркін игеріп алуының өзі кез-келгеннің қолынан келе бермес табанды еңбектің нәтежесі десе болар.
Арада тағы үнсіздік үстемдік құра бастағанын сезіп, Ақжүніс құрбысына кезекті сауалын қойып үлгерді. Бұл сауалдар санасында ұзақ уақыт сақтаулы жүргенін Сезім алғашқы сұрақ қойыла салысымен-ақ аңғарды.
– Үнсіздікті неге сонша ұнатасың? Үндемей жүре беруден жалықпайсың ба?
– Үнсіздік — қыз баласының жанына әр. Үнсіздік жүрекке көбінде нәр емес пе? Мазасыз адамның қатарынан емеспін. Көбелектей күйгелектіктен аулақпын. Өзің байқағаныңдай сөзге шеберлігім де жетісіп тұрған жоқ. Туралығын айтар болсам, көп сөзділікке жаным қас. Тек сауалға жауапты ұғынықты беруге тырысамын. Өзімнің қалауым – жан тыныштығы, һәм жүрек тұнықтығы. Бар нәрсені сөзге сайып, сөзге таңуда жақсы емес қой негізі. Мен сенің қойғың келген сауалыңды толық түсіндім. Сенімен ашылып сыр шертіспегеніме өкпелі секілдісің. Болмысым солай. Түсінші, біреудің болмысы – ашық-жарқын сен секілді, келесі біреудің болмысы – теңіздей тұйық болады. Сол тұйық мінезділіктен арыла алмаймын, – деп көңіліндегі бар сырын ақтарды.
Ақжүніс қойған сауалына өзі қысылды. Себебі, құрбысы сұраққа жауап беріп тұрған сәтінде жәудіреген жанармен бұған қарауы көңіліне тигендей әсер етті.
Алып шаһар – сан тарапқа ағылған сан мың адам. Демалыс күнінде, жан сергітуге талпынған жандар. Күндегі жүйткіген көліктердің саны бүгін жұмыс күндегіден көбейіп кеткендей. Алатаудан ескен майда қоңыр жел Сезімнің шашынан сан рет тарап үлгерді. Шашын жимағанына енді өкінді. Қоңыр жел шаштарына маза таптырар емес. Ес біле бастағаннан әкесі қоңыр қара шашын асқан баппен тарап беретін. Шашыңнан райханның иісі аңқиды деген сөзді көп айтатын. Алатаудан ескен қоңыр майда самал – өмірдегі ең асылы әкесін еске салды. Қанша алыста болғанмен, сыртынан тілекші болар жандардың бары есіне түсіп жүрегі теңіздей толқыды. Саябаққа жақындағанда жолыққан ойға матала берді. Сағыныштың сырлы күйіне терең батқаны сонша, Ақжүніспен бірге саябаққа жетіп үлгергенін кештеу білді. Саябақты бетке алып шыққалы екі сағатқа жуық уақыттың тең жартысын өз ойымен өткерген сыңайлы. Ақжүністің сауалдары бітіп болар емес. Сезімді өз ойы қажытқаны жүзінен байқалады. Ләжі жоқтан көп сөйлеуге құлықсыз болып тұрса да, құрбысының сұрақтарын жауапсыз қалдыруды ұят санады. Әрі десе, Ақжүніс сұрағына жауап алмай тынбайтыны бесенеден белгілі нәрсе.
Ғалым Қаржасов. "Жезкиік"
Аптаның соңғы күні. Жексенбі. Өткен аптада сабақта тапсырмалармен әбден ақ табан болып, ғылыми жұмыстан бас көтере алмай қалған. Жексенбі күні сол шаршаудан арылып, таза ауада жан сергітуді қос құрбы апта ортасында тілеген еді. Сол тілегі қабыл болғандай. Күнде шұғыласын шашып,майда ескен самал жастық көңілге желік сыйлауға әзір. Ақтеңізде Аслан отбасын жексенбінің таңында ұйқысынан күндегіден ерте оятып,өзі көз майын тауысып кітап оқып кеш жатқан Сезімге бұл ұнай қоймайтын. Отбасын таңғы оразаларын ашуға көл жағасындағы шағын дәмханаға, бір жарым шақырым жерге өзі жаяу бастап баратын. Жаяу жүру – адамды шынықтырып, ойын тәрбиелейді деуден жалықпайтын. Сезім таңертеңгі әкесінің ісіне аздап бұртиғанымен, көл жағасына жетер тұста бұртиғанын ұмытып кететін. Отбасымен дәмханаға жеткен бойда, буы бұрқыраған түрік кофесінің иісі таң ертеңгі қанбаған ұйқыны лезде жойып жіберетін. Көл жағасында жүрген шағалардың шырылы мен салқын ауа жанға сергектік сыйлайтын. Ащы айран мен сыкмамен оразаларын ашатын. Анасы сол мезетті күткендей-ақ қоңыр үнімен бір керемет өлең оқитын. Тамаша таңғы ас. Табиғат аясында өткізген жарты күн. Естен кетпейтін ерек естеліктер. Жырға ынтық көңілге жыр серік болар – мезгілдің ең ғажап күндерінің бірінде, Алатаудың баурайында жалғасқан табиғат аясындағы демалыс. Саябаққа енгені сол екен, Ақжүністі қасында ұстау мұң болды. Жәймен саябақтағы бір орындыққа отырды. Қасындағы адамдардың бәрінің жүзі жадыраңқы. Айналаңа байыппен көз тастап, көңілін бір жыр қытықтай бастағандай көрінген. Көлеңкесіндей соңынан қалмайтын, санасын түсінде көрген бейне мазалай бастады. Еш себепсіз, еш негізсіз сол бір жанды неге ойлай береді? Неге танымайтын, білмейтін жанды бір көргісі келеді? Үміттің шегі-ақылға тәуелді емес пе? Ақылынан алжасқандай, бір рет қана түсіне енген жанды ойлауы — барып тұрған ессіздік қой. Түсінен есін жия бергенде, түсін ұмытам деп қайратын әз бойына жия бергенде, көк жәшіктен көрген көзіне сенер емес. Түсін әлі толықтай түсініп болар емес. Ұға алмай жүр. Ұғуға шамасы жетпей қиналып жүргелі талай апта өтті.
