Әмбебап тракторға сұраныс жоғары
Халықаралық маңызы бар шарада жер жыртып, алқапты игеруге қажетті жаңа техникалар қойылған. Әмбебап тұқым себетін құрал, культиватор, тыңайтқыш себетін техникалардың түр-түрі көрмеге келушілердің қызығушылығын арттырды. Диқан қауымның сұранысы әмбебап тракторларда болды. Бағасы көңілінен шығатын техникаларды шаруа қожалық иелері сол жерде келісім-шарт түзіп, сатып алуға тырысты.
Жуырда Ордабасы ауданына қарасты Бадам елдімекеніндегі индустриалдық аймақта Қазақ-Кәріс бірлескен «Kaz Kioti» трактор зауыты ашылған болатын. Осы зауыттан шыққан техникалардың егін шаруашылығына қажетті барлық түрлері көрмеге әкелініпті.
– Биыл зауытта 40 трактор құрастырылды. Күні бүгінге дейін соның 23-ін саттық. Баға жағынан келгенде МТЗ тракторларынан 5-6 мың доллар айырмашылық бар. Артықшылығы жанар-жағар май өзге тракторларға қарағанда 2 есе аз кетеді. Жер жыртады, егін егеді, тұқым себу, шөп ору секілді бірнеше қызметтерді қоса атқарады, — дейді «Kaz Kioti» ЖШС-і директорының кеңесшісі Ермахан Қарабаев.
Техникалардың ішінде, Түркиядан келген «Генч Гюсан» компаниясы алқапта зиянкестермен күресетін жаңа техникасын ұсынды. Компания өкілдері сыйымдылығы 2 тонналық дәрі себетін цистернаның пайдасы көп екендігін айтады. Оны қолданғаннан кейін зиянкестерден шаруалар зардап көрмейді екен. Көшеттерге құрт-құмырсқа мен шаң-тозаң арқылы тарайтын аурулардан аман алып қалуға болатындығына кепілдік беріп отыр.
Сырым Ертаев, «Қайып ата» шаруа қожалығының жетекшісі:
– Қазығұрт ауданынан келдім. Мал бордақылаумен айналысамыз. Қожалығымызда 3 мыңнан аса ірі қара мал бар. Бүгінгі көрмеге малға азық дайындайтын жабдықтарды іздеп келдім. Көрмені аралап жүріп «Силос Кордоба Қазақстан» ЖШС-і өкілдерімен кеңестім. Бізге қажетті деген құрылғыны таптым. Келіссөз жасастық.
Қаракөл өндірісіне инвестор керек
Қаракөл қой шаруашылығының өңірде кенжелеп қалғандығы белгілі. Тек соңғы кезде Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылық ғылыми зерттеу институты шаруалармен бірлесе отырып, қаракөл қойының басын көбейтуді қолға алды. Сөйтіп, елтіріден әскерилерге сырт киім тігу ісін өркендетуді мақсат етіп отыр. Ал, көрмеге ғылыми-зерттеу инситутының мамандары қаракөлден дайындалған өнімдерін әкелген. Алайда, елтірі мен түрлі сырт киімдер Кеңес дәуірінде жасалған. Оларды дәл осылай өңдеп, киім үлгісін дайындайтын әзірге кәсіпорын жоқ десе де болады. Сондықтан да институт маманы Жақсылық Үсіпбаев «маңызды іске инвесторларды тартсақ», – дейді.
– Мал шаруашылығын дамытуда етке көңіл бөлініп кетті де, қаракөл қойы секілді тұқымдар назардан тыс қалып кетті. Дегенмен, бұл шаруашылықтың болашағы алда. Қазірдің өзінде мал басын көбейтуге шаруашылықтар қызығушылық танытуда. Сол себепті, елтірі өндірісін дамытуда мемлекет тарапынан қолдау болса екен, — дейді маман.
