Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 7948 0 пікір 5 Қараша, 2015 сағат 18:24

ЕРКІН АЙНАЛЫМ ЕНДІ ҚАЗАҚТЫҢ «НАНЫН» ЖЕЙ МЕ?

НЕМЕСЕ ХАЛЫҚТЫҢ ШЫДАМЫ ШЫТЫНАП КЕТПЕСІНЕ КІМ КЕПІЛ?


Қазақстанда дағдарыстың дертінің дендігені соншалық, жаңа жылдан бастап нан бағасы еркін айналымға жіберілетін болады.  Қазақстандық БАҚ өкілдерімен бейресми кездесу өткізген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Арман Евниев мырза осылай деп мәлімдеген. Бұл туралы Bnews.kz-ке сілтеме жасап, nur.kz сайты хабарлайды.

  Доллардың бағамы шарықтап, теңгенің құны тиынға пара-пар келгенде Қазақстанда нан бағасы 2016 жылдан бастап қымбаттауы мүмкін деген сөздер осыған дейін де айтылып келген болатын. Алайда аграрлық салада Орталық Азиядағы алдыңғы орындағы Қазақстан үшін нан бағасының өсуіне негіз жоқ еді. Бидай өзімізде егіледі, ұн өзімізде өңделеді. Жүз пайыз қазақстандық өнім. Сонда НАН бағасының еркін айналымға жіберілуіне не себеп?

Ақпарат құралдарының мәліметінше, өндірушілермен қол қойылған меморондумдар тек 2015 жылдың соңына дейін ғана жарамды. Ал 2016 жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі қаржыландыру жүйесін жүргізуден бас тартқан. Бұған себеп – дағдарыс.

Ал министрліктің жауапты хатшысы Арман Евниевтің айтуынша, отандық кәсіпкелерге қолдау көрсету мақсатында бағаны еркін айналымға жіберіледі. Демек, 2016 жылдан бастап нан бағасын да нарық өзі реттеп отырады деген сөз. Ал нарық өз еркінше баға қоюы қарапайым қазақстандықтардың қалтасын одан әрі қаға түсетіні сөзсіз. Оған жарқын мысал – доллар бағасының еркін айналымға жіберілуі.

«Мысалы, Еуропаны алып қарайық. Олар нанның түр-түрін өндіреді. Ал біз бидай өндіру бойынша әлемде жетінші орындамыз. Соған қарамастан кәрі құрлықтағыдай ондай түр-түрін өндіріп жатқанымыз шамалы. Нанның құрамындағы бидайдың өзіндік құны 30 пайыздан көп емес. Қалғаны ГСМ, электр энергиясы, транспорттық шығындар, т.б. Біз бұл мәселені үнемі шаруалардың есебінен немесе бюджеттік субсидия арқылы шешіп отырдық. Енді алдағы жылдан бастап нанның бағасын нарық өзі реттейді. Әрине, әр қаладағы баға әртүрлі. Меніңше, бәсекелестік көп болса, тіпті баға төмендеуі де мүмкін. Егер кәсіпкерлерге кедергі келтірмесек, нарықта кім ұтады? Ол кезде кімдікі сапалы әрі арзан... сол ұтады. Сондықтан бұл салада бізді құтқаратын бәсекелестік болмақ», – дейді министрлік өкілі Евниев мырза.

«Логистика мәселесі тағы бар. Ақшаның құнсыздануына байланысты көптеген тасымал компанияларында баға өзгерді. Сондықтан тауар әкелушілер шығынды өтеп, пайда табу үшін де азық-түлік бағасын көтереді», – дейді Қазақстан тамақ кәсіпорындары одағының вице-президенті Айжан Наурызғалиева.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің статистикасына сүйенсек, теңге бағамындағы өзгерістерден кейін 2015 жылдың қыркүйек айының қорытындысы бойынша Қазақстанда күнделікті тұтынатын азық-түлік бағалары қымбаттаған.

"Қазагромаркетинг" АҚ мәліметтеріне сүйенсек,  қанттың бағасы 25,8 пайызға көтеріліп, бір келі өнімнің құны 163 теңгеден 205 теңгеге өзгерген.  Сондай-ақ, күнбағыс майы өңірлерде 14,3 пайызға қымбаттады, баға 265-тен 303 теңгеге, 1 санаттағы жұмыртқа 31,6 пайызға қымбаттаған. Ал он шақты жұмыртқаның бағасы 133 теңгеден 175 теңгеге өзгерді. Тауық еті 12,5 пайызға, қазір оның келісі бұрынғыдай 433 теңгеден емес, 487 теңгеден сатылады.

Сонымен Мәсімов Үкіметі мен Ұлттық банк теңге бағамын ұстап тұра алмайтындықтарын ашық айтқан күнің ертесі-ақ  Қазақстанда тауарлар бағасы шарықтап шыға келді. Мұнайға тәуелді мемлекетіміздің соры осы болса керек-ті, баға бәсекелестігін реттеу үшін қарапайым халықтың қалтасына салмақ салды.

Енді сұрақ. Орталық Азиядағы аграрлық секторы дамыған өзге мемлекеттердегі азық-түлік және нан бағасысының айырмашылығы қандай? Сонда тек Қазақстан нарығында ғана баға төмен де, қалған мемлекеттерде бәсекелестік қалыпты реттелген бе? Мысалы, ЕАЭО елдерінде жалпы азық-түлік бағасы 15 пайызға қымбаттаған.

Азық-түлік бағасын ең көп көтерген елдер — Ресей (18,1%) және Беларусь. Қазақстанда бір жыл ішінде азық-түлік бағасы 3,5% -ға өсті.  Армения мен Қырғызстанда  2,9% және 2,5%-ға өскен.

Рас. Мәсімов мырза тізгінін ұстап отырған Үкімет ашық экономикалық саясат жүргізіп отырмыз дегенімен, соңғы девальвация мен теңгені реттеудегі қаржылық қиындық қазақстандықтардың ғана қалтасына салмақ салып қойған жоқ. Сондай-ақ, Үкіметіміздің де қауқарын көрсетті. Бұған дәлел экономикалық саясаттағы диспропорция. Нақты сектор мен қаржы секторы бір бірімен қабыспауының салдарынан қарапайым қазақстандықтар 40 пайыздық дағдарысқа душар болғаны жасырын емес. Теңге бағасы еркін айналымға түскеннен кейін, доллар бағасы тұрақсыз болды. Жанармай, азық-түлік, киім-кешек, қызмет көрсету түрлері қымбаттағаны белгілі. Енді нан бағасын еркін айналымға жіберілетін болса, нарықтағы нан бағасы қандай болмақ? Кезіндегі мәжіліс депутат Қоңыровтың қоңырсытып айтқан «300 теңгесінің» де ауылы алыс емес секілді. Үкімет не десе де өз дегенін істейтіні түсінікті. Тек халықтың шыдамы шытынап кетпесіне Мәсімов мырза, сіз кепіл бола аласыз ба?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377