Ақжүніс құрбысының бар екендігін ұмытқандай. Бірге келгенмен қасына жуыр емес. Саябақта кезіккен өзінің бағзыдан таныс достарымен шүйіркелесіп, мәре-сәре әңгімеге кіріп кеткен. Өзгенің әңгімесіне тумысынан қызықпайтын, Сезімнің онымен ісі жоқ. Ормандай қалың ойымен жалғыз қалуды жаны қаламағанмен жалғыз қыдырыстауға мәжбүр. Жатақханада қала бергені жөн секілді көрініп кетті кенет. Ақжүніспен бірге серуен құрам деген ойдан жұрнақта қалмады. Жалғыз қалдырма деп, құрбысына өтініш те білдіргендей еді. Саябақты жалғыз біраз аралап көрген болды. Аздап аяқ киімі қысқан секілді. Жақын жердегі орындыққа біраз аяқ суытып алғанды жөн көрді. Көлеңкесіндей соңынан қалмайтын, түс турасындағы ой сумаң етіп санасына қайта оралды. Бір түнде түс болып еніп, жүрегіне әбден орнығып алған ойлардан құтылуға қам жасамаса болмайтындай. Қайрат пен ақылын жиып, түс қақындағы ойларынан енді ес жимаса болмайды. Тоқтамы солай. Өмірінде бейтаныс адамды ойлағаны бірінші рет. Өзін-өзі түсінуден қалып барады. Сезім ойға шомғанда, жанарын тарс жұмып алатын қалпынан айнымаған қалпы қыбыр етпей отыр. Көзі жұмулы болғанмен, бір таныс дауысты құлағы шалған. Жігіттің дауысы. Бірге оқитын ізденуші жігіттердің даусына келмейді. Дауыс иесінің кім екендігін білмек болып, жанарын ашқан болатын. Екі адым жердегі орынды орындықта күнде эфирден ғана көріп жүрген жігіттің шыға келмесі бар ма?! Сезім өз жанарына өзі сене алмады. Арман тұнған тұнық жанарын бір жұмып, қайтадан ашты. Тәп-тәтті түстер мен желден жүйрік қиялдың бір-ақ сәтте шындыққа айналған тұсы – осы болса керек. Мүмкін, Сезімнің көңіл кейіпкерін бір көрсем деген тілегінің қабыл болғаны деуге болар.
Өмір – асқар таудай армандар мен пәк үміттердің ақ кемесі! Үміттенсең, армандасаң, түбі бір қуаныш басыңда орын алады. Кейде тосын сыймен қарық қылып, жаныңа көктем гүлін егетін – өмір, ал кейде тұман сезіммен адастырып, жүрегің мен жаныңды тұз жалағандай ететін де бұл – өмір… Тек өмірді сүйу керек және өмірді лайықты сүру керек.
Достықтың жібі жалғанып.
Достық – өмір шырайы.
(Түрік халқының нақылы)
Сезімнің түсіне енген жан – қиял көгіндегі сом кейіпкер. Кешегі дастандар мен жырлардың кейіпкерінен мүлде бөлек. Ол – біз бен сізге замандас. Аласармас арманын, ақ шұғылалы Алматының таңдарына жалғап, іздену мен үйренуден жалықпайтын — жалынды жас! Қарапайым қоңыр тірлігін кешіп, өз нанын адал жолмен айырғысы келетін, өз ісін құлай сүйетін – қарапайым жан. Қазақ жерінің қасиетті мекендерінің бірі – жотасында жезкиік жортқан, айдынды Кеңгір көлінде аққулары арудай сылаң қаққан, әр мезгілі мамыражай маусымға тең Жезқазғандай құтты мекенде, жер бусанып, көңіл шаттанар мерейлі мезгіл – мамыр айының басында, қарапайым еңбек сүйген шаңырақта дүниеге келген. Сыршыл мекеннің сыршыл қалпын, сәнді мекеннің көз тойдырар сұлулығына жасынан сүйсіне отырып, перзенттік пейілмен шын сүйіп өскен, тұмса табиғат ғажайыбына таңырқай отырып, туған жер табиғатын суреттеген талай ақын жырларын санасына құнттаудан жалықпаған, өз есімінің тарихына терең бойлап, ат жалын тарттар шақта мамандығын анықтаған – Ұлытаудың мәрт ұланы! Адамның болмысы – өзі туған топырақпен үндес келеді деседі. Көкпен таласқан — аршасы мен шырша, сұлу арудай құлпырған сәмбі талдар. Ерке көктем сайын арқаның қоңыр желіне шын ықыласпен билеп тұратын – ақ қайыңдар. Әрбір бөктер сай мен сала, қырат пен дөңесте бүр жарған – сан түрлі гүлдер. Сана сергітер тамаша табиғаттың дәлелі емес пе? Талай ақын мен батыр, ғалым мен ел азаматтарын сыйлаған – ғажайып өлкенің табиғатын тіл байлығы жетпес. Алты ай ақ мамықпен бүкіл даланы қымтап тастар қарлы қысындағы, желтоқсан айы есіктен енгеннен өз күшіне мінетін сықырлаған сары аязы. Бүтін далаға бәйшешек гүлін ала келетін наурыздың соңын ала көктемнің ерек бір еркелігін тантып, ақ нөсерімен бүкіл даланы жұпар иіске бөлейтіні, Арқаның майда қоңыр желінің адамды тебірентіп, жүрегін елжірететіні — өзінше бір сырлы әңгіме. Табиғат ананың ертеден келе жатқан осы бір ерекше күйіне еріксіз бас иесің. Бір сапарлап барсаң, көңілің тағы бармаққа құмартары сөзсіз. Жайдары жазы мен қарлы қысы – жүректі қытықтар тәтті күй мен көңіл тербер жырды іздетеді. Сол өлкенің жұпар ауасымен еркін тыныстап ержеткен, ақ арманын балғын кезінен аялай білген, адамды бағалай білер, өр санасы мен ақ жүрегінде адалдық пен жақсылық құстың қос қанатындай өмір сүретін азамат – Әнуарбек! Қара шаңырақтың қадірін жете түсіне алған, тамырын тереңге тартқан текті елдің ұрпағы