Жылыжай өнімінің көрсеткіші жоғары
Соңғы жылдары өңірімізде жылыжай өнімдерін өндіруде көрсеткіш жоғарылады. Мұның айғағы, биыл жылыжайлардың аумағы 1019,2 га жетіп, республикалық көрсеткіштің 87 пайызын құрады. Жиналған көкөністердің салмағы 150 мың тоннаға жетіпті. Көрмеге келген «Zero Max kz» ЖШС-і жылыжай құрылымдарын өндіретін зауыт болып табылады. Олар келушілерге жылыжайға қажетті соңғы үлгідегі құрылғыларын таныстырды. Атап айтқанда, олар – құбырлар, полиэтилен пленкалары, желдеткіш жүйесі, тамшылатып суғаруға керекті заттар. Серіктестік директорының орынбасары Сейсенбай Тастановтың сөзінше, жылыжай ісін жандандыруға қазір толық мүмкіндік бар. «Шаруаларға жылыжайға көкөністерді егу кезінде технологияларды қолдану, күтім жайында кеңес береміз. Шаруалар тапсырыс берсе, жылыжайдың құрылысын толық жүргізуді мойнымызға аламыз. Бұларды несие арқылы жүзеге асыруына болады», – дейді.
Полатбек Тастанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
– Көрменің мақсаты ғылымның жаңалықтарын негізге ала отырып, өнімнің сапасын арттыруды қолға алу. Қазір халықаралық көрмеге шет мемлекеттерден бөлек еліміздің түкпір-түкпірінен өнімдерін таныстыруға келгендер көп. Олар ауыл шаруашылығына қатысты, яғни бау-бақша, жеміс-жидек, тыңайтқыштар мен тұқым шаруашылығын қолға алған өндірушілер жаңалықтармен келді. Ал, жергілікті диқандар олармен өзара келісімге келіп, бірлесіп жұмыс істеуге тырысып жатыр.
Миллионға бағаланған мал
Әлемге танымал «Абердин Ангус» атты ірі қара малдың тұқымын елімізге алып келіп, мал басын көбейтіп жатқан Қостанай облысынан келген «Нұр Жайлау» ЖШС-і өкілдерін көрмеден кездестірдік. Қазір бұлардың бұқасының өзі миллионға бағаланады. «Абердин Ангус» ет тұқымды ірі қара мал әлемде нарықтың 40 пайызын жаулап алған. Қожалыққа 2012 жылы Америкадан 1100 бас аналық ірі қараны сатып алдық. Қазір мал басы көбеюде. Бүгінгі көрмеге солардан туылған 19-20 айлық бұқаларды әкелдік. Біреуінің салмағы 700, екіншісінікі – 500 келі. Олар 25-30 келі салмақта туды. Олардың қазіргі нарықтағы бағасы – етінің келісі 1000 теңгеден. Біреуін сатып та үлгердік. Бұл ірі қараның ерекшелігі қай өңірдің болса да табиғатына тез бейімделеді», — дейді қожалықтың вице-президенті Бауыржан Қасенов.
«Абердин Ангус» ЖШС-і оңтүстікке биыл осы асыл тұқымды қара малдың 200-ден астамын сатқан. Ірі қарадан бөлек көрмеге асыл тұқымды жылқымен айналысатын шаруашылықтар да қатысты. Құны 20 мың долларға бағаланатын жылқылар да болды.
Өзімізде өндірілген…
Жеміс-жидектерінің ерекше сорттарын ұсынған шетелдік және отандық тауар өндірушілер аз болмады. Дегенмен, келушілердің назарын аударған сарыағаштық элиталық жеміс-жидектер мен жүзім көшеттерін өндіретін «Сарыағаш жер сиы» ЖШС-нің өнімдері болды. Серіктестік директоры Танабай Шынтасов бау-бақшасынан алма, анармен лимонын ала келіпті. Сонымен қатар, олардың жеміс-жидектерінің көшеттерін алушылар легі де көп болды.
Өз кезегінде көрмеге қатысқан облыс әкімі Б. Атамқұлов та заманауи үлгідегі ауылшаруашылығы технологияларына өзінің жоғары бағасын берді. Сонымен қатар, алдағы бес жылдықта бұл саланы дамытуда жаңа саясатқа көшу керектігін атап өтті.
Өңірдегі суармалы жерлердің жағдайын жақсартып, жаңадан суармалы жерлерді айналымға қосу, екіншіден фермерлерге төмен пайызбен берілетін несиелердің көлемі арттыру мәселесіне тоқталды. Сондай-ақ, машина-тракторлық станциялар ашу, фермерлерге ғылыми-кеңестік қызмет көрсететін орталықтар құру қажеттігін тілге тиек етті.
Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ
Abai.kz