КЕРЕЙ МЕН ЖӘНІБЕК ҚОЙМАДА ТҰРЫП ЖАТЫР
Астанада көпбалалы отбасы азық-түлік сақтайтын қоймада тұрып жатыр. Алты ұл-қызы бар, жас ана жақында егіз босанып енді тар жерде күнелтуге мәжбүр деп хабарлайды КТК арнасы.
Гүлін құшақтап перзентхана есігін күзетіп жүрген Қуан іштей мазасызданып жүр. Қолдарына шарларын ұстаған отбасының 4 баласы да егіз бауырларын көруге асық. Ата-әже, туған-туыс та осында. Ал ұлы қос ханның есімін иеленген Керей мен Жәнібек балбырап ұйықтап жатыр. Бұл атты ерлі зайыптылар әлдеқашан ойластырып, Қазақ хандығының 550 жылдығының құрметіне ырымдап қойыпты.
Мұсалар шаңырағы қос қуанышты елеусіз қалдырмауға тырысқаны көрініп тұр. Бірақ, егіздердің есімі Керей мен Жәнібек болғанмен, жақын арада бұл кішкентайлар ханның ордасындағыдай өмір кешпейтін секілді. Азық-түлік сақтайтын қойманың үстінен салынған 1 бөлмелі пәтер енді 8 адамға тарлық етіп отыр. Сыз тартып, қабырғалары да көгеріп кеткен. Сондықтан жас ана егіздерінің денсаулығына алаңдаулы.
29 жасында көпбалалы ана атанған Динаның жарық дүние есігін ашқан егізден бөлек 3 ұл бір қызы бар. Үлкені 9-да. Балаларын үйде бағып отырған келіншек жұмыс істемейді. 31 жастағы электрші боп істейтін отағасының айлығы ас-судан артылар емес.
“Жолдасым 90000 теңге алады. Үкіметтен 8000 теңге алады. 98 000 теңге. 60 000 теңгені пәтерге төлейміз. Үлкені мектепке барады. Жолына төлейміз. Азық – түлік, жөргек аламыз. Енді жетпейді”, – дейді Астана қаласының тұрғыны Дина Хайса.
Жас отбасы былтыр әкімдікке үй кезегіне тұрған. 13.500-ші боп тіркелгендіктен кең баспананың қашан бұйырары белгісіз. Әрі шенеуніктер көпбалалы шаңырақ заң бойынша, кезегі келгенде ғана пәтер алады деп отыр. Бірақ оған дейін Керей мен Жәнібек 10 жасқа келеді екен. Сондықтан хан бабаларының атын алған сәбилер әзірше қойма-пәтерде тұра берулеріне тура келеді.
Абай-ақпарат