екендігін жадынан бір сәтке де шығармайтын ақылдың дариясы, замананың сыршыл куәгері, һәм бір әулеттің әз анасы – Зина әжейдің немересі. Өлең мен жырды, ән мен күйді, заманының сан тараулы шежіресін жатқа білетін көне көз әже – өз өлкесінің шабытына шыбық тигізбес жүйрік ақынының отты жырларына тәнті болып, шаңырағына шаттық нұрын сепкен немересіне ақын есімін беруді жөн көріпті. Сонымен әлемнің жарығын сыйлап, ақ пен қараны танытудан жалықпаған, нұрлы жүзінен иманы төгілген, үлкен әулетке лайықты келін бола білген – Әнузадай асыл да текті ананы айтпай кетуге болмас. Түрік халқында ,«Ақ сезімге уызынан жарыған адам – тірлікте бақ жұлдызы жанған адам» — дегенді ілеуде біреуге айтып жатады. Сезімнің ойынша, Әнуарбек солардың қатарында атын айшықтап тұрып айтуға болар жан. Бар саналы ғұмырын ерінбей еңбек етуге арнаудан танбаған, тірлігін тәңірінің ырызығына балаған – Жәлел сынды еңбеккердің тұяғы екендігін білгелі бері құрметті бұрынғыдан арта түскен болатын. Танысқалы бері айдан ұзақ уақытта жүрек көзімен қарап, таразылағандағы ойы. Таныған сайын, өр жанынан әженің аялы алақанымен маңдайына сыйпай отырып дарытқан – қазақилық қашанда оны ерекшелеп тұратындығына көзі жете түскендей. Сезімнің сыршыл көңіліне ең ұнаған қасиеті – қанмен дарыған қазақилық. Әнуарбектің болмысына зер салған күннен бері байқағаны: шама -шарқы жеткенше пенделіктен биіктеу мен ақ қардай адал жүрегін кірлетпеу. Сан түйінді тірлікте өзінің адам кейпін жоғалпауды қалайтындығы. Жүрекпен қалар әз мұратын – Әнуарбек үнемі өзінің сөзімен де, ісімен де аңғаратудан жалықпайды. Әлсін-әлсін бойынан балалықтың исінде сезесің. Жиырмадан асқан жалынды жігіттің бойынан бала кейіпті, аңғалдықты аңғарып, табиғатына тәнті боласың. Адамның табиғаты –балалықпен астасса, онда оның болмысы кіршіксіз таза парақ. Бұл ой –Жұлдыздың өмір пәлсапасы. Сезім әр кездесуден кейін, анасының ой орамдарының өмірден алынғандығына шүбәсіз сене бастады.
Сайын дала. Жүрегінде намыс оты лаулаған, оты үшін бар ғұмырын арнаған –қайсар қазақ жұртының ата-қонысы. Сезіммен соңғы бір тілдескен шағында, Әнуарбек — қазақ сахарасын бабы келіскен тұлпармен бір шарлап шығуды қалайтынын айтқан. Дүниеде ер қанаты - ат деген нақылды өмірге әкелген жұрттың ұрпағы тұлпарды сүймеуі мүмкін бе? Мүмкін емес. Тумысынан сәйгүлік баптап, көкпарға қосқан жігіт – жылқыны жан досындай санары анық жәй. Тұяғымен жер тарпып, жалынды жігітке желік сыйлар тұлпар жайлы айтқанда, жанарларынан жайшылықта көріне бермейтін бір ерекше ұшқын ойнағанын көрген. Сол бір сұхбатта, қыран-бүркітті қиялының ең биігінде жасыратынын әлсін-әлсін жанарындағы ұшқынға таңдана қарап отырған Сезімге қазақтың болмысын Әнуарбек жете әңгімелеп бергендей болды.
Ауыл. Ауыл қақында ой қозғағанда, Әнуарбектің айтары «талай дарынды түлеткен, талай ақынды жыр жазуға үйреткен – қадірлі мекен. Әрине, ата-анадан кейін адам болмыс-бітіміне өз ізін қалдыратын ауыл – қазақилықтың нағыз ордасы» болатын. Ауылда өскен бала – өмірді толық танып, түсіне алады. Содан болар, олардың өз қатарластрынан өмір түсінігі ересектеу һәм ерекшелеу көрінетіні. Бәлкім, жастайынан еңбектің нанының дәмін біліп өскендігінен болар. Әнуарбекте жаз болса, шаңға аунап қызықты балалық шағын жезді өлкенің бір ауылында өткеріпті. Содан ес білген шағында, ғасырда бір туар – Қаныш Сәтбаевтай ғұламаның есімін иеленген қалада бозбала шағын қарсы алыпты. Шуақты күндері мен жұлдызды түндерін сол қаланың құшағында өткерген екен. Балалыққа қайта оралайық, таң шапағы енді шашыла берген мезгілде, тәтті ұйқыны бала көңілмен қимаса да ауыл сыртындағы өріске мал жайуға, әжесінің әзірлеп берген азығын алып,қолына іліккен таяқты іліп ала, шопан болып ауыл сыртындағы қалың майсаға тіке тартады екен. Әжесі әзірлеген құрт пен шалапты күн ұзаққа жеткізіп, күн ұясына кірер мезгілде ауылға аяңдаған кездерін көп есіне алатын сыңайлы. Сөзбен айтпағанмен, жүрегінде тәтті естелікті сақтап жүргендей. Шопандық қызметті адал атқарып, қоңыр кеште әжесінің сүт қатқан күрең шайын қана ішер-ішпес тәтті ұйқы жетектейтін сол бір кездерді ат басындай алтынға да айырбас. Әжесінің нәзік те сыршыл үнімен құлақ түбіне жетер ертегіні ұмытпас. Ертегідегі батырлардың ірілігі мен шымырлығы бала кезден ой салып, бүгініне қорек болып жатқан жоқ па?! Ес білген шағынан спортты жанына балалықтан серік етуден жаңылмағаны содан емес пе? Мүмкін, «шыныққан шымыр болады» деп үнемі айтар әже ақылының өміріне өзек болуы деп қорытқан жөн болар.
Жігіттік болмыс – азамматтық келбет. Әже қойған қатаң талап. Өмірлік кескін-бейне. Асыл затты айшықтап, гауһармен тең етуге де болатыны сияқты, тектілікті тәрбиемен ұштап, биіктетуге де болады. Ардақты әженің пайымы. Әжесі қойған талаптың үдесіне шығуға талпынған,азамат болу жолында әже ақылы мен нақылына сүйенген –Бірімжанов Әнуарбек. Бұл -Ақтеңіздік арудың түсіне енген жан жанның азаматтық һәм адамдық келбеті қақындағы ойыларының бір парасы ғана.
Бала арманымен биіктеуді қалайтын, эфир көшінде өз есімін айшықтауды өзінің журналисттік парызы санайтын – Әнуарбек Жәлел. Бір қараған жанға қатардағы тележурналист секілді көрінгенмен, оның жанарынан ұшқын атқан арлы арман мен жаз жан екендігінен хабар береді. Табиғаттың өзі тарту еткен – керімсал үні. Көрермендерін тәнті етеді. Шын мәнісінде, бүгінгі эфирдегі жаңалықтың жаршысы, ақпараттың айнасы – өзі. Бұл – Сезімнің Әнуарбекпен жақын таныспай тұрғандағы ойы болатын. Алғаш эфирден көрген күннен бастап, ол туралы бұл ойы еш өзгерген емес. «Эфирді құлай сүймей, көрермен сені сүймейді». Неслишаһ Эргеннің жыр жинағындағы осы бір ойды тек Әнуарбекпен сабақтайды. Қыркүйектің алғашқы күндерінің бірінде, эфир көшіне толқи –толқи қосылғаны Әнуарбектің өзіне белгілі болғанмен, Сезімге бұл жағынан хабарсыз. Көрерменнің көңілі – ерінбей көрермен үшін еңбектенген жанға құлайтынын, өмірдегі жүзді – камера жарығының да сұрайтынын Әнуарбек тым ерте түсінген. Бала арманы енді қауыз жарған шақтан, эфирге ынтық көңіл түйсіне берген. Достық жібі жалғанған шақтан, Сезімнің шыншыл сезімдер селінен туындаған ойлар желісіне қойған нүктесі.
Әнуарбекпен танысқан алғашқы сәттен, Сезімнің ақ қардай таза көңіліне ықылас тантып қана қойған жоқ, жанын ұғар досына айналды. Жастық сырлары мен жырларын тыңдай білді. Алтынан қымбат уақытын бөліп, Сезімнің ақ жүрегіне достық пейілмен енуге талпынысын бір сәтке де бәсеңдетпеді. Саябақтан басталған таныстық достыққа ұласты. Ақ жүрек жан үшін дос табу аса қиын шаруа емес. Ақ тілеу мен ақ қардай таза сенім – ұлт пен ұлыстың арасын байланыстыра алатын, адамдыққа негіз болатын – қасиеттердің ең ұлысы һәм қастерлісі. Бұл қағида – ең өміршең қағида! Түсіністік пен сыйластық арқылы, Әнуарбек пен Сезім сияқты талайлардың өміріне шырай себетін сезім – достық.
Жүрек жарған.
Тәтті мұң боп қонақтап көздерімде,
Ғұмыр кешіп жатырсыз жүрегімде.
Сезім, күндегісінен ерте оянған. Таң шығы мөлдіреп тұнар мезгілде, біраз жалғыз сейілдеуге көшеге шыққан еді. Жарты жолға жеткенде, кері қайтпаққа бекінгендей болды. Кеше Ақжүністен бір кітапты алдырған. Бүгін сол кітаптан бір өлеңді жаттаймын демеп пе еді. Жәй өлең емес, керемет бір ән. «Жезкиік». Өткен жолы, Ақжүністің қолқалауымен Абай саябағына сейілдеуге ат басын бұрған. Ақжүніс сол арада бір жолдас жігітті кездестіріп, шүйіркелесе қалған. Ақ сары келген, кең майдалы жігіттің есімін – Олжас деп таныстырған. Ақжүніс жаңа қастарына келген жігітті ән салшы деп әурелеуге кіріскен. Жаңа танысқан қыздың алдында, ән салу оңайға соқпайтын секілді. Ақыры,Ақжүністің тілегін құп көрген. Жанды дауыспен салынған ән – көңілді елітіп, жүректі тербетті. Олжас әнін аяқтап, Ақжүніске ән сал деп жата жабысты. «Әнді үнінде әуезділік кездесетін,сен секілді адам айтқаны жөн. Менің әнімді сала бастағанда, екеуің қашып кетерсіңдер. Сезім айтам демесе, мен айтпаймын. Түрік әндерін жанды дауыста тыңдаудың бір сәті түскендей ғой, Олжас» — деп, өзін өтініштен арашалап, Сезімді қолқалап үлгерді. Шапшаңдығына Сезім қабағын шытқанмен, келер пайда жоқ. Әнді салдырмай тынатын түрлері көрінбейді. Анасы сүйіп айтатын, ес білгеннен құлағына сіңісті болған әнді шырқап беруге бекінді. Бақшаға бара бастағаннан бері, Сезім сахнадан түсіп көрмеп еді, қазір, ән салатын өнерінің барын ұмытып қалуға таяу. Жұлдыз жалғыз гүліне ән салу мен жыр жазуды, жалпы өнер атаулыны бойына сіңісті ете беруді тым ерте бастаған. Сезім қылын шертуде , адамның ақ жүрегін тербей ән мен сөз үйлесімінен туған – оралшы әні (Geridön) . Талай ғашықтар шырқап, талай жүрегі сезімнен жаралы болған жандар жанына серік еткен әнді, Ақжүніс пен Олжас ұйып тыңдап қалыпты. Сезімнің жүрегінен көк жүзіне қалықтаған ән тыңдаушылардың көңіліне дөп қонғандай. Түрік тілін жете түсінбегенмен, әннің өз тілі бәрін түсіндіріп бергендей, Сезімнің таңдайынан саулаған әннен ақ үміт пен ақ арманға ынтық көңіл танылған. Сол жолы Олжас Сезімге шырқаған әніне шынайы ризалығын көрсетіп, Сезімге бір шумақ өлең оқып та берген. Қоштасатын мезгіл таялғанда,Олжас Сезіммен бірер минут оңаша қалған мезетте, шын көңілден бір өтініш жасады. Ол өтініш – қазақша ән салуын қалауы еді. Өмірді ән деп қабылдап, ән ғұмырды кешуді қалайтын жанда басқа қалаудың болмасы және рас. Өкініштісі сол – Сезім әлі бір қазақша әнді білмейді. Не істемек керек? Қандай ән жаттағаны дұрыс? Көңіліне өтініштен туындаған сұрақтарға Олжастан өзге ешкім жауап бере алмасын білген соң, Сезім қандай әнді ұнататын сұраған. Олжас, жаңа әзірде шырқаған әнге жақын ән деп, «Жезкиік» әнін үйренуге кеңес берген. Келесі жолыққанда, сол әнді тыңдауға ынталы екендігін айтып қоштасқан. Екі аптадан астам уақыт өтіпті, Сезім әлі уәдесін орындауға кіріспегені үшін өзін қамшылауға кіріскен. Бүгінгі таңғы сеурен соған байланысты кейінге ысырылды.
Жексенбінің түсі. Ән сөзін жаттауға бас қойғалы екі-үш сағат өтіп кеткен. Нотаға сауатты болғанмен, әнді бір тыңдамаққа бекінген-ді. Ізденіп жүріп тапты. Әнді тыңдап көрді. Көңілге күмбір сезімді дарытып, жан дүниені елжірететін әнге таңданды. Жезкиік – табиғаттың текті жануары туралы, Әнуарбек біраз сырға толы әңгіменің шетін шығарған. Егер Жезқазғанда болса, көрсетпек те еді. Алатаудың баурайында болғанмен, Жезкиік жортқан мекенге ойша сапар шегіп кеткен сәтінде,Сезімнің қалта телефоны безілдеп қоя берді. Жауап беруге үлгере алмағандықтан, қалта телефонға кім хабарласты екен деген қызығушылықта туындай қоймады. Ән сөзімен шұғылданудан бүгін бас көтеруі мүмкін емес еді, Ақжүністен бір күтпеген хат келмеген де. Бүгін достары үнемі кезігер саябақта кездеспекке ниеттеніп жатыр екен. «Бірге барамыз, әзірлене бер» деп хатын қысқа қайырыпты. Хабар жеткен бойда бару-бармасын шешуге тырысып,жанарларын жұмып ұзақ ойланды. Кенет, өткен жолғы күтпеген кездесу ойына орала бастады. Сол жолғыдай, сол саябақта тағы бір рет сол жанмен кездейсоқ кездесуді іштей қалады.
Есіне алса ертегіге бергісіз хикая. Адам сенбес жәйт. Сол баяғы бір адам. Адамды осыншама жақын қабылдайтын әрі жатырқамайтын көпшіл жанды елемеу мүмкін еместей. Сырттай қараған жанға, тәкаппар болмыстың иесіндей көрінетін, салмақты қалпынан айнымайтындай сезілетін жігітті таныған сайын алғашқы ойыңмен қоштасуға мәжбүрсің. Бала болмыс — жүрегің мен ақылыңды өзіне іңкәр етеді. Алғашқы кездесуді әрлеп, жастардың арасындағы таныстықты қалаған-Ақжүніс пен Глеб болғаны жасырын емес. Іштей өз ойымен арпалысып отырған жанның толық болған жәйді қабылдауы бірден мүмкін емес те. Ақжүніс – адамдармен көптеп танысып, пікірлес болғанды ұнататын бойжеткен.Әнуарбек пен Сезімді таныстырған да сол. Сезімнің үнсіз кейпін алғаш көргенде, тіл білмей қиналып тұрған болар деп ұққан сыңайлы. Мінезі ашық адамға, тұйық адамды бірден түсіну бірден қиын деген осы да. Әнуарбек ағылшынша сұхбаттасуға қам қылды. Ақжүніс бұл әрекетке асқан разылықпен жымиды. Ақжүніс сол кездесуде өзімен емен-жарқын сұхбаттасатын дос тапты. Глеб – Әнуарбекпен бала кезінен жолдас екен. Қазақ тілі мен мәдениетін ерекше құрметтейді. Сол құрметтің арқасында, қазақ тілінде еркін сөйлейтіні кез-келген жанды разылықпен бас шайқатары күмәнсіз. Ақжүніске Сезіммен әзер өрбитін сұхбаттан гөрі, Глебпен ой өрбіткен жеңіл көрінді. Сезімнің тым еркінсіп кете қоймайтын ерекше мінезі тағыда үстемдік құрды. Ақжүніске қарап, өзінің мінезіне ызасы келді. Бір көргісі һәм тілдескісі келген жан қасында. Бірақ, адаммен тез жұғысып кетуге бұның еш икемі жоқ. Санасындағы сансыз ойға өзін тұсатып, қиялымен үнсіз ұстасып отырды да қойды. Әнуарбекте жалыққан сыңайлы. Сұраққа жауап тым қысқа. Айтар ойды өз деміне жұтқызып жіберетіндей. Есте қалғаны – сол.
Сезім достармен кездесуге бәрінен кеш әрі Ақжүністен бөлек барды. Саябаққа жақындай бергенде, Әнуарбек бұны алыстан байқап жылы жымиып тұр. Сезімде өзіне қадалған жігіт жанарын бірден аңғарған. Өткен жолғыдай емес, бұл кездесуде Сезімнің бойында бір ерекше батылдық пайда болғандай. Амандықтан сұрап болған соң, бір ән салуға рұқсат сұраған да Сезімнің өзі. Ән. Күміс қоңыраудай әдемі үн. Тек, бір ғана ән. Әнуарбек пен Сезімді жақындастырған. Туған өлкесінің табиғат байлығы – жезкиік жайлы әнді ерекше ықыласпен тыңдап, разылығын сөзбен жеткізе алмай қалды. Қастарында гүл сатып отырған азаматшаның қасына көзді ашып-жұмғанша жетті. Бір орам раушан гүлді Сезімге ұсынып, шамасы жеткенше алғысын жеткізген сыңайлы. Сезім Әнуарбекпен көріскен сәттен бастап,тәтті түске еніп кеткен тәрізді. Өңіндегі оқиғаларды қабылдаудан шет қалған. Олжас тыңдауды қалаған әнді, Әнуарбек алғаш естіген еді.
Сезімнің жүрегінде бір қуаныш пен қимастық таласқа түсіп жатқалы айдан астам уақыт өтті. Жақында өз отанына, өз жанұясына оралады. Үкілеген үмітіне жан бітіп, күдігі мәңгілікке көз іледі. Асланның арманы мен мұраты-сол күні шындыққа айналады. Сезімнің де қалауы орындалды. Арман мекені санаған-ақ адал жұртта білімін шыңдады. Талай көңіл ұғысар, сыйласар достар тапты. Қуанышы түсінікті, ал қимастық сезімі –бір жанға қатысты. Бір жанға ғана….
Қаңтардың орта шенінен асқан шақ… Алатаудың баурайын қыстың ызғары буып тұрған кез. Түнгі Алматы. Күндізгідей қарбалас пен асығыстық Сезімнің ұйқысыз таң атырып, бір өзі ұқпас мазасыздықпен күн батырып жүрген кезі. Көңілін мазалаған ойлармен жалғыз қалып, қолына еріксіз қалам алған –айсыз қараңғы түн.
Көңіл хаты.
Сағынатын бір жанның болғанына,
Тәубе деп өтерім аян жаратқаныма.
Аман жүрсе деп тілеймін тәңірден,
Өз биігінен төмендей өр боп әманда.
Жанымның бүгін қатты құлазығаны-ай… Киелі топырақ -қазақ жеріне табаным тиген түні түсіме енген жан-жүрегімде ғұмыр кешер ізгі жан! Қоңыр күзден күйі бөлек, бұрын ешқашан жүрегім сезіп білмеген сезім сыйлаған-көңілімнің төресі. Міне, оқу іздеп келген сапарымда аяқталуға жақын. Сіздің ерек болмысыңыз бен бітіміңізді санамның ең биігінде сақтап өтетін секілдімін. Сіз тартқан қоңыр домбыраның үнін және сіздің ерек үніңізді жүрегімнің түкпірінде сақтауға шынымен бекіндім. Көктемнің күйін, үміттің нәзік бір гүлін ұсынған-алғашқы жүрегімді дүрсілдеуіне себепкер-сізсіз!
Ақ сезім-ақ қардай тазалықты қалайды. Жүрегімнің күйі мен сырын-көк сиямен күнделігіме жыр етіп жазып келемін, жазып та кетемін. Табиғат нәзіктік пен сыршылық сыйлаған-ақша жүзді арумын,құпия қылып сақтап қалатын сезімінің жайын. Өр санама ертеректе қонақтаған ойымды әлім жеткенше қағазға түсіруді қаладым. Санаулы күннен соң, өз өлкеме қайтамын. Сол сапарға шықпастан бұрын,жүрек сырымды ақтарып кетуді жөн санадым. Бұл хат – жүрегімнің ақ адал сыры. Сізге жетпейді де. Жеткенмен менің жүрек жалыныма сіз не дей қоясыз?!
Сіз сыйлаған-қызыл раушандар. Күнде солып бара жатыр. Дәл менің қимастық сезіміме дөп сезгендей. Әйтеуір, достық алауын сөндірмесеңіз болды. Өзгесін санама сараптатып, қиялыма тоқтау салып бағармын. Жалын жүректі сабырға шақыруға даярмын. Ізгі көңіліңізге қылаудай күдік түскенін қаламаймын.
Рухани жақындық пен шынайы сыйластық – адал ниетті жандар ғана құра алатын қарым-қатынас. Сізді тану – Мағжанның өр ұрпағын тану. Жаһанға жар салып, жалын жүрек жастарға сенім білдіргені тарих бетінде мәңгіге жазылып қалды. Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты – қазақ жастарына, өз замандастарыма қайран қалдым. Шетінен елгезек, шетінен білімге құштар. Тәуелсіз елдің болашағы – өздері екендігін жүрекпен қабылдап, ертеңіне сенім мен ұлы мұратты саналарына мықтап сіңірген. Сіз -сол топтың қатарындағы мен таныған білімге құштар жассыз!!!
Хат жазылды. Алайда, жолданбады. Сезімнің ұстамдылығы мен парасаттылығының нәтежиесінде достардың қарым-қатынасы жалғаса бермек. «Әйелдің ақылы – ертеңіне сенім» деген түрік нақылын Сезім ұмытпады. Жастыққа жасын төкті,іштей сезіммен азап шекті. Қанша жүрек қыстаса да, үнсіз қалуды жөн деп білді. Өзінің нәзік жан екенін, сезімді бірінші ер азамат жеткізуі керектігін жете түсінді. Әнуарбек болса, оны қарындасындай қабылдап қойған. Достық қарым-қатынастан өзгеге мойын бұрмаған.
Жатақхананың терезесінен аңсарын күтіп сарылған – Сезім. Алатаудың бауырында өткізетін соңғы түн. Бүгін ол кешігіп жатыр. Күздің соңынан бері талай кеш пен түнді терезеден телміріп біреуді іздеп күтумен өткізді. Таң сайын жанарымен жұмысқа ұзатып салды. Іштей тілекші болды. Ғашық деуге өзі сенбейді, әрекеттері мен жүрек дүрсілі соны меңзейді. Алғашқы пәк сезім Әнуарбек арқылы таныс болды. Алғаш рет… Біреуді іздеді, біреу деп толғанды. Түнгі ұйқысынан қағылып, іштей оймен түн баласы сабылып жүрді. Үнемі кездесулері тосыннан болып, үнемі тез тәмамдалатын. Соңғы кездесуде не себепті екені белгісіз бір шоқ раушан гүлдерін сыйлады. Сезім разылығын жанарымен білдірген. Сол кездесуде аздап домбыра шерткені бар. Сезімнің жүрек хәлін қос ішекті домбыра айтып жатқандай. Домбыраның шанағынан төгілген күйге жүрегі елжіреп кеткенін енді сезді. Жанарынан домалап жас жүзіне жетіп үлгеріпті. Әнуарбек аң-таң. Өмірінде өзгенің көңіліне қылаудай кіршік түсіргісі келмейтін жанға жайсыздық сыйлағандай әсерде қалды. Арада біраз уақыт өткеннен соң әуеннің әсерінен Сезімнің еріксіз жанарынан үзгенін ұқандай. Сол кездесуден кейін бет-бет кездесудің сәті түспеді. Сезім ғана Әнуарбекті сыртынан тілекші болып қарап жүрді. Дос болып араласқанымен Әнуарбек жақын маңдағы жатақханада Сезімнің тұратындығынан хабарсыз қалпы. Сезім ұзақ ойланып, эфирдегі Әнуарбекке арнап жыр тізбеледі.
Ақ арманы ылғи алға бастаған,
Жүрегінде үміт жайлы асқақ ән.
Жаңалықты тізгіндеуді балалық,
қиял көшінде талай рет баптаған.
Жаңалықтың жаршысы-ақ жүрек,
Сүйенері – әділет пен нақты дерек.
Сенері –талғамы биік көрермендер,
Ойы-теңіз, ақылы-дария шын зерек.
Жаңалықты тізгіндеген кей сәтіңізден,
Аз-кем сыр толғай кетсем жырым мен.
Ақпаратты айқындап жеткізуіңіз ерекше,
Салмақты жүзбен, салмағы мығым сөзбен.
Биіктерде қыранша самғай бергін талмай,
Өзіңізге өтермін мәңгілік от жырды арнай.
Жаңалық жаршысы –өр болмысыңнан азбай,
Көрерменге қызмет ет, шаршамастан талмай.
Сезім тізбелеген жыр. Көрерменің ыстық-ықылас жыры. Сезім таң қылаң берер сәтте жырына нүкте қойды. Жырдың соңын үш толық ұзақ-ұзақ сөйлеммен аяқтапты.
«Жүрегімде ғұмыр кешер –ізгі жан! Жаңалықтың жаршысы! Тіл мен көзден аман болып, тек биіктерде қыранша қалықтай беріңіз!».
Сезім-көңілдің ақ кептер құсы секілді. Басыңа қонған сәттен-ақ, өміріңді үміт пен арманға толтырып, уақытпен жарысатын қиялыңа қанат болады. Қанат болып қана қоймай ақ жүрегіңе жыр қонақтатады.
Сезім ертесі күні түс қайта өз өлкесіне аттануға әзірленді. Талай рет өзі ойға шомып тұратын жатаққана терезесіне жақындап соңғы рет ауыр ойға кетті. Алматының бар қызығына қанық еткен, көңіл шіркін шарқ ұрып ақ сезімін іздегенде көңіл ынтызарын бір көруге жол ашып, көңіл жырын әлдилеген – жатақхана терезелері. Сол баяғы бөлме. Сол баяғы перде. Бәріде сол баяғы қалпы. Өзгеріс тек Сезімнің басында. Үміті мен арманына, өмірлік пайым мен бағдарына мезгілсіз сезімге орын жоқ. Мезгілсіз сезім мерт етер, Аслан мен Жұлдыздың жанына ертерек жеткен азбал. Уақыт ұмыттырады. Уақыт талай бақытпен қауыштырады. Өмірде уақыттың жазбайтын жарасы, ұмыттырмайтын сезім күйлері жоққа тән. Алғаш рет. Нәзік көңілдің шарқ ұрғанына өзі таң. Сағынатын жан. Аңсар болып жанардан жас тамызатын жан. Сағынбай, аңсамай өмір сүру неге керек? Сағыну мен аңсау –өмір мәні емес пе? Кейде қызыл раушандай әдемі қызға өмірде бәрін өзгертуге болатындай көрінеді. Өзгермейтін нәрселердің көптігіне аңғал қызға қазы өмір көз жеткіз дейді. Көзі тағы жетті. Сезімнің оты жүрегін сан күйдірсе де , ар мен ақылдың соты – тіл мен жағын байлап қойғандай. Жезді өлкеде еркін жосатын, әр таңынан бақыт қана тосатын – жәудір көз жезкиіктің хәлін кешіп жүр. Сезімнің дәті берік. Жүрегін тыңдауға шарасы жоқ. Ақылмен өмір кешпек. Жатақхананың терезесіндегі гүлдерін суғарып, жанарын жолға тікті. Қаптаған адамдар мен жеңіл көліктер. Жәудірген жанарлар іздеген жан көзге түсер емес. Уақыт сынаптай сырғып өтіп жатыр. Бөлме ішіндегі ең ұзын үстел тұр. Үстінде үнемі кітаптар самсып тұратын. Әзір кітаптар жоқ. Жалғыз ғана гүлге толы құмыра. Сезім қанша жаңалағасы келгенмен бүгін ғана сол раушандарды жаңалауға кіріспекке ниетті. Өткен күннен тәтті сыр болып, жүрегін алабөтен қуанышқа бөлеген – қызыл раушандарды солғанмен қоқысқа тастауға құлықсыз. Тамырсыз гүл – түбі бір солып, көңілді құлазытады-ау. Адамдар барын бағалауды гүлге қарап үйренсе ғой. Әнуарбек сыйлаған қызыл раушандарды қанша солмауын тілегенмен, суын сан рет ауыстырып шекерді үйіп-төккенмен көмегі шамалы болғаны ақиқат. Кешегі қып-қызыл раушандар, сол бір себепсіз сыйланған гүлдер. Әрі қымбат әрі қимасындай. Ұшаққа кешікпеудің қамымен, тірлігін жылдамдата түскен Сезім құмырадан раушандарды шығарып ала берген сәтте қолын раушанның тікені тіліп кеткені. Оған аса мән беріп қарауға шамасы келместен,құмыраны таза суға толтырды. Таңертең оқу орнында берген раушандарды орнына әрі жылдам, әрі бір керемет үйлесімділікпен орналастырды. Қурауға таялған раушандарды өзімен бірге алып кетуге оңтайланған сыңайлы. Жұлдыздың кестелеп қолдан тоқыған орамалына раушандарды қатарынан жайғастырды. Нәзік көңілін жұбатуға сеп болар деген ниетпен, бәлкім ізгі жанның сыйы – сырлас раушандарын қимаған болар. Дұрысында, естелікке жарар деген ойы болар. Бөлмесінің есігін кілттеп жатқан сәттен бастап, сезімге берілуден ажырап қалыпты өмірге оралғандай еді. Жүзінен күн күлетін, жымиса әлемді нұрландыра алатын, қызыл көйлекті аруды – Алатау есінде сақтар. Жатақханадан енді шыға берген кезде, аз уақытта бауырындай болған Ақжүніс жолықты. Қоштасу оңай болмайды ешқашан. Жан сырымен, жан мұңымен бөліскен достар – Сезім мен Ақжүніс ұзақ құшақтасты. Түн баласы ұйқыға ерік берместен, жүрегімен іштей егестен туған хатты Ақжүніске тапсырды. Ақжүніс Сезімді әуежайға шығарып салмақ еді, Сезім осы жерде қоштасқанды жөн санады.
Қоштасу. Қол бұлғау. Неткен қиын десеңші. Қош бол деу де ауыр. Ақтеңізден келген алғашқы апталар да, Сезім ертерек өзінің өлкесіне жетуді қалайтын. Қазір бәрі басқаша. Ата-анасын сағынды. Олардың қыздарының жолын екі көзі төрт болып күтіп отырғанын сезеді. Бір жүректе екі сезім ғұмыр кешуде.
Алматының әуежайы. Сезімнің жанары әрбір көрініс пен адамдарды жүрегіне сақтап жатқандай. Бәрін бағып, бәрін танып жатқаны.
Қазақ елі мен жері – кеңдік пен өрлік деген ұғымдардан құралған. Сезім осындай кең өлкеде білімін жетілдіріп, ақ пейіл достарды жолықтырғанына бақытты. Тәубе. Тағдырының күтпеген тартуын қабыл алып, ақ махаббаттың не екеніне көзі жетті. Әуежайға жақындаған сайын жанарынан мөлтілдеп жас төгіле берді. Іште қалған сырлар маза таптырмаса керек. Хат пен жырды Ақжүніс кейіпкерге сол күні –ақ табыстады. Алайда, сезімнің жүрек жыры сол күйі айтылмай қала берді. Әнуарбек хатты алғаннан кейін үш қайтара оқып шықты. Оған хаттың өн бойында үлкен сыр бардай көрінді. Сезімнің хаты шешуі жоқ жұмбақтай біраз уақыт санасын сауал болып мазалады.
Білсеңіз, өмір жолында ізгі бір жанды табу – алтын тапқанмен бірдей. Алтынды табу, жүрегіңмен ұғысар адамды кезіктіруден оңай. Жер астындағы алтынды зертеу арқылы табарсың. Алайда, адамды толық тану мүмкін бе? Кейбір адамды ғұмыр бойы білесің, бірақ жақын танимын деп айта алмайсың. Себебі: жүрек көзіңмен көруге құлшынған емесің. Аз ғана уақыттың ішінде бір адамды танып үлгересің. Сөз жоқ, ол кезде жүрегің оны таныған. Шүбәсіз сен. Сезімнің алтыны-жүрегінде ғұмыр кешер ізгі адамы! Алғашқы ақ сезімін бәрі бірдей дерлік жеткізе беруі мүмкін емес. Балалық пен аңғалдық, аңғалдық пен ішкі тазалыққа шексіз сүйене үнсіз қала білу – табиғи болмыстың кірпияздығынан, болмыстың боямасыз қалпынан. Сезім жалаң сөзбен, жүректегі ғазал сезімін, ғазиз басын төмендетіп жеткізгенде не ұтар еді?! Сезімнің жүрек күйі өз өлеңінде керемет айшықталыпты да.
Алатаудың ақ қары мен жаңбырын,
Сағынатын секілдімін жан мұңым.
Көктем сыйлап жүрегімді жылытар,
Сезім деген – арманға толы айдыным.
Расымен солай. Ақтеңіздің ақ дидарлы аруының жүрек үні мен хәлі осы жырдың өн бойынан көрініс берегені шындық. Тәтті түстен басталып, кездейсоқ танысумен жалғасқан оқиға достықпен тәмамдалды. Тәтті түс – бір шынайы достыққа сеп болды. Сол шынайы достықтың белгісі болып, ақ тілекті жыр қалды.
Топанбай Мейірхан Мейрамбекұлы
Abai.kz